Сот Жәкішевті босатқан жоқ
Бүгін Семей қаласында “Қазатомпром” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босату туралы сот отырысы өтті. Сот барысында Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев оның денсаулығының нашарлығы және кінәсіздігі жөнінде түрлі деректер келтірді. Ал Мұхтар Еркінұлының өзі “Мені айыптауларың негізсіз” деді.
Сонымен қатар ол отырған түрменің басшылығы мен дәрігерлері де Жәкішевтің бостандыққа шығуын қолдайтынын айтқан. Алайда, Прокурор “кінәсін мойындамағаны үшін” оның босатылуына қарсылық білдірді.
Осы уақытқа дейін баспасөз бетінде Мұхтар Еркінұлының денсаулығы нашарлап кеткені туралы бірнеше рет жазылған болатын. Ал, 2017 жылы оның анасы Раиса Жәкішева экс-президент Н.Назарбаевқа хат жазып, ұлын кешіруді сұраған. 2018 жылы құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желідегі парақшасына Жәкішевтің денсаулығы нашарлап кеткенін, күніне 30 дәрі қабылдайтынын жазған.
Айта кетейік, Мұхтар Жәкішев “Қазатомпром” компаниясының басшылығына 1998 жылы тағайындалған. Оған дейін бірнеше компанияларда басшылық қызметте болды. Ал, 2009 жылдың мамыр айында тұтқындалып, “мемлекет мүлкін жеке мақсатына пайдаланып, Қазақсанның ірі уран кен орындарынан оффшордағы фирмалардың м.ддесі үшін “доля” алды” деген айып тағылған.
Ал, 2010 жылдың наурыз айында Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 соты “қаржыны ысырап қылып, пара алды” деген айыппен Жәкішевті 14 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл шешіммен келіспейтін кейбір сарапшылар Жәкішев ісінің саяси астары бар деп санайды. Ал, 2013 жылдың қазан айында “Құқық қорғаушылар альянсы” Мұхтар Еркінұлын саяси тұтқындар тізіміне қосты. Оған сот барысындағы Жәкішевтің құқығының өрескел бұзылуына қатысты дәлелдер себеп болған. Сонымен қатар, Жәкішев 2018 саяси тұтқындардың жаңартылған тізіміне де енген.
Ал, бүгінгі сот отырысында Жәкішевті қолдауға келген қоғам белсенділері мен оның жақтастары “Билік Жәкішевті босатуы тиіс!” деп талап қойды. Олардың айтуынша, Жәкішевтің денсаулығы нашар және оны қамауға ешқандай негіз жоқ.Одан бөлек, әлеуметтік желі қолданушылары да оның бостандыққа шығуын талап еткен болатын.
Алайда, бүгін Семей қалалық №2 соты Мұхтар Еркінұлы Жәкішевтің өтінішін қанағаттандырмады.
Abai.kz