Қызылорда облысы әкімінің екі орынбасары тағайындалды
Қызылорда облысы әкімінің екі бірдей жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Жаханов Бахыт Дүйсенұлы мен Делмұханов Марат Нұрсайынұлы облыс әкімінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды.
Б. Жаханов 1974 жылы туған. Ы. Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтын «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда облысының экономика, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сондай-ақ білім басқармаларында жауапты қызметтер атқарған. 2008-2011 жылдары Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларын басқарған. 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазалы ауданының әкімі болды. 2015 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
М. Делмұханов 1979 жылы дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «бухгалтер-экономист» және «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Батыс Қазақстан облысының экономика басқармасының бас маманы ретінде бастаған. 2002-2010 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты талдау-эксперттік бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Технопарк «Алгоритм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2010-2013 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратында қызмет атқарып, одан кейін Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.
Ал 2013-2017 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2017 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Кызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымында еңбек етті.
Abai.kz