Жұма, 4 Қазан 2024
2296 0 пікір 6 Шілде, 2019 сағат 22:01

Жөндеуден өткен ­Ғ.Мұратбаев стадионында «Қайсар» - «Шахтер» матчы өтті

Қазақстан Премьер лигасының 17-ші тур ойындары өтті. Кезекті тур аясында қызылордалық «Қайсар» өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» қабылдады.

Аса тартысты өткен ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Стойчо Младенов шәкірттері өз алаңында үш ұпайға лайық өнер көрсеткенімен, қонақтар өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, Сыр жағасынан бір ұпай алып кетті.

«Қайсар» - «Шахтер» 2:2 (2:1)

Голдар: Граф 17’, Мбомбо 29’, - Нұр­ғалиев 33’, Пешич 63'

Ерекше айта кетерлігі, бұл матч күрделі жөндеуден өткен ­Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда өтті. Қызылорда қаласындағы негізгі алаңда жүргізілген күрделі жөндеу аса сапалы болды. Орталық стадион шыт жаңа бейнеге енді. Елорда күніне орай өткен шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

– 20 жылдан кейін «Қайсар» командасы Қазақстан кубогының финалына шықты. Бұл үшін футболшылар мен бапкерлерге алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, біз ерекше шараның куәгеріміз! Осыдан бір жарым жыл бұрын басталған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның күрделі жөндеу жұмысы толығымен аяқталып, қолданысқа берілмек. Өткен аптада УЕФА-ның инспекторы Лундстром Питер Паул келіп, жүргізілген жұмыстың барысымен танысып, оң баға берді. УЕФА сараптамасы бойынша алаң екінші категорияға лайық деп танылды. Енді орталық стадион Еуропалық стандартқа сәйкес кез келген матч­ты қабылдауға дайын. Ал, бүгінгі ойында қос командаға жақсы көңіл-күй, жеңіске деген ұмтылыс тілеймін, – деді  аймақ басшысы.

Мұнан әрі «Қайсар» командасына алдағы уақытта да қолдау болатындығын айтып,  жанкүйерлер көкейінде жүрген сауалға жауап берді. Сонымен қатар, өңірде спорт саласын дамытудағы жұмыстарды сөз етті. Мәселен, алдағы уақытта Сырдарияның сол жағалауынан 3500 орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталатын болады. Соңғы 3 жылда 9 спорт нысаны пайдалануға берілсе,  балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 9 жоба жүзеге асқан. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.

Abai.kz

0 пікір