Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 10515 4 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 10:39

Дала Құнанбайы

Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Тарихи тұлға, би, аға сұлтан, заманының көрнекті қайраткері Құнанбай Өскенбайұлы туралы сөзімізді бастамас бұрын абайтану ілімінің негізін салушы Мұхтар Әуезовтің мына сөздеріне тоқталайық: «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу қиын, бұлар заманның туындысы...».

Қарқаралы дуанының болысы болған Құнанбай Өскенбайұлын алғаш кездескеннен, оның табиғатынан ойшылдық пен кемеңгерліктің, таза ақылдың иесі екенін бірден байқаған поляктың белгілі демократы Адольф Янушкевичтен бастап ол жайлы біршама деректер бізге жетті. Оның сапарнамалық күнделігінде: «Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған…, әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған».  

Құнанбай Өскенбайұлы - өз заманында да, тарихымызды бұрмалаған коммунистік танымдағы кеңес өкіметі кезінде де, тәуелсіздік алған жылдары да қызығушылықта тұрған дара тұлға. Оның ғұмырнамасы туралы айтқанда ең бірінші негізге алынатын материалдар - замандастары мен туыстық айналасы өкілдерінің естеліктері екендігі даусыз. Құрбанғали Халидтың «Тауарих Хамсасы», Әрхам Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы», Турағұлдың «Әкем Абай туралы» естелігі, Көкбай ақынның жазғандары, Әрхам Ысқақов пен Ниязбек Алдажаровтың шежірелері, әсіресе Ахат Шәкәрімұлының «Құнанбай туралы» және «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» естеліктері Құнанбай жөніндегі алғашқы дерек көздері. М.Әуезовтің еңбектері, ғалымның архивінде кездесетін жазбалар және «Абай жолы» роман-эпопеясындағы оқиғалар дара тұлға туралы көптеген мәліметтерді береді.

Құнанбай Өскенбайұлының өмірбаянына қатысты келесі бір бай дерек көзі - архив құжаттары. Омбы мемлекеттік тарихи архивінде сақталған Құнанбайдың, Майбасардың қылмысты ісі жөніндегі деректері Мәскеудің әскери-тарих архивінде сақталған деректер; Петербургтегі юстиция министрлігіне Құнанбай жөнінде келіп түскен жазбалар; Семей әскери-губернаторы жазбалары; Орыстың Географиялық қоғамы архивтеріндегі, кітапханалардағы, ғалымдардың жеке архивтеріндегі сақталған жазбалар; Абай Құнанбаев жайындағы деректер ішінен Құнанбай турасында кездесетін жазбалар; Қазақстанның, Омбының, Петербургтың, Мәскеудің архивтеріндегі Тобықты елінің жай-күйі баяндалатын деректердегі Құнанбай туралы жазбалар.

Көрсетілген дерек көздері Абай қорық-мұражайының қорына әр жылдары жинақталып, ғылыми айналымға кірген болатын. Құнанбай жайлы ізденіс жасаушыларға Абай музейіндегі дерек қоры молынша көмек берері анық.

Ахат Шәкәрімұлы: «Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы, қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі – балуандыққа, өткір көзі – ерлікке, басы – ақылдылыққа сәйкестене біткен»,- деп жазады.

Құнанбай жастайынан өздігінен оқып, шағатай тілін меңгеріп, түрікше жаза да білген. Кейін заманының талабына сай орыс тілін де барынша меңгеріп,  қара жаяу болмаған деген де деректер кездеседі.

Зерек, алғыр, өте ұғымтал, сонымен қатар қатал, пысық, еті тірі Құнанбай жастайынан өзіндік қасиеттерімен көзге түсіп өседі. Атасы Ырғызбай сияқты 15 жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзі шамалас балуан дегендерді жығып, балуан атанған. Көкірек көзі ашық, әрі батыл Құнанбай әуел бастан найза ұстап, батырлық пен балуандықтың майданына қатар бел шеше кіреді. Айтулы ұрыстарда да қорқып-қаймықпастан бір шетінен түре тиіп, мықты, ер, найзагер атанады. «... одан шығып, сөзге, шешендікке, билікке араласып, айтқыш, өткір тілді, алғыр екендігін көрсетеді»,- дейді Жиреншин.

Міне, жастайынан балуан, найзагер болған, қатал да әділдігімен ерекшеленген Құнанбай Өскенбайдың тәрбиесімен ел билігіне араласып, әке мұрасы, ата тізгінін ұстайды. 20-25 жастағы Құнанбайдың Тобықты елі қоныстаған Шыңғыс тауының іші-сыртын қалай қорғап-қорғаштап жанұшырғанын архив деректері, М.Әуезов жазбалары, абайтанушы ғалымдардың еңбектері айғақтайды.

Жастайынан әкесінің жанында жүріп ел билеу ісіне араласып жөн-жосық көріп қалған Құнанбай билік жұмысын тез игеріп ілгері алып кетеді. Оның ел билеу әдістері әкесі Өскенбайдан ерекшелеу болады. Кейбір мінез, билік кесімдері әкесінен асып түседі. Қайсар, қатал мінезді Құнанбай әрдайым алған бетінен қайтпайтын, алысқанын алып жықпай қоймайтын, жер дауы, жесір дауы, күн дауы және сондай ел арасындағы дау-жанжалдарға билік айтарда бұлтармай, жалтақтамай билікті кесе-кесе батыл айтатын адуынды да қатал би болады. Ел билеуі 1831 жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланудан басталады. Осыдан 1856 жылға дейін билік тізгінін қолынан шығармаған.

  • 1844 жылы 30 шілдеде – Күшік-Тобықты болысының управителі болып сайланады.
  • 1846 жылы 11 маусымда Кенесары Қасымовтың қозғалысына қатысты хорунжий атағы берілді.
  • 1846 жылы генерал Вишневскийдің арнайы экспедициясына қатысады.

Құнанбай өз заманында білім беру ісіне де ерекше мән берген. «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен руластарының балаларын оқыта бастайды. Өз балалары Құдайберді, Тәңірберді, Абай (Ибраһим), Ысқақ, Оспан, Халиоллалар алғашқы сауатын осы мектептен ашқан.

1847 жылы бір топ ел басшылары Омбы генерал-губернаторына барып, Қарқаралы мұсылмандары үшін мешіт салуға рұқсат сұраған. Акт жасап, қол қоюшы 16 адам болған. Оның ішінде мына адамдар бар:

  1. Әйтеке-Сарым болысы – Жанқұтты Ботантаев
  2. Нұрбике-Шаншар болысы – Тәтімбет Қазанғапов
  3. Кәрсөн-Керней болысы – Есберген Садырбаев
  4. Күшік Тобықты болысы – Хорунжий Құнанбай Өскенбаев т.б.

Мешіт салуға рұқсат сол жылы алынғанмен 1851 жылы Құнанбай Өскенбайұлы Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып тағайындалған соң мешіттің салынуын ұйымдастырған. «Осы мешітке бірінші имам Хасан Сайфулла ұлы Сарытаулық тағайындалған еді...», - деп жазады Құрбанғали Халид. Бұл мешіт мұсылмандардың діни орталығы болып көп жылдар қызмет етті. Мешіт ашылғаннан бастап, Кеңес үкіметі орнағанға дейін халыққа қыз­мет көрсетіп, тарихи орындардың бірі ретінде мұсылман қауымның уағыз-насихат айтып, әдептілік, әдет-ғұрып пен дінді қатар жетектеп келген қасиетті орны болған. Қазіргі таңда да осы мешіт имандылық пен адамгершіліктің ұйтқысына айналып отыр.

Құнанбай өз елін отаршылыққа, егіншілікке үйрету мақсатында, ел арасын жайлаған апат-шешекке қарсы егін жұмысын жүргізуге, кедей жатақтарға зекет-жәрдем жиып, бөліп, беріп көмектесуге ниет еткен алғашқы қызметтері де архив қағаздарында көрініс беріп отырады. Сонымен қатар:

  • 1850 жылы ел арасында жоқшылық жайлап, қайыршы-аштар көбейіп кеткенде зекет-жәрдем жиғызған;
  • 1851 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторына хат жазып, Қарағайлы деген жерге кедей-жатақтарды орналастырып, оларды егіншілік кәсіппен шұғылдандыру үшін рұқсат сұрап алған;
  • 1850 жылы әр болыстан бір ұл баладан жинап алып, шешек ауруына қарсы егу оқуына жіберген;
  • Омбыдағы Батыс-Сібір әскери-губернаторы ұйымдастырған жиналыстарға қатысып жүрген. Тәттімбет Қазанғаповпен бірге қатысқан деген деректер бар.

Құнанбай 1849-1853 жылдары Қарқаралы округінің аға сұлтандығына сайланады. Қарқаралы округі 1824 - 1868 жылдар аралығында құрылған 8 округтің ішіндегі ең үлкені. Округтің ашылу қарсаңында оның құрамында 20 000 аса шаңырақ және 80 000 аса халық болады. Кейін, яғни 1868 жылы Қарқаралы Семей облысының құрамындағы уездік қала болып бекітіледі.

Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» кітабында: «...Құсбек алынған соң орнына Тобықты Құнанбай мырза Өскенбай ұлы 1849, яки 50 жылы аға сұлтандыққа сайланды. Мұнан бұрын аға сұлтандар болар-кетер болып өткен болса, бұл сайланысымен, сол жылы-ақ мешіт салдырып, құрбандық шалып ресми ашты. Оның тәуір-ақ әділеттілігі мен жомарттығы да бар еді, алайда кешікпей жақындарымен бір даушарға килігіп қақтығыс болып, 1855 жылдары орнынан түсті. Құнанбай орнынан алынған соң, тобықтының көбі Семейге қарап кетті», - дейді.  Исі Сарыарқаға атағы кең тараған, қарадан шығып хан атанған, қарапайым қазақтардың арасынан жарып шығып, Қарқаралы дуанына аға сұлтан болғаны Құнанбай Өскенбайұлының қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі болғанын дәлелдейді.

Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының атын үш жүзге әйгілі еткен іс – 1851 жылы шілде айында Арғын ішінде Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ деген жерде әкесі Өскенбайға берген ұлы дүбір ас. Өскенбай би 1850 жылы 72 жасында қайтыс болады. «Құнанбай әкесіне берген асты Шыңғыстауда емес, жер ортасы Қарқаралы, Көкшетауға таяу кең, алқап, жазық жерде өткізеді. Бұл асқа қалың Арғынның жеті момын, бес мейрам руларын, қосымша Уақ, Керей, Найман ғана емес,  Кіші жүз, Ұлы жүздің де бай бағландарын шақырады. Бұл ас бұрынғы, соңғы астардың ең ірісі болады», - деп жазады Ә.Жиреншин «Ақынның өмірі» атты мақаласында.

Асына Өскенбайдың ел жиналды,

Бас қосып үш жүз бірдей мұнарланды.

Бойында Қарқаралы, Қу, Ереймен,

Мың сан қол бұтша шөгіп жатып алды

Қайнаған қыбыр-қыбыр құрттай болып,

Сарыарқа мал мен басқа кетті толып.

Теңіздей жер қайысқан келген жанға,

Тұмандай шаң тозаңы көкті шолып. (І.Жансүгіров)

Осы астың ұлы дүбір ас болғаны туралы сол асқа қатысқан Балта ақынның Құнанбайға айтқаны:

Үш жүзді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін.

Арғынды түгел биледің,

Алшысы мен тәйкесін, -

деген өлеңі дәлел.

Құнанбай Өскенбайұлы 1874-75 жылдары қажылық жолмен Меккеге барған. «Құнанбай ел басқару жұмысын балаларына қалдырып, өзі тағат, ғибадат, ораза, намазға бой ұрып үйіне отырып қалды деп жоғарыда жазған едік. Енді ол кісі жетпіс бір жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағыбатолла, құдай үйіне – Меккеге барып тауап қып қайтайын дап едім», - деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап беріседі.

Абай өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып беріп және ауызша ұқтырып жібереді. Ол күнде жол қатынасады өте қиын, Семейден ат-арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып поезға мініп, Қара теңізден пароходқа отырып көп михнат көріп бір айдан асқанда Мекке қаласына жетеді», - деп жазады Әрхам Кәкітайұлы естелігінде.

1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Шәкәрім Құдайбердіұлы: «1874 жылы қажыға барғанында қазақ қажылары түсетұғын Мекеде бір тәкиә, яғни үй сатып алып, құдайы қылып еді. Осы күнде кіші тәкиә деп атайды. Марқұм қажының дін туралы қылған істерін түгел айтып, бұл кітапшаға сиғыза алмаспын, қазақ ішінде атын үш жүздің қазағы түгел білетұғын орны бар еді. Бірақ бұл күнде ертегі сөз сықылданып ұмытылған шығар», - дейді.

М.Әуезов жазбаларынан: «Сонымен қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң, 8-9 жыл өмірін ылғи дін жолындағы құлшылықпен өткізген. Бұл жылдардағы өмірі өзінің жаратылысында бойна біткен қаттылық, беріктігінің белгісімен ерекше күйде өткен. Мекеден келген соң «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылуда болған... Осымен Құнанбай 1886 жылы 82 жасында қайтыс болған», - деп жазады.

Құнанбай Өскенбайұлы өзінің қыстауы Кіші Ақшоқыда жерленді.

Ел арасында Құнанбай айтты деген нақыл сөздер кең таралған, оның ел арасындағы беделін жыр еткен Балта, Қуанышбай сияқты ақындардың өлең-жырлары бар.

Абайдай кемеңгер тұлғаның әкесі Құнанбай Өскенбайұлының ұлттық руханиятымыздан, тарихымыздан алатын орны ерекше.  Президентіміз айтқандай Құнанбайды толық танып-білу байды да мұқият оқып-зерттеуімізге септігін тигізеді.

Жандос Әубәкір,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295