Сенбі, 23 Қараша 2024
Жауап 7573 24 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 11:20

Институт жариялаған еңбекті сапасыз деп көрсету нағыз жала жабу

Редакциядан: 2019 жылдың 24 маусымы күні "Abai.kz" ақпараттық порталында тарихшы А.Қамбаровтың "Тарих институтының "жалған мәліметке толы кітабы" жарық көрді" атты мақаласы жарияланды. Аталған мақала мен Тарих институтының шығарған "Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда" атты зерттеу еңбегіне қатысты қызу талқы болды.

"Abai.kz" ақпараттық порталы - еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға әркім құқылы. Осыған байланысты порталымыздың электронды поштасына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы ресми терістеме жолдапты. Біз бүгін аталған зерттеу еңбегіне қатысты Тарих институтының пікірін қаз қалпында назарларыңызға ұсынамыз.


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы 2018 жылы шығарған «Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда». Ұжымдық монография. – Алматы, 2018 жылы шыққан зерттеу еңбегіне қатысты белгісіз тарихшы А. Қамбаровтың айтқан сынына жауап беруді жөн көрдік.

Институт ұжымы әр жұмысқа байланысты сын айтылғанын қалайды. Ал, сын әділ болғаны кемшіліктерді түзетуге бағытталғаны абзал. Өкінішке орай бізге сын айтушылар осы әділеттілік принципін аяққа басыпты.

А. Қамбаров атты тарихшыны ешкім білмейді екен, дегенімен оның атын жамылып, Институтқа тас атушы топ бар екендігі, олардың кімдер екендігі де белгілі. Соңғы 2 жылда Институт ұжымының жұмысы туралы Білім және ғылым министрлігіне бірнеше мәрте арыз да ұйымдастырылды. Институт басшылығы мен қызметі жайында әлеуметтік желілерде үнемі жалған ақпараттар жазып «Жаптым жала, жақтым күйе» деумен айналысуда.

Олар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын 6 жыл басқарып, Институтты терең дағдарысқа жеткізген топ. Бүгінде жаңа келген басшылық институтқа дем беріп, оны жерден көтеріп, аяғына нық тұрғызуға қол жеткізгені оларға ұнамайды. Еңсесін көтерген Институтты қайта тұқырту олардың көкейкесті мақсаты. Өздерінің қолдарынан келмеген істі басқалардың жүзеге асыруына қызғанышпен қарауда. Сондықтан тасада тұрып тас ата беруді, жасалған жұмысты жаман етіп көрсете беруді жалғастыруда. Түптің түбінде қазіргі басшыларды қуып, өз мақсатымызға қол жеткіземіз деген жаман ниет. Күндестік пен қызғаныш осы топты Институттың бүгінгі әр басқан қадамын бақылап, тырнақ астынан кір іздеумен айланыстырып отыр. Ол топқа айтарымыз да баршылық. Қазақстан қауымынан ұялып, салғыласып жатуды қажет санамай жүрген едік. Бірақта олар тас атуын қояр емес. Бірде ашық, бірде жасырын әңгімелерін қоздатумен келеді, тоқтар түрлері де жоқ. Білім және ғылым министрлігіне институт туралы түрлі жалған ақпарат беруде.

Институттың бұрынғы басшылығы “Халық тарих толқынында” мемлекеттік тапсырысы бойынша 2014-2016 жылдары 146 млн. теңге мемлекет қаржысымен 10 томдық (20 кітап) Қазақстан тарихын дайындап жариялауы керек болатын. Бөлінген ақша түгелдей жұмсалған. Бірақта бірде-бір том жарық көрмеген. Сол 20 кітаптың 1 кітабі Алаш қозғалысына арналса ғылым үшін, халық үшін қандай пайдалы іс болушы еді. Бүгінде біз осы өткен олқылықтардың орнын толтырып жатырмыз. Мемлекеттен қанша қаржы алсақ сол қаржыға сәйкес, талапқа сай ғылыми еңбектер жариялаудамыз. Біз 146 млн. теңге ақшаны олар сияқты далаға шашқан емеспіз. Тіптен, 20 кітапты жариялауға “Елтаным” баспаханасына 15,8 млн. теңге ақша да төленгені белгілі болды. Шықпаған кітаптарға қалай ақша төленгені жұмбақ. Мұндай жүгенсіздіктеріне жауап бермей тұрып, бүгінгі жұмысты қаралауға қандай бет керек. Институт басшылығына біздер Министрліктің тағайындауымен келдік. Бұрынғы топқа қатысымыз да, жазығымыз да жоқ. Бірақта, жоғарыдағы шаруаның барлығы олар Институтты басқарған 6 жылда орын алды. Осыны есепке алмай, тыныш жұмысқа кіріскен ұжымды бұзуды мақсат ету үлкен зиянды іс. Осы әділет жолы ма?!

А. Қамбаровтың атынан Институт жариялаған еңбекті сапасыз деп көрсету нағыз жала жабу. Себебі, бұл еңбекті жазуға Қазақстандағы алаштануға зор үлес қосқан ғалым, академик, т.ғ.д., профессор Мәмбет Қойгелді бастаған ғалымдар қатысты. Сондай-ақ, елге белгілі А.М. Ауанасова, Г.С. Жүгенбаева, О.М. Қоңыратбаев, С.А. Асанова, А.Ш. Махаева, Е. Сайлаубай, Р.Байдалы т.б. сынды танымал ғалымдар атсалысты. Осының барлығын жоққа шығаруға ұмтылыс шындықты бұрмалау емес пе? Монографиядағы концептуалды проблема Қазақстанның мемлекеттілігі идеясының Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде негізделуі. Еңбектің мазмұндық, методологиялық арқауы болған осы парадигма монографияда өз орнын дұрыс тапқаны ақиқат. Біздің “сыншылар” туралы айтарымыз «Көрмес түйені де көрмес». «Ақты ақ, қараны қара», – деп айтқысы келмейтін залым ғалымдарға айтарымыз осы.

Әрине істелген жұмысқа, өздері түк бітірмей отырып, сын айтатындар әрқашанда арамыздан табылады, егер сын айтылады деп қорқынышпен, еш нәрсе істемей отырсақ бұл әлсіздіктің белгісі болар еді. Кемшіліксіз дүние болмайды, дегенімен «көш жүре түзеледі» демекші, жіберілген олқылықтар болса оларды жоюға ұжымның потенциалы әбден жетеді. Мысалы, соңғы екі жылда  Интстиутты қаржыландыру 9 есе өсті, 20-ға жуық ғылыми атағы бар мамандар жұмысқа тартылды. Кітапқа айтылған “сын” арқасында оған үлкен жарнама жасалып, сұраныстың ұлғайғанына қуанып отырмыз. Бірақта осындай шабуылдар көбейе берсе, біз жалған мазмұндағы мақала ұйымдастырушы топ мүшелерін  сотқа беруге мәжбүр боламыз.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475