«Танк биатлоны» байқауы командаларының жеребесі өтті
Ресейдегі Алабино полигонында Армиялық халықаралық ойындар – 2019 аясында өтіп жатқан «Танк биатлоны» байқауы командаларының жеребесі өтті. Оған команда жетекшілері, бапкерлер мен танк экипаждарының мүшелері қатысты.
Армиялық ойындар – бұл ірі әлемдік спорттық біріншіліктерден айырмашылығы жоқ ірі ауқымдағы бірегей шара. Ол әртүрлі елдердің әскери ұжымдарының достастығы мен жауынгерлік бауырластығының негізі болып табылатын халықаралық ауқымдағы бірегей іс-шара ретінде бірлесіп ұйымдастырушы елдермен, сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен тілектестіктің жаңа нышаны ретінде ұсынылады.
Қазақстан Қарулы Күштерінің командалары 8 шетелдік мемлекеттің аумағындағы 16 байқауға қатысады. Армиялық халықаралық ойындардың ең маңызды және көзтартар байқауы АрХО форматы пайда болғанға дейін 2013 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан «Танк биатлоны» болып табылады.
Биылғы жылы алғаш рет қатысушы командаларды екі дивизионға бөлу туралы шешім қабылданды. Бірінші дивизионға «Танк биатлоны-2018» сайысының қорытындысы бойынша 1-ші мен 12-ші аралығында орын алған командалар кірді. Қалған командалар екінші дивизионға кірді. Жеңімпаздар әрбір дивизионда анықталатын болады. Сайыс қорытындысы бойынша барлық 25 команданың рейтингісі құрылып, айқындалады. Бұл келесі жылы дивизиондарды жасақтауға септігін тигізеді.
Жеребе тастау нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасы «Танк биатлонында» бірінші дивизионда көк танктерде үшінші болып сайысқа түседі. Қазақстандық танкішілермен бірге қызыл танкте Моңғолияның командасы, жасыл танктерде Сирияның, сары танктерде Венесуэланың командасы өнер көрсетеді. Жеребе тасталғаннан кейін командалар даңғыл жолмен танысып, танктерін алды.
Осы жылы «Танк биатлоны» сайысы жетінші рет, оның бесеуі – Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде өткізілуде. Қазақстан командасының алғашқы додасы 4 тамызда өтеді.
Abai.kz