Сайлау келе жатыр
Қанша жыл тәуелсіз елміз десек те, бірде-бір рет таза ұлттық сипаттағы сайлау өткізіп көрмеппіз. Ата Заңымыздағы тіліміз аяққа тапталған, РФ тілімен дүркіреп саланатты жағдайда жігерді құм қылған талай сайлауды бастан өткердік. Бір ауыз қазақша білмейтін жандарды төбеге көтеріп, мәслихат депутатты етіп сайлауды жазылмаған заңдылыққа айналдырдық. Содан кейін «Ойбай парламентіміз қазақша сөйлемейді» деп шулайтын болдық.
Қазақстандағы сайлау ешқашан әділ өтпейді. Оны әділ өткіземін деп өңеш жыртып өзеуреудің, байкот жариялап дауылдатудың керегі жоқ. Тек ауыз біріктіре отырып, жалпыхалықтық сипаттағы екі өзгеріске қол жеткізуіміз керек.
Келе жатқан сайлаудың бірінші кілтипаны барлық сайлау комиссияларының бір ғана партияның өкілдерінен тұруын жою. Өйткені, жергілікті барлық сайлау комиссияларының құрамына енген мүшелердің аты-жөні 29 жылдан бері еш өзгеріссіз қалып келеді. Бәрі де тек «Нұр Отанның» мүшелері.
Екінші пәлекет қай партия жеңіске жетсе де, қанша пайыз дауыс алса да, парламент пен жергілікті мәслихатқа тек қазақ тілін білетін дептаттардың сайлануына қол жеткізіп, парламенттік бір тілділікті орнықтыру үшін күресу. Және сайлау блютенінің қазақ тілінде толтырылуы мен сайлау алды жарнамаларының тек мемлекеттік тілде болуын биліктен талап ету үшін бейбіт шерулер өткізуді қолға алу.
Осы жолғы сайлауды алаши сипатта өткізу үшін әр қазақ бұл процестен тыс қалмайтыны хаһ.
Түйін
Иә, билік партиясы барлық ресурстарын пайдаланып басымдықпен жеңеді. Бірақ қазақ тілін керек ете ме, керек етпей ме осы жолы жұртқа ашық танытуы керек. Өйткені, Қазақстан 80-90 пайыздық үлестегі моноұлттық мемлекетке айналып келеді. Болашақта тек 10-20 пайыз азшылық қолданатын орыс тілін қалқан етіп саяси бетперделенудің заманы өткен. Қазақ елі бір тілді мемлекетке айналу процесінің алдында тұр. Оны тек парламенттен бастау ғана қалды.
«Нұр Отандық» жінігу мен желігусіз таза қазақи келбетті сайлау өткізуіміз азаматтығымызға сын. Лайым осы жолғы парламент тұңғыш бір тілді парламент болып тарихта қалуы үшін қолымыздан келгенше осы бастан ат салысайық!
Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz