Бейбіт Қойшыбаев. Біз – қазақ ежелден...
Қазақ халқы қашан, қай жерде және қалай қалыптасты? Бұл сауалға жауап іздеудің мән-маңызы бүгіндері әрәдік естіліп қалатын «біз әлі ұлт болып ұйысқан жоқпыз» деген қынжылысты лепес орайында мүлдем арта түседі.
Халық деп белгілі бір аумақтағы баршаға ортақ тіл, материалдық-тұрмыстық және рухани мәдениет, сырт көзге өзіндік атауымен көрінетін этностық сана біріктірген адамдардың тұрақты қауымдастығын атайды. Кеңестік дәуірде қабылданған, тәуелсіздік заманында теріске шығарыла қоймаған тарих ғылымындағы ұғым бойынша солай. Ал халықтың аталмыш белгілері оның тілі, ділі, дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптары мен рәсім-салттарынан көрініс тауып, этностық санасы дами келе, оның әлеуметтік-аумақтық тұрғыдан ұйымдасуына, тіпті өз мемлекетін құруға ұмтылуына ұласып отырады. Бүгінгі тәуелсіз емлекет құрып отырған қазақ ұлты, дау жоқ, Ұлы Даланың ұланғайыр аумағын ежелден мекендеген байырғы ру-тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінің бірігіп-тұтасуы нәтижесінде өмірге келді. Олардың бір қазақ халқы болып қалыптасуына, әрине, ежелгі және ерте орта ғасырлардағы ірі-ірі этностық-саяси оқиғалар, шаруашылық түрлерінің эволюциясы және қоғамдық қатынастардағы прогрестік ілгерілеулер игі әсер етті.
Қазақ халқы қашан, қай жерде және қалай қалыптасты? Бұл сауалға жауап іздеудің мән-маңызы бүгіндері әрәдік естіліп қалатын «біз әлі ұлт болып ұйысқан жоқпыз» деген қынжылысты лепес орайында мүлдем арта түседі.
Халық деп белгілі бір аумақтағы баршаға ортақ тіл, материалдық-тұрмыстық және рухани мәдениет, сырт көзге өзіндік атауымен көрінетін этностық сана біріктірген адамдардың тұрақты қауымдастығын атайды. Кеңестік дәуірде қабылданған, тәуелсіздік заманында теріске шығарыла қоймаған тарих ғылымындағы ұғым бойынша солай. Ал халықтың аталмыш белгілері оның тілі, ділі, дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптары мен рәсім-салттарынан көрініс тауып, этностық санасы дами келе, оның әлеуметтік-аумақтық тұрғыдан ұйымдасуына, тіпті өз мемлекетін құруға ұмтылуына ұласып отырады. Бүгінгі тәуелсіз емлекет құрып отырған қазақ ұлты, дау жоқ, Ұлы Даланың ұланғайыр аумағын ежелден мекендеген байырғы ру-тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінің бірігіп-тұтасуы нәтижесінде өмірге келді. Олардың бір қазақ халқы болып қалыптасуына, әрине, ежелгі және ерте орта ғасырлардағы ірі-ірі этностық-саяси оқиғалар, шаруашылық түрлерінің эволюциясы және қоғамдық қатынастардағы прогрестік ілгерілеулер игі әсер етті.
Бұл үдерістің жекелеген мәселелерін қарастыру біздің тарихи әдебиетте ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі жұмыстардан (М. Тынышбаев, С. Асфендияров) бастау алып, екінші жартысында көптеген ғалымдардың (В. Шахматов, Х. Әділгерееев, М. Ақынжанов, С. Ибрагимов, В. Юдин, В. Востров, М. Мұқанов, т.б.) жүйелі түрде жүргізген зерттеулерімен жүзеге аса бастады. Ізденістер нәтижесінде, халықтардың шығу тегін тек лингвистикалық деректер негізінде ғана түсіндіруге тырысудың олқылығы, олардың құрылуындағы миграцияның рөліне біржақты қарайтын көзқарастардың қателігі мойындалды. Халықтар этногенезі проблемаларын тарихтың, археологияның, антропологияның, этнографияның, лингвистиканың және басқа пәндердің деректерін қолдана отырып, кешенді түрде зерттеу принципі орнықты.
Ғылым бүгінде еліміздің ұлан-байтақ аумағында ежелгі дәуірлерде өмір сүрген тайпалардың бір-бірімен байланысты болғанына күмән келтірмейді. Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығының орта шенінде түркілердің шоғырланып, таралуымен Қазақстан аумағындағы этностық-генетикалық үдерістердің жаңа маңызды кезеңі басталды. Солтүстік Моңғолиядан Амударияның төменгі ағысына дейінгі кең-байтақ аумақта түрлі түркі тайпалары орналасты. Этностық араласу, сіңісу үдерістері өте-мөте жедел жүріп жатты. Шыққан тегі жағынан әр түрлі этностық және әлеуметтік (көшпенділер мен отырықшылар) топтар арасындағы байланыстар кеңейе түсті. Түркілер кең жазираларға ғана емес, қалалар мен елді мекендерге де тарап, орнықты. Сол шақтарда қалыптасқан саяси факторлар (түркілік қағанаттардың құрылуы) тайпалар мен ру-тайпалар бірлестіктерінің интеграциялануына септесті. Түркі қағанаты ыдырағаннан кейін пайда болған Қарлұқ, Түргеш, Оғыз мемлекеттік бірлестіктері де осы бағытта әрекет етті. Бірқатар оғыз рулары мен тайпаларының өзіндік аталымдары қазақ халқы ішінде сақталғаны мәлім, бұл олардың қазақ халқының этногенезіне қатысқанын көрсетеді. Қазақ жерінде түркі тілді тайпаларды біріктірген қимақ (кимек) конфедерациясы болды. Кейінірек бұл бірлестікті қыпшақтар өздеріне бағындырды. Содан бастап «қыпшақ» этнонимі көптеген басқа шағын рулар мен тайпалардың аттарын қамти, өз ішіне тартып алды.
Қазақстанның орасан зор аумағын мекендеушілер арасында негізгі тіл ретінде көне түркі тілі орнықты. Түркілік жазу VII ғасырдың бірінші жартысына дейін пайда болып, барша аймаққа таралды. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның қалаларында біраз уақыт тұрған ирантілді соғдылықтардың тілін түркі тілі мейлінше ығыстыра түсті. Орта Азияны арабтар жаулап алып, тұрғындардың бір бөлегі исламды қабылдағаннан кейін, шектеулі шеңберде, негізінен діни және заңи іс-дағдыда, араб тілі қолданыста болған кезде де түркі тілі өрісін тарылтқан жоқ.
Қалыптасып жатқан этностық (жоғарыда да жазып келе жатқанымыздай, осылай - этностық! әдебиетте көп қолданылатын этникалық деген сөз - этнический дегеннің калькасы, түбірін ажыратпай, мәніне бармай жасалған аудармасы) ахуалға Алтай аймағынан найман мен керейіт тайпаларының келуі елеулі әсерін тигізді. Олардың өз аталымдары қазақ халқының этностық компоненттерінің бірі болып, қазақ шежіресінен бекем орын алғаны мәлім. Қазақ халқының қалыптасуына қыпшақтардың мемлекеттік бірлестігі бұдан да елеулі ықпал етті. Қыпшақ конфедерациясы XI-XII ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі зор алқапты алып жатты. (Шығыс дереккөздерінде Дешті-Қыпшақ деген ортақ атаумен оңтүстік орыс далалары да қосып аталған). Қыпшақ конфедерациясы өзінен бұрын өмір сүрген этностық-саяси бірлестіктердің бәрінің табиғи жалғасы, мұрагері болды. Ол, сондай-ақ, өздерін енді қыпшақ деп атауға көшкен көптеген тайпалар мен руларды бауырына алды. В.Г.Тизенгаузеннің араб шығармаларынан құрастырылған «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағына» және ортағасырлық көптеген авторлардың мәліметтеріне қарағанда, қыпшақ конфедерациясына ондаған түркі тайпалары енген. Туысқан түркі тайпалары оған кіру арқылы біртіндеп өзара жақындаса түсті.
Осылай, Ұлы Дала аумағындағы ру-тайпалардың шаруашылық-мәдени тұрпатының ортақтығы, тілі мен тұрмысының жақындығы, олардың өмір сүру салттарының (көшпенді және жартылай көшпенді мал шаруашылығы мен отырықшы жер өңдеушілік кәсіптерінің ыңғайына орай өзара әрекеттесуі арайындағы қарым-қатынастардың) дамуы жағдайында, этностық интеграция үдерістері жүріп жатты. Осы жолмен қазақ халқы этногенезінің негізгі түйіндері айқындалды. Қазақтың халық болып қалыптасуының тарихи алғы шарттары жасалды.
Бүгінгі тәуелсіз мемлекет құрып отырған қазақ халқы мекендейтін аумақ Кейінгі орта ғасырдан бері қазақ елі ретінде атала бастады. Кейінгі орта ғасыр кезеңін Ресей тарихшылары «моңғол-татар езгісінен» бастайды. Бұл кезең орыс тарихнамасы бойынша Жошы Ұлысының билеушісі Бату ханның 1243 жылғы шапқыншылығынан бастау алады да, орыс елін құрамына қосып алып, Алтын Орда атанған империяның ыдырауымен аяқталады. (ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысынан ХV ғасырдың 80-ші жылдарына дейін созылған «моңғол-татар езгісінен» соң саяси аренаға Мәскеу патшалығы шықты. Жоғары орта ғасырлардағы ежелгі орыс халқы сосын, Кейінгі орта ғасырларда үшке - ұлыорыс, украин, белорус халықтарына бөлініп кетті). Осы тарихи жағдайды ескере келгенде, тәуелсіз қазақ тарих ғылымы алдағы уақыттарда европалық кезеңдеулерге сын көзбен қарап, оларды өз еліндегі өзгерістерге сәйкестендіре тұжырымдауға көңіл бөлгені дұрыс болар еді деген ой туады. Қалай болғанда да, европалық ұғымдағы Кейінгі орта ғасырлар кезеңі біз үшін - Шыңғысхан империясы ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде қазіргі қазақ елі аумағын шауып алу есебінен іргесін кеңейткен шағынан басталады деп ұққан жөн тәрізді. Жер-жаһанды сілкілеп-тітіретушінің қазақ жазирасына Ертістен бастаған 1219 жылғы үлкен жорығы өмір сүру салты бір-бірінікіне тақау түркі тайпаларынан болашақ қазақ халқын ұйыстыру үдерісіне ә дегенде кедергі болғанмен, артынша айрықша серпін берді. Сондықтан да, Кейінгі орта ғасырды орыс тарихының 1243 жылғы Бату-хан шапқыншылығынан басталды деп есептейтініндей ретпен, ұлттық тарихымыз Шыңғысханның Орта Азияны және ұлан-ғайыр қазақ аумағын бағындыруды көздеген 1219 жылғы жорығынан бастау алды деп санағаны дұрыс болар деген ойдамыз.
Қазақ жері Шыңғысхан империясының құрамына енгеннен бергі уақытта, аймақтағы этностық жағдай көп өзгерді. Алғашқы жылдарда жаулап алушылар қалалар мен отырықшы елді мекендерді, егіншілік пен қолөнер кәсіпшілігі ошақтарын ойрандаған-ды. Көптеген бейбіт жер өңдеушілер мен малшыларды қырды. Ірі тайпалық топтарды қоныс аударуға мәжбүр етті. Өлкедегі өндіргіш күштерді күйзелтті, орын алып тұрған экономикалық және мәдени байланыстарды бұзды. Қазақ жеріндегі түркі халқының құрамы мен антропологиялық тұрпатына да белгілі дәрежеде әсерін тигізді. Алайда, түркі тайпалары көпшілік болғандықтан, дегенмен, моңғолдар жергілікті түркі тілді халық ішіне сіңісіп, оның тілі мен әдет-ғұрпын қабыл алды. Осы орайда араб саяхатшысы әл-Омаридің Шығыс Дешті-Қыпшақ халқы туралы жазбасындағы мына жолдар айрықша қызық, ол былай дейді: «Ежелде бұл мемлекет қьпшақтар елі болатын. Бірақ, оны татарлар (моңғолдар деп ұғыңыз - Б.Қ.) басып алғаннан кейін, қыпшақтар олардың бодандарына айналды. Сосын олар қыпшақтармен араласты да, қыз алысып, қыз берісіп, туыстасты, сөйтіп қара жер олардың табиғи және нәсілдік сапаларын жеңіп шықты. Олардың бәрі, құдды бір рудан шыққандай, тура қыпшақтар тәрізді болып кетті» (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой орды. Т.1. Извлечения из сочинений арабских. - Санкт-Петербург, 1884. - 235-б.).
Сонымен, моңғолдар өздері жаулап алған қыпшақ (қазақ) жеріне қоныстанды да, жергілікті жұрттың ішіне біртіндеп сіңіп, еріп кетті, ақыры, бейне-бір өздері де солармен бір рудан тараған ұрпақ тәрізденіп, нақ қыпшақтардай, яғни болашақ қазақ тумасындай түрге енді. Шығу тегі, тілі, материалдық және рухани мәдениеті жағынан туыстас этностық-саяси бірлестіктердің ертеден-ақ өзара жақындасуға бейім тенденциясы қайта нығая бастады. Ноғай Ордасында, Ақ Ордада, Әбілқайыр хандығында, Моғолстанда толастамаған соғыстар мен тартыстарға қарамастан, қазақ халқының өзіндік келбетіне ену жолындағы осындай бірігу, топтасуға ұмтылу үдерісі одан әрі күшейе түсті. Алтын Орда хандарының «қыпшақ патшалары» атанғаны мәлім. Қыпшақтар Ақ Орданың, кейінірек Әбілқайыр хандығының көпшілігін құрап, қазақ халқының құрылуында маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, наймандар, қоңыраттар, алшындар, арғындар, керейіттер, дулаттар және осы аумақтағы өзге де автохтонды түркі тайпалары негізінде қазақ халқы қалыптасты.
Қазақ халқының қалыптасу үдерісі өзіндік мәдени-шаруашылық үлгіде - көшпенділік тәсілмен мал өсіру кәсібі негізінде - біртұтас этностық аумақта орын алды. Көптеген этностық-саяси және шаруашылық факторлардың әрекеттесулері мен өзара әсерлері нәтижесінде Қазақстан аумағында үш негізгі этноаумақтық бірлестік пайда болды, олар - қазақ тарихында терең орын алған Ұлы, Орта және Кіші жүздер. Жүз деп әдетте жалпықазақ этностық аумағының белгілі-бір бөлігін мекендейтін қазақ ру-тайпаларының ірі бірлестіктерін атаған. Олардың қашан және қалай пайда болғаны жайында түрлі пікір бар. Кейбір тарихшылар жүздер қазақ халқы құрылғаннан көп бұрын, Батыс Түркі қағанаты ыдыраған кезде пайда болды деген болжам айтады. Мәселен, С. Аманжолов өзінің «Қазақ тілінің диалектологиясы мен тарихының мәселелері» деген еңбегінде арғықазақ аумағының үш жүзге бөлінуі көне түркілер дәуірінде басталып, X-XII ғасырларда аяқталды деп санайды (Аманжолов С. А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. - Алма-Ата, 1959. - 112-113-бб.). Сондай ойды Х.Әділгереевтің «Қазақ халқының құрылу тарихына» атты жұмысынан да оқуға болады. Ал В. Вельяминов-Зернов «Қасымдық патшалар мен патшазадалар туралы зерттеу» (Вельяминов-Зернов В. В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч. 2 - Санкт-Петербург, 1864. - 382-383-бб.), М. Красовский «Ресей географиясы мен статистикасы үшін материалдар. Сібір қазақтарының облысы» (Красовский М. Материалы для географии и статистики России. Область сибирских киргизов. Ч. 2 - Санкт-Петербург, 1868) атты жұмыстарында қазақ жүздерінің үш дербес ұлыс болғандығын және олардың XV - XVI ғасырлар шегінде ұйысқан Қазақ хандығына бастау, негіз болғандығын айтады. Н.Аристов қазақтың үш жүзге бөліну үдерісін жоңғар шапқыншылығы дәуіріне (XVIІІ ғ.), ал Ш.Уәлиханов Алтын Орданың ыдырау кезеңіне (XV ғ.) жатқызады.
Шоқан Уәлиханов қазақтардың үш жүзге бөлінуін өздері көшіп-қонып жүрген аймақтарда өз құқтарын қорғау үшін одақтар құрғандығымен байланыстырады. Бұл тарихи шындыққа мейлінше жақын. Сондай ойды одан кейінгі тарихшылар В.Бартольд пен М.Вяткиннен де кездестіреміз. Бартольд жүздер - малды көшпенділікпен бағудың жаратылыс жағдайына орай туындайтын айырмашылықтарына байланысты пайда болды деп санайды. Вяткин де қазақ жүздерінің құрылуы табиғи-географиялық және саяси-экономикалық себептердің әсерінен болды дейді. Ол жүздердің пайда болуына географиялық факторлармен қоса саясат та әсер еткенін, жүздердің «ерекше саяси одақтар» ретінде қалыптасуы ХVI ғасырдың аяғында орын алғанын жазады. Ал қазақ тарихынан шығыс хроникаларында келтірілген деректер жүздердің хандық құрылғанға (XV ғ.) дейін болғанын көрсетеді.
Қазақтардың өздерінің аңыздары бойынша - бірнеше ғасыр ілгеріде Алаша хан өзінің Үйсін, Арғын, Алшын деген үш ұлына халқын бөліп беріпті-міс, олардың әрқайсысы жеке орданың басы болған екен де, содан олар Үлкен, Орта, Кіші жүздер деп аталыпты. Соған ұқсас аңызды А.Левшин де атап көрсетеді. Сондай аңызға негізделген әдебиеттің бірі патшалық кезінде шыққан «Россия халықтары» деген көркем альбом екен, онда қазақтардың үш ордаға бөлінетіні, олардың әрқайсысы өз тегін «моңғол билеушісі Алашыханның үш ұлының бірінен» бастайтыны жазылған. Қазақты үш жүзге бөлу XVІ ғасырдың екінші жартысында Ақназар (Хақ-Назар) ханның тұсында жүзеге асырылды деген де жорамал бар.
Жүздердің құрылуын мүмкін еткен жағдайлар бір мезгілде туа қалған жоқ. Оған Қазақ елі аумағында Шыңғысхан империясына дейін де ұзақ уақыт бойы түрлі ірі-ірі этностық-саяси мемлекеттік құрылымдардың болуы әсерін тигізді. Ал моңғолдар жаулап алғаннан кейін құрылған моңғол ұлыстарының, әсіресе Жошы Ұлысының, Алтын Орданың, содан кейін Ақ (Көк) Орданың, Ноғай Ордасының, Әбілқайыр хандығының, Моғолстанның бұл ахуалдың пісіп-жетілуіне және тарихи тұрғыда жүздердің қалыптасуына ықпалы зор болғаны анық. Этностық үдерістердің, қолданыстағы тілдің ортақтығы, шаруашылық жүргізу тұрпатының біртектілігі ру-тайпалардың жоғарыда аталған түрлі мемлекеттік құрылымдар құрамында жүргеніне қарамастан, біртұтас қазақ ретінде қалыптасуын әзірлей берді.
Қазақтардың шығу тегінің және олардың этностық тұтастығының өте ерте замандарға кететінін венгр түркологы, шығыстанушы, этнограф, саяхатшы Арминий (Герман) Вамбери (1832-1913) өз еңбектерінде дәлелдеуге тырысты. Ол 1863 жылы Орталық Азияға саяхат жасап, сол сапары жайында жазған еңбектерінде түркі халықтарының тілі, мәдениеті, тарихы, тыныс-тіршілігі, өмір сүріп жатқан географиялық ортасы хақында құнды мағлұматтар келтірген болатын. «Қазақтардың тілінде, олардың құлықтарында, әдеттері мен мінездерінде айырмашылық жоқ болуы, бұл қасиеттердің Каспий теңізінен Алтайға дейін және Оралдан Тянь-Шань баурайына дейін созылған күллі қазақ даласында бірдей көрінуі» негізінде Вамбери «қазақтарға ортақ физикалық тұрпат тән және осынау саны едәуір көп халық бір тайпадан шықты» деп тұжырды. Қазақтардың «әдет-ғұрпы мен тілі жағынан бөліп-жарылмайтын біртұтас әлем» екенін академик В.В.Радлов та айтқан-ды. Ол өзінің «Түркі тайпаларының халықтық әдебиетінің үлгілері» атты іргелі еңбегінің ІІІ-томында: «Кең жазираның барлық жерде ешқандай өзгеріссіз бір ғана сипат сақтайтынындай, оның орман-тоғайсыз жалаңаш шоқыларды баса созылып жатқанындай, даланың тек әр жерден ғана аласа бұта тілімдейтін біркелкі өскен қырлық шөпті жамылғыша жамылғанындай, осы жазира тұрғындары да әдет-ғұрып пен тілде біркелкілік көрсетуде, бұған, тайпаның алысқа таралып орналасуын көргенде, тіпті ақыл жетпейді деуге болады, ал олар болса - өздері мекен ететін елдің ең дәл көрінісін бейнелейді», - деп жазды (Из истории казахов. Сборник. - Алматы, 1999. - 363-б.).
Ақ Орда мен Моғолстан мемлекеттерін мекендеген тайпалар этностық тұрғыда тұрақтанып, халық барған сайын біртекті бола түскен және дені түркілік ортаға айналған. Түбі бір түркі ру-тайпаларының этностық-саяси және шаруашылық-мәдени тұрғыдан жақындасып дами түсу дәстүрлері ХІІІ ғасырдағы моңғолдар шапқыншылығы салдарынан біршама тоқырағанмен, көп ұзамай қайта жанданып, Моғолстанның басты бөлігі мен Жетісуда - Ұлы жүз, Оңтүстік Қазақстанның кейбір аудандары мен Орталық Қазақстанда - Орта жүз, Батыс Қазақстанда - Кіші жүз қалыптасты (Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХІV- начале XVI веков. Вопросы политической и социально-экономической истории. - Алма-Ата, 1977; История Казахстана. Т.2. - Алматы, 2010. - 303-б.; Қазақстан тарихы. 2-т. - Алматы, 2010. - 310-б.). Қазақ халқының құрылуы жайында «Қазақ ССР тарихында»: «Этносаяси ахуал былай қалыптасты: белгілі бір тайпалық топтар белгілі бір уақытта әртүрлі мемлекеттік құрылымдарда (Ақ Ордада, Моғолстанда, Әбілқайыр хандығында, Ноғай Ордасында және басқаларда) болды, олардың таралып орналасу аумағы сырттан қысым көру немесе феодалдық соғыстар, өзара тартыстар, ауа көшулер салдарынан орын ауыстырып отырды, бірақ бірігуге деген басты бағыт, дегенмен, барша тосқауылды жарып өтіп, өзіне жол салды, халықтық сана, өзінің бір халықтың бөлшегі екенін ұғыну - айналып келгенде, тайпалық санадан басым түсті», - деп жазылды.
Жоғарыдағы үзіндіде аталған әртүрлі мемлекеттік құрылымға бөлініп жатса да, Қазақстан аумағында тұратын халықтың дені бір тілді - қазақ тілін пайдаланды. Тағы бір атап айтарлық ерекшелік сол - «ХІV-XV ғасырларға қатысты антропологиялық материал қазақтардың антропологиялық тұрпатының негізінен бір болғанын айқын көрсетеді» (Қазақ ССР тарихы. 2-т. - Алматы, 1983. - 262-б.; Қазақстан тарихы. 2-т. Алматы, 2010. - 264-286-бб.).
Қысқасы, Кейінгі орта ғасырларда еліміздің бүгінгі аумағында тұрған түркі ру-тайпалары, бірнеше мемлекеттік құрылымда шашырап жатқанына қарамастан, тілі, ділі, тұрмыс-тіршілігі, психикалық бітімі, мәдениеті, өмір сүру салты бір қазақ халқы ретінде, негізі 1456 жылы қаланған Қазақ мемлекеттігі тарих сахнасына шығар қарсаңда әбден қалыптасып болған еді...
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
«Абай-ақпарат»