Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6928 5 пікір 8 Тамыз, 2019 сағат 10:31

Қазақ прозасындағы даналық дәйегі

(Мақсат Әубәкіровтің «Әулие Ырғызбай және Тылсымды Дүние жұмбақтары» кітабы турасында)

Бір нәрсе турасында ой айтуда бұрын да, қазір де қазақ зиялыларының ой толғамдарының ала-құлалығын, әр түрлі ұстанымда «мұсылмандық үрдістегі батыстық – Абайшыл, мұсылманшыл шығыстық – Құнанбайшыл» болғандығын біліп алғанымыз жөн. Құлагер тағдыр мен Батыраш түсінік қазақ герменевтикасының бағын байлаған дәуір де орын алды. Осы “Тұрпайы әлеуметтанудың сойқаны” балаң санаға қалай ойран салғанын Бердібек Соқпақбаев өз наррациясына өзек еткен еді. Абайшылдықтың орынын енді міне Құнанбайшылық басып отыр. Отарлық кездегі – Алаш әлемі бар, азаттық кездегі –Алаш әлемі бар. Осы дәуірлік кезеңдердегі қазақ таным көкжиегіндегі мистика тылсымының батыстық әи шығыстық тәпсірленуі мен түсіндірілулері әр қилы.

Жалпы біз қазақ әдебиеттануында үлкен үш герменевтикалық кезеңді бастан кештік. Енді таза ұлттық неогерменевтика дәуіріне өтіп отырмыз. Ұлттық герменавтика – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың “Қазақтың бас ақыны” мақаласынан бастау алып, 1924 жылға дейінгі аралықты қамтиды, қазақ кеңес герменевтикасы мен алаш герменевтикасы жарыса өмір сүрді. Енді осы мәселені қазақтың рухани-мәдени кеңістігіндегі көркемдік дүмпу айды аспанға шығарып, христиандық-батыстық жосықтағы «мистикамен» ой жарыстырған, мұсылмандық-шығыстық аңыста әдеби-көркемдік күреске түскен қазақ прозасындағы интеллектуалды назира туындыларына қатысты басын ашып алуымыз керек.

Қазақ (кеңес) герменевтикасы әдеби мәтін бойынан мән іздеуде – кеңестік тұрпайы әлеументтанушылық әдебінде қалыптасып, 1930-1952 жылдардың аралығында ел таныған әдеби алыптарымыздың көпшілігі кейін аузы күйетін сөз айтып, кітапханалар мұрағатындағы бір кездері өз жазғандарын өз қолдарымен жұрттан жасырып, жыртқандарының куәсі болдық. Бұл – оларды қаралайтын, аруақтарын қорлайтын жағдаят емес, тоталитарлық жүйенің орнықтырған герменевтикалық ой айтып, пікір білдіру жосығы. Ешкім кінәлі емес, ол кездегі пікір айтқандардың артындағы ұрпағының қуыстанып, ұялып қысылуының еш қажеті жоқ: бар кінә – отар ел болғандығымыздан шығып отыр. 1953-1986 жылдар аралығында жұмсартылған қазақ герменевтикасы өмірге келіп қалыптасып, марксистік көзқарас тұрғысынан «ақты-қара» дейтін мәтін лағындығын өмірге әкелген, қазір баз біреулер жабысып алып, тістесе қатып қалған әдеби-көркем эстетикалық ұстанымдағы құндылықтарды қалыптастырды. 1972-1987 жылдар аралығында әсілі филологтар да, философтар да емес, қолданбалы іргелі ғылым саласындағы қазақ оқығандары «Білім және Еңбек» журналының маңына алаш герменевтикасының серкелерін топтастыра білді. Бұрын табу салынып қозғалмай жүрген тың дүниелердің ұлтымызға жетуіне сеп бола алды. Әлкей Марғұлан, Ағжан Машани, Сәбетқазы Ақатай,  Ақселеу Сейдімбек, Сейіт Қасқабасов, Едіге Тұрсынов, Тұрсын Жұртбай, Таласбек Әсемқұлов т.б. азат ойлы еркін де, жалтақсыз алаш герменевтикасына екінші өмір сыйлап, дүниеге әкелді. Бұл үшін оларға ұлт герменевтикасы қарыздар. Әрі қазір оның жемісін жеп отымыз. Оған куә – оқырман қолына енді тиіп отырған Мақсат Әубәкіровтің «Әулие Ырғызбай және Тылсымды Дүние жұмбақтары» кітабы.

Солардың ерен еңбектерінің, ғылыми көзсіз алғадайлықтарының (камикадзеліктерінің) арқасында қазіргі қазақ неогерменевтикасы бұрынғы және бүгінгі қаламгерлер турасында біреуге ұнап, біреуге ұнамайтын, біреу құптап, келесілер өре түрегелетін түрлі пікірді жұрттың «парасат кеңістігіне» ұсынып жүр.

Қазақ әдебиетінде әлем мәдениетінің ұлтсыздана адасуынан туындаған Павич үрдісі, Борхес жосығы деген жоқ. Тек Жүсіп Баласұғыннан бастау алып, данышпан Абайдың «Ғақлиясына» ұласқан  «Құтты біліктік» даналық дәйегі ғана бар. Қазақ прозасында соңғы кезде тініне «даналық дәйегі» өзек болған бітімі бөлек, жанры сан қырлы, стилі сан тарам тамаша туындылар өмірге келіп жатыр. Әм келе бермек...

Жарқында түркі тылсымы Әулие Ырғызбай Досқанаұлының тарихи тұлғасы төңірегіне топтасқан жаңа кітап өз оқырманына жол тартты. Оқыдық, таңдай қақтық, сананы сан саққа жүгірттік, жадыны сәулелендіре жаңғырттық, нәтижесінде алаштың «Тылсымды төрткүл тұңғиығына» өзінше өрелікпен түрен сала білген автор еңбегіне қатысты осы бір мақала өмірге келді.

Әдебиет мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі болып табылатын өнер түрі, оны тек өзі өмірге келген дәуірдің жаһандық мәдениетіннен тысқары қарастыра алмаймыз, әрі гуманитарлық ғылымдағы Батыстық дүниетанымның тайлағы ретінде жетектетіп жібере алмаймыз. Ресей империясы құрамындағы түркілерді тарихи Жадысыздандыру үшін отаршы ғалымдар бізге әдеби туындаларды танып білуде тек эстетикаға ғана иек сүйеудің интеллектуалдық құлдану мөрін санамызға басты. Осы құлдануға тәуелсіздік жылдары шығыс ғалымын жарға жығатын еуротектілік ғылыми концепциялар аярлықпен таңылды.

Егер әдебиет көнеден тамыр тартқан мәдениет тарихының белгілі дәстүрлі ғылыми заңдары мен заңдылықтарына бағынатын өнер түрі болатын болса, қазіргі қазақ әдебиеттануы оны бірде әлемдік әдеби процеспен бірде ұқсастыра, енді бірде айырмашылықта қарастыруы керек.  Бірақ бұған көзі қарақты оқырман: «Ау, ағайын, бұрын әдебиеттану эстетикаға арқа сүйеді емес пе?» деп қарсы дау да айтады. Біздікі болмас дауға жол беру емес, қайта кеңестік әдебиеттанудың кейбір рухани кісенінен босап шығуға бағдар ұстану.

Өйткені, қазір алаш әдеби процесінде неокеңес-қазақ эстетикалық әдіснамасымен түсіндіріп беру мүлдем мүмкін емес жаңа құбылыс орын алып келеді. Ол – ғылымиланған насыр (проза) мен назымның (поэзияның) синтезінен тұратын ұлттық назира жанрының қайыра түлеуі. Аталған жанрдың қайыра түлеуіне аға буын ақындары зор үлес қосып жүр. Жастар жағы батыстық үрдістегі постмодерннің бар-жоғы қазақ әдебиетінде бұрыннан бар назира жанры екенін жөнді ұғынбай жүргені осы орайда ғылыми жүректі сыздатып, алаштық көңілге кірбің түсіреді. Өйткені, Батыс гуманитарлық жосықтағы дүниелердің бәрін өз ыңғайына тартып, адам түсінбестей ғылымиландырып, қажетті де, қажетсіз философиялық терминдермен қойыртпақтап тастады. Бірақ шығыс қаламгері үшін батыстық постмодерн қашанда назира болып қала береді.

ғылымиланған насыр (проза) мен назымның (прозаның) синтезінен тұратын «Әулие Ырғызбай және тылсым дүние жұмбақтары» атты тағы бір әдеби жаһұтпен толықты. Кітапты оқу барысында орыс ақыны СЕРГЕЙ БИРЮКОВТЫҢ «Моника, или о смешанной технике (text)» делінетін салиқалы мақаласы ойға оралды. Онда: ...Мәселен, Золя өз кезінде баспасөзде жарық көрген мақалаларынан құрылған «Экспериментік роман» жинағын шығармақшы болады, Ресейде В.Каверин өз мақалары мен жазбаларын «Үстелдегі жазбалар» деп атап жария етті. ...Поэзия пайғамбары Хлебников аршарды (аралас стильдік шарғыны//смешный стиль//смештех) көп қолданғаны әдебиет тарихынан жақсы мәлім. Бұл қағдидат – Біртұтас Кітап (қазақы дүниетанымда – Кигіз Кітап – Ә.Ә.Ә.) деп аталады»,- деп жазылады.

Дәл осы «Кигіз Кітап» тәсілін Дмитрий Кузьмин (Новое литературное обозрение 2001, №50) өз ұлтының өткені мен бүгінін әм болшағын тұтастықта алатын постконцептуалист авторлардың белгілі бір милети заңғар тұлғаны туынды діңіне өзек ететін «айшықты ой алаңы» деп атайды.

Иә, қазақ әдебиетінде төрткүл дүние тылсымына Әулие Ырғызбай арқылы үңілетін бітімі бөлек туынды өмірге келді. «Әулие тылсымы», «Тылсымат» және «Тылсым сәт» делінетін үш бөлімнен тұратын шығармада автор өз ойын туындыгерлік аңыстағы поэтикалық, мәдени және эстетикалық концептілері арқылы оқырманға ұсынады.

Осы орайда Дмитрий Дзюминнің: «Әлемдік мәдениетте кездейсоқ ештеңе жоқ, бәрі белгілі бір қатаң сатылануға бағынышты, сондықтан кез келген эксперимент ең әуелі заңдылыққа бағынышты, содан кейін барып ғылми әлемге түсінкті...» деген пікірі ойға оралады.

Қазақ әдебиеттанушылары көпдеңгейлі тұтастық әдісін қолданған шақта философқа, психологқа әм мәдениеттанушыға айналады. Қазіргі әдебиеттануға тұтастық, тұлға концепциялары гуманитралық өзге салалардан көптеп еніп жатыр. Оның енуіне Мақсат Әубәкіровтің «Әулие Ырғызбай және Тылсымды Дүние жұмбақтары» сияқты туындалар себеп болуда.

Әдебиеттану енді тілдің әңгелегі емес, философияның тайлағына айналды. Әдебиет теориясы көз алдымызда философиялық әдебиеттануға айналып барады. Қос ғылымының осылайша түйісуі тек пайдалы ғана емес, ТМД түркі әлемі қашып құтылмайтын қажеттілік.

Енді «бұның себебі неде?» деген сауалға түрілінше жауап беруге болады....

Әдебиет теориясы көз алдымызда философиялық әдебиеттануға айналып барады дегенге берілер жауап біреу ғана ендігі жерде зерттеу нысаны әдеби-көркем туындының қарақан басы емес, эстетикалық процестегі орын алатын аралас-құраластықтың барлық бөлшектерінің біртұтастықта қарастырылуы.

Енді осы бөлшектерге тоқтала кетейік. Әр бөлшек өз алдына көпдеңгейлі тұтастық құра алады. Әрі болып табылады. Болмыс (универсум) – автор тұлғасы – көркем туынды – қабылдаушы тұлғат – болмыс. Міне, осы бөлшектер ең негізгісі.

Осының негізінде туындының болмысы танылып, автор әлемі ашылып, прозагердің елге айтпақ болған өзді ойы жария болады. Осылайша, көркем туындының мәнісі түп негізіне ой жетпейтін әлдебір мистикалық тылсымды перде дейтін түсініктің туындауы әдебиеттанушылық әдіснамасының біржақты тілдік аңыс пен жосыққа ғана сүйеіп келе жатқан тиімсіздігін жасырып жабудан келіп шығады. Шын мәнісінде көркем туындының күрделігі көзге ұрып тұратын  сыртқы тұрпатында емес, керісінше мені танып ал дейтін астарлы жабынды қатпарында. Ол сан алуан сондықтан бір зерттеушінің назарына түскен тұсы, екінші зерттеушінің зейінінен тыс қалып жатады.

Аталған туындыдағы автор образы ұлтымыз үшін «әйнексудағы білімге» айналған еуропалық білім мен танымға қарсы өз ойын милетіне таныту. Жалпы қазіргі таңда қазақ оқырманының қолына тиіп, көңіл көзін ашып, дүниетанымының көкжиегін кеңітіп отырған назиралық аңыстағы интеллектуалды проза өз бойына шығыстық гуманитарлық ғылымының барлық қатпарларын сіңірген «кигіз кітап» болып табылады. Бабақазақ жазба мәдениетінен бастау алған қазақ прозасының қазіргі таңдағы назиралық барша тамаша туындыларының кішік құрылым (микроструктура) өзегінде іріг құрылымның (макроструктура) барша тағантастық сипатты барлығын естен шығармауымыз керек. Осылайша кішік құрылым мен іріг құрылымдық саралауды  әдеби туындыға қолдану қосарлы синтездің кілтін табуға септеседі. Таяқтың екі басындай осындай синтез: белгілі бір автордың өзі туындысын жазу барысында ойға алып, кейін шығармашылық мехнатпен жүзеге асырған мазмұн жоспары мен айшықтау жоспарынан тұрады. Алғашқысы – туындының эстетикалық қырына есік ашар болса, соңғысы – шығарманың өздік эстетикалық татымы. Міне осы екі жайт зерттеуші тарапынан өзінің түп тамырын қазбалап, бас жігін айыруды қажет етеді.

Енді көзі ашық оқырман ықыласы мен әдеби-мәдени зиялы ортаның ілтипатына бөленген кез келген туындыны қолымызға алып, зерделеу жасаған шақта  оның мазмұндық және семантикалық деңгейіне ден қоямыз.

Алаш зерттеушісі төмендегідей сауалдар төңірегінде ой қозғап оған жауап іздейді. Туынды бойында орын алған қандай идеялар көркемдік-ғылыми зейін аударуға тұрады. Автор қолданған көркем ақпарат қалай берілген әм ол оқырман тарапынан қалай қабылданады. Туындыдағы авторлық тұлға үшін өнердің мәңгілік өзектілігі мен көкей кестілігі неден тұрады деген сауалдар төңірігенде жауап ізделеді. Оны табу да, таппай құр далаңдау да зерттеуші жазымышы.

Қаламгер Мақсаттың алға қойған жазушылық басты міндетті еуропалық «әйнексу біліммен» шектеліп, дейдейтүркі мәдениетінінің мөлдір бастау бұлағынан нәр алудың орнына крандағы судай батыстық үрдістің жетегінде кетушілікпен күресу. Дүниенің тылсым сырларына қатысты ой толғай отырып, мұсылман қазақ әулеиелігі жайлы бірде ғылыми байыптылықпен, бірде көркем сөзбен кестелген ой толғам жасаушылық  туынды құнын артырып тұр.

Әрі бір стиль екіншісін алмастырып, бір жанр келесіне ұласады. Бұдан шығарма құндылығына селкеу келтірмей қайта автор ұтып отыр.

Ұлт мәдени әм рухани құндылығы қатысты өз оқырманын сұхбаттасуға шақырған автор: «...Қаперсіз қайран қазағым, қасиетті айынан айнымаған елдерден қашан үлгі алар екенсің? – дегің келеді. Иә, бізде белгі көп. Өзімдікі дейін десең атын атап, түсін түстеп өзгелер иеленіп алған. Өзгенікі дейін десең өзімізде бар. Осы бір ерте туып, кеш қалып жүрген жоқпыз ба? Бұл белгілерде негізінде үлкен мән бар. Біз соны да ескеруіміз керек. Ұлы Конфуций: «Болашақта дүниені рәміздер мен белгілер билейді» - деген екен. Бұл да бір тылсым дүние...»

Қазқтың өмірден әм ғылым мен мәдениетінен өз орнын табуын қазақ прозагерлері өз туындыларында басты орынға қойып отыр.

Зерттеуші ретінде «Әулие Ырғызбай және Тылсымды Дүние жұмбақтарынан» мәселенің мәнісіне жауап іздеген шақта осы сауалдарды айналып өте алмаймыз. Бізге ұсынылған ақпараттың баршасы образдылықпен сомдалған тұлға концепциясы төңірігіне шоғырланып, одан кейін автор қалауымен пайымдала «сараланып» көркем типтендірудің (әдіс, тек әм метажанр) стратегиясының көмегімен тұтастана туындаған деген тұжырым жасаймыз.

Автор туған жері Тарбағатайдың асыл тәжі Ақсауаты жайлы «...Бұл өңір шашасына шаң жұқпаған осы даланың Бренді атақты тұлпар Елікжирен мен кешегі Дарабоз батырдың қасиеті Қубас аттарының тұяқтары мөр болып басылған жомар та, қарпайым өлке...» деп төгілтіп келе жатып, аршар әдісі арқылы стилін құбылтып жіберіп: «...Ғасырлар бойы өз құпиясын жұмыр тастарымен жұмбақтаған Бөртастаған тасының кереметі де осында, оның тарихи пердесін осы күнге дейін ешкімнің де дәті барып сыпыра алмауында. Айтылып жүргеннің бәрі жай болжам, әркімнің теориялық пайымы, әуесқойлардың әуестік ойлары. Ұлы даланың жұмбақтарының бірі осы бір алып тастың ғылыми тұжырымын жасап, соңғы нүктесін қоятын адамының әлі табылмауы да ұлы даланың ұлы жұмбақтарының бірі шығар..» деп оқырманын еліктіріп, ғылыми ой топшалау жасауға көшеді. Бұл қазақ әдеби процесіндегі жаңа құбылыс. Өзін ақтайтын соны стильдік айшықтау. Автор осылайша оқырман санасына ой сала отырып: «...Енді Бөртастаған жайлы ғылыми ойлардың бар екенін білдік. Сексенінші жылдардың басында Республикалық «Жұлдыз» журналында Тұрсы Жұртбаевтың «Ақсуат арналары» деген жол сапарлық тарихи-танымдық көлемді мақалалар топтамасын оқыдым. Сол эссе-толғауда «Бөртастаған» жайлы автор бұл Тайгаға түсті деп таба алмай жүрген Тұңғыс метеориті болуы мүмкін деген болжам айтыпты» деген пайымды жария етеді.

Өз тарапынан:

...Белгісіздеу тарихың, тағдырың да,

Зулай-зулай ғарышта блдырдың ба?

Спарың аяқталмай Тайга жақта,

Нүктесін біздің жерде қалдырдың ба? - деп ой кестейлейді.

Істілді тап осы тұрғыдан тәпсірлеген шағымызда кез келген мазмұнға иелік ете алатын көп деңгейлі жүйенің эстетикалық айшықтануы ретінде еректенеді. Осы жағдайда туыныдының асыл өзегін құратын тіл істілдің кей жағдайда ғана басымдыққа ие элементтерінің бірі ғана. Көркем тіл ақпаратты тұтынушыға (дегдар оқырманға) «сығымдалған» түрде ұсынылмайды, қайта оның бойына образды айшықтау арқылы көп дәргейлі тізбекті моноорталық құрылым (моноцентрическая структура) тұмшаланған аса күрделі көп жосықты ақпаратты сыйдырады. Бір сөзбен айтқанда бұл сөйлеу тілі емес, оразды таңбаланған ақпараттық көркем тіл. Бұның себебі, туынды әлемінде данышпандық тегінің дәнегі байыздаған тұтасқан тұлғат концепциясы бұғып жатады. Осы тұтасқан тұлғат концепциясы басым көпшілік нашар қабылдаған туындының әдеби бағын асыратын жағдайларда орын алып тұратындығын естен шығармауымыз керек.

Кезінде Мағжан Жұмабаев «Біз үйренетін Еуропа бір молда емес, мың молда» десе, енді қазақ прозагерлері бізден үйрену арқылы «Еуропа әлемді алжастырған мың молдаға айналып отыр» деген өз мәдени-рухани концепцияларын алаш оқырмандарына ұсынып отыр. Мақсат Әубәкіровтің жаңа туындысы осы концепцияны ту етуімен құнды.

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381