Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5292 30 пікір 8 Тамыз, 2019 сағат 18:04

Ұлықтау рәсіміндегі сөз – саяси декларация ретінде

Қазақстанның қазіргі тарихында алғаш рет Президент өкілеттіктері легитимді түрде берілді. Көпшілік жұрт үшін бұл күтпеген оқиға болды. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімдерін салыстыра отырып, көпшілік инаугурациялардың ұсақ ерекшеліктеріне мән берді, бірақ ең бастысын байқаған жоқ. Бастысы - ұлықтау рәсіміндегі сөз еді.

Ұлықтау рәсімінде айтылатын сөзді сайлау алдындағы кампанияның түйіні деуге болады. Содан кейін жұрт саясаткерден берген уәделерін орындауын күтеді. Саясаткер ол арқылы азаматтардың таңдауы дұрыс болғанына көзін жеткізіп, жаңа өмірге жігерлендіреді, адамдардың болашақта басшылыққа алатын идеалдарын жинақтайды.

Тарихқа қысқаша көз жүгіртейік. Совет Одағында тек бір ғана мәрте ұлықтау рәсімінде жұртшылыққа сөз арналды, оның мазмұны қазір ешкімнің есінде де жоқ шығар. Одан гөрі СССР-дің бірінші әрі соңғы президенті М.С. Горбачевтың лауазымнан кеткені жұрттың есінде қалды. Әрі сол оқиғаны жұртшылық Кремльдің басынан советтер туының құлауы, Одақтың ыдырауы ретінде жиі еске алады. Оның үстіне, М.С. Горбачевтың өзі айтқандай, «өркениетті елдердегі сияқты, СССР Президентін шығарып салуға арналған бірде-бір іс-шара өткізілген жоқ».

Демократия қанат жайған елдерде жаңа президенттің ұлықтау рәсіміндегі сөзі сайлауда жеңіске жеткен саясаткердің алғы сөзі саналады. Шын мәнінде, ол - жаңа мемлекет басшысының саяси декларациясы әрі алдағы жылдарда іске асырылатын бағдарламаның қысқаша баяны. Сондықтан да, мысалы, АҚШ-та жаңа президенттің ұлықтау рәсіміндегі сөзін БАҚ жарыса жазып жатады. Президент Билл Клинтон 1997 жылы ерекше сайт ашып, өзінің екінші ұлықтау рәсіміндегі сөзін онлайн-трансляциялауға тапсырма берген алғашқы АҚШ президенті болды.

Әрине, тіпті ең маңызды істерде де ойда жоқ тосын жайттар болып жатады. Ұлықтау рәсіміндегі сөз сөйлеу ерекшелігімен тарихта қалған кездер де болған. Мысалы, Джордж Вашингтон ұлықтау рәсімінде небәрі 135 сөз айтқан. Ең ұзақ сөйлеген АҚШ президенті Уильям Харрисон болды. Ол 1841 жылы екі сағаттай сарнап, 8 445 сөз айтқан. Харрисон ғимараттың ішінде емес, далада тұрып, қатты аязда, өңменінен ызғарлы жел өтуіне қарамастан қалың киімсіз, жалаңбас, қолғапсыз тұрып сөйлеген. Соның салдарынан өкпесінен суық өтіп, бір айдан кейін қайтыс болды.

ХХ ғасырда жұрттың аузынан түспеген сөз ретінде Джон Кеннедидің сөзін айтуға болады.

«Менің қадірлі америкалықтарым! Елім маған не берді деп сұрамаңыздар, мен еліме не бердім деп өздеріңізден сұраңыздар. Құрметті әлем азаматтары! Америка біз үшін не істеуі керек деп сұрамаңыздар, адам бостандығы үшін бірігіп біз не істей аламыз деп сұраңыздар».

Маргарет Тэтчер Чехословакия президенті Вацлав Гавелдің ұлықтау рәсіміндегі сөзінен ерекше әсерленіпті. Гавел сонда «махаббат, достық, біреудің қайғысын бөлісу, қайырым, кешірім мәнін жоғалтқан, азып-тозған әлемдегі өмір» туралы айтқан болатын (М. Тэтчер. Великая история «железной» леди. М;. АСТ, 2016, С. 571).

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөзінен бірнеше тезисті бөліп қарауға болады. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жаңаша жағдайда жалғастыратынына назар аудартты. Мемлекеттің Елбасы қалаған іргетасы сақталып, беки түсетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяу жылдары Қазақстан шешуі тиіс негізгі он міндетті атап көрсетті. Аталған міндеттер ел өмірінің барлық саласын – саяси құрылыс, экономика, әлеуметтік сала, сыртқы саясатты түгел қамтиды.

Дегенмен, аталған міндеттерді орындаудың өзі – демократиялық қоғам құру, нарықтық экономиканы дамыту, әлеуметтік мемлекет құру секілді Қазақстан Конституциясының басты қағидаларын іске асыру екендігіне жұрттың бәрі де мән берген жоқ.

Президент Қ. Тоқаев «менің саяси тұғырнамам – азаматтардың басты сұрақтарына жауап беру» деді. Әзірше мұның бәрі елдегі реформалардың жалпы көрінісі. Бірақ басқаша болуы да мүмкін емес еді, өйткені биліктің ауысуы мемлекеттік элита үшін де, қалың бұқара үшін де күтілмеген оқиға болды. Бірақ ұлықтау рәсіміндегі сөз Қ.К. Тоқаев саяси сабақтастықты амал жоқтан ұстану қажет деп емес, ең бастысы – саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді, Елбасы тұсында іргесі қаланған өзге де жетістіктерді сақтаудың шарты деп түсінетінін көрсетті.

Осынау берік негізде жаңа жоспарлар құрып, заман талабына жауап беретін жобаларды іске асыруға болады. Сондықтан жуық арада Президенттің ұлықтау рәсіміндегі сөзінің басты тезистерінің мәні ашылады. Ол қоғам мен мемлекеттің тығыз байланысы арқылы іске асырылуы тиіс. Қ. Тоқаевтың пікірінше, мемлекет пен азаматтық қоғамның бір-біріне көмектесуі жетістікке жетудің кепілі. Қ. Тоқаев айтпақшы, «саяси құрылым өзгерістерге сай болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда бұл экономикалық реформаларды іске асыруға кедергі болмақ».

Президент «өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен, көбірек мұқтаждық сезініп отырғандарға көмектесумен нақты айналысу» арқылы реформалардың айтулы нәтижелеріне қол жеткізу қажет екенін атап көрсетті. Әлеуметтік саясатта жылдам әрі көзге көрінерліктей нәтижелерге қол жеткізу, соның ішінде халықтың табысын арттыру қажет. Президент жаңа жұмыс орындарын ашу, лайықты жалақымен қамтамасыз ету, бірыңғай баспана саясатын әзірлеу әділетті әлеуметтік саясат жүргізу талабын қойып отыр.

Әлеуметтік салада нақты міндеттер тұр. Олар: білім беру сапасын арттыру, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеру, тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, қолжетімді баспана, т.б.

Қ. Тоқаев сайлауалды бағдарламасында ең өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуді ұсынып, оған 2 трлн теңге жұмсауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Жастар үшін аса өзекті баспана мәселесін шешу үшін табысы аз және көпбалалы отбасыларға арнап жалға берілетін 40 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Бұл және басқа да бағдарламалардың іске асырылуын жұртшылық жіті бақылап отырады.

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат ЖІӨ 5%-ына дейін артады. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету желісін қолжетімді етеді. Барлық өңірдегі барша баланы мектепке дейінгі білім берумен қамту жоспарланып отыр. Орта мектеп 12 жылдық білім беруге толығымен көшеді, ал үш тұғырлы тілдің енгізілуі қазақ тілін үйренуге көбірек мән беру арқылы жалғасын табады, қоғамдық пәндер қазақ және орыс тілдерінде оқытылып біртіндеп ағылшын тілі енгізіледі. Бұдан тыс, балалар артық жүктен арылып, оқытудың жаңа әдістемелері енгізіледі. 2022 жылға дейін апаттық жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесі шешіледі.

Нәтиже болуы үшін уақыт қажет екенін жұрттың бәрі түсінеді. Сондықтан Президент Қ. Тоқаев тұрғындардың әлжуаз тобының несиесін жабу туралы ешкім күтпеген шешім қабылдады. Әрине, классикалық нарықтық экономика тұрғысынан алғанда, Президенттің осы шешімі даулы сияқты көрінеді. Бірақ транзит және қазіргі жағдайды ескерсек, бұл әлеуметтік шиеленісті жібітті, сонымен қатар жаңа Президент бастаған өзіне тән мейірімділік кезеңінің есігін ашты. Әлеуметтік әріптестік пен өзара ықпалдастық алуан түрлі іс-қимыл арқылы көрініс табуы мүмкін. Қ. Тоқаев бұл ретте маңызды әрі өзгеге үлгі боларлықтай қадам жасады. Ол мұнымен Қазақстан қоғамы қарапайым азаматтан Президентке дейін әлеуметтік азаматтық ниеттестіктің құрамдас бөлігі болуы тиіс екенін көрсетіп отыр.

Басты проблемалардың бірі – ұлттық бизнесті дамыту, орта тапты қалыптастыру. Экономикалық стратегияны іске асыруға мүмкіндігінше жылдам жаңа бағыт ұсыну үшін экономиканың қазіргі ахуалына бүге-шігесіне дейін талдау жүріп жатыр.

Экономика жекеменшікке қол сұқпау қағидатына негізделе дамуы тиіс. Сондықтан Қазақстандағы кәсіпкерлікке берілетін бұлжымас кепілдіктер жүйесі құрылмайынша, кәсіпкерлер жалпымемлекеттік: өңірлік және жергілікті жобаларға қаражат құйғысы келмейді. Кәсіпкер тәуекелдерді бақылай алатынына, мемлекет оның салған қаражатына кепіл болатынына көз жеткізуі тиіс. Онсыз елден «капиталдың жылыстауын» тоқтату мүмкін емес.

Осы мәселені шешу үшін қағазбастылық деңгейін төмендетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз табанды күрес жүргізу қажет. Дилемма түсінікті – не кәсіпкерлікті дамытамыз, не болмаса бәрін жалмайтын жемқорлыққа жол береміз. Бұлардың бірі болған жерде екіншісі күн көре алмайды.

Қ. Тоқаев экономиканың түрлі сегменттерін дамыту үшін басқа елдердің бәсекелік ортаны қалыптастыру тәжірибесін барынша пайдалану қажеттігін түсінеді. Мысалы, АҚШ тарихынан сайлау құқығын кеңінен пайдалану, орталық билік тетігіндегі тепе-теңдік және тежемелік жүйесі, қалың бұқараның саяси пікірлерін ашық айту мүмкіндігінің болуы – заң шығару органдары капитал мен жұмыс күшін тартуға қолайлы құқықтық-нормативтік ортаны жасаудан басқа амалы болмайтынын көрдік.

Батыс авторларының айтуынша, елде ірі әрі бір-біріне бәсекелес болатын банк жүйелерінің пайда болуына мүмкіндік беретін бірден-бір алғышарт – мемлекеттік шенеуніктердің билігі мен уәкілеттерін институттық тұрғыда шектеу және осы шектеулердің бір бөлігін іс жүзінде күшке ие сайлау құқығы арқылы қамтамасыз ету. («Естественные эксперименты истории». М., АСТ, 2018, С.150).

Тағы бір проблема – мемлекеттің ауқымды қарызы. Үкіметтің шығындары жинаған салығынан асып түседі. 2014-2018 жылдар аралығында үкіметтің қарызы екі есеге: 5,6-дан 11,7 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ЖІӨ 20%-ын құрайды. Мемлекеттік қарыз одан да көбірек 5,8-ден 16 трлн теңгеге дейін өсті. Соған сәйкес, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары да өсіп, 2018 жылы 586 млрд теңгеге жетті. Ал олардың республикалық бюджет шығындарындағы үлесі 2014 жылы 3,6% болса, 2018 жылы 6,3%-ға жетті. Негізсіз ақша шығындау - шикізат бағасы шарықтап тұрған «мұнай дәуірінен» қалған «әдет». Қарыз мөлшерінің өсуін тоқтату үшін үкімет шығындарды азайтумен қатар, табыстарын да көбейтуі тиіс. Ал оған тек бизнесті жан-жақты қолдау арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Үкімет артық функциялардан, ең алдымен, бақылау функцияларынан арылуы тиіс. Мемлекеттік аппаратты қысқарту ғана емес, елді жан-жақты дамыту үшін оның қызметін де өзгерту қажет. Жасыратыны жоқ, Қазақстанның өңірлерінің дамуы біркелкі емес. Әрине, проблеманың объективті негіздері бар. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Сонымен қатар, аймақтар әртүрлі табиғи-климаттық белдеулерде орналасқан. Тіпті аумағы кейбір кішкентай мемлекеттердің көлемінен асатын облыстардың өзінде шөл, дала мен таулар кездеседі. Олар өздерінің ауылшаруашылық, экономикалық және табиғи әлеуеті жағынан тең емес. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде «қазақстандықтарды алаңдатып отырған нақты міндеттерді жергілікті деңгейде шешу керек. Біз аймақтардағы өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз, тұрғындар аймақтағы қордаланып қалған мәселелерді шешуге белсенді араласатын болады» деп айтылған.

Қ.Тоқаев әлемдегі жағдайды жақсы білетін саясаткер және дипломат ретінде адамзат технологиялар, экономика және әлеуметтік тәртіп өзгеретін кезеңге, яғни жаңа дәуірге аяқ басқанын жақсы түсінеді. Адамдардың, әсіресе, жастардың дүниетанымы өзгеруде. Ескі қарама-қайшылықтардың орнына жаңалары келеді. Бұған ұлы державалардың сауда соғыстары, жаңа өңірлік қақтығыстар, кейбір мемлекеттердің бұрынғы қауіпсіздік механизмдерін қабылдамау салдарынан туындайтын тұрақсыздықты жатқызамыз.. Оның айтуынша, кейбір елдер мен өңірлер ілгерілеудің жаңа толқынына ілесе алмай, оқшаулану мен агрессия стратегиясын таңдауда. Алдыңғы қатарлы елдер әлдеқайда алға озғанымен, көпшілігі шетте қалып қойған. Бұл әлем мемлекеттерін күрт поляризациялап, жаңа қақтығыстардың басталуына негіз болады.

Даму үшін кешенді шешімдер қабылдау қажет. Табысқа экономика немесе әлеуметтік саясаттың арқасында ғана қол жеткізу мүмкін емес. Қазақстан Республикасының Президенті күрделі өзгерістер туралы: «экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс - біздің заманауи сын-қатерлерге жалғыз дұрыс жауабымыз» деген сөздеріне бәрі бірдей назар аударған жоқ. Мұндай тәсіл ашықтыққа, ең жоғары жетістіктерге, озық технологияларға ұмтылуға негізделуі керек. Елдің саяси өмірін демократияландырмай, экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес екенін түсінетін уақыт келді.

Қ.Тоқаев саяси құрылымның үлкен экономикалық өзгерістерге сәйкес келуі керектігін, әйтпесе, реформалардың тоқтап қалуы мүмкін екенін түсінеді. Дәл осы формуладан жаңа Президент қоғамның негізгі сұраныстары - алдыңғы жылдары елді ілгері сүйрелеген «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласынан қоғамның барлық салаларын толыққанды реформалауға көшу керек екенін түсінетінін аңғаруға болады. Мықты билік ауыспалы кезеңде біршама рөл атқарды деп айтуға болады. Енді қоғам тарапынан бақылауды кеңейту мен билік өкілеттікті қайта бөлу арқылы билік тиімділігін арттыратын кез келді.

«Саяси құрылым өзгерістерге жауап беруі керек, әйтпесе бұл экономикалық реформаларға кедергі болады. Саясат пен мемлекеттік қызметке ең білімді адамдар ғана келуі қажет, меритократия қағидаты жұмыс істеуі керек. Мен ашық және айқын жұмыс жасаймын. Біздің Отанымыз, тағдырымыз – бір», - деді Қ.Тоқаев.

Барлығы дерлік қоғамдық өзгерістерге деген сұраныстың артып келе жатқандығын айтады. Бірақ бұл өзгерістер өздігінен орын алмайды. Бізге елді дұрыс бағытта қозғайтын адамдар керек. Бұл міндеттің маңыздылығы соншалық, Қ.Тоқаев бұл мәселені дамыған елдердің үлгісімен құқықтық, ұйымдастырушылық және басқа да жағдайларлардың жасалуын күтпей, оны алдағы күндері шешу керек екенін айтады.

Мемлекет басшысы «мемлекеттік басқару жүйесіне меритократия негізінде лайықты, білімді адамдар ғана келуі керек. Үміткерлерді таңдаудың басқа қағидасы болуы мүмкін емес» деп атап өтті. Алдымен Президент президенттік кадрлардың тізімін құруды ұсынды. Оған елдің барлық аймақтарынан ең жақсы 300 өкіл кіреді.

Қ.Тоқаев Қазақстанның өзгеруіндегі жастардың рөліне ерекше назар аударады. Бірақ реформа ата-бабалардың мол мұрасына негізделуі керек. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің сөйлеген сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтары біздің басты рухани бағыттаушымыз болып қала беретіндігі баса айтылған. Тарихты құрметтеу, Отанға деген адалдық, ғылым мен білімге деген құштарлық - мұның барлығы біздің халқымыздың құнды қасиеттері. Бұл қасиеттер халықтың бірлігі мен жасампаздық күшін нығайтады, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Экономикалық реформалар саяси трансформацияға алып келері сөзсіз. Егер орындалмаса, онда экономикада тоқырау басталады. Бұл жөнінде Маргарет Тэтчер: «Бір күні Қытайдағы экономикалық өзгерістердің артып келе жатқан қозғаушы күші саяси өзгерістерге алып келеді. ҚХР-да адам құқықтарын қатаң түрде сақтау арқылы сауда және ақпарат арналарын ашық ұстау - бұл ұлы әскери державаны ұлы экономикалық елге айналуы қарсаңында халықаралық қоғамдастықтың сенімді мүшесіне айналдырудың ең жақсы тәсілі», - деп айтты.

Дамудың басқа құрамдас бөлігі - билік пен қоғам арасындағы диалог қағидасы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау сөзінде пікірлердің плюрализмін мойындауға негізделген дәйекті және мазмұнды диалогтың қажеттілігі айтылды. Ол бірліктің мүлде қайшылықтар мен әртүрлі пікірлердің болмауын білдірмейтінін түсінеді. Ол үшін бұл мәселедегі негізгі бағдар - «Әртүрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт» формуласы.

Елді басқарудың демократиялық стиліне көшу - көпсатылы процесс. Қателіктер жинақталған жағдайда саяси трансформацияның салдары қауіпті болуы мүмкін. Иджак Адизестің :«Бюрократтар бәрін өздері істеуге дағдыланған. Олардың әдетті жұмыс тәсілін өзгертіп, ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін, мүмкін болса, көп күш салу керек» деп айтқаны бар.

Бүкіл қоғам өкілдері, оның ішінде жастар да кіретін Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі диалог құралы болуы керек. Әрине, бұл органның құрылуы мемлекеттік биліктің сайланған органдарының, яғни мәслихаттар мен парламенттің қызметін алмастырмауы керек. Бірақ уақыт күтпейді. Диалог алаңдары саяси реформаны қазірден бастап қолдауы керек. Ұлттық кеңес қызметінің тиімділігі оның құрамымен ғана емес, сонымен бірге Президенттің шенеуніктер мен мемлекеттік органдарды азаматтық қоғамның барлық институттарымен ынтымақтастықта болуға бағыттауымен анықталады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдына қойылған міндеттер – өте қиын және маңызды. Ал оларды Президент пен мемлекеттік аппараттың ғана күшімен шешу мүмкін емес. Сондықтан ол қоғамның негізгі проблемаларын талқылап, сайлауалды тұғырнаманы іске асырудың мазмұнды жоспарын құруда бірлесе жұмыс істеуді ұсынады. Қ.Тоқаевтың өзі атап өткендей, бұл құжатта халықтың ең жақсы идеялары мен ұсыныстары көрініс табатвн болады.

Көптеген шектеулерден тұратын қоғамнан бостандық пен демократияға өту әрқашан қиын болатынын есте ұстаған жөн. Мұндай ауысу жаңа саяси мәдениеттің, мінез-құлық пен дағдылардың қалыптасуын, адамдардың санасына нық енген бұрынғы тыйым салынған әдеттерден бас тартуды білдіреді. Еркін болғысы келетін кез келген қоғам барлық азаматтар демократияның теориясы мен практикасын түсіне алатын деңгейге жетуі керек. Бұл үшін білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, партиялар және т.б. бірлесіп, күш салуы керек. Транзиттік елдерде демократияға деген жеңілдетілген көзқарас тенденциясы бар. Онда адамдар институттардың, құқықтар мен міндеттердің және идеялардың өзара әрекеттесуінен гөрі жеке бостандықтың кепілдіктерін байқайды. Маңызды жағдайды түсіну қажет - демократия мүмкіндіктер беріп қана қоймайды, сонымен қатар азаматтарға міндеттер жүктейді.

Алда маңызды міндет тұр – азаматтар арасында жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру керек. Қоғамдық өмірге араласу нәтижелі болуы үшін адамдар әлеуметтік проблемалар туралы жергілікті, аймақтық және ұлттық деңгейде хабардар болып, жеке және қоғамдық мүдделерді біріктіре алуы керек. Өзге пікірге деген төзімділікке үйреніп, ынтымақтастықта болып, ымыраға келе білу керек. Олар заңды, заңды билікті, жеке меншік және жеке құқықтарды құрметтеуі керек.

Мемлекеттік саясатқа қатысты жаңа тәсілдер Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикадағы, саясаттағы және халықаралық қатынастардағы жаңа тенденцияларды ескере отырып, қоғамды интеграциялау саясатын жалғастыратындығын көрсетеді. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр, алайда ұлықтау сөзінде үлкен үміт бар, себебі онда қойылған мақсаттар көптеген азаматтардың пікіріне сай келіп, Қазақстан халқының қолдауына сүйенеді.

Президент Қ.Тоқаевтың ұлықтау сөзіндегі негізгі ережелермен қатар, оның мемлекеттегі ең жоғары лауазымын атқаруының алғашқы айларының нәтижелері ұзақ уақыт талқыланып, бағаланады деп болжауға болады. Қазақстандағы билік транзитінің мемлекеттік басқарудың әртүрлі әдістерінің байланысын анықтайтын ерекшеліктері бар екенін ескеру керек. Тарих сабақтары қазіргі заман мен дамудың әлеуетін ұғыну үшін жайдан-жай керек болған жоқ.

Транзит немесе реформалар кезеңіндегі мемлекет басшыларының қызметіне, әсіресе осы оқиғалар кезінде жарияланып, берілген бағалар өте қарама-қайшы болуы мүмкін.

Мысалы, Америка Құрама Штаттарының тарихындағы маңызды кезең болып табылатын ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының ортасы мен екінші жартысы Президент Ф. Рузвельттің «жаңа бағыты» деп аталды. Оған деген көзқарас айтарлықтай керемет болған жоқ. Кейбір замандастар Ф.Д. Рузвельт АҚШ-тағы фашизмді қолдайды деген пікірде болса, басқалары, керісінше, оның реформаларын социалистік деп санады. Кейде «жаңа бағыт» қос пікірдің жиынтығы ретінде көрсетілген. 1960 жылдардың басында америкалық тарихнама «Жаңа бағыттың» оң сипаты туралы консенсусқа қол жеткізді. Дегенмен, қарсы пікірлер әлі де болса табылып жатады.

Оценивать «Новый курс» Президента Касым-Жомарта Токаева можно с самых различных позиций - от националистических, коммунистических до либеральных. Все спектры политического многоцветия существуют в Казахстане. Но нужно помнить о том, что К. Токаев предлагает общенациональный консенсус в определении и достижении общенациональных целей. Патриотизм и совместное определение будущего должны объединить все слои общества. Более того, уже создаются политические и государственные институты для такого единства общества во имя будущего. И это самое важное.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа бағытына» әр түрлі позициядан - ұлтшыл, коммунистіктен бастап либералға дейін баға беруге болады. Қазақстанда саяси көптүрліліктің барлық спектрлері бар. Бірақ Қ.Тоқаев жалпыұлттық мақсаттарды анықтауда және оған қол жеткізуде жалпыұлттық консенсус ұсынатындығын ұмытпау керек. Патриотизм мен болашақты бірлесе айқындау қоғамның барлық салаларын біріктіруі керек. Сонымен қатар, болашақ үшін қоғамның осындай бірлігін сақтайтын саяси және мемлекеттік институттар құрылуда. Бұл – ең бастысы. Автор: Берік Әбдіғалиұлы

Берік Әбдіғалиұлы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407