6 тамызда жарияланған хатта HRW Қазақстан билігі тез арада шешуі тиіс мәселелерді атап көрсеткен. Ұйым Тоқаевтан бейбіт жиын өткізу құқығы, сөз бостандығы және БАҚ жұмысына кедергілерді алып тастауын, Қылмысдық кодекстегі билікті сынаушыларды қудалау үшін пайдаланылатын екіұшты баптарды қайта қарауын, бұған қоса мүгедек балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуін сұрады.
"Қазақстанға құқықтар мен еркіндікті нығайтудың уақыты баяғыда келген. Алғашқы қадам ретінде президент Тоқаевқа реформалар күн тәртібін жариялап, оған БАҚ, кәсіподақ құқықтары және бейбіт жиын өткізу құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі нақты шараларды енгізгені жөн", - деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.
Азаматтық белсенділерді қудалау үшін қолданылған "араздық тудыру" бабына күмән келтірген HRW Тоқаевқа жазған хатында белсенді Макс Боқаев пен тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа қозғалған қылмыстық істерді мысалға келтірді.
Хат авторлары "2018 жылы наурызда Қазақстан соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік" деп танығанын, содан бері аталған ұйымды жақтаушыларды қудалау жүріп жатқанын" атап өткен.
Қазақстанда "билік тәуелсіз кәсіподақтарды әбден тықсырғанын" жазған HRW Нұр-Сұлтаннан Халықаралық еңбек ұйымының барлық кеңестерін бұлтартпай орындауын талап етті.
Abai.kz