Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 5669 31 пікір 9 Тамыз, 2019 сағат 13:00

Құр мақтану, бос көкірек – талай елдің түбіне жеткен...

Өйткені, мақтангершіліктің ең жақын «бауыры» – ұрлық. Ал, ұрлықтың өзі де майда-шүйдеден басталады. Пенденің құлқыны – құдықтан да терең, ешқашан тоймайды, тоқтамайды...

Мысалы, қалтасы қаңыраған адам «100 мың теңгем болса» деп армандайды. Арада біраз жылдар өткенде, 100 мың АҚШ долларын жинаған әлгі адамның ауызын құр шөппен сүртіп отырғанын көресің...

...Қазіргі қазақтың билігіндегі көп байшыкештер де дәп сондай.

...Осыдан небәрі ширек ғасыр бұрын, яғни, 25 жыл бұрын Қазақстанда бірде-бір миллионер жоқ еді, қазір оларды санап шығу қиын. Сонда бұл байлық қайдан келді?.. Мұның бәрі – ұрлық.

Рас, қазір біздің биліктегілер ұлттық ішкі өнімнің 20 есеге өскенін айтып, мақтанады. Шынында, осыдан 25 жыл бұрын бір қорап сіріңкенің 7 ТИЫН (теңге емес) тұрғанын әдейі «ұмытып кетеді»...

Ұлттық ішкі өнімнің 20 есеге өссе, азық-түлік бағасы, тұрмыстық заттар, коммуналдық қызметтер неше есеге өсті? Мұны шенеуніктер айтпайды. Мәселен, Ұлыбританиядағы ең аз зейнетақының мөлшері қазақ теңгесіне шаққанда 128 мың теңге де, Қазақстандағы ең аз зейнетақының мөлшері 11 мың теңге. Осыны салыстыруға бола ма? Мұндай жалғандықты мектептің оқушысы да есептеп бере алады...

Тіпті, жыл сайын билік зейнетақының кө­бей­генін айтып жатады, бірақ, сомасын емес, пайызын жариялайды. Ал, сомасына келсең, небәрі 1,5-2 мың теңгеге ғана көбейеді. Комму­нал­дық шығындар болса, күннен күнге өсе түсуде...

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары да өсіп жатыр. Әсіресе, мемлекеттің қазынасына қолы жақын «А» корпусының қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға өсіп, бүгінде 1-1,5 млн теңгеге жетті. Депутатардың та табыстары осыған жетеғабыл...

Орташа зейнетақы алатын қария 37 мың теңгені бір айға жеткізуге тиіс те, 1,5 млн теңге жалақысы бар шенеунік әлгі қариямен бірдей коммуналдық төлем жасайды. Әділдік қайда? Шенеуніктің жалақысы – зейнеткердің кірісенен 30-35 есе көп. Мұны есептеу үшін қызыл диплом алудың қажеті жоқ қой...

Осындай өтірік пен жалғандық, мақтану мен мекірену, ұрлық пен қарлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, рушылдық пен жікшілдік – бүгінгі қазақ қоғамы мен билігінің барлық саты­ларын қамтыған. Сайып келгенде, бұл бас­сыздықтың ақыры – үлкен әділетсіздікке тіреледі. Ал, әділетсіз қоғамның болашағы болмайды.

Байлық пен биліктің шексіздігі – табиғатында өте әлсіз жаратылған пенденің аранын аштырып, құлқынын кеңейте береді де, түбінде құлдыққа жалдап, құрдымға тартады...
Енді 1 млн АҚШ долларын жиған сорлы – 100 млн АҚШ долларын иемденуді аңсайды...

Құлқын – тойымшылықты білмейді. Бертін келе ұры-қарылар сақтық қасиетінен де айырылып, түйені түгімен, вагонды жүгімен жұта бастайды...

...Біздің қасиетті дініміз Исламда «Иман мен ынсаптан айырылған пенденің көзі тек топырақпен ғана жабылады» дейді...

Жалғыз ақиқат осы!..

Қажымұқан Ғабдолла

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3524