Қызылордада көлік саласының мамандарына құрмет көрсетілді
Қызылорда облысында Автокөлік саласының құрылғанына 80 жыл толуына орай мерекелік шара өтті,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Көлік саласы қай кезде де еліміздің экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала болып табылады. 80 жылдық тарихы бар сала аға буынның еселі еңбегімен, жасампаздығымен дамыса, кейінгі ұрпақтың жаңашылдығымен нығайып келеді. Сыр елінің көлік қатынасын өрге сүйреп, тату тірлігі мен берекелі бірлігін арттыруға сүбелі үлес қосып отырған сала қызметкерлеріне облыс жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін, - деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 212 елдімекенді аудан және облыс орталығымен жалғайтын 211 тұрақты автобус қатынасы жолға қойылған. Ал Сырдың бас шаһарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және т.б. қалаларға күнделікті жолаушы тасымалдау қызметтері көрсетілуде. Сондай-ақ, 2018 жылдың шілде айынан бастап халықаралық «Қызылорда-Ташкент-Қызылорда» тұрақты маршруты іске қосылған.
– Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде 1 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, қосымша 4 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы жобалар іске асса, қызмет сапасы жақсарып, тасымалданған жолаушылар санының ашықтығына, жолаушылар тасымалының тиімділігін жоғарылатуға, кірістер көзінің артуына қол жеткізіледі,- деді аймақ басшысы.
Мерекелік шарада барысында Қуанышбек Ысқақов сала мамандарына ҚР Президентінің «Алғыс хаты», «Еңбек ардагері» медалі, «Құрметті автокөлікші» мен «Үздік автокөлікші» төсбелгілері, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасы, Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы», облыс әкімінің «Алғыс хаты» және «Қызылорда облысының автокөлік саласының құрылғанына - 80 жыл» мерекелік медалі табыс етті.
Айта кетейік, облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3451 шақырымды құрайды. Оның 1016 - шақырымы республикалық, 563 - шақырымы облыстық, 1872 - шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. 2013-2018 жылдары 1594 км автомобиль жолдары мен қала, кент және елдімекендердің көшелері жөнделді. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде облыс аумағында 12 көпірге жөндеу жұмыстары (5 көпір құрылысы, 1 көпірді реконструкциялау, 6 көпірді күрделі жөндеу жұмыстары) жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2019 жылы жергілікті маңызы бар 192 км автомобиль жолдары, елдімекен көшелері мен көпірлерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Халықаралық «Қорқыт Ата әуежайы» арқылы Анталия, Мәскеу, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Қарағанды қалаларына әуе байланысы ұйымдастырылып, аптасына барлығы 34 тұрақты рейс орындалып отыр. 2018
жылдың шілдесінен бастап жүзеге асырылған аптасына 4 рет «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» қатынасы - сұранысқа ие.
Abai.kz