Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 11456 4 пікір 15 Тамыз, 2019 сағат 11:20

Абай даналығы – өркениеттіліктің негізі

Әр ұлттың мәдениетінде ерекше орын алатын тұлғалар болады.  Осы тарихи уақыттың мәдени құбылысына айналған  даналық иелерінің рухани мұралары, идеялары елді, қоғамды, ұрпақты өркениеттілікке жетелеп отырған. Руханиятсыз елдің, адамзаттың мәдениеті мен құндылықтарының қалыптасуы мүмкін емес. Атап айтсақ, тарихымыздағы хандар мен батырлардың, жыраулар мен билердің ұлттық мүдде жолындағы қызметтері өркениеттілікке ұмтылудағы ұлт зиялыларының ұстанымы үлгілерін көрсетеді.

Өркениет ұғымының бастапқы мағынасы азаматтық қоғам ұғымын негіздейді. Өркениеттіліктің негізінде қоғамдық сана түрлерінің дамуы, уақыт талабына сай өзінің өрісін кеңейтіп отыруы жатыр. Өркениеттілік болмаса қоғам өркениет биігіне жете алмайды, қоғамның мәдени дамуы шеңберінде өркениеттілік үлгілері жатыр. Өркениеттілік дегеніміз бұл адамгершілік, тәрбие, әділеттілік, білім мен кәсіп түрлерінің халықтың тұрмыстық мәдениетінің тірегіне айналып отыруы.

ХІХ-ХХ ғғ. адам мен қоғам мәселесі еуропа философиясында кеңінен талқылана бастағаны белгілі. Себебі ғылымның жаңа түрлері пайда болып, қоғам өзгеру алдында тұрды, ғылым бұдан әрі дамиды, осының салдарынан қоғам әлеуметтік экономикалық және саяси жағынан өзгере береді деген сөз. Қоғамның өзгерісі бұл тұрмыстың өзгеруі, тұрмыс өзгерсе (жақсы болсын немесе орташа болсын) қоғамдық санаға әсер етіп отырады. Бұл түптеп келгенде, адам мен қоғам проблемасын арттыра түспек.

Жаһандану құбылысына негізделген әлеуметтік философиялық түйткілдер ғылымның жаңа түрлері пайда болған аймақтарда қозғалғанымен, адамзатқа ортақ мәселелерді зерделеуде сол кездің өзінде мәдениет өкілдері  жаһандық мәселелерден құр қалмаған. Бұған қатысты өткен ғасырда өмір сүрген қазақтың жас ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді:

Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені,

Күн батыстан суық жау көрінгені.

«Жаяулап келер жұртыңа,

Балдымай жағар мұртыңа,

Сұрамай алар жаныңды,

Бауыздамай ішер қаныңды,

Есепке салар малыңды,

Солдат қылар ұлыңнан,

Көрерсің әлі құлыңнан...,-

деп, келместен құты ұшып жеңілгені...

Адамзат баласының өркениетті қалыптастыру немесе соған ұмтылуы жолындағы жаһандану құбылысына тән мәселелер, жырауларымыздың заманында-ақ белгілі бола бастаған.  Қазақ ойшылдары өздері өмір сүрген уақыттағы адамзат болмысына ортақ мәселелерді зерттей отырып, оның болашағына баға бере бастаған. Соның бірі Бұқар жыраудың даналығы. Бұған қарап қазақ  ұлтының тарихта өркениеттілік туралы ұғымының тамыры терең, өрісінің кең болғандығын ұрпақтан жасыру мүмкін емес. Сол кездің өзінде қазақ ойшылдарының тарапынан өркениеттілік ұғымына жан-жақты қарау керектігі ұсынылған:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де –

Қызыққа тоймас адамзат!

Бұқар данамыз зерделеген өркениет пен өркениеттіліктің өлшемі неде? Табиғатта бардың бәрін игеру, бәрін пайдалану немесе бәрін өзгертіп жіберуде ме? Тұрмысы, қоғамның болмысын өзгертуде адамға жүктелетін міндет қандай? Адам  мен қоғам қай жағынан өзгеруі қажет? Бұл мәселелер қазақ жырауларын толғандырған. Қазақ ойшылдарының поэзияларының мазмұнынан ғылыми техникалық прогресс бір аймақтан басталған, бір аймақтағы елдің даму күшіне әсер ететін ғылым мен ілім түрлері және оның өнімдері өзге елдердің мәдениеті мен ұлттық болмысының табиғатына кері әсер етпей ме? деген сауал көрінеді. Жырауларымыздың тұсында зерделенген жаһандық мәселелер осылайша Абай заманында қазақ қоғамына ене бастаған.

Өркениет, өркениеттілік мәселесіне келгенде қоғамның әлеуметтік, материалдық жағынан өзгеріп отыруын зерделеу көбінесе батыс философиясында назарға алына бастады. Бұл ұстаным шын мәнінде дәстүрлі мәдениет жолымен келе жатқан қоғам үшін де өте қауіпті. Қазақ ойшылдарының ұғымында, жаңа уақыт жағдайындағы қалыптасып жатқан (адамзат қоғамындағы) жаңа болмыс түрлері, ұлт пен ұрпақтың (ұлттық болмысының) арасын үзіп жіберуі мүмкін. «Бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен...Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы - пейіл емес, алдау, дұшпандығы - кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық», - дейді Абай.

Өркениет мәселесінің негізінде өркениеттілік мәселесі туындайды. Өркениет ұғымының батыс елдерінің философиясында  қызу талқыға түсіп отыруының себебі осында. Яғни өркениет өркениеттіліксіз өмір сүрмейді. Өркениеттің негізінде тұрған ғылым, ғылыми техникалық төңкеріс, ақпараттық кибернетика өнімдері адам бойынан шығатын рухани құндылықтарға бағынуы тиіс. Өркениеттілік рухани құндылықтардан туатын рухани-әлеуметтік өріс, яғни мәдениеттіліктің жүйеленген формасы. Сондықтан өркениеттілікке қатысты Абай былай дейді: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың....».

Адам  баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» немесе  «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Өткен ғасырда өмір сүрген американдық ғалым А. Уайтхед «білімді адамдардың қателігі әлемге дағдарыс әкелді» деген. Қателік неден шығады? Абай айтқан білімнің жоқтығы ғана емес, сол білімге жетекші болатын ой өрістің қайшылығынан шығады. Абайдың әлеуметтік философиялық идеяларын зерделеуде, өркениетке ұмтылуда (жаңа дүниелерді жасауда және табиғат алдында өзінің патшалығын құруда) адам баласы неден ұтылды? деген сұрақ тағы туындайды. Бұған қатысты ойшыл өзінің қара сөзінде жауап берген: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан сақтанбақ керек: әуелі-надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – намыссыздық..». Адам өркениет жолына түсуде өзінің адами болмысына, ұлттық қасиеттеріне және құндылықтарға жауапкершілікпен қарау қажет.

Адамзаттық мәдениеттің бастау көзіне айналған жауһарлар дүниенің соңына дейін оның өмірімен, ұрпақ болмысымен бірге жалғасып отыруға тиіс. Ұрпақтың жасампаздық қасиеттері адамзаттың, одан қалды ұлтының болмысына қайшы келіп отырмауы керек. Қайшылық ақылмен таразыланып отырған жерде әлеуметтік дамудағы үйлесімділік, реттілік сақталады. Дамудың заңдылықтары сақталған жерде өркениеттің дәстүрлі жолы сақталмақ. Қазақ ойшылдарының, оның ішінде Абайдың философиялық идеялары мен шығармаларының тарихи мәні осында жатыр.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

философия ғылымдарының кандидаты.

Құпжанов Мерей Ерсайынұлы,

филология ғылымдарының магистрі,

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485