Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 5424 12 пікір 20 Тамыз, 2019 сағат 10:27

Ислам және қисын

Ислам дінінің барлық ережелері мен қағидаттары, күллі рәсімдері қисынға қайшы келмейді. Бірақ қайсы "қисын"?! "Қисын" деген адамның ақылы мен игерген білімімен шектелмейтін дүние. Демек адамның ақылы жетпегенінің бәрі "қисынсыз" деген сөз емес. Біз көбінесе осы дүниеде бес сезім мүшемізге негізделгенін ақылдың қорытындыларына сүйеніп "қисынды" немесе "қисынсыз" деп жатамыз. Ал бірақ бес сезім мүшемізге, ақылымызға симайтын қаншама әлем, қаншама сырлы дүние бар. Мысалы адамның рухы, періштелер, жындар әлемі әлі зерттелген жоқ. Тіпті материалдық көзге көрінетін дүниелер де әлі толық зерттеліп болған жоқ. Өткен ғасырларда қиялға шығарып, "мүмкін емес" деп қисынға қайшы санасақ та бүгін көзіміз көріп, пайдаланып жүрген телефон секілді қаншама дүние бар.

Демек әлі зерттелмеген немесе зерттеу нысанына кірмейтін рухани дүниелерге қатысты діни іс-әрекеттеріміздің бәрі бүгінгі адами логикамызға сәйкес келуі шарт емес. Мысалы ислам дінінде дәрет сындырсаң бетіңді, екі қолыңды шынашаққа дейін, екі аяғыңды тобыққа дейін жууың және басыңа мәсіх тартуың шарт. Әйеліңмен жыныстық қатынасқа түссең денеңді құрғақ жер қалдырмай толық жууың керек. Ал енді адами қисын бойынша тек бұлғанған жеріңді жусаң жеткілікті. Осы жерде адами қисыннан да жоғары, шексіз қисын мен ақыл бар екенін ұмытпауымыз ләзім. Мысалы дінде талап етілген ағзаларды жуған кезде тәніңде көзге көрінбейтін, иіскеп сезбейтін, ұстап байқай алмайтын қандай өзгерістер болатынын біле бермейміз.

Ағзаларды жуғында жағымсыз энергиялардың өшетінін, қуат ағымдарының қалыпты жағдайға түсетінін енді-енді ғана зерттеп түсініп жатырмыз. Ал рухани әлемге қандай әсері бар екенін әлі білгеніміз жоқ. Дәрет алу мен күнәлардың кешірілуінің байланысын зерттей алмаймыз. Жүрегміздегі "латайфтерге" қандай өзгерістер болатынын да білмейміз. Білгендер көрсете алмайды. Қажылықта сафа мен мәруа арасында жүгіру де, жамаратқа тас ату рәсімі де солай. Ешбір мұсылман баласы бұл рәсімді орындағанда ақиқи шайтанды таспен ұрып жатырмын деп ойламайды. Бар болғаны символикалық ғибадат. Ибраһим пайғамбардың басынан өткен оқиғаны елестету ғана. Ал сауабы мен рухани дүниеңе әсері бізге беймәлім сыр. Әрбір лақтырылған тас рухани әлемде қандай мағына білдіреді? Оны біле алмаймыз. Бәлкім әр тас жұмақта ағаш болып жайқалып өсетін шығар. Бір Аллаға мәлім.

Ендеше өзіміз түсіне алмаған нәрселердің бәрін қисынсыз деуге болмайды. Тіпті діннің барлық рәсімдерінен адами қисын іздеу де дұрыс емес. Мысалы намаз неге бес уақыт, неге таң намазы екі рәкат, неге намаздың әр рәкағатында фатиха сүресі қайталанып оқылады? Біз бұлардың толық хикметін біле алмаймыз. Тек кейбіреуін болжаймыз. Бұйырып тұрған Алла деп иланғандықтан "Жаратқанның біз білмейтін хикметтері бар" деген сеніммен орындаймыз. Бұл Аллаға берілу. Сондықтан бұл сенім, иман мәселесі. Бұл жерде діннің барлық қағидаттары адами қисынға симайды деген қорытынды шықпайды. Керісінше діннің басым көпшілік рәсімдері адами қисынға негізделген. Ал аз бөлшегі адами қисыннан да жоғары деген сенім. Сондықтан өзін мұсылман санайтын әрбір адам  діни рәсімдердің, ережелердің мақсаты мен хикметін дінге күпірлік келтірместен сұрауға болады. Бірақ күмән келтіріп, күпірлікке құлаудан абай болуы ләзім.

Қайрат Жолдыбайұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415