Қызылордада бала құқығын қорғау мәселесі талқыланды
Қызылордада тамыз кеңесі басталды. «Бақытты балалық – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында балалардың құқықтарын қорғау мәселесімен айналасатын мамандардың облыстық пленарлық мәжілісі өтті,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Шараға БҰҰ Балалар қоры балалардың құқықтарын қорғау бағдарламаларының үйлестірушісі Мейрамкүл Әлібекова, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Бержанов, «Bilim foundation» ҚҚ-ның атқарушы директоры Ерлан Айтмұхамбет, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының инклюзивтік білім беру мәселесі бойынша аға оқытушысы Мөлдір Сейдина қатысты.
Білім саласындағы басым бағыттың бірі – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу болып отыр. Әсіресе, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасы үлгісіне жақындатылған жағдайлармен қамтамасыз ету, ерекше қолдауды қажет ететін балалардың инклюзивтік білім алуына жағдай жасау маңызды рөл атқарады. Осы міндеттерді орындап, мақсатты жоспарларды жүзеге асыру үшін үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қорын (ЮНИСЕФ) ерекше атап өткен жөн. Қызылорда облысында балалар Қорымен бірлесіп «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы», «Заңмен қайшылықтағы балаларға альтернативті әділ сот жүйесін нығайту», «Патронаждық медбикелік қызмет көрсету жүйесі», «Мектептерде зорлық-зомбылықтың алдын-алу және әрекет ету» және т.б. жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі күні Балалар Қорымен «Балалардың әл-ауқатының мониторингін жасау үшін деректер базасын жасау» жобасы аясында жұмыс жасалуда.
Кеңес отырысы инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мамандардың, ерекше қолдауды қажет ететін балалардың ата-аналарына арналған балалардың құқықтарын қорғау функциясын жүзеге асыратын мамандардың және мектеп психологтарына арналаған секция жұмыстарымен жалғасын тапты.
Abai.kz