Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Бір сауал 7314 21 пікір 28 Тамыз, 2019 сағат 15:03

Ел мен Елбасының күні экс-елші Ертісбаевқа қарап тұр ма?

Елші болған Ертісбаев елге келді дедік, өткенде. Ерекең (Ермұхамет Ертісбаев), елшілікте жүріп ескіріп қалмағанын білдіргісі келді ме екен, әйтеуір келе-сала журналистерге сұхбат беріпті. Экс-елші Ертісбаевтың "Тengrinews.kz" сайтына орыс тілінде берген сұхбатына шолу жасайық... 

Елбасының еңбегін ерекше бағалайтынын, елішілік саяси процесстерге белсенді араласқысы келетінін айтқан Ерекең, елдегі тұрақтылықты сақтаудың жалғыз жолы - экс-президент Назарбаев жолын жалғастыру депті. Украин мен қырғызды, гүржі мен әзірбайжанды әңгімесіне арқау еткен Ертісбаев сөз аяғында Алматының атауын өзгертуді ұсынып, бір-ақ тоқтапты.

"Ең бастысы мен өз Отаныма қайтып оралдым. Қазақстанда өте маңызды қоғамдық-саяси процесстер болып жатыр. Мен осы сәтте өз еліммен бірге болғым келеді. Дипломатиялық жұмыс әрине, қызықты, бірақ биыл 19 наурызда президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен соң, мен биыл елге қайтуым керек деп шештім. Мен постназарбаевтық кезеңнің оңай болмайтынын бұрын да айтып жүрдім. Соңғы бес айда бұған барлығының көзі жетті", депті Ертісбаев.

Бұған қоса Ертісбаев Елбасының өте үлкен қадам жасап, биліктен кеткеніне ерекше тоқталып, тіпті экс-президентті сынауға болмайтынын да баса айтыпты. Оның сөзін қаз-қалпында келтірсек,

"Бізде Конституция бойынша Президенттің ар-намысына тіл тигізуге болмайтынын ұмытып кеткен. Сіздер оның әлеуметтік-экономикалық саясатын сынап, ішкі және сыртқы саясатымен келіспеулеріңіз мүмкін, бірақ Президентке тіл тигізуге, ол жайлы жағымсыз пікірлер айтуға жол берілмейді. Назарбаев заманауи мемлекеттік құрды. Қазақстанда бизнес ашу үшін барлық жағдай жасалды. Бұл айқын дүние. Назарбаев халықтан бір ғана нәрсені сұрады - жұмыс істеңіздер! Білімі және ақылы барлар өз өмірлерін өздері өзгертті", - деді ол.

Ал, Ертісбаевтың бұл сұхбатына қатысты саясаттанушы Бауыржан Серікбай  “ескі бұлбұл ескі жүйені қорғау үшін оралды” деп жазды.

"Ермұхамед Ертісбаев елге оралыпты. Тілге шешен. Орыс тіліне. Қазақ тілі саясаттың тіліне айналған біздің қоғамда Ертісбаевтың бұрынғыдай сөзінің ықпалы бола қояды деу қиын. Жалпы халық ескі гвардиядан ешкімге сенбейтін деңгейде отырғанда бұл кісінің 1-2 сұқбатынан кейін-ақ, қоғам таспен атқылайтыны сөзсіз. Бірақ Ертісбаев та қайтпай алдағы уақытта қоғамдық ойды тұрақтылық пен Елбасы жолын жалғастыруға үгіттеу үшін бар күшін жұмсайтыны анық.

"Барлық кадрлық шешімдерді Тоқаев жасайды. Елбасы біртіндеп саяси аренадан кетеді" депті. Меніңше бұрмалап отыр. Қазіргі жүйе Елбасы билігін заманға сай реформалап, барынша ұзарту үшін жасалуда. Денсаулығы сыр бермесе кетпейді.

"Мықты билік" туралы көп айтқан. Саяси партиялар арасындағы бәсеке, сауатты оппозиция туралы сөз жоқ. Демек бұл бағытта да қазіргі жүйенің сойылын соғуы әбден мүмкін.

Бүгінгі Қазақстанда қандай тұлғалар көзіңізге түсті деген сұраққа ПМ Маминнен бастап, Сапарбаевпен аяқтап атқамінерлердің бәрін тізіп шығыпты. Енді бұл түсінікті. Елге оралды. Жұмыс істеу керек. Тәжірибесі бар. Не айту керектігін біледі.

Ал, "Алматыны Алма-Ата деп атайтын уақыт келген шығар" дегені елге шу болатын, келгенін білдіретін бір "Вау" деген тақырыпты айту. Бұл әңгімесіне назар аударудың қажеті жоқ. Қысқасы, ескі бұлбұл ескі жүйені қорғау үшін қайта оралды" дейді Бауыржан Серікбай.

Сонымен, елші, ендігі экс-елші Ертісбаев кім? Оның саясаттағы жүріп өткен жолы қандай? Азды кем шолып шығайық...

Ол осыған дейін Қазақстанның Белорусиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Жақында ғана елге оралды. Сызылып отырып сұхбат беріп, Елбасының еңбегін ерекше бағалайтынын айтты. Әрине, ескі жүйенің кадрларынан бұдан артық сөз күтудің өзі әбестік болар. Әйтеуір, Ертісбаевтың бұл "хайпы" сәтсіздеу шықты.

Ал, Алматыны "Алма-ата" деп атау керек дегенін ел назарын аудару үшін айтылған мәнсіз сөз деп қабылдады көп жұрт. Алматы атауының Ертісбаевқа қарап қалған ештеңесі жоқ екенін экс-елшінің өзі де жақсы түсінеді. Әйтпесе,  ел-жұрт Алматының ескі атауының қайтарылғанынан бұрын, Бас қаланың бұрынғы атауының қайтарылуын қалайтынын Ертісбаев білмейді дейсіз бе? Біледі. Біліп тұрып айтты. Қалай десек те, оның ұзақ жылдан кейінгі қоғам назарын аударуға жасаған қадамы сәтсіз болған секілді.

Енді Ертісбаевтың қызметтік жолына аз-кем тоқталып өтсек.

Ол еңбек жолын Жезқазған педогогикалық институтында ассистент болып бастаған. Одан соң М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушысы, аспиранты болды. Кеңес армиясы қатарында борышын өтеген соң, ғылыми жұмыстармен айналысыпты.

1990-1994 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ғылым және халық ағарту комитетінің мүшесі бола жүріп, Жоғары Кеңес мүшесінің депутаты, ҚР Социалистік партиясы Саяси атқару комитетінің хатшысы болды. Бір жылдан соң, ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. Одан соң Президент әкімшілігінің қоғамдық саяси бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі секілді қызметтер атқарған.

Ал, 2006 жылы Президент Жарлығымен ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрі болып тағайындалды. Сол жылы Мәдениет министрлігі мен ақпарт министрлігі бөлек, спорт пен туризм саласы басқа министрлік болып бөлінді. Ал, Ертісбаев мырза мәдениет пен ақпараттың тізгінін ұстады. Алайда, ол ұлттық бағыттағы біраз жобалардың жолын кесті дейді білетіндер.

Мәселен, Ертісбаев министр болып келген тұста “Қазақстан” телеарнасының сол кездегі директоры Ғалым Доскенді орнынан алды. Мұны арнаның жүзден астам журналистері Ертісбаевтың “Қазақстан” телеарнасын өз мақсатына пайдаланбақ болғанымен байланыстырды. Нәтижесінде, Ұлттық арнадан шығатын “Шынның жүзі”, “Ақжүніс”, “Күлтөбе”, “Қыз қуу”, “Алтын сақа” сынды халық көзайымына айналған хабарлар жабылып, журналистері жұмыстан кетті. Олардың кейбіріне түрлі айыптар да тағылды.

Одан бөлек, еліміздегі тәуелсіз БАҚтың жабылуы, журналистердің қуғындалып, қысым көруі де Ертісбаев ақпарат министрі болған тұста қарқын алмаса бәсеңдеген жоқ.

Ал, 2008 жылы ол ҚР Президентінің кеңесшісі болып қайта тағайындалды. Одан соң, Ертісбаевтың елшілік қызметтері басталады. Сөйтіп, Қазақстанның Грузиядағы, Белорусиядағы елшісі қызметтерін атқарып, енді міне, ол елге оралды.

Түйін. Бүгінгі қоғам билікке жаңа буын, жас толқынның келгенін талап етіп отыр. Себебі, қоғамның саяси деңгейі бұрынғыдай емес. Ал, бұл талапты ескермей ескі кадрларды ойыншы етіп көрсету – қоғам пікірімен санаспау. Әрі жеті жыл елде болмаған Ертісбаев қазақ қоғамының бүгінгі ахуалын түсіне қояр ма екен?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1558
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3358
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6270