Ақтан батыр ауылында стадион бой көтермек
Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты Ақтан батыр ауылында 150 орындық стадион салынып жатыр, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Аталған спорт нысанының құрылысын «Сыр маржаны» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда мердігер мекеме жұмысшылары белгіленген жерді тегістеу, топырақ үю сынды тиісті жұмыстарды түгел тамамдаған. Сонымен қатар аталған ауылда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде.
– Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға орталық алаң мен саябақ пайдалануға берілді. Қазіргі таңда арбат бойындағы түнгі жарықшамдар самаладай жарқырап тұр. Саябақ ішінде орындықтар, кіші архитектуралық формалар, темір күрке, балалар ойын және спорт алаңқайлар орналасқан. Мұнда ауыл балалары асыр салып ойнап, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Ал, концерттік бағдарламалар өтетін ашық сахна алаңында ауыл тұрғындары мен қонақтары талантты өнерпаздардың өнерін тамашалап жүр, - дейді Қазалы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жеңісбек Советұлы.
Аталған спорт ғимараты жыл соңында іске қосылмақ.
Айта кетейік, Ақтан батыр атындағы стадион Сыр өңірінде ауылған салынған екінші спорт кешені болмақ. Бұған дейін мұндай нысан Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылында пайдалануға берілген болатын.
Abai.kz