Сейсенбі, 31 Желтоқсан 2024
4018 1 пікір 4 Қыркүйек, 2019 сағат 12:47

Бірыңғай зейнетақы қоры "ҚазАгро" холдингіне тағы да қаржы салды

Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысынан ұсталатын 10 пайыздық міндетті жарна мен ерікті түрде аударатын қаржылары жинақталатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) "ҚазАгро" холдингіне тағы да инвестиция салды.

Зейнетақы қоры ұлттық басқарушы холдингіне егіс науқанына астық сатып алуға 8,3 миллиард теңге (21 миллион доллардан астам) бөлген. Бұл туралы 3 қыркүйекте үкіметте өткен баспасөз жиынында "ҚазАгро" құрамындағы "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясының төрағасы Ринат Ақбердин хабарлады.

- БЖЗҚ 200 мың тонна астық сатып алуға қаржы бөлген. Бұл қаржы жұмсалып, астық сатылды, қазір осы ақшаны астық сатып алуға тағы пайдаланамыз. "ҚазАгро" бұған 10 пайызға жуық (ақша) төлейді деп ойлаймын, - деген Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

"ҚазАгро" бұған дейін де, 2018 жылғы қарашада БЖЗҚ қаржысын пайдаланған. Ол кезде зейнетақы қоры ұлттық басқарушы холдингіне бөлген 450 миллиард теңге (1,2 миллиард доллардан көп) ақшаға облигация сатып алынған. Зейнетақы қорының қаржысы 10 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға қарызға берілген. Ұлттық банк "Бұл инвестиция зейнетақы салымшыларына жыл сайын едәуір инвестициялық табыс әкеледі" деп мәлімдеген.

Биыл шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазАгро" жобаларының ауқымды бөлігі (40 пайызға жуығы) жұмыс істемейтіндігін сынап, 2018 жылдың қорытындысы бойынша "ҚазАгро" компаниясының шығыны 120 миллиард теңгеден (308 миллион доллар) асып кетті деп мәлімдеген.

2006 жылы құрылған "ҚазАгро" холдингі - Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру комитетіне қарайтын, толықтай мемлекетке тиесілі компания. 13 жылдың ішінде холдинг бірнеше рет дауға қалған. Әр жылдары ұлттық компанияның жоғары лауазымды қызметкерлері жемқорлық, ақша жымқыру айыбымен сотталды.

Қазақстан заңы бойынша, жұмыс істейтін азаматтар ай сайын табысының 10 пайызын БЖЗҚ-ға аударып отыруға міндетті. 2019 жылғы тамыздағы есеп бойынша, зейнетақы қорының активтері 10 триллион теңгені құраған. Қор жұмысын сынап жүрген кей сарапшылар қазақстандықтардың зейнетақы салымдары дефолтқа шақ қалған эмитенттердің облигацияларын сатып алуға және бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалып, тиімсіз пайдаланылып келеді дейді. БЖЗҚ активтерін басқаратын Ұлттық банк мұндай сынмен келіспейді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2124