Жұма, 26 Сәуір 2024
Алаң 9957 24 пікір 13 Қыркүйек, 2019 сағат 19:13

Реформаңызды әуелі баспасөздегі сынға жауап беруден бастаңыз, Ерлан мырза!

немесе

Тұрғымбаевтың зейнеткерлер отряды реформа жасауға қауқарлы ма?

ҚР Ішкі істер министрі

Ерлан Тұрғымбаевтың назарына!

Қазір қазақ қоғамы қабағын түйіп қарайтын қос қызмет болса, соның бірі полиция. Өкінішті, алайда шындық. Бұл шындықты Ерекең (Ерлан Тұрғымбаев) басшылық ететін министрліктің (ҚР ІІМ) өзі де мойындайтын болса керек. Өйткені өткенде мемлекетік арналар арқылы «Қазақ полициясы құрметке лайық» деген ауандағы бірлі-жарым бейне ролик түсіріп таратты. Ел-жұртқа сүйеудей сүйкімі қалмаған қазақ полициясының беделін ең құрығанда ел ішінде жақсартудың амал-айласын жасаған болып бақты. Әшекей әрін келтіріп жасаған әлгі роликтер сәнді тренд болғанымен, сәтті агетация бола қойды ма? Қайдам! Қазақстанның әрбір азаматына қорған болуы тиіс қазақ полициясынан жұрт неге қорқады, Ерлан мырза? Жалқы сұраққа жауап беріп көріңізші...

Президент: Полицияға реформа жасау керек

Қош, сонымен Сіз басқаратын министрлік нөпір сынның астында отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауынын жасады, білесіз. Сол Жолдауда қазақ полициясының, Қазақстан полициясының жұмысына қатысты реформаның маңыздылығы туралы тәптіштеп айтты.

«Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты», деді.

Президенттің сөзінен Сіз не түсіндіңіз? Біздің түсінгеніміз – полицияның ел ішіндегі имиджі өте-мөте мүшкіл халде. Ол алдағы уақытта, бірте-бірте – қазіргідей ұрда-жық емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауіпсіз органға айналады. Ол үшін ІІМ-ге реформа қажет. Полицияны реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін 3 жылға жоспарланып, бюджеттен 173 миллиард теңге тағы бөлінеді. Дұрыс түсінсек, Президенттің айтқаны, айтқысы келгені осы міне.

Ол аз десеңіз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуірде Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып, Қазақстан полициясының дөй-дөкейлігі мен дөрекелігі туралы ашық айтқан.

«Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет. Сондай-ақ, жас кәсіби мамандарды іріктеу барысында олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетіне баса назар аудару керек», деген болатын.

Біз де, әлемдік ақпарат та бұл туралы бұрыннан жазып, айтып келеміз. Мейлі, елішілік ақпарат пен әлемдік жазғыштар «түймедейді түйедей қылып отыр» деп түсінерсіз. Ал президенттің сыны ше?

Полицияға деген халықтың сенімі неге жоқ? 

Президент айтқандай, полицияға деген халықтың сенімі неге жоқ?  Жоғарыдағы сұрақты қайталап қояйық, халыққа қорған болуы керек полициядан халық неге қорқады? Жауап біреу ғана – қазір ішкі істер саласының тізгінін сонау тоталитарлы кеңестік жүйеде тәрбиеленген, қызылкөз қанды дәуірдің жазалау тәсілі қанына сіңіп кеткен қарт-мамандар ұстап отыр. Болды. Бітті. Гәптің бәрі осында.

«Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады», деді Президент сәуірдегі сөзінде. Оның әйдік мысалы Ішкі істер министрлігіне қарасты органдарда басшылық қызметте отырған азаматтардың зейнет жасына жетсе де, қызметтерінде отыруы болса керек. Біз бұл туралы бұрын да жаздық. Қайталап тағы жазайық. Сонымен, қазір еліміздің ішкі істер саласына кімдер басшылық жасауда?

Зейнеттегі полицейлер реформа жасауға қауқарлы ма?

Ішкі істер министрлігінің ресми сайты - mvd.gov.kz. Осы сайттың «ҚР ІІМ басшылығы» деген айдарын шолып шығайық...

ЖАҚЫПОВ РАШИД ТАУФИКҰЛЫ 60 жаста.

ҚР ІІМ орынбасары. 1959 жылы туған. Биыл қазан айында 60-қа толады. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 2014 жылдың 29 қыркүйегінен осы уақытқа дейін – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары.

ӘМІРОВ МҰХАРАН СЕРІКҰЛЫ 60 жаста.

ҚР ІІМ Тергеу депуртаментінің бастығы. 1959 жылы туған. Полиция генерал-майоры.  КСРО ІІМ-нің Қарағанды Жоғары мектебінің тергеу факультетін бітірген. Заңгер, құқықтанушы. 2014 жылғы қыркүйектен бастап – Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы.

 

ОСПАНОВ ҚУАТ ҚАЛИҰЛЫ 55 жаста.

ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы. Биыл желтоқсанда 55 жасқа толады.

КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде оқыған. 2013 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың шілде аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы болған.  2019 жылдың 19 шілдеcінен қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы лауазымында қызмет етуде.

Бұдан бөлек:

БӘДІЛХАН КАМАЛХАНҰЛЫ 59 жаста.

ҚР ІІМ кеңесшісі. 1960 жы туған. Мамандығы заңгер. 2018 жылдан бері ІІМ кеңесшісі. Полиция полковнигі.

ҚАБЫЛОВ АМАНЖОЛ ЖАЙҒАЛИҰЛЫ

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті басшысы. Полиция полковнигі. 57 жаста. Полиция полковнигі. Ұзақ жылдар бойы Маңғыстау облысында қызмет еткен. Бұл кісінің есім-сойы сонау Жаңаөзен оқиғасы кезінде де аталған еді.

ОЛЖАБАЕВ ЖАНБОЛАТ ҚОСПАНҰЛЫ

Қостанай облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары. Полиция полковнигі. 58 жаста.

ҮМБЕТҚАЛИЕВ ХАМЗА БАҚТЫҒАЛИҰЛЫ

Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы. 56 жаста.

ЖҰМАХАНБЕТОВ ЕРАЛЫ МҰСАӘЛІҰЛЫ

Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы. 56 жаста. Полиция полковнигі.

НҰРҒАЛИЕВ ҚАДЫРБЕК АХМЕТКӘРІМҰЛЫ

Шығыс Қазақстан Облысы Полиция басқармасы бастығының орынбасары. 58 жаста.

Біз жоғарыда 55 жастан асқан бірлі-жарым адамның есім-сойларын екшелеп көрсеттік.

Қазақстанда «Құқыққорғау қызметі туралы ҚР заңнамалық актісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы 2013 жылдың 21 мамырындағы №93-V Заңы бар. Ол Заңның 82-бабы бойынша:

Майор шенділерге дейін және кіші кеңесшіліктегі қызметкерлерге – 48 жасқа,

подполковник шенділерге және кеңесшілерге – 50 жасқа,

полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа,

жоғарғы басшылық құрамдағы азаматтарға – 60 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

(«Статья 82. Предельный возраст службы в правоохранительных органах

На службе в правоохранительных органах могут состоять до следующего предельного возраста:

1) до майора, младшего советника включительно - сорок восемь лет;

2) подполковники, советники - пятьдесят лет;

3) полковники, старшие советники - пятьдесят пять лет;

4) лица высшего начальствующего состава - шестьдесят лет).

Осыған сүйенсек, жоғарыда біз аттарын атап көрсеткен азаматтар неге ҚР Заңында көрсетілген мерзімде зейнетке жіберілмеген? Біз Ішкі істер министрлігі мен департамент сайттарындағы ашық дереккөздерінде көрсетілген бірлі-жарымын ғана жаздық. Іздей берсең әлі талайын табуға болары анық. Заңға бағыну алдымен министрдің міндеті емес пе? Президент айтқандай, Заң бұзушылық болмауы үшін министрлік алдымен заң талаптарын өздері орындауға тиіс деп білеміз.

БҰҰ сыны һәм Бачелеттің баяндамасы

Қазақ полициясына айтылар сын көп. Құзырлылардың Қодар тірлігін бізді қойып, Халықаралық ұйымдар айтып дабыл қағуда. Қазақ полициясының репрессиялық әрекеттерінен қазақ азаматтарына араша сұрап, қазақ билігінің есігін қағуда. Өтірік десеңіз, міне, көріңіз...

9 қыркүйек. Биыл. Апта өткен жоқ.  Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі 42-сессиясы жұмысын бастады. Сол жиында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишел Бачелет баяндама жасады. Қазақстан полициясының 2019 жылдың наурызынан бері өткен наразылық акцияларында 4 мыңнан астам адамды ұстап қамағанын айтты.  Қазақстанда адам құқықтары шектеліп жатыр деп дабыл қақты.

Бұл сіз басшылық ететін министрліктің атына айтылған алғашқы сын емес. Бұған дейін «Washington Post», «Financial Times», «New York Times», «The Guardian», «Әл-Жазира» секілді аудиториясы әлемдік масщтабты қамтитын ақпарат агенттіктері қазақ полициясының тірлігін – репрессорлық деп бағалады. Осыны айтып, Сіздің атыңызға Ашық хат та жаздық. 9 мың адам оқыған хатты жұрт оқыса да, Сіз оқымаған сияқтысыз. (https://abai.kz/post/92830)

Шілдеде «Шерулетіп өткізген жарты жыл» атты мақала жаздық. Есептесек, сол кездің өзінде жыл басынан бері жүзге жуық наразылық акциялары өткен екен. (https://abai.kz/post/93552)

Сол митингілердің денінде «Дауысым жетсін, Дәу үйге» деп шыр-пыр болған қараша халықты Сіз басқаратын министрліктің «мордабұзар», мөңірек өгіз секілді пәрменсіз полицейлері «көкпар тартысқа» салды. Мұны өзіңіз де жақсы білесіз. Бала демей, шал демей, сүйреп ала жөнеліп жатқанын айқара әлем көзбен көрді. Жан түршігерлік «жауыз» тірлікті әлемдік ақпарат «астапралласын» айтып отырып жазды. Тіпті, «мы не уроды» деп Сенат спикерінің сөзіне ренішін білдірмек болған жарымжан қызды Сіздің құзырыңыздағы полицияның еңгезердей жігіттері күшпен көлікке тоғытқанын да көрдік.

Көріп отырып көңіліміз түсті. «Abai.kz» ақпараттық порталында «Тұрғымбаевтың «қарттар армиясы» һәм мүгедек қыздың көз жасы» атты мақалада осы жайттарды егжей-тегжейлі тағы жаздық. 5 мыңға жуық адам оқыған бұл мақалаға да «ләм-мим» деп үн қатпадыңыз.  (https://abai.kz/post/94135)

Жә, сіз бен біз қалай айтсақ та, Қазақстанның бүгінгі полициясы ұрда-жықтықпен, әкіреңмінезділікпен, әлімжеттік әрекеттерімен полиция имиджін сіз қалағандай «сүрінгенге сүйеу, жығылғанға тіреу болатын, құрметке әбден лайық полиция» образында емес, осыған мүлде кереғар теріс бағытта қалыптастырды.

Түйін. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің биылғы Жолдауында «Қазақстан полициясына реформа қажет» екендігін қадап айтты. Ал Сіздің, Ерлан мырза қарамағыңыздағы зейнеткерлер мен потенциалды зейнеткерлер армиясы Президент міндеттеген реформаны жүзеге асыруға қауқарлы ма? Бізше болса жоқ! Бұл салаға тиімді реформа жасау үшін алдымен зейнеткелер мен потенциалды зейнеткерлер топтасқан көне-команда еңбек демалысына кетуі керек.

Біз Сіз басқарып отырған сала басшыларының бейәдеп, бейзаңи әрекеттерін айтып, Сіздің атыңызға екі мәрте мақала жаздық. Бұл үшіншісі болмақ. Біз реформа күтеміз. Президент реформа күтеді. Егер министрлік ішкі істер саласына реформа жасауға дайын болса, алдымен баспасөздегі әр сынға мардымды жауап беруі тиіс емес пе? ҚР Заңдарын министрлік бұзса, басқадан не қайыр?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

24 пікір