Сенбі, 23 Қараша 2024
Біздің шенеунік 9708 11 пікір 16 Қыркүйек, 2019 сағат 18:50

Президент Тоқаев диалогты қалайды. Ал депутат Жамалов ше?

Аманжан Жамалов дейтін депутатты естуіңіз бар ма? Иә, ол биліктің биік мінберінен дауыстап тұрып, дабыл қағып, ел-жұрттың мұң-мұқтажын мазмұнын таратып, маңызын ашып, құзырлы органдардың құзыретіне жеткізіпті дей алмайсыз. Сіз де, біз де... Тіпті, өзі де. 

Оған тағы екі себеп бар. Біріншіден, Жамалов секілділер жарыса сөйлеп, жұрттың жанайқайын жеткізетін мінбер жоқ. Қазір, проблема айтатын екі алаң болса, соның бірі - ақпарат құралдары да, екіншісі - алаңдар мен көшелер. Ал екіншіден, Парламент депутаттары өздерін заң шығарушы органда жұмыс істейтін лауазымды тұлға санайды. Яғни, ел-халықтың талап-тілегін жеткізуші, билік пен халықтың арасындағы дәнекер адам емес, министрлер мен түрлі лауазымдағы шенді-шекпенділерден ешбір айырмасы жоқ, кәдімгі мемлекеттік қызметкер. Мемлекеттік машина. (Олардың әлеуметтік статусы да, жұмыс режимі де соған саяды).

Сондықтан да былайғы жұрт Жамалов секілділерді біле бермейді. Тіпті танымайды да. Өтірік деңізші. Танымайды. Жаңағы Жамаловты да танымайтын. Тіпті ондай депутаттың бар екенін осыдан екі жыл бұрын ғана білген болды.

Естеріңізде ме, осыдан екі жыл бұрын, Парламент азаматтарды уақытша тіркеу туралы заң жобасын қарады. Уақытша тіркеу дауы ушығып, қоғам дүрлікті. Жұрт Парламент пәтуа еткен Заңды орындау үшін ХҚК (Халыққа қызмет көрсету) орталықтарына ағылды. Нөпір халық тіркелу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Ығы-жығы нөпірдің ішінде кісі қаза тапты. Оны білген жұрт даурықты. Сол кезде жаңағы Жамалов жолдас айды аспаннан бір-ақ шығарып, "ол мына түрімен үйінде өлуі де мүмкін еді" деді. Естеріңізде ме, міне, қараңыз:

Осы Жамалов қой. Осы келеңсіз жайттан соң, тып-тыныш боп қалған. Жақында Жамалов жолдастың есім-сойы тағы естілді. Тағы да теріс жағынан естілді. Бұл жолы өзінен пікір сұрай барған "Азаттық" тілшісі Өркен Жоямергенге ұрына сөйлепті. "Көргенсіз, тәрбиесіз", деп балағаттап, жеке басына тисіпті.

Жамаловтың бұл әрекеті туралы "Азаттық" журналисі жеке парақшасында жазды. Біз де Өркен Жоямергенге хабарласып, мән-жайды сұрап білдік. Растады.

Өркен Жоямерген, журналист:

"Кеше депутат Аманжан Жамаловтан пікір алмақ болдық. Кабинетінің екі есігі де ашық, өзі телефонынан видео көріп отыр екен. Амандасып, сұрақ қойғаным сол еді, қолымнан ұстап алып, кабинетінен шығарып жіберді. "Тәрбиесіз", "Көргенсіз" деп балағаттады. Лифтіге кетіп қалдым. Ізімнен жүгіріп келді. Тағы да "Көргенсіз", "Тәрбиесіз" деді. Мен "Сіз ше?" деп сұрадым.

"Неге есік қағып, рұқсат сұрамайсың? Бұл сенің үйің ба? деп жекіді. Депутат екенін еске салдым. Одан кейін депутат Бақытжан Ертаев пен Құдайберген Ержанға да кабинетінде сұрақ қойдық. Олар боқтамады. Жауап берді.

Анау-мынауды ішіме жинап алып, тыныш қана отыр едім. Мына кісі сол оқиғаны ФБ-ға жазыпты. Жазғанын әріптестерден естідім. Сүттен ақ, судан таза, баяғы.

Өмір мен ар-намыс менікі. Әгәрәки, біреу-міреу соқтығысып, тиісіп, қоған-лоқы жасайтын болса, бірінші Жамаловтан күдіктенемін.
Осыны жариялы түрде айтып қояйын дедім",
деп жазды Өркен Жоямерген.

Әуелі, журналист Жоямерген депутат Жамаловқа жағдай айтып, жеке шаруасымен бармағаны бесенеден белгілі.

Біріншіден ҚР Конституциясының 20-бабында  “Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар” деп жазылған.

Бұған салсақ, журналист депутат Жамаловтың жеке үйіне барып, есігін қаққан жоқ. Мәжіліс, Мәжілістегі кеңсе Жамаловтың жұмыс орны. Журналист келген кезде Жамалов жұмыс орнында отырған көрінеді. Егер журналист сауалдарына жауап беруге мүмкіндігі болмаса, яки бергісі келмесе, "жоқ" деп айтудың түрлі жолы бар емес пе еді...Мәдениеттірек...

Екіншіден, “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормалары” туралы Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер  моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға міндетті.

Және журналистке "көргенсіз", "тәрбиесіз" дегенді көшедегі біреу емес, Парламент депутатының айтуы қаншалықты орынды?

Айтпақшы, бұл жағдай, яғни журналистке жекіру, тап беріп тілдеу дегенді Жамалов жолдас ойлап шығарған жоқ. Бұған дейін де бірлі-жарым шенді-шекпендінің шірене сөйлеп, шатаққа ұрынғанын көргенбіз.

Экс-экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин журналистің коммуналдық тарифтер туралы сұрағына:

“Кеше Парламентте айттым тарифтер туралы. Ондай болса, өздеріңіз тұра беріңіз мына жерде... Жынымды келтірмеңізші, блин...” деген еді.

Оның алдында, анау Талғат Мұсабаевтың журналистке жекіп сөйлеп, тіпті, итеріп жіберген жөнсіз қылығы да біраз талқы болған. Енді сол шенділердің қатарына Жамалов та қосылған екен.

Жоғарыда Аманжан Жамаловтың екі жыл бұрынғы ойсыз сөздерін еске түсірдік. Ол кезде, 2017 жылы Азаматтарды уақытша тіркеу туралы Заң шықты. Халықты әбігерге салып, әбден титықтан бұл Заңның кесірінен екі адам қаза тапты. Кісі өлімінің бірі Алматы қаласы Алатау аудандық ХҚКО да болған. Аталған жайтқа қатысты Жамалов:

-Қазақстанда уақытша тіркеу жүргізіліп жатқандықтан, ХҚКО-да адам өлімі болып жатыр деп ойлайсыздар ма?!. Е, адам қайтыс болыпты, дәл осындай денсаулығының сыр беру салдардан ол өз үйінде де, басқа жерде де көз жұмуы мүмкін еді. Бұл сұрақ бойынша жедел-жәрдемнің дәрігерлеріне хабарласыңыздар. «Мен бұл мәселеде кінәмізді сезініп отырған жоқпын. Біз көптеген заң қабылдаймыз, және аталмыш заңды өндіріске жібереміз. "Бүгінгі күні ешкім уақытша тіркелудің дұрыс жүргізілмей жатқанына күмән келтіріп жатқан жоқ" деп айтуға болады, -деді.

Осылайша, өздері қабылдаған сол Заңның өрескел қателіктерін көре тұра, кінәні халыққа жапты. Тіпті, “бұл мәселеде кінәмізді сезініп отырған жоқпын” деп ашық айтты. Енді, міне.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, депутат мандатын иемденіп отырған адамның БАҚ өкілдерімен мәдениетті сөйлесе алмауы қалай десекте ақтауға келмейтін бейәдеп іс. БАҚ өкілімен әдепті сөйлесе алмауы Жамаловтың абыройын одан әрі төмендетпесе, арттырмасы анық. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "биліктің қоғаммен диалог орнатуы қажет" екендігін айтты. Ал, депутат Жамаловтың бұл әрекеті керісінше, диалогтан қашқақтаудың қамы көрінді.

Иә, Президент Тоқаев диалогты қалайды. Ал депутат Жамалов ше? Олай деп ой топшылауымызға себеп - билік пен қоғамның диалогы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасалмай ма? Парламенттің Заң шығару ісіндегі кез келген жұмысы БАҚ арқылы түсіндіріліп, насихатталмай ма? Ол үшін депутаттар алдарына келіп тұрған журналистің сұрағына мейлінше ашық әрі түсінікті тілде жауап бермей ме? Бізше болса, солай болуы керек!

Түйін. Біз бүгін Жоямергендікі дұрыс, Жамаловтікі бұрыс деп кесіп түйіндемейміз. Алдағы уақытта Жамалов мырзаның да екі-ауыз пікірін жариялауға әзірміз. Ал бүгінге біздегі жалқы сұрақ - жоғарыдағы оқиғада депутаттікі дұрыс па, жоқ әлде журналистікі ме? Ой түйінін өздеріңізге қалдырдық, құрметті оқырман...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475