Алтын орда кеңестік кезеңде қалай зерттелді?
Мақаламды қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің мына сөзімен бастағанды жөн көрдім: «Халқымның қиын да ерлікке толы тарихын суреттеу міндеті өмірімнің мәніне айналды. Елімнің өткенін әңгімелеу өмірімнің басты мақсаты болды. Мемлекеттік және ұлттық тұтастықтың өміршеңдігі мен оны сақтап қалу үшін болған күрес туралы шынайы тарихты көрсету. «Көшпенділерде» және «Алтын Орда» трилогиясында мен осы туралы айтқым келді».
Алтын Орда төңірегінде ұлттық тарихымызда қазір болып отырған өзгерістерді түсіну үшін өткен күнді бір шолып шығу қажет.
Төңкеріске дейінгі тарихшы атаулының барлығы қазақтарды Алтын Орданың мұрагері деп таныды. Мәселен, Шоқан Уәлиханов қазақтар өздерін Алтын Орда халқының ұрпағы деп санайтынын жазды. Дәл осы ғылыми консенсус Қазан төңкерісінен кейін де 20 жыл бойы сақталды.
1937 жылы Б.Д. Греков пен А. Якубовскийдің ғылыми монографиясы жарық көрген соң бәрі де түбірінен өзгере бастады. Борис Дмитриевич Греков соның аз-ақ алдында СССР Ғылым академиясының академигі болған еді, ал артынша Сталин сыйлығын алды. Оның сөзі Қазақстан тарих ғылымына айтылған ресми үкімге айналды да қалды: Қазақ хандығы «Алтын Орда мұрагерлерінің» құрамынан ресми түрде шығарылды. 1937 жылғы репрессиядан кейін тарихшы атаулы үреймен өмір сүрді. 1937 жылы атылып кеткен Санжар Асфендияровтың өлімі Қазақстанның тарихшыларының көз алдынан кетпей қойды. «1937 жылдың 29 қыркүйегінде «Казахстанская правда» Қазақ марксизм-ленинизм институты студенттерінің «Тарихшы атын жамылған жапон шпионы» атты мақаласын жариялады. Онда Санжар Асфандияровқа «хандарды мақтап, қазақ халқының тарихына қиянат жасады» деген айып тағылды.
Қазақстанның тарихшылары мен идеологтары партияның жаңа ұстанымына бейімделумен бірге, «Алтын орда мұрасының» жұрнағын болса да сақтап қалуға тырысты. Қазақ ақын-жазушылары, тарихшыларының барлығы Алтын орда князі Едігені Қазақ тарихының басты ұлттық батырларының бірі деп жырлай бастады.
1940-жылдары қазақ жазушысы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Қажым Жұмалиев Едіге пьесасын қойды. Оның 1942 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» кітабында (орта мектептердің 8-сыныбына арналған оқулық) Едіге Қазақ халқының негізгі батырларының бірі делінген. Сәбит Мұқанов сол 1942 жылы шыққан «XVIII — XIX ғғ. қазақ әдебиеті тарихының очерктері» кітабында: «Туған халқының тәуелсіздігі үшін күрес Едіге сынды тарихи батырларды дүниеге әкелді», — деп жазды. Яғни, Сәбит Мұқанов қазақ батырларының арасынан бірінші орынды Едігеге берді. Одан әрі жазады: «Моңғолдың Шығыс пен Орта Азияны түгел билеген Шыңғыс ханы қайтыс болған соң, тұңғыш ұлы Еділ жағасында «Алтын Орда» мемлекетінің негізін қалады. Мемлекет 300 жыл бойы дәуірледі. Оны басқаруға, қорғауға Едіге, Қобыланды, Шора, Сырым, Мамай, Қазтуған, Шалкиіз сынды қазақ батырлары да атсалысып, даңққа ие болды. Осынау тарихи тұлғалардың жерін сыртқы жаудан қорғаған халық батырлары ретінде тарихта аты қалды». Осы жерде жазушы Едігені қазақтың батыры деп ашық-айқын жазып тұр.
1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихының» авторлары да Едігені Қазақстанның орта ғасырлар тарихындағы басты қаһармандардың бірі деп санады. 1945 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» қаулының жобасы талқыланған кезде «Едіге қазақ арасында көпшілік таниды, балаларына Едіге деп ат қойып жүр, қарттар да баласын Едіге деп мадақтайды», — деді.
1944 жылы Әлкей Марғұлан Едігенің өміріне арналған «Ертегідегі Едіге мен тарихтағы Едіге» ғылыми монографиясын жазып шықты. Қазір осы кітаптың бірде-бір нұсқасы сақталмаған. Бұған екі түрлі тұспал бар. Бірінде осы кітапта Едіге бейнесін ұлықтағаны үшін Әлкей Марғұланның өзі қудалана бастады, сондықтан репрессияға ұшыраудан қорқып, кітаптың бүкіл таралымын өз қолымен жойды деген жорамал айтылса, екіншісінде кеңестің құқық қорғау органдары Едіге жайындағы кітаптың бәрін жойды деп айтылады. Әр мұның негізі бар сияқтанады. Едіге төңірегіндегі осы оқиғадан кейін Әлкей Марғұлан Алтын Орда және қазақ ауыз әдебиетін зерттеуден қауіпсіздеу археология саласына кетіп құтылды. Әлкей Марғұлан қудалануға дейін-ақ Едіге туралы: «Едіге — Алтын Орда дәуіріндегі ең ерекше тұлғалардың бірі. Едіге бүкіл өмірін Отанына арнаған. Сондықтан оның есімі қанша ғасыр өтсе де, ұмытылмай келеді», — деп жазған болатын.
Бірақ орталықтың қыспаққа алуымен Едігені зерттеуге тыйым салынып, оның бейнесі «Қазақ халқының ата-бабаларының есімдері тізбегінен» сызып тасталды.
1944 жылы БКП (б) ОК 1944 жылғы 9 тамыздағы «Татар партия ұйымында бұқаралық саяси және идеологиялық жұмыстардың жай-күйі және оны жақсарту шаралары» қаулысында берілген Едіге туралы эпостың хандық-феодалдық мәні туралы нұсқау шығарды. Содан кейін СССР-де Алтын орданың тарихын зерттеген ғалымдар да, Едігенің өмірін зерттегендер де қудалана бастады. Сол тұста «Институт «Едіге» эпосында СССР халықтарының барлығына жат ұлттық идеялар (орыс халқын жек көрушілік және оған қарсы күрес, бүкіл Дешті Қыпшақ даласындағы татар тайпаларының басын қосу идеясы) айтылғанын ескермеген» деген ойлар айтылды. Алтын Орданы зерттеушілер «Едіге» эпосы пантүркизм және ұлтшылдық идеяларына толы», бұл «халықтың емес, хандар мен феодалдардың эпосы» деп айыпталды.
Осылайша, кеңестік кезеңде 1944 жылдан бастап Алтын Орданы зерттеуге тыйым салынып, Алтын Орда атауының өзі жек көрінішті етілді. Қазақстанның ресми тарих ғылымында Алтын Орда «қазақтардың ата-бабаларының (қыпшақтар) жерін жаулап алған жат мемлекетке» айналды.
Кейініректе, Алтын Орда тақырыбын зерттегені үшін қазақтың біртуар ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та жапа шекті. Ғалым Едіге эпосын зерттегені үшін қудаланды. Соның салдарынан Қаныш Сәтбаев 1951 жылы Қазақстан КП (б) ОК хатшысы Ж. Шаяхметовке, БКП (б) ОК хатшысы М.А. Сусловқа «өкінішке толы хаттар» жазып жүріп, республика және бүкілодақ билігінің алдында ақталуына тура келді.
Осылайша, 1950-жылдары кеңестер билігі «Алтын Орда» концептісіне түбегейлі жат таңбасын басып, «Қазақстанның ұлттық тарихынан» шығарып тастады. 1980-жылдары жылымық кезең қылаң бере бастады. 1983 жылы Ілияс Есенберлин «Алтын Орда» трилогиясын аяқтады. Жазушы осы шығармасында Алтын Орданы Қазақ хандығының атасы ретінде суреттеді. Алайда кеңестік цензураның бұрынғы екпініне байланысты, қаламгердің осы туындысы «Көшпенділерге» қарағанда қазақ оқырманының арасында айтарлықтай танымал бола қойған жоқ. Сонда да Ілияс Есенберлин Алтын Орданы жеккөрінішті қылған бұрынғы көзқарасқа батыл қарсы барды. Жазушының осынау батыл қимылы басына бәле болуы да мүмкін еді. Бірақ кітап о баста қазақ тілінде жазылғандықтан, оның үстіне кеңес саяси жүйесінің біртіндеп жіби бастауының арқасында Ілия Есенберлин аман қалды.
Сонымен қатар Қазақстанның көрнекті тарихшысы Вениамин Юдин де Алтын Орданы ғылыми тұрғыда «ақтауға» қол жеткізе бастап еді. Оның 1983 жылы аз таралыммен шығарған бірнеше ғылыми мақаласы Алтын Орданы зерттеудің жаңа концепциясына негіз болды. Дәл осы концепция Қазақстанда қазір де басшылыққа алынады. Өкінішке қарай, Вениамин Петрович Юдиннің өлімі оның идеяларына балта шапты. Дегенмен, оның жұмыстары жайлы айтылған пікірлер арқылы, ғалымның концепциясы уақыт тезінен өтіп, 2010-жылдардың басында мойындала бастады.
Түйіндей келе, кеңестік кезеңде, 1937 жылдан бастап «Алтын Орда мұрасы» «ұлттық тарихтан» жұлып алынды деуге болады. 1944 жылы сол процесс аяқталды. Содан 1980-жылдарға дейін «Алтын Орда» концептісіне қатаң тыйым салынды. 1983 жылы жазушылар да (Ілияс Есенберлин), ғалымдар да (Вениамин Юдин) Алтын Орданы ақтауға кірісті. Алтын Орданы ақтау үдерісіне 2013-2014 жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мұрат Мұханбетқазыұлы Тәжин «Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагерлерінің бірі» деген бекем тезисті айтуы нүкте қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауы «Қазақстанның ұлттық тарихының» жаңа парадигмасын қалыптастыруға тың серпін бере отырып, осы тақырыптың өзектілігін арттыра түсті.
Жақсылық Сәбитов
Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы
Abai.kz