Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 5730 0 пікір 2 Тамыз, 2011 сағат 08:29

Cәрсенбі ДӘУІТОВ. Мұқағали ғасырлармен бірге жаңарып, келер ұрпақпен бірге жасай береді

Cәрсенбі ДӘУІТОВ, ақын, филология ғылымының докторы, профессор:

Cәрсенбі ДӘУІТОВ, ақын, филология ғылымының докторы, профессор:

- Ақын әрі әдебиетші ғалым ретінде сіз Мұқағалидың басты артықшылығы неде деп есептейсіз?

- Мұқағали поэзиясының ұлттық асыл сөз мұрасына қосылған зор үлес екені әлде­қашан мойындалған. Ақын шығар­малары Отанға, елге деген сүйіспеншілікке шақы­рады. Өмірдің қайталанбас құдіретін түсін­діреді. Мысалы, «мен қайғылымын», «мен дерттімін» деп өлең жазатындар көп. Бірақ олардың қайғы-мұңы өз басынан аспайды, яғни бірқатар ақындар өз басы­нан өткен қиындықтарды ғана сөз етеді. Ал Мұқаға­лидың кереметтігі сонда - ол бүкіл адамзат­тың қайғысын жырлайды. Мұқаға­лиды оқыған әрбір адам оның өлеңдерінен өзінің қайғы-мұңын, дертін, сағынышын, күллі сезімін табады. Ғажайып талант иесі Мұқа­ғали - Алланың бізге нағыз бере сал­ған ада­мы. Кез келген нәрсені ол жай ғана сөз­бен жаза салады, бірақ сол қарапайым ғана өлеңдегі ұйқас, ырғақ, ой, сезім өзара үйле­се келіп ғажайып үндестік табады. Мәсе­лен:

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - дегенде тұрған ештеңе жоқ сияқты. Ал зер салып қарасаңыз, «қазақ өлеңін жаңала­дым, реңк бердім, өзімше жырладым» деп тұр.

- Өзіңіздің Мұқағали ағамен кездескен, сөйлескен сәтіңіз болды ма?

- 1968 жылы «Лениншіл жасқа» Мұқа­ң­ның «Дариға-жүрек» деген поэмасы шық­ты. Мен ол кезде студентпін. Сол поэмасын оқығаннан кейін ағаны іздей бастадым. Жазушылар одағында істейді екен. Барып сөйлесіп, поэмадан алған әсерімді, ойла­рым­ды жеткізуге тырыстым. Әсіресе:

Жылайтын еді гүлдер де,

Дариға жылап жүргенде.

Ауыра қалып бір демде,

Айығушы еді бір демде, - деген сөздері мен

Құтыра соқса жүрегі,

Қыранды құрдай іледі.

Қос уыс бұрым арқада,

Қос жылан болып жүреді, - деген те­ңеу­лерін меңзеп, «Біз жазсақ, «ауыра қа­лып бір демде, жазылушы еді бір демде» деп жазу­шы едік, сол сияқты бұрымды жы­ланға теңегеніңіз де жаңалық қой», - деген ойым­ды айттым. Содан екеуміз Жазу­шылар ода­ғы­ның алдындағы бақта отырып біраз әңгімелестік. Өлең жазаты­нымды естіген соң: «Өлең жазсаң, оқысаң, оны көптің алдында оқы. Біреу Тайыр Жароковтан әлдекім туралы пікір сұраса, «Оған сен өзің қалай қарайсың?» деп сұрайды екен. «Мен жақсы деймін» десе, «Мен де тап сіз ойла­ған­дай ойлаймын» дей­ді екен. Сол сияқты дүниенің бәрі - адам­ның қолында. Маши­наға қарашы, өзі дөңгелеп келе жат­қан сияқты, алайда оны адам жүргізіп келе жатыр емес пе? Бәленің бәрі - адамда. Адам­нан сақ бол. Өз пікірің­ді елдің алдын­да, жиналыстарда айт. Соған қатысқан жүз адамның елуі сатса да, елуі сені сатпайды. Сөйтіп, құтылып кетесің», - де­ген ақылын айтып, өмір, өлең туралы көптеген ойлары­мен бөлісті. Сол жолы екеу­міз жақын таныстық. Бір кереметі, ол кісі менен «руың кім, қай жерденсің?» деп сұраған жоқ. Одан кейін де бірнеше рет жолықтым. Бір­де көше­де қатар келе жат­тық. Көктемнің бас кезі еді. Күн сондай суық. Кенет бір жапырақ тура аяғымыздың астына ұшып түсті. «Мынау не?» - деді маған жапырақты нұсқап. Жай­барақат күйде «жа­пы­рақ қой» дедім. «Ақынмын» дейсің­дер... Бірақ сен­дер­де түйсік жоқ, ештеңе жоқ, жүректерің қатты!» - деп айқайлап кет­ті. Сосын «Жапы­рақ емес, бұл - жүрек, жү­рек!» деді. Қатты­рақ сөйле­геніне қобал­жың­қырап қалып едім, «бұл - жүрек!» де­ге­нін естіп, іші-бауы­рым сондай елжіреп кетті. Ақындығы өз алдына, Мұқаң­ның адамгершілігі де сондай керемет еді.

- Ал Мұқағали танымындағы адамзаттың қайғысы қандай қайғы? Басқаша айтқанда, бүкіл адамзаттың мұңын мұңдай отырып, Мұқағали не нәрсеге алаңдады, нені жырлады?

- Ол адалдық пен әділдікті, бірлікті жыр­лады. Адамзат баласы бір-біріне жа­ман­дық жасамаса екен деді. Отанды, ма­хаб­батты дәріптеді. Өмірдің жасампаз­ды­ғын, мемле­кеттікті, кісілік пен кішілікті ту етті. Әрине, мұның бәрі - басқалардың да жырлап жүр­ген тақырыптары. Дегенмен Мұқағалидың айтқан ойлары мейлінше терең әрі нәзік. Және сонысымен де адамды еріксіз күрсіндіреді, мұңға батырады.

- Сонда Мұқағали нені қайғы етеді?

- «Адам адамға дос болса, бірін-бірі алдамаса, сатпаса...» деп, Мұқағали нағыз достықты, нағыз махаббаты арман етеді. Мысалы:

Мен нағыз махаббатты армандаймын,

Оны мен жоғалтып та алғандаймын.

Ақ қаздар арасынан аққуымды,

Ажырата алмаған сормаңдаймын, - деп өзі де айтып тұр емес пе?! Былайша айтқан­да, «махаббатта қателестім» деп тұр. Негізі, мен де, сен де, жұрттың бәрі де осы­ны айт­қысы келеді. Яғни ақ қазға ұқсас бол­ғаны­мен, аққудың өз ерекшелігі бар. Және оны ажырата алатын, тани білетін көз керек, ой керек.

- Мысалы, осы өлең «Мұқағали отбасында бақытсыз болған» деген пікірді айғақтай ма?

- Жоқ, олай деуге болмайды. Оны бір Алла біледі.

- Ендеше, «махаббатта қателес­тім» деуін қалай түсінуге болады?

- Бәлкім, өмірде теңін таба алмаған адам­дардың тағдырын жырлап тұр деп түсі­нуге болатын шығар. Әрине, оның ішін­де өзі де болуы мүмкін. Бір өлеңінде «Ауру­ханада 8-нөмірлі палатада жаттым. Сонда бір келіншекпен кездестік. Екеуміз қарапа­йым сөйлесіп жүрдік. Бір күні келіншектің иесі келіп алып кетті. Мен бүкіл жақсы нәр­семнен айырылып қалған сияқты болдым» дейді. Яғни адамда әртүрлі көңіл күйдің, әртүрлі сезімдердің болып тұруы заңды. Абайдың: «Мен өз басымды ғана жырлаған жоқпын, көпті айттым, көпті жырладым. Сондықтан оған шамданбаңдар», - дейтіні бар. Сол секілді Мұқағали ағамыздың да көпті жырлауы, көптің қайғысын сөз еткен болуы ықтимал. Мысалы:

Кім екен мені саған дуалаған,

Сенсіз де көңілденем, қуана алам.

Кім екен мені сенен айналдырып,

Цирктің аттарындай қуалаған! - деген өлеңінде де Мұқағали махаббаттың мұңын кереметтей шынайы жеткізеді. Немесе:

Мен сені ұнатамын, бірақ-бірақ,

Мейіріңді қайтемін жылап сұрап.

Ұнатамын дегенім жасандылық,

Саған деген көңілім құрақ-құрақ, - деген өлеңінде қаншама терең сыр жатыр. Қалай болғанда да, Мұқағали - ең әуелі, өзінің елін, жерін, Отанын жырлаған адам. Бұл туралы «Үш бақытым» деген өлеңінде өзі бірінші - халқын, екінші - тілін, үшінші Отанын зор бақытқа балайды.

Тағы бір айта кетерлігі, Мұқағали көп өлеңдерінде табиғатты тамылжыта сурет­тей­ді.

Асып анау асқар-асқар таулардан,

Қыс жетіпті тонын теріс аударған.

Қыс жетіпті,

Сол баяғы кезіндей,

Қуырып жүр дүниені көз ілмей,

Күн нұрынан еш жылылық сезілмей,

Әйнектенген маскүнемнің көзіндей, - дегенінің өзі, мысалы, керемет емес пе?! Мұ­қа­ғалидың қай өлеңін алсаңыз да, ада­м­­ның жанды жеріне тиеді, қышыған жерін дөп басады.

- Жоғарыда өзіңіз айтып өткен «Үш бақытым» деген өлеңінде ақын: «Бақытым бар үшінші - Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!» - деген ой айтады... Осы орайда, ақынның наным-сенімі, діндарлығы өлеңдерінен қаншалықты көрініс тапты деп ойлайсыз?

- Дін - ғылымның анасы,

Дін - ғылымның әкесі.

Ғылым - діннің баласы,

Дін - ғылымның көкесі.

Ғылым да бар, дін де бар,    

Қоқыс та бар, күл де бар.

Адам ата өлмесін,

Ақырзаман келмесін.

Қол қусырып Құдайға,

Ғылым мен дін, бірге бар! - дейді Мұқа­ғали. Яғни ол ғылымды жоққа шығармайды. Пайғамбарымыз да ғылымды жоққа шы­ғар­маған. Бұл ретте, ақынның наным-сенім тұрғысындағы ұстанымы:

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды-ау қайдан бүгін?

Құбылаға бет алып, қол қусырып,

Сәждеге бас қоятын қайда күнім... - деген сөздерінен-ақ көрініп тұр. Мұндай өлеңдерді Мұқағалидан көптеп кездестіруге болады.

- Олай болса, ақынның:

Біздерде монастырь жоқ,

Мен оған барар едім.

Барғасын монах болып қалар едім.

Қалдырып қала лебін, дала желін,

Жаныма бір тыныштық табар едім, - деп торығуы неліктен?

- Жаны қатты кейігенде айтқаны шығар. Бірақ мен мұны ақынның шынайы сыры деп айта алмаймын. Мысалы, тап осы өлеңін:

Құрғыр көңіл кетеді қай-қайдаға,

Тынсаңшы сырыңды көп жаймай ғана.

Ағат сөйлеп барасың, ағат сөйлеп,

Абайла, аузыңды жап, ойбай, бала... - деп аяқтауының өзі Мұқаңның бастапқы сөзін терістеп тұрғандай көрінеді.

- Мұқағали аға күнделіктерінде: «Бала, бозбала кезімді есіме алсам, қатты үрейленем, қатты жәбірленем...» - деп жазады. Әр адам үшін ерекше ыстық балалық шақ ақынға неге жағымсыз әсер қалдырған?

- Ақынның балалық шағы соғыс уағы­на тура келген. Он жасында әкесі майданға аттанып, содан қайтып оралмаған. Сөйтіп, өмірдің ауыртпалығын Мұқағали ерте сезінген. Күні бойы бел жазбай жұмыс істе­ген, түнгі күзетте болған, шөп шапқан, қой баққан. Бала болып ойнай алмаған.

Шаруаның баласы болғасын да,

Шаруамен айналдым он жасымда, - деп өзі айтқандай, тағдырдың ащы дәмін ол тым ерте татқан.

- Ақындық тағдырмен ғұмыр кешкен Мұқағали өлеңді серік еткеніне кейде өкінгендей немесе содан қиянат көргендей де сыңай танытады. Осы екіұдай сезімнің сыры неде?

- Менікі дұрыс емес те болуы керек, бі­рақ бір сөйлескенде: «Аға, сізге неге комсо­мол сыйлығын бермеді?» - деп сұраған едім. Ол кісі сонда: «Комсомол сыйлығы талантқа байланысты берілмейді ғой», - деді. Мысалы, керемет ақын болды. Сөйте тұра, лайықты бағаланбады, ана жерден де, мына жерден де жұмыстан шығып қа­лып жүрді, үйсіздік пен күйсіздіктің тауқы­ме­тін тартты. Сөйтіп жүріп «Ақындықпен бәрін аламын» деген сеніміне сызат түсті. Адамға не ой келмейді? Сондай бір сәт­терде «неге ақын болдым?», «неге осының соңына түс­тім» деп жабыққан да болар, кім біледі...

Сен қайтесің сондай бір сәттеріңде,

Мұңның шаңы іліксе, пәк көңілге?

Қараймын да отырам ондайда мен,

Қалам ізі түспеген дәптеріме, - дейді Мұқаң. Қалай дегенмен де, ол өлеңді қуат көрген, содан жұбаныш іздеген. Оның бү­кіл тірлігі жырында тұр. Мұқағали - қуанса да, қайғырса да өлең жазған адам.

- Күнделіктерінде ол әлдекімдердің өзіне қарадай өшігіп, соңына түсіп жүргенін, әрбір сәтсіздігіне іштей қуанатынын жазғаны бар. Осы орайда, ақын кімдерді меңзеп отыр? Сондай-ақ олар не себепті ақынның сүрінгенін, шалыс басқанын қалады?

- Мен ол кісінің өлең оқығанын бір-екі рет көрдім. Тура өртке тиген дауылдай әсер қалдырды. Жұрттар жібермей, қошеметтеп, құрметтеп, қайта-қайта өлең сұраумен болды. Адам деген пенде ғой. Мысалы, соны көрген, елдің ақынға деген ықыласын білетін кейбір адамдардың іші күйген, қызғанышы оянған. Біздің қазақ - керемет жақсы халық. Алайда бірін-бірі көре алмай­тын, етектен тартатын әдеті бар. Тағы бір жаман әдеті - өзара сыйыспайды. Ақын­ға өшіккендер, талантын күндегендер - кіш­кен­тай адамдар. Олардың кімдер екенін мен өзім іштей шамалаймын, бірақ кісінің артынан ғайбат сөз айту - күнә. Бі­рақ Мұ­қаң­ды елдің көре алмағаны рас. Мен өзім көрген бір нәрсені айтайын. Бірде Әбділдә Тәжібаевтың үйіне барсам: «Мұқа­ғалиды ауруханаға жатқызып едім. Лашын телефон соғып, одан шығып қалғанын айт­ты. «Ой, сорлы-ай, тағы да шығып қалған екен ғой», - деп едім, Лашын: «Неге сорлы деп айта­сыз?» - деп ренжіді», - деді. Ар­тын­ша тағы бір ауруханаға орналастырды. Бірақ сол жолы: «Мұны тағы бүлдірген екен ғой», - деп әлдекімдерге қатты ашуланып отыр екен. Мұның бәрі пасық адамдардың тірлігі ғой. Сондағысы - «бұл кетсе, орнын мен баса­мын» деген ой. Бірақ олай емес қой. Алланың әркімге берген өз жолы, өз орны, несібесі мен жақсылығы бар. Ешуа­қыт­та біреудің орнын біреу тартып ала алмай­ды.

- Сіздің ойыңызша, бүгінгі уақытта Мұқағалидың қай қыры зерттеушілер назарынан тыс қалып отыр?

- Былайынша, бәрі жазылып, зерттеліп жатқан да сияқты. Бірақ ақын болғаннан кейін ең алдымен поэзиясы туралы айтыла­ды да, прозасы тасада қалып қояды. Сол себепті де Мұқаңның әңгімелері мен күн­де­ліктері, пьесасы туралы салмақты зерт­теулер жоқ. Жақында «Егемен Қазақстанға» шық­қан бір мақалада: «Мұқағали керемет еді, жақсы еді» деп бәрі жалпылай жазып жатыр. Нақты ештеңе жоқ. Көп адамдар «Мұқағали­дың досы едім» дейді. Біз ол туралы бұлай жазбауымыз керек. Ғылыми түрде талдап-талғап, зерттеу керек. Мәсе­лен, Мұқағали лирикасымен нені жырлай­ды, поэмасымен не айтады? Елдің айтпаған қандай нәрселе­рін айтты? Қандай биікке шықты?» деген талдау болуы тиіс», - деген сияқты ой айты­лыпты. Меніңше, бұл - жаны бар сөз.

- Демек, Мұқағали Мақатаев шығармашылығын жанр-жанрға бөліп зерттеу жағы ескерілмей жатыр деп есептейсіз бе?

- Әр ақынның өзіндік ерекшелігі бар. Мұқаң қай тақырыпты, нендей мәселені болсын шегіне жеткізе жырлайды және ең қиын деген нәрсенің өзін оңай ғып жеткізе біледі. Тағы бір атап айтарлығы, тауды Мұқаң­дай шебер жырлаған, керемет су­рет­теген ақын кемде-кем. Мысалы:

Қай тұста еді, құдай-ау, қай маңда еді,

Маған құшақ сол жанның жайған жері.

Алғаш біздер ақ гүлін таптап кеткен,

Қай маңда еді жастықтың сайран белі?!

Таулар да тұр, баяғы бұлақ та бар,

Тек менімен өзің жоқ сыр ақтарар.

Іздемей-ақ қояйын сол орынды,

Кетемін ғой аттанып, жылап қалар, - дейді. Қарап тұрсаң, таудың бұлағы, шыңы, қарағайы, бұлты Мұқаңның кез келген өлеңінде бар. Ол соның әрқайсысымен сырлас, әрқайсысымен мұңдас. Мұқаң олармен бірге жүрген досындай тілдеседі. Яғни ол кісі тауды адамзатқа соншама жа­қын етіп бейнелейді. Ақынның сипаттауын­ша, тауда жүрген адам ешқашан аш та, жа­ла­ңаш та, үйсіз де, күйсіз де болмайды. Тау  сондай-ақ, жалпы, табиғат адам баласына соншама қамқор, соншама қорған. Мұқа­ғалидың осы тақырыптағы өлеңдерін оқы­саң, тауда өмір сүргің келеді, таудың бұла­ғынан сусындап, жабайы алмасынан дәм татуды аңсайсың. Бір сөзбен айтқанда, Мұқа­ғалидың өлеңі адамды таумен табыс­тырып, туыстырып жібереді.

- Ал тауға құштарлығы ақынның өз мінезіне, тұлғасына қаншалықты әсер етті?

- Керемет әсер етті деп ойлаймын. Ол өзі де сондай тау тұлғалы адам еді. Мінезі кесек болатын. Ол біз сияқты «ертең не бо­ла­ды?», «қарным ашып қалады-ау» дегенді ойламайтын. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, елдің ертеңіне алаңдайтын. Ал ақындығына келетін болсақ, Мұқағали қазақтың ауыз әдебиетін, музыкасын, өзіне дейінгі бүкіл ақындарды, Абайды бойына әбден сіңірген. Оның әрбір өлеңінен өзің бұрын байқамаған бір жаңалық табасың. Соған қарағанда Мұқағали - біздің ұрпақ­тың ғажайып жыршысы. Және оның шы­ғар­малары ескірмейтін сияқты. Мысалы, көк­тем келген сайын бүкіл табиғат оянып, тіршілік қайта түлейді ғой. Сол сияқты  Мұқа­­­ға­ли да көктеммен, ғасырлармен бір­ге жаңарып, келер ұрпақпен жасай бере­тіндей болып көрінеді.

- Өмірдерегіне үңілсек, Мұқағали ешбір оқу орнын толықтай тәмамда­маған екен. Ал соншама білім мен білікке, шеберлік пен кәсіпқойлыққа ол қалай машықтанған?

- Меніңше, адам білімді оқумен алмай­ды. Бұл, әрине, «оқыма» деген сөз емес. Бірақ бір анығы, Алланың әркімге берген, көкірегіне салған түйсігі болады. Әйтпесе кімнің ғалым болғысы келмейді, мықты болғанды кім жек көреді? «Менің анкетам» деген өлеңінде Мұқағали өзі: «Білімім ор­та­ша, бірақ жоғарыға санаймын», - дейді. Және өте дұрыс айтады. Мысалы, білімсіз адам Дантенің, Шекспирдің, Уитменнің шығармаларын аудара ма?! Шалғайдағы қазақ ауылынан шыққан қарапайым ғана жанның осыншама білімдарлығына, орыс­тың тілін керемет меңгергендігіне таңғалмау мүмкін емес.

- Сондай-ақ бізде балаларға да, ересектерге де бірдей жазатын қаламгерлер сирек қой. Ал Мұқаға­ли аға көп өлеңдерін бүлдіршін­дерге арнаған және олар - бала табиғаты­мен керемет үндескен мейлінше шынайы шығармалар...

- Мұның себебі - талантты адамның көп жағдайда бала мінезді болатындығында. Меніңше, бала мінезді болу - бақыт. Бала таза, бала мөлдір, балада арамдық жоқ. Жаны таза адам баланың мінезін, оған не ұнайтынын жақсы біледі. Жаны сондай кіршік­сіз болғандықтан да, Мұқаң балалар­ға соншалықты жақын, ұғынықты өлеңдер жазды.

- Талай рет Мұқағали Мақатаевтың жинақтарын құрастырдыңыз. Қалай ойлайсыз, Мұқағалида нашар өлең бар ма?

- О баста жазылған аңғал, риясыз өлеңдері болуы ықтимал. Бірақ олардың өзін нашар деп айтуға болмайды. Жалпы, Мұқағалида осал өлең жоқ.

- Кезінде өзі біраз өлеңдерін қолжазба күйінде жоғалтып алған екен. Оларды біреулердің иемденіп кетуі мүмкін бе?

- Олай деп ойламаймын. Ол кісінің өлеңдерін ешкім иеленіп кете алмайды. Өйткені Мұқағалидың қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды, ол бірден дараланып тұрады. Сондықтан жоғалған өлеңдерінің әлі де табылып қалуы мүмкін.

- Әңгімеңізге рақмет.

 

Өмірдастан

Ұлт ақыны Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді.

Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген Мұқағали шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.

Тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, одан кейін бір шоғыр жыры Ә.Тәжібаевтың сәт сапар тілеген сөзімен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған.

Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған. Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да «Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана» деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.

М.Мақатаев қаламынан «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмір-дастан» т.б. жыр жинақтары туған. Қырық бес жасында қайтыс болған соң, Мұқағалидың екінші өмірі - өлмес ғұмыры басталды. Ақынның артында қалған мол мұрасы - «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен» т.б. жыр кітаптары, «Қош, махаббат!»атты прозалық кітабы оқырманның қолдан-қолға түспей, іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.

Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали «Жан азасы» (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, «Райымбек, Райымбек!» дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек батыр ерлігін суреттейді.

М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.

Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/person/26108/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1538
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3324
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6049