«Лад» төрағасының көздегені не?
Постназарбаев әңгімесі орыс БАҚ ең өзекті тақырыбына айналып отыр. Әрбір жолы Қазақстандағы орыс ұлтының қыспаққа ұшырауы үдеп кетті деп зар қағады. Таяуда Ресей басылымдары тым асыра сілтеп, «Республикалық Лад славян қозғалысының» нені көздейтінінің арты ашылып қалды. Қозғалыс төрағасы Максим Крамаренко өзінің «Вести Узбекстанға» «КОГДА В КАЗАХСТАНЕ ПРЕКРАТИТСЯ «НЕОБЪЯВЛЕННАЯ» ВОЙНА» атты сұхбатында қазақ еліндегі орыс жікшілдерінің нені қалайтынын ашып айтты.
Осы сұхбаттан аңғарылатын ресейшілдер қазақ тарапынан орын алуға тиіс тұрақсыздықты қалайды екен. Әттең бірінші кезекте билік ауысуы барысында ұлтаралық қарым-қатынасқа көлеңке түспеді, Украина сценарийі орын алған жоқ, -деп күрсінеді Максим Крамаренко.
Жаңа елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең ірі этникалық азшылық болып табылатын орыстардың көңілін орнына түсіріп, үштұғырлы тілдің таза орыс тілді мектептердің бағын байламайтын айтып жұртты бір қуантып тастағаны ірі жеңіске парапар болғандағы сөз арасында Максим Крамаренко тарапынан желпіне ауызға алынады.
Бірақ, Максим мырзаның көңілін күпті етіп отырған дүние соңғы бес айда 11 мың этникалық орыстың Қазақстаннан өз тарихи отандарына қоныс аударғаны екен. Бұған кінәлі әрине жоғарғы білім алудың қымбатшылығы мен қазақ ұлтшылдары. Соңғылары Кеңестік және Ресей империясы қалдырған жер-сулық мұрадан арылуға тырысып, оларды титулды ұлттың жергілікті атауына көшіруді тездете бастапты. Осы қазақтар ұстанып отырған тарихи реванш орыстардың этнопсихологиялық ахуалына кері әсер тигізіп отыр-мыс. Осы бір жарияланбаған соғыстың кесірінен орыстар амалсыз өз баспаналарын тастап ауа көшуді бастан кешіп отырған жайы барын Максим мырза мұңая сөз етеді.
Бұл жағдайды орыстардың кейбіреулері хош көрсе, екіншілерінің бұған қабырғасы қайысады екен, сондықтан РФ билігі ресей азаматтығын беруді жеңілдетсе бек жақсы болатындығын алға тартады. Бұны тездетпесе елдегі ұлтаралық жағдай ушыққан жағдайда орыстар екі оттың арасында қалады-мыс.
Түйін
«Республикалық Лад славян қозғалысының» төрағасы Максим Крамаренко қазақ елінде ұлтаралық қақтығыс болады дегенді алға тартады. Осы әйтеуір бір орын алуға тиіс қақтығыстан орыстар тек РФ азаматығын алып қана аман қалады. Өйткені, Ресей билігі Абхазия мен Осетияға кезінде орыс тілділер құқығын қорғауды желеу етіп әскер кіргізгендей, енді қолында ресейлік паспорты бар орыс тілділерді қорғау үшін қазақ жерін бөліске саламыз деген ойдың ұщқынын сездіреді. Осындай бір саусағын бүккен қозғалыстарға тыйым салынатын кез қашан туады деген ойға қаласың!?
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz