Бейсенғазы Ұлықбек. Түбіміз бір, тірлігіміз де бір немесе Шыңғыс ханның шыққан тегі қандай?
Қазір тарих қайта жазылып жатыр. Тіпті Шыңғыс ханның тегіне қатысты айтыс-тартыс толастаған жоқ. Біз де оқып-білгенімізді алға тартып, осы төңіректе ой қозғауды жөн көрдік.
Қазір тарих қайта жазылып жатыр. Тіпті Шыңғыс ханның тегіне қатысты айтыс-тартыс толастаған жоқ. Біз де оқып-білгенімізді алға тартып, осы төңіректе ой қозғауды жөн көрдік.
Шекараларының тарихын да шегендемек
Шекаралар қалай бөліске түсті, қай жұртпен қалай келісімге келді? Бұл мәселелер де қазір анықталу үстінде. Мәселен, қазіргі Моңғолиямен арадағы шекараны алайық. Бурят пен моңғол бір ел деген байламдар айтылып жатыр қазір. Мүмкін, солай шығар.
Тек шекараға түскенде бір халық екіге бөлініп қалған. Әйтпесе, тілі, діні, әдеп-ғұрпы, салты, дәстүрі бірдей. Бір ғана мысал, екі елде де «ұлы хурал» деп сөйлейді. Ал Шыңғыс хан - түркі тілінде, соның ішінде көне қыпшақ тілінде сөйлеген адам. Ұлы Құрылтайда бұрынғы Темірші (немесе Теміршын - шын темір деген сөз ғой) Шыңғыс хан болып бекітіліп әрі осылай аталып тарихқа жазылды. «Шыңғыс» термині негізінен, ол кезде биіктен, ел үстінен қарау мағынасын білдірді.
Қазіргі қазақ елінің жартысынан көбін құрап отырған көп ру (Найман, Керей, Қоңырат, Жалайыр, Меркіт, Қият, ұсақталып кеткен, ел арасында бар Уақ, Суан, тағы басқа) кезінде Алтай тауының арғы бетін мекендегенін білеміз. Шынтуайтына келгенде, Алтайдың арғы бетін (Орқын, Онон, Керөлең, Байөлке, Қобда өзендерінің алқаптары) көне қазақ жерінің аса зор бір аймағы деп айтуға әбден болады. Бұл рулардың бәрі қыпшақ тілінде (көне қазақ тілінде) сөйлеген. Мәселен, әкесі Теміршіні Қоңыратқа алып барып, Бөртеге құда түскенде (қазақтар бұйра туған лақты, «бөрте» лақ деп атаған) оны басқа ұлттың баласы деп кеудеден итермеген. Керейдің Тоғырыл ханына немесе Найманға барғанда да, қасындағы Меркіт, Жалайыр, тағы басқа толып жатқан руларды бір тудың астына жинағанда да бір тілде-қыпшақ тілінде сөйлескен. Қастарында ешқандай аудармашы ұстамаған. Сол кезеңдерде қазіргі қазақтың барлық руының, тайпасының өз хандары, билеушілері болғаны белгілі. Осыларды айта отырып, сонымен қатар кезінде қытайлардан қырғын тапқан жоңғардың біраз бөлігі қазақ даласын басып, Еділ жағалауына қашып келіп пана тапса, енді біраз ғана бөлігі (ойрат, хошауттың бір тобы) Алтай асып жаңағы моңғолдарға (яғни буряттарға) келіп қосылды. Бұл арада Шыңғыс хан тұсынан қалған азғана қа-зақ рулары да бар болатын. Сөйтіп, бәрі кезінде «Мыңдаған қол» жиналған аймақта тоғысып (Қытай жылнамашылары «Минкол», ал орыс жағы «Мангол» деп жазған) бір елге айналды. Мыңдаған қол алғашқы рет сахарада бір тудың астына жиналған соң, бүкіл көшпелі халық осылай «Мыңқол» жиналған жер деп атаған. «Мыңқол» - тек әкімшілік атау алған сөз. Енді міне, Шыңғыс хан заманына байланысты бүкіл ұлы тарихқа ойда-жоқта осылар ие болып шыға келді. Ұзақ жылдар шынайы зерттеп, ізденіп, зерделеп қараған адамға бәрінің де ескі тарихта жазылғандай емес екені, бұл арада үлкен қателіктің кеткені ап-айқын көрініп тұрады.
Құда түсу, бесік құда болу немесе атастыру. Бұл - қазақ елінің ескіден келе жатқан дәстүрі. Шыңғыс ханның әкесі осы дәстүрмен кішкене ұлын Қоңырат тайпасына алып келген. Тоғырыл ханмен және оның әскерімен әрбір жорыққа барған сайын аралас-құралас жүрген сарбаздары да бөлек елдің әскеріндей емес, емен-жарқын араласып, бірге соғысқан. Араларында ешқандай тіл айырмашылығы болмаған. Сонымен қатар, тағы бір айта кететін мәселе, жауға шапқанда бәрі де «аруақ, аруақ» деп ата-бабаларының аруағын шақырып, содан күш алып, дұшпанына атойлап, зәресін ұшырған (орыс жылнамашылары «уррақ» деп қате жазып алған әрі осы сөзден олардың «ура-сы» шыққан).
Әрбір ру және тайпалар қыс қыстауы, жаз жайлауы бөлек болғандықтан, өздерін бөлек елдей сезінген. Бірақ бәрі бір тілде, әдет-ғұрпы, дәстүрі, салты, ұстанымы біреу-ақ екеніне ешкім сол уақытта көңіл бөлмеген. Дегенмен ол кез қоғамның санасы оған жете қоймаған мезгіл-ді. Әйтпесе, бәрі кешегі ғұндардың, одан кейінгі Тоныкөк, Білге қағанның ұрпақтары екені шындық қой. Қазақ елін құрап отырған қазіргі көп рулар Алтай тауларынан бері асып түсті. Бұл қай кезеңдерде басталып еді?
Шыңғыс хан Орталық Азиядағы Хорезм империясын жаулап алған кезден бастап, қалың қол Алтай тауының бергі беті-ну тоғайлы, шөбі белуардан келетін суы мол Ертісті көргеннен кейін бұл өлкелердің керемет екенін байқады. Жетісу алқабын басып өткен мезгілде де бұл жақтарда қыс қыстауға, жаз жайлауға өте қолайлы екенін, өз жеріндей жусанды, ақ селеулі емес, гүл, қызғалдақ басқан аттың жалына жетерліктей түрлі қалың шөп өскен аса құнарлы атырапқа тап болғандарын аңғарды. Кезінде Шыңғыс ханнан ығысқан найман тайпаларының біраз бөлігі осы аймаққа жайғасып та алған еді. Шыңғыс хан Қытайды, Хорезмді жаулап алып жатқан уақытта билік астындағы рулар ханның қаһарынан қорқып, бөлініп кете алмады. Шыңғыс ханнан кейінгі хандардың тұсынан бастап, олар: қалған наймандары бар, сонымен қатар керейлер, жалайырлар, суандар, уақтар, меркіттер, тіпті қағанаттың негізгі діңі болып саналатын қияттар, артынан қоңыраттар біртіндеп-біртіндеп Алтайдан бері асты. Сөйтіп, қазіргі қазақ даласына кеңінен жайылды. Арғы бетте өте аз рулар қалды. Алтайдың бергі жағына өткен ру-тайпалар, мұндағы үйсін, сары үйсін, дулат, қаңлы, арғын, қара қидан қауғырас тайпаларына келіп қосылды. Бұлардың да тіл, дәстүр, әдет-ғұрып жағынан өздеріндей екенін көрді, келе-келе бір елге айналып, қазақ деген атау алды. Кезінде Ұлы тарих жасалған дала Алтайдың арғы бетінде қалды. Оны жасаған ру-тайпалар бері асып кетті. Ол далада бурят-моңғолдар, чжурджендер (Изинь әулеті), ойрат, хошоуыттың біраз тобы, бірен-саран қазақ рулары қалды. Өздері еш уақытта ұлы жорыққа түспеген, қағанат (империя) құрмаған ел бәріне негізсіз ие болып қалды.
Русь сөзі қайдан шыққан?
Орыстар тарихын қайта жазуға кірісті. Осы орайда, «неге?» деген сауал туады. Олардың айтып отырғаны - кезінде қызыл жалаудың астында отырып, империялық түсінікте жазылған орыс тарихының біраз бөлігі шындыққа сай келмейтіндігі, қазіргі заман талабына жауап бере алмайтындығы.
Тіпті олар «русь» сөзінің қайдан шыққандығын қайтадан іздеп, зерттеп-зерделеу үстінде. Ал «рось» өзенінің қазір Ресей жерінде жоқ екендігі белгілі. Көне заманның өзінде де осылай деп аталған өзен болды ма, болмады ма? Оған да нақты жауап жоқ (олар өзін осы сөзден тарадық деп жүр емес пе?). Еуразия жазығына орналасқан кезіндегі Алтын Орда қағанатына (империясына) негізінен, алым-салықты жылына бір рет ең көп әрі молынан төлеп тұрған осы орыс елі болатын. Бату мен одан кейінгі хандардан қатты соққы жеп есеңгіреп қалған бұл халық Иван Калитаға дейін де, одан кейін де Алтын Ордаға керуен-керуен алым-салық әкеліп тұрған.
Керуендер келгенде, алтынордалықтардың қуанышында шек болмаған. Тіпті әйелдері мен тай мінген балаларына дейін кереметтей қуанған. Неге? Өйткені керуенмен әкелінген алым-салықтың ішінде орыс балынан бастап, бидай наны және түрлі азық-түлік, сонымен қатар неше түрлі құбылған маталар болған. Оның бәрін санамалап жатпай-ақ қоялық. Міне, осы керуендер келгенде Алтын Орда жұрты қуанғанынан бұларды «Ырыскелді» деп атаған. Бұл келген байлық қыпшақ тілінде «Ырыс» деп айтылған. Бұл сөз қазақ тілінде де бар. Керуенді әкелген князьдар мен орыс жасақтары, осы сөздің аудармасын анықтап, бұл сөзді өздеріне мақтаныш тұтып, кейіннен осынау ұғымды біз «ырыспыз» (байлық иелеріміз) деп өздерін осылай атай бастаған.
Артынан бұл сөз бүкіл елге тарады. Үш ғасыр бағынышты болған кезде, осынау ұлы сөз оларға әбден құлаққа сіңісті болып кетті.
Кезінде өздерін жеке-жеке князьдықтардың атымен атап келсе (Ярославь, Рязань, Владимир, Тверь, Мәскеу, тағы басқа), енді бүкіл ел «ырыс сөзін иелене бастады». «Байлық» деген сөзді кім жек көрсін?! Әсіресе, жоғарғы тап өкілдері. Ақыры, «ырыс» сөзі уақыт өте, сәл өзгеріп «русь» сөзіне айналды.
Ақыры уақыт өте келе, атақты «русь» сөзі «россия» болып шыға келді. Сөйтіп, көп терминдердің қатарын толықтырды. Бірақ бұл ұғымға намысшыл орыс тоқтай ма, тоқтамай ма? Ол жағы белгісіз.
Бұл жерде айта кетерлік бір мәселе, атақты Дальдің сөздігін қарап отырсаңыз, олардың үш ғасырда қыпшақтардан еншілеп алған сөздері жетерлік. Мәселен, «молоко» сөзі қазақтың «мал ағы» деген сөзі, яғни «сүт» деген сөз. Сондай-ақ «сырғаны» олар «серьги» деп алған. Мұндай сөздерді тізе берсең, толып жатыр. Сондықтан да «ырыс» сөзіне олардың ойлана қарағаны кейде дұрыс па деп те ойлаймыз.
Дегенмен барлығын мәртебелі уақыт көрсете жатар. Бұл сол бір замандағы өткен тарих болғандықтан, оған ешкімнің де өкпе айтуға қақысы болмас.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9243&Itemid=2