Сәрсенбі, 16 Қазан 2019
Саяси портрет 1566 2 пікір 8 Қазан, 2019 сағат 11:35

Кемел күннің – шуағы мол, күнгейі зор болады...

Еліміздің ең жоғарғы билігінде соңғы уақытта орын алған кадрлік ауыс-түйістер туралы әралуан ой-пікірлер айтылуда. Жылдамдығы мен екпіні – таудан құлаған сырқырама іспетті сәт сайын тез өзгерген, әп сәтте ауысқан қазіргі уақыттың ізіне ілесу де оңай емес. Десек те, қай өзгеріс пен жаңаруға сабыр мен салиқалылық танытып, пайым-парасат бекіткен пайдалы.


Кемел

(Қырық қырдың қиясы)

(эссе)

«Бұрын – шын бар, бүгiн – шын,

Ертең шын бар – үш бөлек.

Керегi жоқ бұлардың,

Бұзылмайтын шын керек», – дейді Шәһкәрім?!.

Президент Әкімшілігінің жетекшісі – мембасшы жұмысын үйлестіруші қызмет қана емес, арыстандар арасындағы арыны қуатты азулы алауыздықтың мәмілесін меңгеріп, шиеленістердің шешімін табуға тиіс тұлға.

Іскерлігі ілкімді, тәлім-тәжірибесі толымды, саяси салмақты, құрғақ сөзуарлықтан алыс, күңгірт келеңсіздікке қас, нақты іс, нәтижелі қимылдың адамы Қырымбек КӨШЕРБАЙ – елдің ең жоғарғы билігінде өміршең өзгерістер жасауға кәміл-тін, өкініштісі, Президент Әкімшілігінің тізгінін небәрі 70 күндей ғана тұтам уақыт басқаруға мұрсат алды. Толғаулы тоғыз аптада қазақ қоғамындағы табаны тайғақ тұрақсыздыққа құрық салып, тепе-теңдік таразысын шайқалтпай, қалыпты ұстады. Әйтсе де, оқтай ұшып, шоқтай қызған тым жылдам, тым тығыз, күрмеулі жіптей тым қысқа кезеңде ашынған алаш, қызуқан қазақты жасанды ниет, сүреңсіз көзбояушылықпен иландыру – әсте мүмкін емес еді...

Күні кеше Қызылорда облысын үздік бес өңірдің қатарына қосқан әйдік әкімді күстаналап, желсөз үрлеп, шоқ тұтатып, хакім айтқан «ит көрген ешкікөзденіп», тырнақ астынан – кір іздеген сүреңсіз сарсаңның қоламтасын үрлеу – бос сөз, болбыр болжам. «Екі күймек – бір жанға әділет пе?» (Абай), күпірден – сөз шығарып, іліктен – сынық іздейтін күлімсі қатарына қосатын кісі емес, Қырағам...

*** 

«Көбелекпен жарысып қыз өсетін,

Қабыланмен алысып ұл өсетін...» (Бауыржан ҮСЕН) – Жалағаштай жапанның әнтек желі мен ащы суығына қақталған қазақтың қарадомалағы – қиялдың қиянына қонып, арманның асқарына аяқ басудың ұзақсонар сапарында – білім мен білікті, еңбек пен ептілікті қатар сүйреу керектігін жастай түйсінді.

Құрғақ жерге – қылтанақ қылтаймайды, жас өскінде өнегелі өріс, үкілі үлгі мол болды. Ауыл жастанып, аудан басқарған әкесі Елеу көкем «Балаңа балық берме, қармақ бер!» дейтін ұстанымның ұстасы-тын. Озалдан дарыған қасиет: «Ауырдың үсті, жеңілдің асты» – жетістік пен жеңістің жолы еместігін тым ерте ұқтырды...

Қазақтың «Ханда – қырық кісінің ақылы болады» дейтін түйінінің күрмеуі – шынайы тұңғиыққа, шұрайлы тереңге тартады. Құдай берген қансорпа тірліктің жақсылығы мен жамандығын, ізгілігі мен зұлымдығын, құдіреті мен қасіретін таразылаған Қырағама қияметті қырық қырдың қиясын көруге тура келді...

Мен білетін, сонау 90-жылдары – сол кездегі Қазақ Үкіметбасының орынбасарының қылшылдаған жас көмекшісі Қырымбек КӨШЕРБАЙ...

  1. Ауылдың түтінін жұтып, шаңына аунаған...
  2. Сылқым Сырдың бойында балалық дәуреннің бал дәмін тұшынған...
  3. Қазақтың қарашағырағында ана тілінің тәтті нәрін бойына сіңірген...
  4. Әке көріп, оқ жонған...
  5. Құрбы-құрдаспен қызық кешкен...
  6. Туыс танып, бауырына басқан...
  7. Ауылдастың атын оздырған...
  8. Білімнің соңына шырақ алып түскен...
  9. Ұстазын – ұлық көрген...
  10. Арман қуып, алысқа аттанған...

«Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

«Үлгі алсын» деймін ойлы, жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ – әуел баста-ақ» (Абай) – деген қазақтың қатардағы қарапайым қоңыр баласы болатын.

Қазақ ауылының отынан кіріп, күлінен шыққан; көне жұртының «құралайдың салқыны», «отамалы», «бес қонақ», «теке бұрқылдақ», «қарғаның қыз ұзатуы», «итбалақтың кіндік кесері» дейтін кезек-кезегімен келетін кезең-ғұрпын көңіліне тоқып, санасына сіңіріп жетілген жігерлі жас Қырымбекті қандай да талапай-толқын, келеңсіз кедір-бұралаң тоқтата алмастай еді...

Ақмешіттегі жастар ұйымының серкелігі – тау мен тасқа тиген ғазиз бастың қызықты да шыжықты кезеңіне бастады...

Оңтүстік астананың арайлы аспаны, асқақ Алатау һәм Үкімет үйі – мерейлі мақсат пен мәнді мұрат әліппесінің алғашқы қарлығаш-парақтары-тын...

Елдің ең үлкен шаһарындағы ірі аудан тізгіні – алтын көпірдің баспалдағын төседі...

Үкімет аппараты басшысының орынбасары-бөлім меңгерушісі; Президенттің баспасөз хатшысы-баспасөз қызметінің жетекшісі; Білім, мәдениет және денсаулық министрі; Білім және ғылым министрі – абырой асырып, бедел бекіткен барақатты белестер.

Жаңа ғасыр басындағы айдынды Ақжайық аймағы – адуынды асқардың асау асуы...

Үстірт танып, үміт жаныған үкілі үш жыл – Ресей Федерациясындағы Қазақ елшісі...

Қазынасы қалың, шежіресі қабат, әулиесі әйдік Маңғыстау түбегіндегі тар жол, тайғақ кешкен аласапыран алты қыс...

КӨШЕРБАЙ туралы тәмсілде бұлғыр кезеңнің бозамық болмысы жайлы тілімізді тістеп, төменге түңілер хақымыз жоқ: бәрі де айдай ашық, сана сараптай алар ащы салдар. «Ауыруын жасырған – өледі» демекші, қарсыластардың жалғыз «жалау-қаруы» – Жаңаөзен жарасы. «Бүркеген жерден – бүрге шығады», әулиелер еліндегі қызметке қара күйе жағуға құмарлар есі болса, мірдей билігі бір уыс, жалғыз жұдырықтағы тоқпағы ауыр – шатпағы жауыр елде – басқаша болуы мүмкін еместігін ескерсін. Жаңаөзеннің жазықтысы Қырағам емес: арына дақ, абыройына селкеу түсер себеп жоқ...

Қазақтың тілімен, ұлтының ділімен; бабасының асыл дінімен; ғасырлық әдет-ғұрып, салт-санасымен терең тамырланып:

«Алыстан «Алаш» десе – аттанамын,

Қазақпын – «қазақ» десе – мақтанамын.

Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!» (Міржақып ДУЛАТҰЛЫ) – мүддесін мұрат тұтып, ұлтының ұлағатын тұңғиықтан татып ішкен қазақы жігіт Қырымбек:

  1. Тәлім жиып, тәрбие алды...
  2. Білім бекітіп, білік жинады...
  3. Жұртының жанынан жылу іздеді...
  4. Үлкенге қарап, үлгі тапты...
  5. Кішіні демеп, қамқор болды...
  6. Адал досты – атына мінгізді...
  7. Ұлтын сүйіп, ұлығын таныды...
  8. Мақсат қойып, мұратқа жетті...
  9. Анасының ақ сүтін ақтады...
  10. Үміт жағып, зәңгірге ұмтылды...

Алысқа қарап, жақынды жылытқан Қырымбек ЕЛЕУҰЛЫ «инемен – құдық қазғандай» батпан-бейнетпен кішілігі басым көмекшілік қызметтен – кісілігі кемел көшбасшылық құрметке дейін сатылап өсіп, салиқалы салмақ жиды.

Таза талғам мен тұманы тануға, терең толғам мен бардың бағасын бағамдауға – иман қуаты, ой кемелдігі, сана саңлауы әсте қажет. Сингапур елінің іргетасын мықтап, марқасқалар қатарына қосқан Ли Куан Ю: «Елдің ең құнды байлығы – еңбеққор, үнемшіл, білімқұмар адамдар» – дегенде, Елеу көкемнің ұлындай жалын-жігіт, ерен ерлерді қаперіне алса керек.

Әлемнің ықпалды тұлғаларының бірі, америкалық мемлекет қайраткері Генри А.Киссинджер: «Шарықтау шегіне жеткендей көрінетін айрықша ақылды есеп-қисаптарды – орасан ойлы адамдардың өзгерте алатындығын тарих дәлелдеп берді. Күрмеуі қиын мәселенің оң шешімін табуына «Қалыптасқан жағдай әсер ете ме, әлде, кісінің жеке қабілетінің ықпалы күшті бола ма?» дейтін ескіден келе жатқан даулы сұраққа Сингапур мемлекеттігінің атасы Ли Куан Ю таласпайтындай нақты жауап тауып, соңғы нұсқаның шындығына адамзаттың көзін айқын жеткізді» – деп ашық айтып, әділ бағасын берген-ді. Толық тоқырап, әбден қалжыраған бейшара-кедей елді Ли Куан Ю – ширек ғасырда әлемдегі экономикасы аспандап дамыған, аса бақуатты жұртқа айналдырды. Ситгапурдағы жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 15 есе өсіп, 400 АҚШ доллары деңгейінен – 12,2 мың долларға дейін шарықтады...

Кісінің жеке қабілеті ықпалының күштілігін – кешегі Ақжайықтың ақжарқын кейпі, Маңғыстаудың маңғаз келбеті, бүгінгі Сыр бойының берекелі бедері айқын дәлелдеді. Доспамбет Жырау бабамның мақамдауынша:

«...Арыстандай... алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес.

Кілең бұздай кілшейтіп,

Көбелер киген өкінбес...

...Сарыарқаның бойында,

Соғысып өлген өкінбес!..»

Ең өкініштісі, «Түлкі – түгінен жазады» деген, біз жақсының шапағаты мен күштінің қуатын бағалауға келгенде, тобық жұтқандай тымыраюдан арыла алар емеспіз... Жаратушымыз он ұлттың – он өкілінің дұғасын қабыл етіп, сұрап-тілегенін орындайтындығына уәде кесіп, барлығына ортақ бір шарт қойыпты: «Көршілеріңе сенің сұрағаныңнан – екі есе артық нәсіп беремін!» деп. Сонда менің қазекем: «Қоңсымды қосарландырып жарылқағанша, менің бір көзімді ағызып жібер!» деген көрінеді. Осы әфсана – пәнидегі пендешілік қызғаныштың қызыл итінің аяусыз талайтындығын, көреалмаушылықң көктырнағының кесір-кесапаттығын тура таразылайды...

КӨШЕРБАЙдың көшелі немересінің тағдыр-талайы да тақтайдай – тегіс, оқтаудай – түзу бола қойған жоқ, бейнетке белшесінен батып, қияс-қиянаттың көкесін көрді...

  1. Терін төгіп, кермегін сыққан...
  2. Жастық көрмей, жастығын өткізген...
  3. Елін сүйіп, есесін жиған...
  4. Иманға иланып, жиғаннан жеріген...
  5. Әмірге бағынып, Тәңірге тәу еткен...
  6. Арын сақтап, барын ақтаған...
  7. Сабырмен достасып, қадірмен қауышқан...
  8. Жатқа жүгінбей, қандасын қорғаған...
  9. Шегін түсініп, шекарасын білген...
  10. Іргесін мықтап, білмесін – іздеген...

Қырағамның ұранды жорық, сүренді сүлелері орыстың орамды шайыры Сергей ЕСЕНИНнің:

«...Әлжуаз-нәзік болсам да,

Батырсып, бұра тартушы ем.

Мұрнымнан қызыл қан саулап,

Таяқ жеп үйге қайтушы ем.

Өрмінез едім бұрыннан,

Өзгерген жоқпын мен де аса –

Соғылсам бұрын мұрыннан,

Жүрегім қазір қан-жоса!..» – дейтін дегдар-жолдарын есімізде еріксіз оятады...

Қиындықтары мен қуаныштары алмакезек ауысқан алаштың анасы – Қызылордадағы тағдырлы жеті жазда: «Сыр өңірі – құдайдың нәсіп қылған мол қазба байлықтарына кемел бізге берілген тәңірдің сыйы» – дейтін сындарлы сөз айтып, телегей-теңіз тербеле аққан барақатты байтақ өлкенің ерке суы – Сырдарияның сартап жағасында кір жуған қазақтың қарадомалақ Қырымбегі:

  1. Адамдық суаты мен қағандық қуатын...
  2. Обалдың орасаны мен сауаптың сұрауын...
  3. Ізгілік ілкімі мен игілік икемін...
  4. Пайымның парқы мен парасаттың нарқын...
  5. Іскерліктің ілігі мен толғамның тұнығын...
  6. Керімнің бармағы мен сенімнің салмағын...
  7. Жалғанның жазуы мен көкжалдың азуын...
  8. Тірліктің шаяны мен бірліктің баянын...
  9. Қызылдың ұясы мен қыранның қиясын...
  10. Шынайы ердің белі мен Құлагердің терін... бастан кешіп, бойына сіңірді.

Кіндік қаны тамған киелі топырақтағы сыралғы жеті жылда 37 жаңа мектептің іргесі қаланып, 71 тың өндіріс өркен жайды. Хикметтің қиянынан – нығметтің шұғыласы көрінді...

***  

Хакім Абайдың 42 қара сөзіндегі: «...Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абұйыр да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу мақтан. Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы жетеді...» – дейтін кермек ақиқат, шалымды шындықты дөп басқан Қырағам: «Алаш масылдықтан арылса, әлеуетіміз мықты болады» – деген түйін қайырды.

«Келер-келер Кенесары жүзге келер,

Жүзге келсе Кене хан өзі-ақ өлер...» – деп, қырғыз айтпақшы, қазақ қоғамында ондаған жылдар бойы қордаланып, түйінін таппай келе жатқан шаш-етек шаруалардың; кешенді, күрмеуі қиын мәселелердің шешімі табылар; малы бүтінделіп, жаны түгелденер. Тегінде, «қырық жылғы қияметті – жетпіс күнде жарылқай қоймадың» деп күстаналау – қисынсыз қиянат...

Пайғамбарымыздың мүбәрәк жасын пайымдап, шаруасын артық айқай, дау-дабырасыз үнсіз атқаратын «Біздің кезеңімізді ұрпағымыз ризалықпен еске алады» деген талапшыл басшы Қырағамның болмыс-бітім мен таным-түйсігі – тым тереңнен Күлтегін, Білте, Шыңғысқан, Жошы, Кенеден тартып; Абыл, Ақтан, Қашаған, Махамбет пен Исатайға иланған; Фараби, Йассауи, Бұқар, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәһкәрімнен шер тарқатып; Жұмекен мен Мұқағалимен мұңдасқан; Әбіш пен Фариза, Ақселеу мен Тұманбаймен толғап-сабақтасып, біте қайнасқан....

Ұлттық құнардан тамыр алған ілім мен қазына-кітаптан жиған білімнің арқасында орыс жұртындағы елшілік еңбегінде қатары қалың, қатері қуатты қоңсымен шекараның әр сүйемін майдан қыл суырғандай жұмсақ алып, жылы жапсырған; әр ауылдың ақ шаңын бұрқыратып белшеден жаяу кешкен әкім Қырағамның – қазіргі қазақ қоғамының сұранысы мен тілектеріне құлақ асуға тырысып, қайымға үміт үрлеп, сенім ұялатқан қолжетімді көшбасшы Қасым-Жомарт ТОҚАЙдың жігерлі жетекшілігімен – Мемлекеттік хатшы қызметін де қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақ мұнтаздай майпаздап, кіршіксіз-кірбіңсіз таза атқаратындығына шүбәм жоқ. Жамбыл ЖАБАЙ жәкемнің:

«Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?» – дейтін тапқыр ой, шалқар шабытының кермек шерін қалқып алып; келешек күмбезіне көз тіксек: күресін ғұмырда жебедей өткір қайралып, кісілік пен түсініктің, парыз бен борыштың, адамдық пен азаматтықтың үлгісін үрлеп, өнегесін өрнектеген; ақыл ауқымы кең, дара дарыны тең; тағдырдың ыстық-суығына шымырдай шынығып, құрыштай қатқан әрі шойындай шыңдалған кәтепті қара нардай Қырағамның қазіргі кезі – мәуе-шәуесі пісіп-жетіліп, нәрі мен барын бойына жинаған; елін емірентіп, жұртын жемісіне тойдыратын келісті, кемел шағы.

Кемел-күннің – шуағы мол, күнгейі зор болады...

Мыңжан Байжанин

Abai.kz

2 пікір