Жұма, 27 Желтоқсан 2024
2879 0 пікір 19 Қыркүйек, 2019 сағат 11:40

Гүлшара Әбдіхалықова: Кәсіпкер әйелдер 1 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әйелдерді әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлік тұрғыда жәрдем беру қарқынды жолға қойылған. Тамыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында “Атамекен” Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Іскер әйелдер кеңесінің V конгресі өткен болатын.

Аталған конгресте әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жөнінде бірқатар нақты шараларды қабылдау туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, конгрес барысында алғашқы бес жылдықтың қорытындысы да жасалды. Қазіргі таңда барлық республика бойынша Іскер әйелдер кеңесінің құрамында өз кәсібін дөңгелетіп отырған 1730 әйел кәсіпкер бар.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова бүгінгі кезеңде әлемде және жергілікті экономикадағы көрсеткіш нәтижесіндегі әйелдердің үлесі туралы айтып өтті.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы:

-Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әйелдердің әлеуетін толық деңгейде жүзеге асырылмауы салдарынан әлем жылына 30 трлн АҚШ долларына дейін жоғалтады екен. Сондықтан қай континентте болмасын, програссивті қоғам әйелдердің саясатта, экономикада және әлеуметтік салада қомақты рөл атқаруына қызығушылық танытып отыр. Әйелдердің мүмкіндік аясын кеңейту үшін Президент жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді, – деді.  

Гүлшара Наушақызының айтуынша, қазіргі таңда қоғамдағы нәзік жандылар Елбасының “Цифрлы Қазақстан”, “Рухани жаңғыру” бағдарламаларының іске асуына, төртінші өнеркәсіптік революция элементтерінің жүзеге асырылуына қарқынды үлес қосуда. Қазіргі таңда, жеке кәсіпкерлердің 52% і нәзік жандылар құрайды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерліктің тізгінін ұстағандардың 43% тен астамы қыз-келіншектер. Бүгінде олар 1 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

“Атамекен” ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахмет те іскер әйелдердің жетістіктерін тілге тиек ете келе, ер-азаматтардың  кәсіпкерлік саласында қыз келіншектерден үйренетін тұстары бар екенін де атап өтті.

 Абылай Мырзахмет, ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Басқарма Төрағасы:

-Қызмет етудің 5 жыл ішінде сіздер ұйымдастырушылық және жеке іске жауаппен қараудың жоғары үлгісін көрсеттіңіздер. Бізге, ерлерге мұны сіздерден үйрену керек. Осы мерзім ішінде көп меже өткеріліп, жобалар жүзеге асты. Әсіресе өңірлерде атқарылған жұмыс қуантады, – деді.

Одан соң, “Атамекен” ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының әйелдер кеңесі жөніндегі төрайымы Ләззат Рамазанова осы уақыт ішінде атқарылған жұмыс нәтиселері туралы айтты.

Ләззат Рамазанова, “Атамекен” ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы әйелдер кеңесінің төрайымы:

-Белсенді әлеуметтік жұмыстың жылдары ішінде   Кеңес мүшелері әйелдердің іскерлік қоғамдастығын қолдау бойынша 1500 іс-шара өткізді, бұл жұмыстарға 10 000-нан астам әйел қатысты. Былтыр Іскер әйелдер кеңесінің IV Конгресі шеңберінде Өңірлік кеңестердің жетекшілері Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құрды. Қорды құру барлық кәсіпкерлерге ортақ мәселені – микроқаржы механизмі арқылы қаржыландыру мәселесін шешеді. «Қазақстан халық банкі» АҚ-пен тиісті меморандумға қол қойылды және кәсіпкер әйелдерді жеңілдікпен несиелеудің алғашқы бағдарламасы іске қосылды. Қазақстанда алғашқы «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы және елордада жуырда өтетін Жеңіл өнеркәсібінің алғашқы форумын ұйымдастыру  – ұйымның сәтті тәжірибесі деп айтуға болады, – деді.

Одан бөлек, ауылдағы әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту мәселесі де маңызды. Ол үшін биыл “Атамекен” Азия даму банкімен бірлесе отырып, Қазақстанның сегіз өңірінде әйелдерге арналңан тренингтер өткізді.

Айгүл Ақшалованың айтуынша, ауыл әйелдеріне қаржылық және ақпараттық тұрғыдан аз ғана көмек қажет.

-Әйелдерді үйреншікті ортадан, күнделікті күйбең тірліктен, бір сарынды әрекеттерден жұлып алып, анағұрлым қолайлы жағдайларға ауыстыруда. Бұл жайт бұрын сен ешқашан көрмеген және айналыспаған нәрсені  істеп көруге, мықты бизнес-тренермен жаттығуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі тиісті нәтиже беруде. Әйелдер – қайырымды орта, ал ауыл әйелдеріне ақпараттық және қаржылық тұрғыдан кішкене ғана қолдау керек. Бастапқыда мұндай көмек оқу ақысын өтеу ретінде болсын», – деді ол.

Сонымен қатар, Түркия Республикасының Кайсери қаласынан келген кәсіпкерлік одақтың төрайымы Илжу Тугбахан бауырлас Түркиядағы әйелдердің жаңа технологияларды игеру мен оларды экономикалық сауаттылықтарын ашу үшін қалай жәрдемдескені туралы да өз тәжірибесімен бөлісті. Бүгінгі таңда Тугбхан басқаратын одақ жеті мың түрік әйеліннің басын біріктірген. Онда, кәсіпкерлік саласындағы үздіктер, азаматтық қоғам мүшелері мен өз саласының үздікері топтастырылған.

Илжу Тугбахан, Түркиядағы кәсіпкерлік одақтың төрайымы:

-Одағымыз кәсіпкер-әйелдердің елімізде сапа әрі сан жағынан өсуін қамтамасыз ету және оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында саясатты әзірлеу бойынша миссияны қолға алды. Біз экономикалық саяси және әлеуметтік мәселелерімен жұмыс істейміз. Серіктестерімізбен әзірлеп жатқан «Менің әпкем» жобасы шеңберінде  9 300 әйелді цифрлық сауаттылық, ақапараттық қауіпсіздік, қаржы сауаттылығы және қолдаңбалы қаржы бойынша оқыттық. Белгілі болғандай, 2018 жылы ұйымымыз, «Атамекен» ҰКП және Түркияның іскер әйелдер кеңесі кездесу ұйымдастырып, бірлескен экономикалық мүдделерді ілгерілету жөнінде келісімге қол қойды, – деді ол.

Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген әйелдер кеңесінің президенті Фарида аль-Ауади да қыз-келіншектерге деген тілектестігін білдірді. Оның сөзінше, араб әйелдері өзін дамыту жолында көптеген қиындықтарға жолығады.

Фарида аль-Ауади, БАӘ Іскер әйелдер кеңесінің президенті:

-Біз араб әйелімен, ол қай жерде болмасын, мақтанамыз. Барлық қиындықтарға қарамастан, ол барлық кедергілерді өткеріп, өзіне жол таба білді. Араб әйелі ол шешім қабылдауға мүмкіндігі болған кезде табысты бола алады. Әйелдеріміздің 200-ден астамы әлемде айтулы жетістікке жеткендердің тізіміне кіруі бізді қатты қуантады», – деді ол.

Түйін. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Қазіргі таңда Қазақстан әйелдері еліміздің дамуына ерекше үлес қосып отыр. Адамзаттың нәзік жанды өкілдері ел экономикасының түрлі салаларында, мемлекеттік қызметтерде, ғылымда, жеке кәсіпкерлікте, денсаулық сақтау мен білім беру саласында еңбек етуде. Елімізде мемлекеттік қызметшіердің жартысынан астамын әйелдер құрап отыр” деген болатын.

Сәйкесінше, Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып келеді. Сонымен қатар, Елбасы еліміздегі гендерлік саясатты нығайтуға бағытталған бірқатар міндеттерді анықтап, айқындап берген еді. Солардың ішінде отбасы институтын нығайту да негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Сондай-ақ, Елбасы балаларға қатысты кез-келген зорлық-зомбылықты жойып, келешек ұрпақтың тәрбиесіне партиоттық сезімді күшейту арқылы тәрбиелеу қажеттігін айтқан. Елбасының осы бір саясаты бүгінде қоғамдағы әйелдердің әр салада үлесінің артып, нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал етіп отыр. Олардың әсіресе кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері қоғамның әр азаматына айтарлықтай үлгі бола алады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054