Әкең келе жатыр...
Мен ес білгелі «Әкең келе жатыр» деп анам Қамария айтқанда, шашылып жатқан үйдің ішін жинастырып, үсті-басымызды ретке келтіріп, шулап жатқан баламыз «қой аузынан шөп алмайтын жуас» бола қаламыз. Кешкісін әкеміз жұмыстан шаршап келіп бірінші болып тамақтан дәм татпайынша, біз қол салмайтынбыз. Бұл өзі атам қазақта ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан, еш жерде жазылмаған қағида. Ішімізде біреуіміз жаман сөз айтып қойса, анамыз бұл сөзді «әкең естісе ғой» жаныңды шығарады десе, зәре-құтымыз қалмайтын, анамыздың бұл тәлімі өсе келе отағасының беделі үшін айтатынын түсіндік. Анам Қамария әкем Кеңеспен 33 жыл отасып атын атамай 2005 жылдың 11 маусым күні бақилық болды.
Балалардың әкесі, отағасы, күйеуім деген сөз тіркестерін қолданатын. Қазіргі келіншектердің күйеуінің атын атамау былай тұрсын, қол көтеріп, төбелесіп ақыры сотқа арыз жазып, ажырасып жатқандарды күнде көріп жүрміз. Кез келген отбасының рухани материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы үйдегі әкеге тікелей байланысты. Бір кездері әкенің тәрбиесі мен үлгі—өнегесін қастерлеген халық едік. Алайда қазіргі қазақтарда төрдегі орны есікке көшіп, босағадан сығалаған бейшара әкелер пайда болғаны жасырын емес.
Үлкен—кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, «қолыңнан түк келмейді, қомақты қаржы таппайсың» деп балағаттап сөйлейтін қатын—қалашты көзіміз көріп жүр. Анасының осы сөздерін естіген бала әкесін қалай сыйласын? Сабырсыз, тәубасыз әйелдер күйеуінің ақша таппағанын бетіне басып, бала—шағаның көзінше намысын таптаудан тайынбайды. Тамақ пен киімге жарытпаған әкесін іштей кінәлаған бала оған деген сенімін жолғалтып, құрметтемейтін болады. Осының бәрі әуелі бізге орыс халқынан жұққан ауру еді. Енді ол аз болғандай, дендеп енген сырттан келген гендерлік саясат та әйелдерге басымдық берді.
Осылардың бәрін сараласақ, ер—азаматтардың нәзік, ынжық, жігерсіз болуы қоршаған орта мен қоғамда қалыптасқан жүйеден екенін мойындаймыз. Бала—шағаның көзінше ұрыс—керіске жол беру ата-ананың түзелмес қателігі дер едім. Отбасылық кикілжіңді болдырмау кез келген әйелдің қолында екенін ескерсек, әрбір ер азаматтың беделі мен орнын сақтау да әйелдеріміздің пайым—парасаттылығымен өлшенеді.
Сондықтан әйелдің еріне деген көзқарасы, қарым—қатынасы балаларына берілетінін есте ұстау керек. Кеңес одағы ыдырап, Қазақ елі өз алдына отау тігіп, 1991-2001 жылдар аралығында елдегі әлеуметтік—экономикалық жүйенің ойнамалығының жер—жерде жұмыссыздық белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс—керісті, дау—жанжалды ушықтырды. Соның салдарынан әке мен баланың арасына салқын сызат түсті, әке сыйламау үйреншікті көрініске айналды.
Дүрбелеңге толы мына жалған дүниеге өз баласына өгей болып жүрген байғұс қариялар да жеткілікті. Сонау Абай заманында да «Әкесін ұрғанды талай көріп едім, бірақ арбаға байлап ұрғанды бірінші көруім» деген екен. Тіпті, әке-шешесіне қол көтеріп, соққыға жығып, өлімге қиып немесе қартайғанда керек емес заттай кеудесінен итеріп, қарттар үйіне тапсырып жатқандар арамызда жыл санап көбейіп барады деп еді өз сұхбатында жазушы Зейнеп Ахметова. «Әкесіз де бала өсіруге болады» деп өз әрекеттерін жақтайтын Батысқа еліктеген шошақай ханымдар күн санап көбеюде. Әке тәрбиесін көрмеген, оның алақанының жылуын сезінбеген, ұлағатты сөздерін естімеген ұл бала болашақта қандай ер азамат болады? Толыққанды отбасы болмаған шаңырақта әкесіз өскен баланың ертеңі не болмақ?
Тәрбиені тек анасынан көрген, үнемі қыз—келіншектердің арасында өскен ұл бала батыр, еш нәрседен жасқанбайтын, ержүрек батыл әрі төзімді, ешқандай қиындықты мойымайтын азамат болып қалыптаса алмайды.
Міне, осының бәрі ең алдымен біздің ислами тәрбиеден, ұлттық тәрбие мен ұлттық салт-дәстүрімізді сыйламай, бірыңғай орысқа еліктетіп тәрбиелеуден болды. Өз басым «Әке» деген асқар таудай асқақ сөзді естігенімде көз алдыма әкем Кеңестің бейнесі келеді де тұрады. Әркімнің де осындай күйде болатынына күмәнім жоқ. Ал, әкесіз бейкүнә туылып жатқан қаншама балалардың есейгенде әкесі туралы не ойнайтынының өзі қорқынышты. Әкем бала күнімде мені көлігіне міңгізіп, алыс жолға бірге алып жүретін. Жол-жөнекей мені сөзге тартып сөйлетуге тырысатын. Сөз арасында кейбір сөздерді дұрыс айтпасам, балам ол сөз былай айтылады дейтұғын. 1995 жылы жоғарғы әскери оқуға түсіп, алты айдан соң, үйге демалысқа келгенде, біздің үйге генерал мен үш полковник келіп дәм татқаны бар. Сонда алғаш рет әкемнің қуанғанын, ұлының ер жетіп офицер болатынына сенді—ау деймін.
Әке бала болып екеуара шәй ішіп отырып шүйіркелесіп айтылған әңгімелері, оңаша ойласулары да әрбір адамның сонау балалық шағында басынан өткерген, сол бір күндерім есіме түскен сайын көзіме ыстық жас үйіріледі, жүрек қылын шертіп, еріксіз жанымды елжіретеді. Осындайда біздің ауылда көрші тұрған Сәрсенбай ақсақалдың өмірі есіме еріксіз орала береді. Өйткені, ол кісінің өмірі бірнеше кітаптың жүгі боларлықтай, удай ащы, әрі балдай тәтті болғанын, әкем айтып отырушы еді.
Қысқаша тоқтала кетейін, Сәрсенбай ата 1923 жылы дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық, жоқшылықпен өтсе, бозбалалық кезінде соғыс басталып кетіп, әскерге алынады. Содан жұрт соғыстан 1945 жылы қайтса, Сәкең 1948 жылы кеудесіне «Кеңес Одағының батыры» деген орденді тағып, әзер дегенде елге оралады. 1953 жылы Бәтима әжейге үйленіп бес ұл бес қызды болады. Сәкең жақсы қызметте істеп, он баласын жақсы тәрбиеледі, өсірді, оқытты, адам қатарына қосты. Ақылын айтып, көмегін беріп тұратын. Бір сөзбен айтқанда, балаларының бар жағдайын жасап, аяғынан тұрғызды. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған соң, Бәтима әжей 2001 жылы қайтыс болды. Сәрсенбай ата жалғыз қалды. Ақыр соңында 2005 жылы 20 ақпан күні он баланың біреуінің үйіне сыймай, қарттар үйінде қатқан қара нанды тістеп жатып о дүниеге аттанды. Бұл тағдырға не дерсіз?
Әттеген—ай, осындайда қарт әке—шешеге бір сәт көңіл бөліп, олармен пікірлесуге, мұңдасуға уақыт таппайтын, «ой қойшы, олар қандай ақыл айтады бізге» деп мұрнын шүйіріп, 11 баланы өсірген, 28 немере 7 шөбере сүйіп отырған ата-анасын жеке пәтер әперіп, оңаша қалдырған досымды көріп жылағым келді. Сонша баладан қайыр жоқ екен, бір Алланың өзі сақтасын. Осындайды жазғың да, айтқың да келмейді, өйткені менің де ұл-қызым өсіп жатыр, ертең олар өскенде маған не істері белгісіз. «Әуелі Құдай ақырымды бер» деп жүремін.
Ата-ана өз балаларының алдында сыйлы, беделді қадірлі болғаны абзал. Балаларымен ой бөлісуге әрдайым уақыт тауып, оның ішкі жан-дүниесінде болып жатқан өзгерістерді бақылауға ұстаған жөн деп санаймын. Әйтпесе, жас бала ақылдасар кісіні сырттан іздейді, ауладағы көшедегі замандастарының пікірі бойынша ой түйіп, солардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Балалар біздің бет—бейнеміз тәрізді, біздің көрген тәрбиесін келер ұрпаққа жеткізетін жалғастырушы екені белгілі. Сондықтан дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» демекші, өсе келе олардың дұрыс адам болып қалыптаспауына өкінішпен бармағымызды шайнап жүрмесек болғаны.
Өсе келе әкелердің бәрі бірдей емес екенін түсіндік. Олардың берер тәрбиелері де әртүрлі. Кезінде мектепте менің жақын Әмір деген досым әкесі туралы ештеңе айтпайтұғын. Сүйтсем, «бір күні сыныптасым, бәрін бастан аяқ айтып берді, әкесі ащы суға жақын, ішіп алса, бұл әлемде одан артық жынды адам жоқ, Әмірдің анасын пышақ алып қуады екен, сәби күнінен бастап әкесінің мейірім—шапағатын көрмей өсіпті. Ондай әкенің барынан жоғы жақсы. Ауыл адамдары да, жора—жолдастары да әкемнен іргесін аулақ салғалы қашан.
Кейде ұяламын, әкемнің осындай болғанына. Жұмамұрат сен әкеңді мақтап отырасаң, ал мен әкемнің қай жерін мақтайын өзің айтшы, әкенің шарапатынан баяғыда—ақ күдер үзгенмін деп күрсінді. Шынында да, әр адамның тағдыры әртүрлі кейбір әке өзінің баласы үшін дос немесе әріптес емес, қол жетпейтін, түсініксіз, көп жағдайда тек жазалаушының рөлін атқарады. Ол күні бойы жұмыста болады, ал үйге келгеннен кейін өзінің жеке шаруаларымен, теледидар көрумен немесе компьютердің алдында отырумен айналысады. Ал байғұс бала өз ісімен айналысып жатқан әкесін айналшықтап, бірақ жанына баруға бата алмай жүреді. Иә, мұның көңілді көрініс емес екендігі айқын. Әке мен баланың арасында көзге көрінбейтін кедергі тұрғандай.
«АҚШ-тың психологы Джон Смит 100 жас әкелердің арасында сауалнама жүргізіпті, нәтижесінде олардан балаларымен қанша уақыттарын бірге өткізетіндерін сұрайды. Олардың көпшілігі шамамен былай жауап берген; «Ол қазір не түсінеді! Біраз өссін, сол кезде. Ал әзірше анасы мен үй қызметкері қарайды ғой». Иә, бұл түсінуге болатын ұстаным. Бірақ, көбіне жылдар өте береді, ал әлгі айтылған «сол кезде» орнындалмаған күйі қала береді. Ал мұндай өзін аулақ ұстаушылық уақыт өте келе түсініспеушілікке, сенімсіздік пен ұрыс—керіске алып келеді. Балаға кішкентай кезінде оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеу (бірге серуен құру, ойнау, әңгімелесу) кейіннен олардың қарым—қатынастарына әсерін тигізеді, бұған қоса, көп жағдайда ондай балалар әкелеріне сенбейді және оны жақын тұтпайды».
Осыдан жүз жыл бұрын өз заманының данышпаны Кердері Әубәкір «Заманым бұлай болған соң» деген өлеңінде
Замана деген—желмая,
Қалмасақ, халқым, жақсы еді.
Желмаядан жығылып.
Атаны билеп ұл кетті,
Қожаны билеп құл кетті.
Баласы келсе он беске,
Ата-анадан күн кетті,
Білмеді бала құрметті.
Ағайын-туған, қарындас,
Бір-бірінен бұл кетті.
Қыз ананы биледі,
Анаға билік тимеді.
Атасы қосқан адамын,
Өз дегені болмаса,
Халалым деп сүймеді.
--Қыз ұяттан айырылып,
Көңілін шайтан сүйреді,
Абырой кетті жігіттен,
Айрылды әдеп, биліктен.
Әдеп, ақыл—сары алтын,
Қалай етіп шіріткен?
Ерінің айтқан сөзіне
Қатыны мойынсұнбады,
Еріне қызмет қылмады,
Жалынып күнін көрмесе,
Қатты айтсаң, қатын тұрмады,
Кітаптың сөзін тәрк етіп,
Өсекті баса тыңдады,
Қарттардан кетті ауырлық,
Сопыдан кетті сабырлық,
Тұман басты заманды,
Біз заманға нағылдық?—деп, халқының, ұрпағының бүкіл жандүниесі, пиғылы орасан зор қасіретті өзгеріске ұшырап бара жатқанын көз жасын көл-дария қыла отырып жырлаған екен. Ғұлама шайыр бүгінгі қазақтың ұлттық бет-пішінінен жұрдай болып, ананың да, мынаның да көшірмесі сияқты күйге түскен. Бүгінгі қазақты сол кезде-ақ анық көріп отырған ба дерсің.
Бұл фәниде өз перзентіңе жетер ештеңе жоқ шығар. Ол өзіңнің ізбасарың, өміріңнің жалғасы. Қу тіршіліктің мәні мен сәні, көзіңнің шамшырағы. Ертеңгі күні кімді қандай қарттық күтіп тұр ешкім дөп басып айта алмайды. Көп жылдар өтіп, балалар өсіп, бойдан қуат кеткен соң, ешкімге керек болмай қалудан күндеріңе, жылжыған жылдарыңа қарап тұрып: «Мен артыма дені сау ұрпақ қалдырып барам ба, халқыма қандай пайдам тиді, елімнің дамуына кішкентай болсада үлес қоса алдым ба, өмірімде қандай із қалдырдым?» деп бір сәт ойланатын кез кім кімде де болатын шығар—ау.
Жұмамұрат Шәмші
Abai.kz