Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
2791 1 пікір 10 Қазан, 2019 сағат 11:03

Жаңаөзен жұмысшылары: "Кәсіподақ құрғанымыз үшін қудаландық"

9 қазанда "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына қарайтын "Кезби" мердігер компаниясының вахта ауысымына шыққан жүзден астам жұмысшысы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына жиналды. Олар компанияда "жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құрғаны үшін қудаланып жатқанына" шағымданды.

Наразы жұмысшылар Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың бұл іске араласуын талап етті. Бірақ жұмысшылар алдына әкім емес, оның орынбасары Ғалым Байжанов шықты. Өздерінің әкімге үшінші рет келіп отырғанын айтқан жұмысшылар әкім өтінішімізге құлақ аспады деп ашуланды.

- Халық үшін тағайындалды емес пе? Халық екі рет келді, неге тыңдамайды? Әкімді көрейік, мұң-мұқтажымызды тыңдасын. Менің өміріме де қауіп төніп тұр. Жұмыс беруші жұмысшыларға қысым көрсетіп жатыр. Кәсіподақ жұмысына заңсыз араласып отыр. Оларды қорқытып, арыз жаздырып, бригадаға барып, қорқытып жүр. Жеке меншік мекемеміз дейді. Сонда халық жеке меншік пе? Адам құрлы көріп отырған жоқ, - деді кәсіподақ төрағасы Азамат Жапаров.

Ғалым Байжанов жұмысшылардың шағымын еңбек инспекциясына жібергенін, оны қарау үшін 1-2 ай уақыт қажет екенін айтты. Ал жұмысшылар "өтінішіміз қаралғанша жұмыссыз қаламыз" деп арыз-шағымдардың баяу қаралатынын сынады.

Компания жұмысшысы Азамат Жапаровтың айтуынша, кейінірек жұмыс берушілер әкімдікке келіп, үш тарап болып мәселені талқылаған. Бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.

Жиыннан соң кәсіподақтарын қорғауға тырысқан жұмысшылар әкімдік алдында тұрып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, көмек сұрады.

"Біз, "Кезби" жұмысшылары, әріптестік әлеуметтікті нығайту мақсатында алғашқы кәсіподақ ұйымын ашқан болатынбыз. Алайда бізге жұмыс беруші тарапынан түрлі қысым көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, кәсіподақ мүшелерін кәсіподақтан қоқан-лоқы көрсетіп, шығарады. Кәсіподақ төрағасының өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатыр. Мекеменің жоғары лауызымды басшылары қарапайым халықты кәсіподақтан шығуға үгіттеп жатыр" деді үндеуді оқыған "Кезби" жұмысшыларының бірі Айберген Аққозиев.

"Кезби" компаниясы жұмысшыларының кәсіподағы ресми түрде 2019 жылы 25 шілдеде тіркелген. Ол Жаңаөзен қаласындағы "Ынтымақ" салалық кәсіподағының құрамына енген. Кәсіподаққа 600-ден астам жұмысшы мүше.

"Кезби" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1992 жылы құрылған. Ол Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына ұңғымаларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2031