Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саңлақ 9038 7 пікір 10 Қазан, 2019 сағат 13:03

Қазақ спортының қожасы - министрлер мен миллионерлер

Қазақстан бокс федерациясының жылдық конференциясында Тимур Құлыбаев аталған ұйымның басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді.

Тимур Құлыбаев бокс федерациясын ғана емес Ұлттық Олимпиада комитетін де басқарып отыр. Сондықтан, ҰОК құрамына кіретін олимпиадалық спорт түрлеріне бюджет қаржысын бөлуде тізгінді тең ұстау үшін федерация басшысы қызметінен кеткен көрінеді.

Тимур Асқарұлы бокс федерациясын 2009 жылдан бері басқарып келді. Ал Ұлттық Олимпиада комитетін 2015 жылдың қыркүйегінде қолға алған. Биыл қыркүйекте бұл қызметке төрт жылдық мерзімге қайта сайланған.

Тимур Құлыбаевтың бұдан бөлек ҚР Су спорты федерациясының президенті деген де лауазымы бар еді. Бұл федерацияны 2016 жылдың қазан айынынан бері басқарып жүрген. Енді бұл ұйымды бұрынғы бас хатшысы Андрей Крюков басқарады.

«Өздеріңіз білесіздер, мені Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта тағайындады. Спорт туралы қабылданған заңдағы өзгерістерге сәйкес, ҰОК бюджет қаржысын олимпиадалық спорт түрлері арасында саралауға сәйкес үлестіреді. Бұл жұмыс бір жылдан бері іске асуда, сол себепті, тараптардың кикілжіңге келмеуін ойлап, Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», - деді Тимур Құлыбаев.

Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметіне бұған дейін халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президент міндетін атқарған Кеңес Рақышев тағайындалды. Оны бұрынғы президент Құлыбаевтың өзі ұсынған екен.

Қазақстандағы 7-ші бай Кеңес Рақышев

Ал отандық боксты дамытудағы еңбегін ескерген атқарушы комитет мүшелері Тимур Құлыбаевтың өзін федерацияның құрметті президенті етіп сайлады.

Айта кетейік, Тимур Құлыбаевтың басшылығымен қазақстандық боксшылар Лондондағы Олимпиада ойындарында бір алтын, бір күміс және екі қола, 2016 жылғы Бразилия ойындарында бір алтын, екі күміс және екі қола жеңіп алды.

Қазақстанда спорт федерацияларын әкім-қаралар мен министр-миллионерлер басқару әдетке айналған. Құлыбаевтан бөлек премьер Асқар Маминнен тартып бірқанша министрлер, әкімдер спорт федерацияларының тізгінін ұстап отыр. Атап айтқанда:

Похожее изображение

ҚР Хоккей федерациясының президенті - премьер министр Асқар Мамин;

Похожее изображение

Қазақ күресі федерациясының президенті - ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев;

Похожее изображение

ҚР дзюдо федерациясының президенті - Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров;

Картинки по запросу Кәрім Мәсімов

Жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті - ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов;

Похожее изображение

ҚР футбол федерациясының президенті - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бұрынғы Басшысы (былтыр зейнетке шықты) Әділбек Жақсыбеков;

Картинки по запросу Даниал Ахметов

ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Бұлардан бөлек, ҚР ауыр атлетика федерациясын басқарып отырған Жанат Түсіпбеков, ҚР теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, ҚР күрес федерациясының басшысы Сауат Мыңбаев мырзалардың да спортқа қарағанда билік пен бизнеске жақын екенін жұртшылық жақсы біледі. Тіпті күні кеше ғана Тимур Құлыбаевтың орнына бокс федерациясының басшылығына келген Кеңес Рақышев та елге белгілі бизнесмен.

Енді сұрақ, спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы басшылар өзі басқарып отырған федерацияның дамуы үшін үлес қоса алма ма? Мысал үшін айтайық, өмірі жұмсақ креслода отырып келе жатқан Даниал Ахметовты жеңіл атлетика саласы үшін таптырмас маман деу қиын. Сол секілді Әділбек Жақсыбековтің да алған білімі мен еңбек жолы футболға мүлде қатыссыз.

Дәл осы аюға қой бақтыратын қылығымыз қазақ спортының дамуына тұсау болып келеді. Бұған қоса, спорт саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа да осы министр-миллионерлердің жауапкершілігі бар. Спортты қосымша кәсібіне (табыс көзіне) айналдырған шенділердің федерацияның суымен кіріп, отымен шығуға ынтасы да, уақыты да жоқ екені сөзсіз.

Сол үшін спорт федерацияларын әр саланың өз маманы басқарса оң болар еді. Кәсіптік маман өз ісін жақсы біледі. Бұған қоса, өзінің сүйікті кәсібіне жанашырлық танытатыны тағы бар.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963