Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 8681 3 пікір 16 Қазан, 2019 сағат 12:36

Ташкент көшесінде кездескен көріпкел

«Ауғанстанда соғыс басталыпты!» деген суық хабар дүниежүзін дүр сілкінткенде, сақманда жүрген едім. Арада қанша жыл өтсе де, бір оқиға есімнен кетпейді – дейді, сол соғысты көзімен көріп қана қоймай, бір көзі мен қолын беріп қайтқан ардагер сарбаз.

- Адамның басы Алланың добы демей ме, айналасы екі күнде апыл-ғұпыл жиналып, Өскемендегі «сборный пункт» деп аталатын жерден бір-ақ шықтық. Қыл аяғы туысқандармен қоштасуға да мұрша бермеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен әскерге алынып, Алматыда жасақталған спецротаның қатарындағы 120 бозбаланың бірде - бірі «Ауған соғысына қатысамыз» деп, әй, ойламаған болар. Олай дейтінім, соның бірі мына мен едім. Әскери ант қабылдау рәсімін де, соғысқа дайындықты да Ташкентте өттік. Командирлер ашып-жарып ештеңе айтпайды. Ал, сарбаздар арасында гуілдеген әңгіме төбеқұйқаңды шымырлатады. Ауғанстан тауларында жасырынған тәліптер дей ме, басмаштар дей ме, әйтеуір, айтуларынша бәрі баскесер, кілең банды, қанышерлер. Бұ жақтан барған совет әскерін қынадай қырып жатқан көрінеді.

- Қолға түскендерді бірден өлтіріп тастамай, мұрын-құлақтарын кесіп, мұсылман еместерін кәдімгіше пішіп дегендей, адам төзгісіз азаптың түр-түрін көрсетіп ит қорлыққа салады екен – деген алып-қашпа сөздер, онсыз да «Не болдымға?» ұшыраған біз секілді жас сарбаздардың зәресін алды. Часть командирінің шопыры аяқ асты сырқаттанып қап, бастықты уақытша мен тасып жүрдім. Бірде командир екеуіміз Ташкенттің орталық базарына бардық. Ұлты орыс полковник болатын: - Сен бір ыңғайлы жерге машинаны қойып, мені күт – деді де, қайнаған базарға кіріп жоқ болды. Содан бір сағат өтті жоқ. Екі сағат өтті жоқ. Әбден ішім пысты, оның үстіне қарным да шұрқырап барады. Қалтамдағы азын-аулақ ақшаға үш-төрт самса алып жеп отыр едім, қасыма бір қария келді. Қайыстай боп күнге күйген жүзінен шүңірейген көздері ғана жылтырайды. Адам осылай да азады екен-ау...

Жайған қолына қарасам, құр сүлдері. Сүйектері терісіне ілініп қана тұрғандай. Бейбаққа жаным ашып, қолымдағы самсаның бірін бердім. Басын изеп, ризашылығын білдіріп кетіп қалған қария сәлден соң қайтып оралды. Манағыдай емес, көзінде от бар. Кәдімгідей ширап алған. – Балам, бір ауылдан алты бала шығыпсыңдар... Болашақтарың өте бұлыңғыр...

Таяу күнде оқ пен отқа кіресіңдер. Үшеуіңді ғана тірі көріп тұрмын… – деді, өзбекше-қазақша араластыра. Әуелде сасып қалдым. Ойымды шапшаң жиып, - Ата, оны қайдан білдіңіз әлде көріпкелсіз бе? – дедім, бойымды үрей мен таңданыс қатар билеп. Дәл осы сәтте командирім кеп қалды да, ай-шайға қаратпай кете бардық. Қария айтса-айтқандай, біз көп ұзамай қып-қызыл отқа кірдік... Соғыс болғасын бәрін де көреді екенсің…

Барлығын тәптіштемей-ақ қояйын. Өзім екі рет қатты жараландым. Әйтеуір, суішкілігім бар екен. Алла өзі жар боп, аман қалдым. Өскеменнен Алматыға бірге барған бес жігіттің екеуі мерт болып, біреуі із-түзсіз кетті.

Сол көріпкел қарияның бейнесі осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді.

Серік Құсанбаевтың facebook парақшасынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5659