Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 5284 26 пікір 17 Қазан, 2019 сағат 15:23

Сенаторлардың сөз сайысы: Кімдікі дұрыс?

Бүгін Сенат отырысында Дана Нұржігіт ауыл шаруашылығы саласында несие беру мәселесіне тоқталды. Сенатордың айтуынша, мемлекеттік "Өрлеу", "Бастау" сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алғандар, сол ақшаға үйін жөндеп, құдайы беріп, құда шақыратын көрінеді.

Сонымен қатар, Дана ханым "Даму" қорында жұмыс істейтін журналист әріптесімен кездесіп, сөйлескенін айтады. Айтуынша, "Даму" қорына келіп түсетін сұрақтардың көбі жеке бастың шаруасынан аспайтын көрінеді. Және халықтың қаржылық сауаттылығы өте төмен дейді олар.

-Тек "Мен несие ала аламын ба?", "Мен осыған дейінгі несиелерді сіздер арқылы жаба аламын ба?" деген сияқты сұрақтардың аясынан шықпайды екен. Сосын "Өрлеу", "Бастау" сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алдым, бизнес бастайтын болдым деп ақшаны алады, ал кейін үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, я болмаса, құдайы беріп, құда шақырып, сондай өзінің жеке басының шаруаларына ақшаны жұмсап жібереді екен. "Ал үкіметке қандай есеп бересің? Қалай есеп бересің? "десе, көршінің бұзауын әкеліп, көрсете саламын деп, ақшаны далаға шашқан болып шығады, - дейді Дана Нұржігіт.

Ал, сенатор Әли Бектаев әріптесімен келіспейтінін айтты. Бектаевтың айтуынша, ауылдың тұрғындарын сауаты төмен, қаржыны қалай болса, солай жұмсайды деуге болмайды дейді.

- Негізі, мен сөйлеймін деген ойым да болған жоқ еді. Бірақ бүгін қойылған біраз сұрақ пен жауап түрткі болып отыр. Біріншіден, айтайын дегенім, ауылдың тұрғындарына сауаты төмен, қаржыны қалай болса, солай жұмсайтын халықтың бір бөлігі деп қарауды қою керек. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының сауаты да жақсы, алып жатқан қаржысын да өндіріске жұмсап жатыр. Ауылдың малы да, жаны да өсіп жатыр. Алып жатқан қаржысы шетке кетіп жатқан жоқ, - деді Бектаев.

Оның айтуынша, несие алып, басқа мақсатқа жұмсайтын жағдай қалада да бар. Сондықтан, ондай мәселелермен қаржы органдары жұмыс жасауы керек дейді.

-Мүмкін, жаңағыдай құдалыққа, болмаса, құдайыға жұмсалып жатқан жағдайлар бар шығар. Бірақ ондай жағдайлар қалада да бар. Қаланың адамдары да несие алып, басқа мақсатқа жұмсап жатыр. Ондай жағдайлар өте көп. Ол мәселелермен қаржы институттары, болмаса, қаржы органдары жұмыс жасауы керек. Оның басын ашып, керек адамдарды жауапқа тартсын. Ал, енді, ауылдың тұрғындары осындай деп, баға беруге болмайды деп есептеймін, - деді сенатор.

Сонымен қатар, ол ауыл тұрғындарына беріліп жатқан несиенің пайызы өте жоғары екенін айтты. Ал, қаржы органдары бұл мәселені түрлі себептермен алдаусыратып келе жатқан көрінеді.

-Жеңілдетілген несие беру саласында да шешілмеген проблемалар көп. Мысалы, ауыл тұрғындарының алып жатқан несиесіне қойылатын пайыздық ставкалар өте жоғары деп есептейміз. Ауыл тұрғындары осы қаржы институттары бюджеттен ол қаржыны 0,01 пайызбен алады да, неге бізге 7 пайызбен береді деп сұрайды. Бүгінде бізде осы сұрақтарға жауап жоқ. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Бірақ қаржы органдары түрлі себептермен алдаусыратып келеді.

Түйін. Сонымен, сенатор айтқандай халықтың сауалы неге жеке бастың мәселесінен аспайды? Олар мемлекеттен алған несиесіне шынымен үй жөндеп, құда күтіп, мақсатсыз жұмсай ма, әлде, Бектаев мырза айтқандай халықтың несиесіне қойылатын пайыздық ставканы азайту керек пе? Сентаторлардың сөз таласына Сіз не дейсіз?

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646