Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Әлеумет 9507 12 пікір 18 Қазан, 2019 сағат 13:11

Жақындарымызды жоқтай алып жүрміз бе?

«Көресініңді көрмей, көрге кірмейсің» деген рас екен.  «Тәуелсіз ел болдық, ұлт ретінде жеке мемлекетпіз» деп қалпағымызды аспанға атып, өтірік көпіріп жүріп зомби қазаққа айналдық. Шын қуанып, шын қайғыруды жоғалтып алғандар өзгенің де қуанышы мен қайғысын бөлісе алмайды.  

Күнде той, күнде жиын жасап,  тобырлық, дарақы мақтаншақтықпен жеткен жеріміз осы болыпты. Қазақ «қуанышты бөліспесең де, қайғыны бөліс» деген қағиданы берік ұстаған. 

Дүниедегі үш ғайыптың бірі – ажал.  Ажал айтып келмейді. Дүниеге шыр етіп келген пенденің басында бар табиғаттың заңы.  Әр адамның дәм-тұзының таусылуы сол адамның ақырзаманы, өмірінің аяқталуы екенін терең түсінген бабаларымыз қазаға қатты мән берген.   Жақын адамдарына ауыр қазаны естіртудің өзі көңілге ауыр тимес үшін астарлап жеткізу үлкен сын болған. Ел болып, бесігімізді түзейміз деп өтірік мақтанға бой ұрып жүргенде қазақтың рухы өліпті!  Жақынымызды шын жоқтай алмай, шынайы қуаныштың қадірін жоғалтып жатқанымызды күнде жиын күнде той өткізіп жүрген зиялылар мен рухани жаңғырушылар біле ме екен?! 

Жахандану дәуірінде әлемнің тілі мен мәдениетін меңгеріп,  техника дамыған заманда адамдықтың керісінше ақылы кеміп, рухани қатігезденіп  бара жатқан жетім уақыт болды. Қазаны телефонмен естіртіп, жақынын жоғалтқан адамға көңіл сөзін телефонмен айтып, «вацапқа» жаза салатын деңгейге жеттік. Дәл осылай кете берсек, енді аз уақытта жаназаға да бармай-ақ интернет арқылы «онлайн» қосыла салатын боламыз.  Қорқынышты! Бұл адамдық мейірім мен намыстың өлуі. Жаны бар жаратылушының ішінде адамдықтың өзгелерден айырмашылығы қуанып, қайғыра білу, шынайы жоқтау, шынайы шаттану емес пе?! Сай –сүйегіңді сырқыратар элегия өлеңдік ұйқаспен айтылатын, өлімге терең сезіммен еске алуын білдіретін лирикалық өлең-жырларда  қанша мән жатыр?!  Ұлы Абай өзінің балаларын жоғалтқанда әйелдерге өзі жоқтау жазып бергені жәй емес.  Бұрынғы үлкендер өлім деген үлкен сын деп қарап, өлімге барғанда жоқтау айтып жыламағандарды қатты сынға алған. Жоғалтқан жақынына деген қимастығын,  о дүниеден енді қайтып келмейтінін, жоқтау арқылы жеткізіп, қазақ мәдениетінің аса зор үлгісін көрсеткен.  

Кәзір жақынын жоғалтқандар күйеуінен таяқ жеген әйелдер сияқты бетін басып қыстығып, қыңсылап отырады.  Сөз жоқ, тіл жоқ. Елге танымал тұлғалар дүниеден озып жатқанда артында қалған ұрпағы, жары іштегі шерін шығара алмай,  жоқтау айта алмай қайғысын ішіне жұтып отырғандары қандай өкінішті?! Тіпті кейбір жерлерде «қаза құдайдың ісі, құдай ісіне қарсы келіп жылауға болмайды» деген «заң» шығарып көздеріне жас алып жыламайтын әдет шығырыпты.  Жошы ханның баласының қазасын домбыраға айтқызған қазақтың патша көңілін бүгінгі тәуелсіз қазақ неге сонша аласартты?! Елдің сүйікті көсемі, батыр  Ер Тұңға қайтыс болғаннан кейін бүкіл халық қайысып жоқтау айтқан, сол жоқтау атадан балаға жетіп, ХІ ғасырда Махмұт Қашқари жазған «Түркі сөздерінің жинағы» деп аталатын кітапқа енген. Жамбылдың  «Алғадайы»,  Кенен Әзірбаевтың  «Базар–Назары» өзінен асып, халыққа жетіп, қазақ әдебиетінің, мәдениетінің үлгісіне айналды емес пе?!  Рухани жаңғырып жатқанымыздың бір жаға ұстатар қорқынышты көрінісі  жоқтау жыр білетіндерді арнайы ақша беріп туыстарының ортасына отырғызып жоқтау айтқызатындар бар екен.  Сұмдық! Ақшаның жүрмейтін жері жоқ болды. 

Адам кез келген жағдайды басынан өткен соң ғана мән беріп, баға бере алады екен.  Құдайға тәуба, анам о дүниелік болғанын естіп біліп жатқандар үйге келіп, қызымет атқарып отырған жеріме барып, көңілдерін білдіріп жатқаны көңілге демеу.  Кез келген қуанышты жағдай мен қайғыны әркім өзінің деңгейінде білдіріп жатанымен әжептәуір кейбір елге үлгі болар лауазымды басшылардың телефон арқылы «вацапқа» жаза салып жатқандарын көріп, адамдықтың соншалықтың азып кеткеніне көңілің құлазып қалады екен.  

Еріксіз кеңес дәуіріндегі бір оқиға есіме түсті. Ол заманда адамдықтың бағасы бар, құрметі құнды еді.  Алғаш ауылдан қалаға келген жас кезіміз ғой, елді сағынып, қалай барып қайтудың амалын ойладық. Ауылда жасынан біздің үйдің  бір мүшесіне айналып кеткен жалғыз қария бар еді. Мерген ата дейтінбіз. Ешкімге пайдасы да жоқ, зияны да жоқ, қолына кембағалдыққа (ол кезде асыраушысы жоқ, кембағалдарға үкімет арнайы төлемақы  тағайындайтын) берілетін азын-аулақ ақша түссе, басы ауған жаққа кетіп қалып, ақшасын құртып бірақ келетін. Үйдегілер сол кісі «қайтыс болды» деп телеграмма салатын болып келістік. 

Бір күні сабаққа келсем, деканнан бастап, куратор, студенттер,  жатақхана коменданты, кәсіподақ, комсомол комитеті ,бәрі жиналып алған. Мені күтіп тұр.  Алдымен деканатқа кіргізді. Стақанмен су берді. Кәдімгідей шошып кеттім. Әлгі келісілген шаруа ойдан шығып кеткен.  Әжептәуір абыржып отырмын. Стақанмен су беріп, жай-күйімді бақылап отырған декан алыстан айналып бір әңгімені бастады да:

-Ауылда атаң бар ма еді? – деді.

-Жоқ,  - деппін. 

-Мерен деген атаң бар ғой, - дейді.

-Иә, - деп бірден түсіндім. 

-Сол атаң дүниеден өткен екен, өзіңе берік бол, сен ақылдысың ғой, сабыр сақта, - деп небір сөздерді жабылып барлығы айтып жатқанда Мерген атаның «қазасына»  емес, жұбатушылардың сөздеріне, маған көрсетіп жатқан жапа-тармағай құрметіне ағыл-тегіл жыладым. 

Алдағы келіскендей телеграмма жатақханаға келген. Ол қағазды бірден маған көрсетпей комендант алып, мен оқыған факультетке апарған. Шұғыл ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген. Кәсіподақ комитетінен біреуі арнайы барып сол күнгі автобусқа «брондалған» бір билет алған.  Кәсіподақтан арнайы қаражат бөлген.  

Жаныма екі қызды қосып беріп аман-есен барар жеріме шығарып салып еді.  Қандай жауаптылық, еріксіз мейірің оянатын адамдық құрмет?!  

Ол кезде кез  келген қоғамдық жолаушылар көлігінде шұғыл жағдайға  (бронь) арналған кезексіз бос орындар сақталатын. Жедел телеграмма бойынша қалаған көлігіңізге билет алып қалаған бағытыңызға кете беруге мүмкіндік бар болатын. Кәзір ондай қайда?!  Алыстағылардың шұғыл жағдайда жедел жетуі мүлде ойластырылмаған. 

2004 жылы әкем дүниеден өткенде мен Семейде едім. Күн жексенбі болатын.   Сәске уақытында сағат 11- лер шамасында хабар келді. Кешке жолға шығып кетуіміз керек, жұмыс орнында алатын заттар бар болғасын ағайындардың үйде бол дегеніне қарамай түстен кейін сағат 14-лерде машинамен мұражайға келдік. Жексенбі болса да мұражай маңы абыр-сабыр, бәрі жиналып жатыр.    Менің жағдайымды ести салып, қаладан тыс саяжайда жатқан мұражай басшысы Төкен ағам жұмысқа келіп, қызыметкерлерді жинап келмекші болып жатыр екен. Кәсіподақ, қалалық мәдениет басқармасының басшысы да сонда жүр. Шіркін, білерлік деген осы ғой. Кәзір сондай адамдар қалмапты... Адамдықтан алшақ, құр қуыс кеуделері дақпырттық медалдар мен атаққа ғана арналғандар өзгенің мұң-мұқтажын қайтсін?!

Даланың данышпандары, қазыналы қарттары бар бағзы заманда ауыр қазаны естіртудің  де жөні бөлек еді. Алдымен ауыл ақсақалдары жиналып, арнайы үйге келіп, сол әулеттің үлкенін ортаға алып, астарлап отырып алыстан орағытып жеткізер еді. Халықтың әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой,бауырым" деп ат қойып, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі.

Жақынын жоғалтқандар дауыс салып жылап, сай-сүйегіңді сырқыратып жоқтау айтады. Ер азаматтардың өзі қазаға қайғырып таяққа сүйеніп жетісі өткенше қайғыға салынады. 

Бүгінгі тәуелсізбіз деп жүрген қазақ ше?! 

Қазаны да басқаны да тікелей бетіңе былыш еткізіп айта салатын батыстың мәдениеті батпандап кіріп жатқанда беймезгіл уақытта телефон шырылдаса қорқатын деңгейге жеттік...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991