Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дат 5482 12 пікір 25 Қазан, 2019 сағат 11:31

«Нұрбесік» нұрланбай тұр...

Нұр-сұлтан қаласының Әкімдігіне 

Елбасы және  қала әкімшілігінің қолдауымен 2007 жылы Астана қаласының  Сарыарқа ауданы, Көктал 1 шағын ауданы аумағынан ел астанасында  тұратын Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Түркия, Ресей қатарлы шет елдерден  атамекеніне оралған, әр саланың білікті мамандары, зиялы қауым өкілдерінің баспана мәселесін шешу үшін тұрғын үй салу мақсатында  «Республикалық оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігіне аумақты жер телімі уақытша жалға берілген болатын. Нәтижесінде «Нұрбесік» тұрғын үй кешені бой көтеріп, 212  отбасы арнайы бекітілген жобаға сәйкес өз күш, қаражатымызбен баспана тұрғызып, ұрпағымызды өсіріп, түрлі салада еңбек етудеміз. Кешен бой көтергелі 12 жылдан астам уақыт болды.  

Алайда бүгінгі таңда Нұрсұлтан қаласындағы  осы «Нұрбесік»тұрғын үй кешенінде ешқандай инженерлік жүйелері: ауыз су, кәріс құбыры, электр торабы, жол жоқ. Зейнеткерлер, мүгедек жандар, ауыру-сырқаулы адамдар,  жалпы тұрғындар суды жылдар бойы шана, арбамен, жаяу-жалпы бірнеше шақырым жердегі құдықтан тасып ішіп келеді. Жер асты сулары бұл жерде өте ащы болғандықтан тұрмысқа қолдануға мүлде жарамайды. Кешеннің уақытша  жолдары жаңбыр, қар жауған кездерде лай-батпаққа айналып, жүріп-тұру үлкен қиыншылық тудырып отыр. Әсіресе мектепке баратын балаларымыз толарсағынан саз, батпақ кешіп, бек қиналады. Автобус кешенге жетпей айналып кететіндіктен  қыстың қысқа күнінде, қақаған сары шұнақ аязда мектепке баратын балаларымыз жарықсыз, қараңғы бұралаң көше жолдармен 1-2 шақырым жаяу жүріп аялдама әзер жетеді. Әртүрлі электр сымдарын пайдаланып өз күшімізбен тартылған электр желілері  мүлде талапқа сай емес. Қысқы уақытта жиі-жиі жарық кетіп қалады. Токтың кернеуі өте нашар, май шамдай сығырайып тұрады 

Әңгіме ауыл, аудан, тіпті  облыс орталығы емес, ел астанасы -Нұрсұлтан қаласындағы жағдай туралы болып отыр ғой.  Астананың аумағындағы басқа да тұрғын үй кешендерінің де шешілмеген мәселелері жетерлік, дегенмен «Нұрбесік» елден ерек болып тұр.

«Ештен кеш жақсы» дегендей 2017 жылы  кешеннің инженерлік жүйелерін салуға мемлекеттік қазынадан 576 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Тендер өткізіліп Қазақстанға танымал «КазСтройИндустрия»  компаниясы жеңімпаз атанып, жұмысын бастаған.

Қалалық әкімшіліктің құзырлы шенеуіктері 2018 жылдың мамыр айына дейін  сыртқы инженерлік жүйе толық салынады, енді аз уақыт шыдай тұрыңыздар деп уәдені үйіп-төккен еді. Тұрғындар бөркімізді аспанға атып, бек қуанғанбыз. 

Бірақ өкінішке орай қуанышымыз алысқа бармады. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жұмыс әлі аяғына жеткен жоқ, 2020 жылға қалып отыр. Басталған жұмыс кеште болса аяқталар, бәлкім.

 «Жас келсе іске» деген  қазақ. Өткенде Нұр-Сұлтанның жаңа әкімі  А.Көлгінов бұрын-соңды бірде-бір әкім аяқ баспаған «Нұрбесік»-ке әдейлеп келіп, тұрғындармен жолығып, жағдайды көзбен көріп кетті. Алтай бауырымыз халқына  жақын әкім екенін бұрында білетінбіз. Ең болмағанда кешенге биыл ауыз су әкеліп беремін деп уәде беріп кеткен. Ат шаптырым аумақтағы ішкі жүйелерді тарту үшін миллиондаған қаражат қажет-тін. Оны халықтың қалтасы еш көтермейтіні белгілі жағдай ғой. Кейін әкімнің тапсырмасымен «Нұрбесік» тұрғын-үй кешенінің ішкі инженерлік жүйелерін салуға да келер жылы қаражат бөлінетін болды. Бек қуандық. Әкімге мың алғыс! 

Нұр-Сұлтан қаласына  2019 жылы көгілдір отын  беріледі деп жатыр. Әуелі кезекте  жеткізілетін қаланың басты бағыттардың қатарында  Көктал-1 шағын ауданын, «Нұрбесік» те бар, газ да келіп қалар деген үлкен үмітіміз бар еді. 

Аллаға тәубе деп,ел тізгінін ұстаған  азаматтарға риза болып едік. 

 «Нұрбесік» тұрғындары салынып біткен тұрғын үйлеріне жеке меншіктік құқық беретін құжат алу мәселесі де биыл ғана өз шешімін тауып, алғашқы кезекте 30 тұрғын үйдің құжаты дайын болған еді.  Алайда «Нұрбесік»-тіктер  тағыда үлкен кедергіге тап болдық.

Құзырлы мекемелер үй салған әрбір тұрғын  жер телімін жалға алу құқын мемлекеттен сатып алу қажеттігін айтады. Кешендегі  үйлер 3.5, 4.5,10 сот жер телімдеріне ие. 5 жылға 3,5 сот жер телімін жалға алу  құны 350000 теңге, 10 сот жер телімі 1 млн теңгеге жуық. Бес жылдан кейін қайтадан төлеу керек. Олар мұндай қаражатты еш төлей алмайды.Бұл тұрғындардың түсіне ғана енетін сома. 

Жер телімінің мәселесі шешілмейінше  тұрғын үйге жеке меншіктік құқық беретін құжаттар да берілмейді.  Үйде құжат болмаса инженерлік жүйелер: су, кәріз құбыры, электр сымдары тартылмайды, газ да қосылмайтыны бергілі жағдай.

«Нұрбесік» тұрғын үй кешеніндегі жеке үйлерге қатысты барлық жобалық және басқадай жұмыстардың шығындарын  тұрғындар өз мойынымызға алып, әр отбасы 4.5 тен 10 мың долларға дейін қаражат жұмсадық, жылдар бойы осы жерді жалға алу құнына үкіметке 40 млн-нан астам қаражат  төледік. Үй тұрғызып алу үшін де тапқан-таянғанымыздың бәрін жұмсадық. Қысқасы барлық шығындарды өзіміз көтердік.

Осы істе «Республикалық оралмандардың  «Асар» қоғамдық бірлестігі» қаржылық тұрғыда емес ұйымдастырушылық, үйлестірушілік міндет атқарды. Жер телімі әу баста Астанада тұратын шет елден келген  зиялы қауым өкілдері, жас мамандарды, оралмандарды баспанамен қамту мақсатында берілгендігін жоғарыда айттық. Үкімет тегін жер телімін береді, сіздер баспаналарыңызды өздеріңіз тұрғызып алыңыздар деген сол кездегі Астана қаласының  әкімі, қазіргі Қазақстан Республикасың премьер министрі Асқар Мамин бауырымыз. 

Біздер жер телімін алған кезде Астанада жер жеке меншікке тегін берілуіне мароторий жарияланбаған болатын. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2002 жылғы 9-шілдедегі № 748 қаулысымен бекітілген «Оралмандарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру тәртібі туралы» ережеде: «Оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін берілген жер телімі олардың жеке меншігіне өтеді...» делінген. Қазақстан Республикасының  «Жер кодекс»-інің 46-бабында 3-тармағында «Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi» деп жазылған. Тарихи Отаны-Қазақстан Республикасына көшіп келген  әрбір қандасымыз кезінде оралман мәртебесін алып, кейін Қазақстан Республикасының  азаматтығын қабылдаған. 

Қорыта айтқанда осы жер телімдерінің үстінде  біздің бейнетпен салып алған үйлеріміз тұр. Астанада тұратын түрлі саланың мамандары, қандастарымыздың  баспана мәселесін шешу мақсатында әу баста біздерге берілген осы жер телімдерін жеке меншігімізге  тегін алуға толық құқымыз бар деп санаймыз, сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мәселені мұқият қарап,  оң шешім қабылдауын өтінеміз.

«Нұрбесік тұрғын үй кешені»-нің  тұрғындарының атынан қол қойған ауыл  ақсақалдары және аналары:  

Әлхан Амантай
Әбу Тілеухан    
Сақай Құрмет  
Жылқшина Нұржауған
Орынбасаровна
Досмұхамбетов Ералы
Райс Нашын          
Солтан Дәулетбек
Утегенов Сайдулла
Қабылаш Кәлимаш 

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562