Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7325 0 пікір 1 Ақпан, 2017 сағат 11:37

ЖҮСІПБЕК ҚОРҒАСБЕК. ТОРАҢҒЫ МЕН ТҰРСЫНЖАН

Іленің жағасы Нілдің жағасы сияқты. Бұйрат құмдардың арасында тораңғы өседі. Ағашта да мінез болады. Мінез болмаса, оқшау тұра ма?

Сапар оңынан туып, Тұр­сын­жанға жолсерік болдық. Түйе­мойын ағаштардың тұсына кел­дік. Кейде басы өрттей қы­зарады. Сыйдиған түрі Тұрсекеңе ұқ­сады.

– Анау ағаш не ағаш? – дедім бір езу тартып алдым да.

– Тораңғы, – деді Тұрсынжан бауырын көргендей жұмсарып.

– Таудың баласы білмейді екен десем.

Тұрсынжанның разы бол­ған­да жылы жымиып күлетіні бар. Қырлауыт қабағының астына шуақ жүгірді. Тораң­ғыны та­нығанына рахаттанды. Басқа ауыл­д­ың баласы біздің ауылдың ба­ласын танығандай мен де мәзбін.

– Бұл өзі қасиетті ағаш. Қабығын тілсең қан шығады. Сон­дықтан ешкім тиіспейді. Қу­рап қалғандарын ғана алады. Әйт­песе шеберлерге таптырмайтын материал, – деймін мен.

Тұрсынжан енді осының бә­рін менің білгеніме разы кейіп танытты. Мені қостап бір­деңе айтқысы келіп тамағы бүл­кіл­деді. Бірақ ішіндегісін түгел ай­тып алсын дегендей, сөзіңнің артын тосатын әдеті бар. «Ә, иә», – деп ернін жыбырлатты. Енді тоқтасам, ұзын сонар әң­гімеге кетпек. Жер бетінде то­раңғының қандай түрлері кездеседі? Қазақстанда қанша тү­рі өседі? Айтпақшы, Лепсінің жа­ғасында болып па едің?

– Тораңғы түн ішінде сың­сып жылайды. Құлақ қойып тың­да­саң, сыңсып ән салған се­кіл­де­не­ді. Сазы адамды шақырып арбап тұ­рады. Бірақ, түбінде ұйықтауға бол­майды. Бұл да жаңғақ ағашы сияқ­ты, – деп кезек тигізбей бас­тырмалатып кеттім.

Байқаймын, «тораңғы түнде ән салады» дегенім елең еткізді. «Өмір бойы Тұрсынжанды тың­дап келе жатырмын, мені де бір тың­дасын» деп асырып айттым. Басқа басқа, Тұрсынжанды таң­ғалдыру қиын. Бірақ ол ағаштың ән салатынына біраз емексіді.

Тораңғы негізі таза ағаш. Де­ні төзімді болғанмен, жаны қыл­­дай нәзік. Басқалардың арасына тығылмайды, жайлы орын­ға таласпайды. Жайдақ судан су ішпейді, ішем десе де іше алмайды. Тұрған жері шөл, сортаң. Тамырын он метрдей тереңге жібереді. Діңі мықты ағаш.

Былай шыға бере: «Сидиған түрі Тұрсекеңе ұқсайды», – деген ойыма тағы келдім. Тораңғының сирек өсетін ағаш екенін, қазір бұрынғыдан да азайып бара жатқанын ойладым.

«Қызыл кітапқа» енгізілген ағаштың қалай құрып бара жатқаны еріксіз таңдандырады. Онсыз да тораңғыны киелі ағаш деп ешкім сындырмайды. Қурап, семіп қалғандарынан ғана домбыра, қобыз жасайды. Бірақ қазір ел ішінде ондай шеберлер де қалған жоқ. Ендеше тораңғыға не жау тиді?

Ана бір жылы Тұрсынжан Алма­тыдағы «Самал» шағын ау­­данынан «Қазақфильм» жақ­қа көш­ті. «Ауасы таза жаққа бар­ған екенсің», – дедім. «Са­лыс­тырмалы түрде таза», – деп ке­бір­тіктенген дауысы қолқамды жұлып ала жаздады. Күннің қабағы кіртисе, Тұрсынжанның да қабағы кіртиетін кез.

Тұрсынжанды саяқ адамға ай­налдырып бара жатқан да сол кү­тімнің жайы болу керек. Қазір Алматыдан тағы бір-екі қадам алыс­тады. Шулы ортаға келе бер­мейді, сұхбат бере бермейді. Сырын, мұңын әнімен айтып жатқандай елестейді. «Аққудың көз жасындай көлге тамған, Жанымды тербетесің шерге тол­ған»…

Бір күні Тұрсынжан «Ақ желкен» журналының жас оқыр­ман­дарымен сұхбаттасуға келді. Тілшілердің: «Балалар кездесуге шақырады», – деген сөзін жерге тастай алмады. Балалардың қойған сұрақтарына екі сағат ынты-шынтысымен жауап берді.

Менің есіме осыдан жиыр­ма-жиырма бес жыл бұрын қазақ­тың үлкен ақыны Әбдіраштың Жа­расқанымен жасаған сұхбаты түс­ті. Қазақ поэзиясын іш қыр­ты­сын қотара талдаған ондай сұх­бат Айқын Нұрқатовтың, со­дан соң Сағат Әшімбаевтың жо­лын жаңаша жалғағандай жалт қаратты. Жас тілшілермен әң­гімесі сондағы қызуқанды пікірлерін еріксіз еске салды.

Әдебиетте біреулер сыншыл, бі­реулер міншіл, енді біреулер меншіл болады. Тұрсынжанның сыншылдығы басым, бірақ міншілдігі мен меншілдігі жоқ. Сынын анық және қанық айтады. Сөйлемдері фотографиялық дәлдікке құрылады. Не асырып, не кеміткен жері болмайды. Асырып та жібермейді, ақыңды да жемейді. Бұл жағынан кіді, кірпияз, таза.

Бір қырғыз бір қырғызды: «Аура­сы таза, өңүнөн нур чыгып турган, кирип келсе жанында 5-6 адам коштап жүргөндөй көп адамдын сүрүн ала жүргөн киши эле», – деп мақтапты. Менде де бетке мақтау деген жоқ, сон­дық­тан қырғызшалап кеттім. Ауы­лы­мыз қырғыз жерінен алыс бол­са да, біздің жақта «ш»-ны «ч» деп сөйлейді. Қырғыз жаққа қай­та Тұрсынжанның ауылы жақын.

Міне, сол Тұрсынжан келіп кеткеннен кейін бір қыз бала: «Аурасы жақсы адам екен», – деді. Тағы бір қыз бала: «Мен Тұрсынжан ағаны арық адам ба деп жүрсем, бойы ұзын екен», – деді. Тағы біреуі: «Мен бұл кісіні Асқар Жұмаділдаевпен неге шатастырам десем, бұл кісі де математик екен ғой», – деді. Кездесуден алған әсерлерін жасыра алмай, балалар біраз уақыт дабырласты.

Жоғарыда біз әңгіме еткен то­раңғының да діңі мықты. Алыс­тан сидиып көрінгенмен, қа­сына барсаң сом жаралғанын бай­қайсың. Оның бәрі қатып қал­ған қаңқа емес, бойына сөлді көп жинайтын ағаш. Шөлді жерде өсіп тұрса да, бойында ылғал мол. Тораңғының түсі, бояуы қанық көрінетіні содан. Шөлдің ағашы болса да, «тораңғыдай толықсып» деген де сөз бар екен.

Көп болды, Тұрсынжанның алыс­қаны қоғамның дерті. Тілген жер­ден қаны шығатын дерт. То­раң­ғының діңінен шыққандай там­шылап тұрады. Біз қазір отар­шыл­дық пен бодандықтан кейін өзі­не-өзі енді-енді келіп жатқан ұлт­пыз.

Бойымызда сылып алып тас­тайтын кеселдер аз емес. Мы­са­лы, намыс үшін шидің басын сын­дырмайтындар бар, бірақ «на­мысың жоқ» десе қырылып қа­ла жаздайды.

Бірде Тұрсынжанға: «Намыс­шы­л­дық туралы осындай бір шы­ғар­маң бар еді, есіме бір түсіп, бір түспей тұрғаны», – дедім. Сон­да Тұрсынжан: «Қайсысын ай­та­сың, менің жазғандарымның бә­рі сол жыртыс бір жыртыс қой», – деді. «Бірақ, «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті бай­қамас» боп тұр емес пе?» – дег­енді әлде ол айтты, әлде мен айттым, әйтеуір айттық.

Тұрсынжанды Абай тақыры­бы­на жақындатқан осы мінез.

Әдеби сынды эссе тұрғы­сы­нан жазу Тұрсынжанды біраз биік­ке көтерді. Айқын Нұрқатов та Абайға осы бағытта келген. Бірақ желдіртіп кететін тұстары көп. Дәм-тұзының ерте таусыла­тынын сезіп, асығыңқыраған тә­різді. Сағат Әшімбаев болса, фи­лософияға қарай ауыңқырап ке­теді. Бірі таза ғылымның адамы, екіншісі қайраткерлігі басым қо­ғамшыл кісі. Ал, Тұрсынжан нені іздесе де әдебиеттің өзінің іші­нен іздейді. Сондықтан эссе жанрына жаны жақын.

«Тарих бізге жас Абайдың кел­бетін сақтаған жоқ», – деп сезімге тиетін эссе тілінде жазады. Расында да біз көріп жүрген Абайдың сүгіреті бізді Абайдан алыстатып тұрған секілденеді. Тұр­сынжанның мақсаты Абай­­ды ұлтқа жақындату. Өз жұр­тымен өзін қауыштыру. Абай портретіне ұзағырақ тоқ­­та­луының өзі тартымды. Абай порт­­реті арқылы Абай жұм­ба­ғы­ның ішіне кіре түседі.

Әбілхан Қастеев «Жас Абай­ды» салды. Үңіліп қарасаңыз, Абай­дың түрі сопайыңқырап тұр. Қастеев Қастеев болғаннан кейін сәл еркінсіген тәрізді. Ал енді Тұр­с­ын­жанның қаламындағы ер­кін­дік өзгеше еркіндік. «Жас Абай­ды бейнелеген бірді-екілі кар­тина ешкімнің санасына сіңбей-ақ қойды», – деп жазады Тұрсынжан.

Мына бір сөзді Тұрсынжан емес, басқа біреу жазса, бі­раз адам ер-тұрманын бауырына алып тулайтын еді. «Қай-қай­сы­мыз­дың да абайтанудағы алғаш­қы қадамымыз Қазақстан­да­ғы барлық мектептің қабыр­ға­ла­рын­да ілулі тұратын сезімсіз, тоқ­мейіл, жайдақ қарттың бей­не­сінен басталған жоқ па?», – дей­ді Тұрсынжан. Жұрт «Осы Тұр­сын­жан бірдеңе білетін шығар» деп ойлайды. Әйтпесе біз үшін Абайдың суреті кешегі қытымыр қоғамда партия бекіткен нұсқа сияқ­ты берік орнығып қалған.

Міне, Тұрсынжан Шапай ғы­лыми тілді қинамай, эссе тілі­мен-ақ осы қасаң түсінікке сәу­­ле жүгіртті. Оның үстіне Тұр­­сынжан Абайдың сыртқы бей­­несін ғана емес, ішкі болмы­сын қалай тануымыз керек екеніне де эмоционалды түр­де ешкімнің жанын ауыртпай ғана әдемі жол нұсқады. Бұл оның шығармашылық инту­и­ция­сының қаншалықты мықты еке­нін көрсетеді.

Қара сөзден өлеңге келгендер жоқ, өлеңнен қара сөзге кел­гендер көп. Соның басы – Абай. Қара сөз жанр ма, жанр емес пе? Қара сөздің антонимі – өлең сөз. Өлең сөздің жанры – поэзия. Демек, қара сөздің жанры – проза. Абай өсиет деп ал­ған жоқ. Қара сөздің ішіне кіріп жазды. Қара сөзді қасиет тұтып, өсиет сөз дәрежесінде қол­данды. Бәлкім, одан да биік тұр­ған болар.

Қазақ әдебиетінде жанрдың дауы жесір дауынан бір кем емес. «Тұрсын­жанның жазып жүргендері не?», – деп бас қатырушылар бар. Оның кітап­та­рында «әдеби сын, эсселер, пуб­ли­цистикалық толғаулар, әң­гімелер» деген анықтамалар бірінен бірі туындап жатады. Кітаптарының аттарына қарасаң, соның бәрі шын мәнінде көркем дүниелер екенін аңдатады.

Мысалы, екінші кітабының аты «Шын жүрек – бір жү­рек», өлең кітапқа да таптырмай­тын ат. Үшінші кітабы «Қазақ­тың жаны» деп аталады, пуб­ли­­цистикалық толғаулар үшін күт­­­пеген атау. Тораңғының ба­сы сияқты дөңгеленіп тұр. Төр­тінші кітабының аты «Күлкі жә­­не көз жасы», бұл енді нағыз дра­­ма, тіпті трагикомедия. Ал енді негізгі жанрын осы анық­та­­ма­­лардың қосындысынан шы­ға­рып алыңыз.

Өз басымыз прозашы бол­ған соң, Тұрсынжанды өз қатары­мыз­ға тартқымыз келеді. Дулат Иса­беков ауыз­ша бір сөзінде: «Прозада баяндап жазу, суреттеп жазу деген әдістер бар», – деп қалып еді. Екеуінде де сю­жет алға шығып тұр. Ал Тұр­сын­жанда сюжет екінші планда қалған. Мінездеу, кей­іп­теу, образ жасау алда тұр. Оның шы­­­ғар­­маларының жанрын танымай ша­та­суымыздың бір сыры осын­да жатқан се­кілді. Әйтпесе айы­зың қанып оқитын көркем-ақ шығарма.

Тұрсынжан бүгінгі адам­дар­дың болмысын ашуда терең пси­хологизмге барады. Олардың басындағы жағдайды ішкі драматизмге құрады. Ақырында оны ащы сарказммен береді. Тұрсынжанды данышпан деп отыр­ғамыз жоқ, бірақ өзіне өзі күл­ген адам данышпан. Яғни, оның кейіпкерлері ретінде тү­бін­де сіз бен біз данышпан болып шыға келуіміз ғажап емес. Күл­сек басқаға емес, өзімізге кү­лейік.

Әлгі сапардан Есенғали, Ұлықбек, Тұрсынжан бәріміз бірге қайттық. Бұл менің талантты адамдардың қасында бір күн де болса бірге жүріп, бір жасап қал­ған кезім болды. Іледен ары-бері өткен жо­лаушының құм төбелердің арасынан сорайып шыға келетін түйемойын то­­раң­­ғыға көз салмауы мүмкін емес. Жай қарамайды, оның тә­каппарлығына таңданады, қай­сарлығына тамсанады, жұмбағын шешкісі келіп ойланады. Біз жақта бұл ағашты «Құм падишасы» деп те әспеттеп қояды. Құм падишасымен көзбен қоштасып, басқа жолаушылар сияқты біз де Іле жарықтықтың сортаңды жағалауынан алыстап ұзай бердік. Көлік жүргізіп келе жатқан жиенім Адай аз-кем орнай қалған үнсіздікті бұзып, музыка қосты. Біраздан бері көп тыңдалып жүрген бір ән құлақтан кіріп, бойды алып шарықтай жөнелді. «Аққу-қаз әуелейді қалықтаған, қайтейін қанатым жоқ қалып барам»…

Біздің жаққа жиде гүлде­ген­де барсаң ғой, шіркін. Жиде­нің сол кездегі иісі әтірдің иі­сін­­дей бұрқырайды. Жиде гүл­дегенде бір барып қайтармыз, бәл­кім. Тұрсынжанды сонда бір таң­дандырармын деген ойым бар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

Алматы

"Егемен Қазақстан"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401