Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ҚАЗАҚСТАН – ОЛАР ҮШІН ПРЕТОРИЯ...
«Америка күнделіктері» – жазушы Тұрсын Жұртбайдың сапарнамалық жанарда жазылған тың дүниесі. Абай.kz порталы бұл мәйекті туындыны жариялап келе жатқанына көп уақыт өткен жоқ. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің ішкі сырына үңіліп, сарапқа салатын жазбалар алдағы күндері де тұрақты жарық көретін болады.
Ал, бұған дейін жарық көрген бөлімдерін былай табуға болады:
http://abai.kz/post/view?id=2489
http://abai.kz/post/view?id=2464
http://abai.kz/post/view?id=2450
http://abai.kz/post/view?id=2410
http://abai.kz/post/view?id=2392
http://abai.kz/post/view?id=2365
http://abai.kz/post/view?id=2341
http://abai.kz/post/view?id=2328
http://abai.kz/post/view?id=2298
http://abai.kz/post/view?id=2264
http://abai.kz/post/view?id=2251
http://abai.kz/post/view?id=2238
14 қаңтар, 2014. Вашингтон
Күн бұлыңғыр. Ұсақ жаңбыр бүркіп-бүркіп алады да тына қалады. Бүгін мұражайлар күні. Бірақ ең алдымен Ақ үйге қайтып баруымыз керек. Ауласына кіру мүмкіндігі бар. Смитсон мұражайлар жүйесіне қарасты үндістердің тарихы, көркемөнер және аэронавтика-ғарыш мұражайларына көз сұғын қадап үлгерсем жетер еді.
Біз қонған мейманхана Мэриленд штатының 15 мың тұрғыны бар Нью-Харльтон кентіне қарасты екен. Таза. Көгалды. Метроның соңғы аялдамасы осында тіреледі. Вашингтонның қонақүйлері біздің әмиянымызды бір тәулікте тақырлап шығатын көрінеді. Сондықтан да көрпемізге қарай көсіліппіз. Орталыққа 25-30 минутта жетіп барасың. Ардагерлер даңғылы мен Дэндарийді бойлап, кезінде 1 долларға сатылған 2 қабатты үйлерді көріп, бұрынғы вокзалдың ғимаратына келдік. Бүкіл Американың қанын бүлкілдеткен бұрынғы вокзал қазір мұражай. Оның алдында Христафор Колмубке ескерткіш қойылыпты. Ал алыстан хабар алдырған бұрынғы почта үйі де Байланыс мұражайы (Айтпақша, Дж.Кеннанның Семейден жолдаған жеделхабарлары мен хаттарын, жолжазбасын, суреттерін қабылдаған, Абайдың аты алғаш рет Америкада аталған почта). Бұлар Капитолидің түбінде. Ескі үйлерді қолтығына қысып ап, өздері асқақтап тұрған зәулімдер кездесті. Жер қымбат, ал ескі үйді иелері сатқысы келмегендіктен де, көне үйдің шатырын сырып тастап, тұғырлы темір бетоннан тіреу қойып, 6-7 қабатты үйді сала береді. Үйдің биіктігі көшенің енінен 6 метрден артпаса болды. Оларды мұнда да «ауа сатқандар» дейтін көрінеді. Себебін түсінбедім – деп кеше ескертіп едім ғой. Биіктегі Дж.Вашингтонның ескерткіші өзінің ұстынын нұсқап тұр. Мұнда емеуірінсіз сәулет пен мүсін орнатылмайды. Ал мына қара ту тігілген ғимарат – соғыста хабарсыз кеткендерді іздестірумен айналысатын мекеме. Ең биік үй Франклиннің алаңына салыныпты. Біздің де қара ту тігетін қасіретті тарихи беттеріміз аз емес қой. 1921-1922, 1931-1932 жылғы ашаршылықтағы бес миллион құрбанның құрметіне бір қара ту тігетін төбені белгілегеніміз дұрыс шығар. Ол қазақ халқының үштен екісін қамтитын әруақтарға көрсетілген құрмет болар еді.
1773 жылы салынған Президент пен оның отбасы тұратын Ақ үйге тағы келдік. Бүгін айналасы ашық, күзет те, қарауыл да жоқ. Екі қабатты кәдімгі үй. Усадьба сияқты да әсер қалдырды. Қалай қарапайым көрінгенімен де бүткіл дүниенің даму бағытын өз ырқына бейімдей бағыттап отыр. Ауласы – аула емес, алаң. Емен, үйеңке, қарағаш өсіп тұр. Табалдырығынан, әрине, аттатпайды. Суретке түстік. Байқағаным – Ақ үй қалың ескерткіштің ортасынан орын алыпты. Алақандай жер бұйырса – ескерткіш орнататын іспетті. Кәсіподақ мүшелеріне де бір бұрыш бұйырыпты. Ақ үйге қарай-қарай көзіміз талған соң Смитсонның мұражайлар жүйесі алаңына келдік. Үш сағат еркін уақыт берді. Қалаған мұражайымызға барып, ғарыш-ұшақ мұражайының алдында жүздеспекпіз.
Америкадағы бірден-бір мемлекеттің демеуіне сүйенетін мәдени ошақ – осы Смитсон мұражайлар жүйесі. Оның өзінде де мемлекет тікелей қаражат бөлмейді, мұражайдың өз қаражатынан бөлінген не демеушілерден түскен қаражатты реттеп отырады. Мұның басты кілтипаны – Смитсон Джейк – ағылшын ғалымы, өмірі үйленбеген. Егер жиені үйленсе, артындағы мұраларын соның балаларына қалдыруға, үйленбесе – ол қаражатты Американың конгресінің еркіне беруге, сөйтіп, мәдениетті дамытатын іске жұмсауды өсиет етіпті. Джеймс Смитсонның өзі Италияда көз жұмыпты. Сүйегін кейін Америкаға әкеліп жерлепті.
Конгресс ол қаражатты мұражай мен ғылымға жұмсауды ұйғарыпты. Сөйтіп, Смитсон мұражайы конгресстің қанжығасына байланып қалыпты. Алайда істі жүргізген адвокат пен директорлар кеңесінің қаржыны орынды, өсімді орналастырғаны сондай, дүние жүзіндегі ең бай, қоры да бай, әрқайсысы өзін-өзі қаржыландыратын – Ұлттық көркемсурет галереясы, Американың тарихы мұражайы, Тұрғылықты американдықтар (үндістер) тарихы мұражайы, Жаратылыстану мұражайы, Авиация мен ғарыш мұражайы, Афроамерикалықтар тарихы мұражайы, Қазіргі өнер мұражайы іспетті мұрағаттардың басын біріктірген. Бұлардың әрқайсысын толық аралап шығуға бір-бір күн кетеді.
Күн сіркірей жауды. Біз саяхатымызды Ұлттық көркем сурет галереясынан бастадық. Айтпақшы, Смитсон мұражайлары билет сатпайды. Тегін. Мұндағы негізгі қорды ұйытқан – Эндрю Мэлан. Ол түрлі-түсті асыл зат сатып байыған. Сол жинаған картиналар коллекциясының негізінде мұражай ашылған. Біздің байлар – байлықты ұрлықпен тауып, өзінен, үйінен, елінен ұрлап әкетіп, шетелдік өсімқордың қалтасына тықпалайды. Осындай бір игілікке иілсе – кегежесі кері кетіп қалатын сияқты. Шетінен әрі сараң, әрі сауатсыз һам көрсеқызар келетіні несі екен?!. Дүниеге мәшһүр суретшілердің мәшһүр картиналарының дені осында. Солардың белгілі-белгісізіне көз сүзе жүріп Леонардо да Винчидің «Дженефер» атты портретіне аялдадым. Мұны біреулер: тазалықтың белгісі, екіншілері, қуланған қыздың қылымсуы, шеті шығып тұрған бұтақ – күнәлінің белгісі– дейді екен. Барлық құпиясын қыздың қылымсыған жымиысына жиятын Да Винчидің сурет мәнері екені белгілі. Мен «Дженефердің» күлімсіреген көзінің қиығы мен кекесіні бар езуіне қарап, соңғы пікірге сендім.
Тездете шығып Америка тарихы мұражайына бардым. Ерекшелігі – мұнда мектеп оқушылары автобус-автобус боп, үзіліссіз келіп жатыр. Мұндағы жаратылыстану, асыл тастар, өсімдіктер, жәндіктер, жан-жануарлар бөлімінің әрқайсысы бір-бір мұражайға татырлық. Соның ішінде географиялық минералдар бөліміндегі Де Мондтың атышулы «Көгілдір алмасын» іздеп жүріп, әлемдегі минералдық заттардың таңғажайып үлгілерін көрдім. Әрқайсысына зер салсаң, бұл мұражайда бір апта жүруің мүмкін. Ерлі-зайыпты серіктестерім жолығып қалып, «Көк алмасқа» алып барды. Тура осы гауһар алқалы көк алмасты алдында үш рет көріп: қырсығы мол, ұрыдан қарыға, қарыдан қарақшыға өтіп барып Де Мондтың қолына көшкен атышулы «көгілдір кесел» бұдан көрі ірі шығар – деп ойлағам. Жазушының «тағдырға» қызығуы екен. «Е» – деп қойып үндістердің мұражайына беттедім. Жолай осы заманның модернистік-авангардтық өнер мұражайының сыртқы сұлбасын көріп-ақ түңіліп, ішке кірмедім.
Американың байырғы тұрғындарының тарихи мұражайы.
Американың ежелгі тұрғындарының мұражайы әйгілі «Голос Америки» радиостанциясының қарсысына, Капитолияның өкпе тұсына орналасыпты. Мұнда тек үндістердің өздері қызмет етеді-міс. Әрине, олардың да ассмиляцияға түскендігі аңғарылады. Мен сондай бір тектік ерекшелікті аңғара алмадым. Төрт қабатты. Бірінші қабаты аспұзыл. Екінші қабаты – көрме. Қолтық-қолтыққа бөлінген. Әр қолтық – әр тайпаның тарихы мен тағдырына арналған. Көрмеде, кәсіптері, тағдыры туралы суреттермен безендірілген көрнекі құралдар, бейнетаспалар, үнтаспалар рет-ретімен қойылған. Мұнда олардың кәсібіне, тұрмысына, тектік болмысына, жағырапиясына, бүгінгі тіршілігіне баса көңіл бөлінген. Бейне және үн таспаларды қызықтасаң, осы қабаттың өзін бүгін тауыспайсың. Мен тұрмысынан түркілік сыпат іздеумен шектелдім. Жылқының өзін еуропалықтар келген соң көріп, үйреткен үндістердің ою-өрнектері, тұскиіздері, қоржындары, бет-бітімі ғана арғы бір ықылым замандағы үндістікті елестетеді. Әндерінде де бір ұқсас сарындар құлаққа шалынады.
Зерделей сұқтансам ұзаққа кетерімді сезіп, үшінші қабаттағы заттай мұралардың көрмесіне көтерілдім. Аттың жалына жабысқан, садақ тартқан, құс ұстаған үндістердің мүсіні етене таныс өмірді көз алдыма әкелді. Ала дорба, жұқа сырмақ, сыбызғы, сылдырмақ, қосбасты қоржын, келі-келсап, ағаш соқа, орақ та көзге ыстық тартты. Күйеуі өлгенде әйелдерінің бетін тырнап қанатуы, жоса жағуы да көне түркінің дәстүрінде бар. Көнеден басталған көрме бүгінгі өнер туындыларымен аяқталады екен. Абстрактілі бейнелеуге құштарлығы танылады. Әсер мол. Түйген ой көп. Сезім сан қилы. Бірақ алған әсерімнен ортақ тұжырым жасай алмадым. Бір көргеннен түйген түйін қайбір жұғымды болар дейсің. Төртінші қабаты концерт залы, түрлі үйірмелер мен дәрістер, курстар өтеді. Дөңгелене жиналып, пікір алысып отырған ғалымдарды да көрдім. Бәрінің алдында бір-бір ноутбук. Істеріне сәт тілеп, бірінші қабаттағы аспұзылға барып, өзімізге таңсық үндістердің тағамдарымен түстендік. Умаш көжесі мен қақтаған балығы, бұғының еті, әрине, ұнады. Қазіргі еуропалық мәзірдің 65 пайызы осы үндістердің ежелгі ас-тағамдары, жидек-жемісі, көктәті (овощ) екен.
Авиация мен космос мұражайының көрмесі – қытайдың батпырауығын аспанға ұшырумен басталады. Ұшақтардың барлық түрі, Айға барған аппараттар, Айдың тасы, Союз – Аполлон ғарыш кемесінің қаңқасы бар. Мінбеде тұрып экрандағы суреттерге қарағанда өзің де ұшып бара жатқандай сезінесің.
Афроамерикандықтарға арналған мұражай Барака Обама президенттікке келген соң белсенді түрде қолға алыныпты. Онда Обаманың әйелі иннагурацияға киіп шыққан көйлегі көрмеге қойылыпты. Біздің Сара Алпысқызының алғашқы инагурациядағы көйлегі қайда екен? Ол да тарихтың бір жөргемі екен-ау!
Бір аңғарғаным, әскерилер өзін-өзі және формасын қатты сыйлайды екен. Тәртіптің үлгісін көрсетіп, қай кезде де ширақ, сергек, сымпыстай бой тартып жүреді. Былайғы тұрғындарға құрметпен қарайды. Ал біздің әскерилердің қарыны аяғын көрсетпейді, бөксесі – белін орап алған, желкесі – бұқа мойын, беті – шарық боп, сыртына қарай жарыла жаздап тұрады.
Қош, сонымен Вашингтонға бір қонып, бұйырғанын көріп, көзайым боп Нью-Йоркке қайттық.
Жолда біраз қысыр сөздер айтылды. 1848 жылы басталған «Калифорния алтын делбесі», ондағы ұлы бұлқыныстар мен буынулар (шын мағынасында), алтын қорын таба алмай атылып өлген досының көрін қазып тұрып, 70 килограмм «самородный сары алтын» тапқан миллионер, ұлы депрессия жылдарындағы түңілістер, одан сергіткен №95, №97 федеральдық жолдар, Рузвельттің еңбегі туралы сөз қозғалды. Америкадағы асфальт төселген жолдың ұзындығы 500 миллион шақырым екен. Тақ санды жол – Шығыс (мысалы, 95) пен Батысқа, жұп санды жол – оңтүстік пен солтүстікке жүреді. Оң жақпен жүретін жол – ақ, сол жақпен жүретін жол – сары түспен боялады екен. Бұл жүргізушілердің тұманда, қыста, түнде жүргенде адаспауына септігін тигізеді. Жолдың қарсы жағына шығып кетуден сақтандыратыны анық.
Тағы да орман. Тағы да ұлы өзендер. Орман – байлық. Ұлы өзендер – тегін электр қуаты, азық-түліктің суаты. Ауыз су қоры. Ал біз шелектеп тасығанға мәзбіз. Екіншіден, маған – біз америкалықтар үшін, монғол, өзбек, тәжік, түрікмен құрлы образы қалыптаспаған ел сияқты көрінетін тәріздіміз. Жақұт – сақа, қалмақ (татар емес), башқұрт, алтайлықтар сияқты бұлдыр елесіміз ғана бар іспетті сезілді. Қазақстан – олар үшін жеке ұлт, тәуелсіз мемлекет емес, ақ нәсілділердің боданынан енді құтылған Претория, яғный, тұрғындардың 85 пайызы зәңгілер бола тұра бар байлықтың 15 пайызын иеленіп қалған зәңгілер елі іспетті қабылдайтындай көрінді. Ұлт емес, қызыл терілі нәсілдің бір буыны ретінде сезінетінін ашық айтпаса да, анық байқалып тұрады.
Ащы да болса мұның анық белгісі – Қазақстанның аэропортына келіп, шекаралық кеденнен өткенде: «Ваш фамилия?» – деп қарсы алатын «великий, могущий, русский язык» (Тургенев). Тілдескен екі-үш американдық сондай сыңай танытты. Бұған дәндеткен шалақазақ елшілер мен мәмілегерлер, «қара орыс» шәкірттер. Ұлттық ерекшелігің сезіліп тұрмаса, сені азат елдің азаматы емес, отар елдің өлермені – деп есептейді. Мұны өзімізге келген американдықтар, тіпті, өзімнің қазақша судай сапыратын Курт – Құрманбек көршім де емеуірінмен жеткізді.
Сорлы, «қасықтай балға малған қайран тілім» (қара өлеңнен), енді саған не дейін? Сені де, өзімді де қайтіп жұбатам?!.
(Жалғасы бар...)
Абай.kz