ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОРЛАЙТЫН СЕРЖАНТ ЖОЛПОЛ БОЛЫП ЖҮР
Президент бір сөзінде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп еді. Өзіміз бен өзіміз қазақша сөйлессек басқа ұлт қазақша сөйлеспей қайда барады деген болатын Назарбаев. Елбасының осы сөзін қаперіне ілмейтін мемлекеттік қызметкерлер сайрандап жүр. «Қостанай таңы» интернет басылымы «Қазақ «қазаққа» қазақша сөйлегені үшін айыпты болды» атты мақала жариялады бүгін.
Мәселенің мәні былай: Екі аптадай уақыт бұрын Ақтолқын Жәнібекова есімді жас келіншек асығып бара жатып, байқамай жол ережесін бұзады. Оны тоқтатқан жол полициясы тиісті мәміле танытпайды. Өзінің кінәлі екенін айғақтайтын видео дәлел сұраған Ақтолқынға тәртіп сақшылары сол уақытта ең таяу маңдағы Герцен көшесінде орналасқан бөлімшеге әкелгенімен оны кінәлі екенін көрсететін айғақты қапелімде ұсына алмайды. Ақтолқын сонда да кешірім сұрап, өзінің асығыс екенін, қаншалық болса да тиісті айбын өтейтінін айтып, құжат шаруасын тездетіп бітірмекке әрекеттенеді. Осы кезде хаттама толтырған Домаилов деген сержант Ақтолқынның құжатты қазақ тілінде толтыруды талап еткеніне қарамай құжатты орыс тілінде толтырады. Тіпті, «Қазақшаны өз ЕЛІҢДЕ, ауылыңда жазасың» деп жекірді(Ақтолқын оңтүстікте туып-өскен, соңғы 15 жылда Қостанай тұрғыны). Полиция өкілі оған хаттаманы орысшаны мәжбүрлі түрде толтыртады, Ақтолқынның жазуға тиісті жерінің бәрін өз қолымен орысшаға тәуелді етіп толтырған мемлекеттік қызметші соттан да сескенбейтін айтады. Сержанттың ауыр сөздеріне, психикалық соққысына шыдмаған жас ана полиция бөлімшесінен жеделжәрдем көлігімен шыққан. Істің қалай болғаны туралы Ақтолқынның «Қостанай таңы» интернет басылмы редакциясында қалтырған видео жазбасын назарларыңызға ұсынамыз:
Ауруханадан шыққан соң да Ақтолқын істі жай қалтырғысы келмейді. «Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілге пысқырып қарамайтыны шымбайға батты. «Қазақтың» алдында қазақша сөйлейтінім үшін айыпкер болдым. Қалай ызаң келмейді?!»,-дейді Ақтолқын ашынып. Облыстық ІІД-не, қалалық сотқа және «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне арызын жеткізген Ақтолқынның мәселесімен «Қостанай таңы» да облыстық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Т.С.Маткеновке аталған мәселені арқау етіп хат жолдаған.
Abai.kz тілшісі де Ақтолқынмен телефон байланысын құрып, қалын сұрады:
- Ақтолқын, қалыңыз қалай? Құзырлы органдар талап-арызыңзды қанағаттандырды ма?
- Құзырлы мекемеге тиісті құжаттарымды өткіздім. Осы айдың жиырмасына, сағат он алтыға әкімшілік сот тағайындалды. Менің қолымда әлі орыс тілінде жазылған хаттама тұр. Мен маған хаттаманы қазақ тілінде толтырып бермей айып пұлды төлемейтінімді айттым. Хаттаманы толтырған сержант әлі «Я, все равно на казахский нигде не буду писать» деп отыр. Оны алда сот шешетін болады.
- Жол сақшылары жол ережесін бұзғаныңызды дәлдеп берді ме? Мойындадыңыз ба?
- Мойындағанда мойындамайтын ештеңесі жоқ. Мен сол жерде-ақ мойныма алдым, ол жауапкершіліктен қашып отырғаным жоқ. Олар мені тоқтатқанында дәлелдей алмаған. Қазір пункттерінде бар екен. Мен жүргізуші куәлігін 2009 жылы алғам. Содан бері бірінші рет жол ережесін бұзып тұрмын. Сол күні кішкентай ұлымды үйге аз ғана уақытқа жалғыз қалдырып кеткенмін, соған үйге асықтым. Байқаусызда ереже бұздым. Хаттама толтырған жігіт басында ап-анық қазақша сөйлеп тұрған. Менің орысшадан шала сауат екенімді біліп, мүлдем қазақша білмей қалды. Оның қазақ бола тұра, әрі менің құқығымды таптап орыс тілін қолданғаны жаныма батты.
*** *** ***
Қазақ тілінде тақылдап тұрған Ақтолқын өзі жағдайы туралы мақала жарық көрген соң елдің жер-жерінен түрлі БАҚ өкілдері мен жеке азаматтардың өз нөмірін тауып, қолдау білдіріп хабарласып жатқанын айтты. Біз де, Ақтолқын Жәнібекова ханымға қолдау білдіреміз! Қазақ пен қазақ Қазақша сөйлессін!
Abai.kz