Жұма, 22 Қараша 2024
Мың бір мысал 8304 0 пікір 6 Қараша, 2015 сағат 11:03

ОҚЫҒАН ҚЫЗ «БҰЗЫЛҒАН ҚЫЗ» ЕМЕС

Дүниетану ілімі көбінде жоғары оқу орындарында оқытылады. Жоғары білімі бар адамдар, егер пара бермей өзі оқыған болса, білімнің күшін сезіне алады және олар "оқығандарға" шошып қарамайды. Аудиториясы кең сіздің сайтыңызға бұл мақаламды оқырманға ой тастар деген үмітпен ұсынамын.

автор

Фобия – белгісіздіктен туындайтын үрей. Қараңғы бөлмеге кіргенде шыңырауға түсіп кетердей, көлікке отырғанда апатқа ұрынатындай, көшеге шыққанда біреулер ұрып-соғып кетердей көрінетін, орындалуы бола қоймайтын қорқыныш.

Оқыған қыздардан қорқуды осы фобияға балауға болады. Ендеше фобияны жеңіп көрелік. Ол үшін анық көз жеткізіп ақиқатын білу және білуге ұмтылу үшін іштен шығатын жігер керек.

Әйелдің ең үлкен өмірдегі міндеті – отанасы атанып, бесік тербетіп, ошағында ұйытқы болу. Бала тәрбиесі де ең алдымен ананың мойнына жүктеледі. Ер адам дәл әйел адам сияқты үйдегі бала-шаға тәрбиесімен күнде жолыға бермейді. Көбіне нәпақа табумен далада жүреді, үйге тынығып, күш жинау үшін келеді. Әйел шаруасына қолғабыс беруге тырысатын ер азаматтар жеткілікті. Дегенмен, әйелдің үйлестіретін шаруаларына кейде үдесі жете бермейді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Ата-ана барлық қайратын отбасындағы балалары ештеңеден тарықпай, тәрбиелі де ақылды, қоғамда өзіндік орны бар тұлға болып өсуіне жұмсайды. Баланы осындай тұлға болып қалыптасуына әлбетте әйелдің ықпалы үлкен болмақ. Осы орайда білімсіз әйелге бұл шаруа қиынға соғады.  

Бала туыла салысымен оны күтіп-баптау, өсе келе жаман әдеттерінен арылту, мектепке жеткенде оқуын қадағалау, жасөспірім болғанда оған тілін тауып сөйлесе білу – мұның бәрі біліммен басқарылатын болса, балаңыз қоғамда тұлға болып қалыптаса алады. Ал егер, керсінше болса, баланың ерте жаста жақсы жетілмеуі, жаман әдеттерді бойына сіңіріп алуы, мектепте оқуға ынтасыз болуы, өскелең мезгілде ата-анасына «күйдіргі» атануы ғажап емес.

Білім ағайын-туыспен қарым қатынас кезінде де өте керек. Білімді адам қиын мәселелердің шешімін арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шыға алады. Білімсіз адам жоқ жерден шу шығарып, ел-жұртты ұрыстырып қоюы мүмкін. Шайпыауыз және өсек-аяңды сапырып жүретін әйелдерге қарағанда білімді оқыған әйелдер әрнәрсеге ойланып жауап береді, керексіз ақпаратты аузынан шығармайды.

Білімді әйел ер азаматының абыройын ел алдында көтеріп «біздің үйдегі қожайын», «сүйенішім мықты ғой», «әкесінің тәрбиесі» дей отырып, тіпті табысы жоқ ерін де аспанға шығарып қоя алады.

Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарында» курстас қызы Меңтайға өлең арнап жазған соң, қыздан қорқатын жері бар. Сонда ауыл әйелдерінің қайтіп ұрсатыны есіне түсіп, әлгі Меңтайдан да сондай жаман сөздер естуге дайын тұрмай ма. Бірақ білімді, көзі ашық қыздың аузынан «ақын екенсіз» деген ілтипатты естіп, қате ойлағанын ұғады.

Оқыған қыз дегенді «бұзылған қыз» деп ұқпаңыз.  Бұл орайда пара беріп баға алғандарды емес, білім қуып көзін ашқандар туралы айтамын. Шынайы білімі бар адам – ер болса да, әйел болса да өз ісіне шебер келеді. Ал, қазіргі заманда қоғамнан орын алу үшін азғантай білімді қанағат қыла алмаймыз. Тіпті үй шаруасында отырған әйел де ғылым негіздерінен хабары болмаса, балаларына ықпал ете алмайды. Өйткені, біздің заманымыз – ақпараттық соғыстар ғасыры. Балаңызға тарихтың тағлымын, діннің тазалығын, дәстүрдің игілігін, қанымыздың тектілігін, елдің қадір-қасиетін, заманның ығын, өмірдің сырын кім айтып түсіндіреді?

Осындай түсіндіруден кенде қалған балалар не болса соны өзіне өлшеп көруге әуес келеді. Түсінігі кем бала «террорист» болып кетуі, «гот» атануы, «гейге» айналуы әбден мүмкін. Бесігімізді тербеткенде «әлдиді» айтып отырып, ел мен жердің қадірін, отанның ыстық екенін, көкте құдай, жерде пенде болатынын, дүниеде талай құпия  тұнып тұрғанын балалардың құлағына құятын ақылды аналарымыз аман болсын.

Гүлжан Ізтай, журналист, жазушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3214
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5225