Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3754 9 пікір 12 Ақпан, 2020 сағат 13:02

Қазақты өркениеттен қалып кеткен тобыр ретінде көрсетуді доғару керек

Қордай оқиғасына қатысты тек екіұдай пікір айтылып жатыр: Бірі дүнгендерді жақтаса, енді бір топ даттап жатыр. Бірақ екі тарапты таразыға салып жатқандарды өз басым көрмедім. Жақтайтындар көбінесе, мемлекеттік қызметтің айналасында жүргендер. Олар “Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады” деген ұстанымның етек-жеңіне кенедей жабысып алған. Бітті. Пікірінше, қазақтардың бұл қылығы дұрыс емес: Қорқытқан, үркіткен, тонаған, атқан, өлтірген, т.б. Бірақ олар неге мұндай қадамға барды? Оқиғаның себебі мен салдары не? деген мәселелерге терең бойлап жатқан жоқ. Дүрліккен қазақтардың дәл қазіргі кездегі рухани жағдайына үңілгісі келмейді. Белгілі, белгісіз себептермен қоғамның қазіргі хал-ахуалын сезініп, түйсініп, оның шынайы бағасын бермей отыр.
.
Мысалы мені мынандай сауалдар мазалайды:
- Масаншыға бір мезетте қалайша соншама адам жинала қалған? Әдейі ұйымдастырылған жоқ па?

- Шекаралық аймақта ҰҚК-нің, арнайы әскери бөлімдері бар. Шамамен кешкі жетіден таңғы үш-төртке дейін жалғасқан қақтығысқа олар неге таң ата бірақ жеткен? Сонда (олардың тілімен айтқанда) төбелес құмар жігіттер білдей бір елдің қарулы күшінен жылдам, әрі белсенді болғаны ма?

- Оқиғаның орын алуына неліктен мүмкіндік берілген? Қырғыз тарапы қалайша іле-шала дүнгендерді бауырына баса қалды?...

Әлбетте, жаман ұлт жоқ, тек әр ұлттың оңбаған адамдары бар. Дүнгендерге реніші бар көпшілік те осы ұстанымда деп сенемін. Алла тағала олардың қазақ топырағын мекен етуін маңдайларына жазған екен, біздің оған еш қарсылығымыз жоқ. Басқасын айтпағанда, бұған олардың бір ғасырдан аса уақыт біздің елде бейбіт өмір сүріп келе жатқаны дәлел.

Қара жамылған әрбір дүнген отбасының қайғысына ортақпыз. Бопсалау, біреудің мал-мүлкін тәркілеу, күш көрсетіп, қару кезенгендердің әрекеттерін сынмен қабылдаймыз. Ұлтшылдық сипаттағы көзқарас пен пікірлерге қарсымыз. Оқиғаны жеке басына пайдаланып кеткен бұзақылар мен бүлікшілер тиісті жазасын алуы тиіс деп есептейміз...

Бірақ, сонымен қатар, ең алдымен жағдайдың осыншалық дәрежеге жетуінің басты себептерін түсінуіміз керек:

- Жергілікті дүнген халқының қазақтарға қыр көрсету фактілерінің бірін де қалдырмай бүге-шігесіне дейін анықтап, оған заң шеңберінде тиісі жазасы берілуі керек.

- Дүнгендерден жапа көрген адамдардың оның ішінде қазақ қызын зорлау фактісі бойынша тергеу амалдары қайта қарап, жазалап, ол туралы халықты ақпараттандыру қажет.

- Олар неге ұлтты менсінбейді? Шал-кемпірлері қарап отырмай ақсақалдар кеңесін құрсын. Жастарына түзу тәрбие беруді талап ету қажет.
.
Бүгін дүнген ақсақалдары басын иіп тұрып жастарының бұзақылығы үшін кешірім сұрапты деп жатыр. Формадағы адамдардың жағасынан алып, киімін жыртып, оларды төпелеп жатқанда сол шалдардың біразы таң-тамаша боп тұрды емес пе? Қой десе, кешірім сұрайтын болса бұған дейін қайда қалыпты?
.
Қысқасы, Қордай оқиғасы бір күнде апай-топай болған жағдай емес. Қазақ пен дүнген арасында талай жылдардан бері қордаланған мәселелердің жарылысы деп түсінемін. Қазақтардың ашуы-ызадан айтып, жазып жатқан ой-пікірлеріне оң көзбен қарау керек. Ессіз дүнгендердің әрекеті мен қарулы күштерден, әскерилерден кеткен олқылықтан болған жадайды күллі қазаққа жаба салып демократияшыл емессіңдер деп оларды өркениеттен қалып кеткен тобыр ретінде көрсетуді доғару керек. Қарапайым қазақты шовинист, ұлтшыл деп айыптап жатқан басқа ұлт өкілдері мен шалақазақтар, қойыңдар болды!

Ертай Нүсіпжанның әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

9 пікір