«Жұманғарин эффектісі» жыртықты жамай алмады!
Мұнайдың орнын басқан қарыз. «Жұманғарин эффектісі» неге жыртықты толық жамай алмады?
Мемлекеттік бюджет өкінішке орай бір тәуелділіктен екінші тәуелділікке ұрынып қалды. Мұнайға деген тәуелділікті азайта бастауымыз сол еді, қарызға деген тәуелділік күрт өсе бастады. Оны биылғы бюджет кірістерінің құрылымынан байқауға болады.
2026 жылдың І тоқсанында бюджеттің жалпы кірістері былтырғы кезеңнен қатты аса алмаған. Көлемі 3,65 триллион теңгені құрады.
Біз неге өспедік? Себебі бірінші тоқсанда Қазақстан технологиялық апаттар кесірінен мұнай өндірісін күрт төмендетіп, бюджетке қара алтын экспортынан келетін пошлина кірісі (ЭТП) 54 пайызға құлдырап кеткен еді. Оның үстіне, бюджетке Ұлттық қордан алынатын трансферт былтырғымен салыстырған күрт төмендеді. Себебі, оған бюджеттік Кодекс бойынша шектеу бар. Бюджет биыл Ұлттық қордан тек 2,77 триллион теңге ғана ала алады.
«Жұманғарин эффектісі» де бюджетке біршама көмектесті. «Жұманғарин эффектісі» аясында биылғы бірінші тоқсанда салық түсімдері 29,4 пайызға өскен. Ол жаңа Салық Кодексі есебінен, яғни НДС пен корпоративті салықтан көбейді. Бірақ мұнайдың минусын салық толық жаба алмады.
Сондықтан Үкіметтің әсіресе ішкі нарықтан қарыз алуға тәбеті артып барады. Бұл Қаржы министрлігін «облигациялық наркоман» дертіне шалдыруы мүмкін. Наурыз айының басында мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру көлемі 870 миллиард теңгеге жетті. Сонда Үкімет өзінің қарыз алу бойынша жылдық жоспарының 71 пайызын бірінші тоқсан бітпей жатып орындап тастаған.
Ал енді, қарызды қайтаруға кететін қаржы бюджет шығындарының 17,2 пайызын құрайды. Бұл тапқан 100 мың теңгесінің 20 мың теңгесін кредитін төлеуге жұмсайтын көршімнің жай-күйіне ұқсап отыр. Халықтың шамадан тыс кредиттенуімен күресе отырып, Үкіметтің өзі тура осындай қарыз шұңқырына батып барады.
Аманат партиясына «Қарызсыз қоғам» семинарларын Үкімет үйінде өткізе бастаса да болатын сияқты.
Айбар Олжаев
Abai.kz