«Пилоттық жоба» не дейді, Конвенция мен Конституция не дейді?!
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К. Тоқаевқа!
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы Үкімет қабылдаған бірлескен бұйрық қоданысқа енген 2026 жылдғы 30 қаңтардан бері Атажұртына көшіп келген этникалық қазақтардың құжаттану процессін өте қиындатып жіберді.
Неше жүздеген отбасылар құжаттана алмай, далада қалудың алдында тұр.
Мен Сізге құжаттана алмай қалған этникалық қазақтар туралы емес, алдымен осы «Пилоттық жобанының» заңдық, құқықтық жағындағы келеңсіздіктер туралы баяндамақпын.
Бірінші, заңнан бастайын.
Қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабында «Қандас» мәртебесін беруден және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту үшін негіздер қарастырылған.
Аталған бапқа сай, қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмаса немесе этникалық қазақтар қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартса, онда этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмейді.
«Қандас» мәртебесі берілмесе, олар Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмайды.
Демек, Атажұртына оралған этникалық қазақтар «Қандас» мәртебесін алып, Қазақстан Республикасының азаматтығына қол жеткізуі үшін, сөзсіз Үкімет белгілеген сегіз облысқа барып, қоныстануы керек!
Бұл норма 2023 жылғы 29 сәуірден бері қолданысқа еніп, биылғы 30 қаңтардан бастап қатаң атқарылуда.
Бұл – Атажұртына оралған этникалық қазақтарға қойылған өңірлік шекету болып табылады.
Енді «Халықтың көші-қоны туралы» заңдағы осы 20-баптың 5) тармағы туралы Конвенция не дейді, Конституция не дейді, соны көрейік.
Өзіңіз жақсы білесіз, «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті» (Нью-Йорк, 1966 ж. 16 желтоқсан) бар.
Бұл Пакті Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен ратификацияланған.
Аталған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің» 12-бабында: «Кез келген мемлекеттің аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам сол аумақтың шегiнде тұрғылықты мекен-жайды өз қалауынша таңдау құқығына ие болуы тиiс»,-деп көрсетілген.
Демек, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы Атажұртына оралған этникалық қазақтарды осы тұрғылықты мекен-жайды өз қалауынша таңдау сынды азаматтық және саяси құқығынан айырылғалы отыр...
Енді осы конвенцияның негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабында «1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар»,-деп ашық көрсетілген.
Демек, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы арқылы қойылған өңірлік шектеу – этникалық қазақтарды тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу сынды осы конституциялық құқығынан түгелдей айырып тастады.
Мен Үкіметтің көшіп келушілерді сол Үкімет белгілеген облыстарға қоныстандыру саясатын толық қолдаймын!
Бірақ, Үкімет өзі бекіткен өңірлерге этникалық қазақтарды мынадай конституциялық құқығынан шектеу жолымен емес, басқа тәсілмен – ынталандыру әдісімен тартуы керек еді.
Өкінішке орай, Үкімет мәжбүрлеу жолын таңдап отыр...
Екінші, «Пилоттық жоба» туралы.
«Пилоттық жобада» «Қандас мәртебесі тек Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қоныстану өңірлеріне міндетті түрде қоныс аудару жағдайларында, ұзарту құқығынсыз 5 (бес) жыл мерзімге беріледі»,-деп көрсетілген.
Бұл норма туралы Заң не дейді?
Қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабында «3) қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады»,-деп жазулы тұр.
Бұл – этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі бір жылға ғана беріледі деген сөз!
Демек, «Пилоттық жобадағы» «Қандас» мәртебесін беру тәртібі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабының 3) тармағына мүлде қайшы!
Үшінші, «Пилоттық жобадағы» тағы бір қайшылыққа туралы айта кетейін.
«Пилоттық жобаға» сай, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға және қандас мәртебесін алуға үміткер адамдар алдын ала айқындалған өлшемшарттар бойынша балдарды автоматты түрде беру негізінде жүзеге асырылатын бес кезеңнен тұратын цифрлық бағалаудан өтуі керек екен.
Сол бес кезеңнен тұратын цифрлық бағалаудың біреуі – «ҚАЗТЕСТ» тестілеу жүйесі арқылы қазақ тілінен емтихан тапсыру.
Енді осы «Пилоттық жобадағы» қазақ тілінен емтихан тапсыру туралы нормағаа Заң не дейді екен?!
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 17-бабында Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіруден бас тарту негiздерi көрсетілген.
Аталған баптың 14) тармағына сай, «..мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білмесе, оның өтінішхаты қабылданбайды»,-деп жазылғаны рас.
Бірақ, осы 17-баптың соңында: «Осы баптың бірінші бөлігінің 14) тармақшасының ережелері этностық қазақтарға қолданылмайды»,-деп, ашық көрсетілген.
Демек, «Пилоттық жобадағы» этностық қазақтардан ҚАЗТЕСТ тестілеу жүйесі арқылы қазақ тілінен емтихан алу тәртібі де – «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 17-бабына қайшы деген сөз!
Соған қарамастан, биылғы 30 қаңтардан бастап «Пилоттық жоба» қолданысқа енгізіліп, қатаң атқарылып жатыр.
«Қандас» мәртебесі де осы «Пилоттық жобада» көрсетілген тәртіппен берілуде…
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құдай бұйырса, 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қолданысқа енеді.
Жаңа Ата Заңымыздан Сіздің «Әділетті Қазақстан» идеяңыз бен «Заң мен Тәртіп» қағидатыңыз көрініс тауып, Еліміз жаңа дәуірге қадам тастағалы отырған тарихи сәтте Үкіметтің Конвенцияға, Конституцияға және қолданыстағы заңдарға қайшы осындай келеңіз жобаны бекітіп, іске қосуы; Көші-қон саласын «Пилоттық жобамен» басқаруды жолға қоюы – өте қызық оқиға болды!
Бұл – өте қорқынышты жағдай деуге болады!!
Ащы да болса айтайын, бұл «Бірлескен бұйрық» – «Пилоттық жобаны» жасаушылар мен оны бекітушілердің Конвенция, Конституция, Заң және Құқық жөніңдегі сауатының НӨЛ екенін көрсетті!
Көші-қон саласын реттеу туралы Сіздің нұсқау бергеніңізді білем, бірақ дәл осындай шаш емес, бас алатын тапсырма бермегеніңізге мен жүз пайыз сенімдімін!
Неге екенін түсініксіз, «Пилоттық жоба» авторлары қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясының 69-бабында: «3. Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс»,-деген нормасын мүлде ескермеген!

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.
Басқаларды былай қойғанда, мен: «Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов қайда қарап отыр?»,-деп, таң қалдым.

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.
Көші-қон саласына жауапты кейбір лауазымды тұлғалар шеттен келген қазақтарды ұнатпауы, тіпті жек көруі мүмкін.
Бұл – қалыпты құбылыс.
Бірақ, олар Конвенцияны, Конституцияны және Заңдарды құрметтеуі керек қой...
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізден аталған «Пилоттық жобаны» күшінен қалдыру, Көші-қон саласын, Конвенциялар мен Ата Заңды сақтай отырып, басқа тәсілдермен реттеу туралы пәрмен беруіңізді және осы Жобаны бекіткен лаузымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріп, заңдық жауапқа тартуыңызды сұраймын.
Ескерту: «Пилоттық жобаның» кесірінен құжаттана алмай қалған 260-қа таяу қандас отбасының тізімі қоса тіркелді, бұл тізім әлі де жалғасып жатыр.
Ауыт Мұқибек,
«Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz