Сенбі, 22 Ақпан 2020
Жаңалықтар 1531 0 пікір 4 Наурыз, 2013 сағат 11:33

Алаш пен Қайым – егіз ұғым

 

 

Абайды танып-білдік пе? Осы сауалдың жаны қазақ кез келген азаматты мазалайтыны рас. Бүгінде біз оның сом тұлғасын ғалым-жазушылардың шығармалары арқылы танып-білуге тырысамыз. Күні кеше Қазақстан-Ресей университетінің студенттері де Абаймен белгілі ғалым Қайым Мұхамедхановтың еңбектері арқылы жан-жақты танысты. «Алаш және Қайым» тақырыбында өткен әдеби кеште студент жастарға Қ.Мұхамедхановтың 10 томдық шығармалар жинағытаныстырылды.

Алаш пен Қайымның егіз ұғым екендігі айтпаса да түсінікті. Осы жерде ғалымның туып-өскен, білім мен білік жинаған, үлгі-өнеге алған ортасы туралы айта кеткен жөн болар. Қ.Мұхамедханов 1916 жылы қаңтар дың 5-і күні қазіргі Жаңасемейде, бұрынғы «Заречная слободка» аталған жерде дүниеге келді. Уақыт өте келе, Жаңа семейдің бұл бөлігі Алаш қаласы аталғаны белгілі. Қайым Мұхамедханов бала кезінен қазақтың біртуар азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Оған себепкер болған ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Мұхамедхан ата өз шаңырағына Алаш көсемдерінің басын жиі қосып, олардың ат басын тірейтін үлкен үйлері ретінде, кеңес құратын ордалары ретінде белгілі болған. Осындай үлкен бас қосулар танымал ақындар мен әншілердің де өз өнерлерін сынайтын, танылатын жері болған. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің мол мұралары күні-түні жырланып, әні шырқалып жатқан қасиетті ортадан жас Қайымның алар тәлім-тәрбиесі де мол болды. Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағына Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов жиі келіп, отырыстың мәнділігін арттыратын. Қайым Мұхамедхановтың өмір жолындағы ұлтжандылық, нағыз ұлтшылдық бағыттың қалыптасуына осындай мағыналы басқосулардың да себебі болғандығын ғалым естеліктерінен білеміз. «Әлекең, Ахаңдардың бұл шақта елді еркіндікке жеткізу мақсатымен орталықтан заңды түрде автономия сұрап жүрген кезі, - дейтін әкем. - Сол мақсатпен бұлардың Мәскеудегі мықтылармен телеграф арқылы сөйлесетіні де, Сталинмен ұлт мәселесі жөнінде сөзге келісіп қалатыны да осы тұс.

Содан бірде Ахаң Мәскеуге арнайы сапар шегіп, Ленинмен үш сағат әңгімелесетіні де шындық. Сол шақта біздер Ахаң сынды ғұламамен үш сағат бойы тілдесуге жараған орыстан да ұл туған екен деп күпінгенбіз». Бұл енді бір жағы әзіл болғанымен, екінші жағынан шындығы да басым сөз. Айтты-айтпады, дәл сол шақта елім деп еңіреген, білімі де, білігі де, жүрегі де, тілегі де мықты Алаш арыстары жеткілікті болатын. Бұларды Шыңғысхан тұқымы деп қана білетін Сталин өзі өкімет басына келісімен, ең алды мен, біздің сол асыл жүректі азаматтарымызға қырғидай тигені тарихи шындық. Тек сонымен шектелмей, отызыншы жылдардың басында бүкіл халыққа нәубет болып келген ашаршылықты қолдан ұйымдастырғанын қайтерсің! Кей мәселелерде әлі есімізді жинай алмай отырсақ, мұның бәрі сол сұрқия саясат салдары», - деп еске алады Қ.Мұхамедханов өзінің бір сұхбатында. Қайым Мұхамедханов - қазақ әдебиетіндегі абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым.

Сондай-ақ Қ.Мұхамедхановтың әдебиеттану саласындағы көптеген мақалалары қазақ әдебиетіндегі жаңа белесті айқындап, қазақ әдебиетінің даму бағыттарын белгіледі. Осы орайда ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі мектеп болып саналатын Абайдың ақындық айналасына арналған «Абай айналасындағы ақындар» (1950 ж.) атты монографиясы, «Абай дың ақын шәкірттері» (1993-1997) деген ғылыми-зерттеулері әдебиет тарихы ғылымының жаңа бір беттері болып ашылды. Абай мектебінің талантты өкілдері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет және тағы басқа қазақ әде биетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларының жиналып, баспаға дайындалуына және іргелі ғылыми-зерттеулердің нысанына айналуына Қайым Мұхамедхановтың тікелей ықпал еткені рас. Сондай-ақ ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы да шығарма ларының текстологиялық жағынан дұрыс басылуына, өлеңдерінің хронологиялық дұрыс орналасуына арнап бірнеше мақала жазды.

Сол мақалаларының өзі бүгінгі шәкәрімтану ғылымының жаңа белесінің тың парақтары болып ашылды.

Ербол ІРГЕБАЙ, Қ.Мұхамедхановтың 10 томдық шығармалар жинағын құрастырушы, №40 мектептің директоры:

- Қайым Мұхамедхановтың азаматтық тұлғасы бәрімізге үлгі болып қалабереді. Себебі ол кісі кіршіксіз тазалықты сүйіп, өмірден тек шындық пен адамгершілікті ғана ту етіп өтті. Ғалым 40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып, біраз әңгімелер де жазды. Мұхтар Әуезовтен кейін абайтану іліміне ерен еңбек сіңірді. Тіпті осы Абай тақырыбына қалам тартқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 жылға сотталғаны, Карлагта отырып «Бабаларыма» деген керемет өлең жазғаны мәлім. «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Әнұранының авторы екенін біреу білсе, біреудің жадында болмауы бек мүмкін.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры:

- Шыны керек, Қайым Мұхамедханов сияқты ұлтжанды азаматтардың арқасында біз Абайды танып жатырмыз. Сондықтан бүгінде біз «Алаш және Қайым» деген кешті желеу етіп, ғылыми алқа құрдық. Осы алқаны құрудың негізгі мақсаты -абайтанушы ғалымдардың еңбектерін зерттеп-зерделеу. Алдағы уақытта қайымтанушы мамандар да қалыптасатын шығар. Өйткені Қайымның шығармашылығы мен бізге жеткізген еңбектері - бір үлкен зертеуі қажет ететін дүние.

Автор: Арман АСҚАР, Астана

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір