Жұма, 27 Наурыз 2026
Ақмылтық 126 0 пікір 27 Наурыз, 2026 сағат 09:40

Конституциядағы «тілдік мөрдің» ашылуы және оның төңірегіндегі нарратив

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жаңа Конституция елеулі өзгерістерге ұшырағанымен, олардың ішіндегі ең маңыздысы – этнотілдік теңгерімге қатысты түзетулер. Атап айтқанда, 1995 жылғы Конституцияның 7-бабындағы «тең» («наравне») деген терминнің 2026 жылғы 15 наурыздағы Конституцияның 9-бабында «қатар» («наряду») деген сөзбен ауыстырылуы тілдік иерархияны қалыптастырады. Бұл Қазақстандағы тілдердің қолданылу пирамидасын білдіреді: мемлекеттік тіл – қазақ тілі ең жоғарғы сатыда, ал орыс тілі мен өзге тілдер қолданылу ауқымына қарай төмен орналасады.

Бұл өзгерісті біз қалыптасып отырған жаңа жағдайдың кілті деп бағалай аламыз. Өзге барлық түзетулер осы басты қағиданы – егемен құқықтың басымдығы мен қазақы болмыстың үстемдігін нығайтады.

Аталған өзгерістер Қазақстандағы ұзақ мерзімді мәдени-өркениеттік және буынаралық трансформациялардың нәтижесі болып табылады. Бұл үдерістер белгілі бір шекке жетіп, формалды конституциялық және саяси құрылымдардың әлеуметтік шынайылықпен сәйкестігі әлсірегенін көрсетті.

Бұған дейін ұлттық саясаттың бүкіл жүйесі, халықаралық құқықтың ұлттық құқықтан үстемдігі, этносаралық келісімнің Қазақстан халқы Ассамблеясы моделі және өзге де тетіктер тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайларға бейімделу факторы ретінде қызмет етті. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның халықаралық кеңістікте егемен мемлекет ретінде қалыптасу кезеңімен байланысты болды. Сондықтан 1990-жылдары ұлттық және тіл саясатының шеңберлері белгіленіп, олар көбіне ұлттық бірегейлікті дамытудан гөрі саяси режимді нығайтуға бағытталды.

Билік бұл кезеңде медиатор рөлін атқарды. Сонымен қатар қазақ құндылықтары белгілі бір деңгейде тежеліп отырды. Саяси режимнің тұрақтылығы қазақ факторын көпұлттылық концепциясымен теңгеру арқылы қамтамасыз етілді. Бұл билікке саяси дивидендтер алып келіп, сайлау нәтижелерінің болжамдылығын қамтамасыз етті, сонымен қатар шынайы қазақ мемлекеттілігін терең дамытуға айтарлықтай қысым түсірмеді.

Шын мәнінде, бұл – кеңестік буын мен жаңа өсіп келе жатқан буын арасындағы консенсус еді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде ұлттық сезімдерді шектеу, патриотизмді шекті деңгейде ұстау маңызды болды. Ұлттық энергияны саясат пен экономикалық өсімге бағыттау көзделді. Осы себепті символдық құндылықтар деңгейі аса қозғала қойған жоқ. Қазақтың тарихи-мәдени атрибуттары қасиеттелді, бірақ олар модернизациялық және операциялық контекске толық енгізілмеді. Оның орнына белгілі бір идеологиялық «баламалар» ұсынылып, ұлттық сананың табиғи дамуына жасанды бағыттар берілді.

Алайда білім, цифрландыру, құндылықтар мен тілдік коммуникациялардағы өзгерістер Қазақстанның этномәдени дихотомиядан біртіндеп шығуына алып келді. Бұрын мемлекеттік саясат пен қоғамдық қатынастар екі түрлі саяси сананы үйлестіруге бағытталды.

2000–2010 жылдары бұл үйлесім технократиялық басқару мен неолибералдық нарықтық модель арқылы қамтамасыз етілді, кейін әлеуметтік саясатпен толықтырылды. Мемлекет шиеленіс ошақтарын қаржылық және әкімшілік ресурстар арқылы «жабумен» айналысты, бұл өз кезегінде мемлекеттік саясаттың тиімділігін төмендетіп жіберді.

Осындай идеологиялық модельде мемлекеттілік белгілі бір дәрежеде ресейшіл саясат кепілдіктеріне сүйенді. Солтүстік–оңтүстік бөлінісі сақталып, қауіпсіздік пен тұрақтылық осы тепе-теңдік арқылы қамтамасыз етілді. Ресей үшін Астананың келісімпаздығы мен орыстілді топтардың құқықтарының қорғалуы басты фактор болды, ал қазақ модернизациясының мүдделері екінші кезекке ығыстырылды.

2026 жылғы наурызда Конституциядағы «тілдік мөрдің» ашылуы, яғни тіл туралы баптағы символикалық, бірақ мәні терең өзгеріс ұзақ мерзімді салдарға ие. Бұл таудан бастау алған шағын бұлақтың уақыт өте үлкен өзенге айналуымен тең.

Бұл шешім – батыл әрі тарихи маңызы зор қадам. Оның аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Халық кеңесіне трансформациялануы немесе екі палаталы парламенттің бір палаталы құрылтайға айналуы секілді өзгерістер тек институционалдық сипатта ғана көрінеді. Ал тілдік концепциядағы өзгеріс қоғамдағы терең үдерістерді қозғайды.

Қазақ тілі білім беру мен күнделікті коммуникацияның негізгі тіліне айналып келеді және бұл үдеріс жалғаса бермек. Ол тек дәстүрлі оңтүстік өңірлерде ғана емес, солтүстік аймақтар мен қалаларда да қоғамдық кеңістікті белсенді түрде қамтып жатыр.

Кей жағдайда жаңа тілдік шындыққа мемлекеттік бюрократияның дайын болмағанын да көрдік. Тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Мысалы, Ресейдегі елшілік бұл өзгерістердің «ештеңе өзгертпегенін» дәлелдеуге мәжбүр болды. Ішкі дискурста бұл тақырыпты көбіне айналып өтуге тырысады.

Ендігі негізгі міндет – тіл мәселесіне қатысты табиғи тілдік даму логикасына негізделген нарратив қалыптастыру. Конституция құқықтық құжат ретінде тілдік ортаның табиғи эволюциясына мүмкіндік беруі тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстан үшін қазіргі жағдайда «отаршылдық» дискурсты шамадан тыс саясиландыру тарихи шиеленістерді күшейтуі мүмкін екені де түсінікті. Сондықтан бұл бағыттағы радикалды интерпретациялардан сақ болу қажет.

Қазіргі жаһандық поляризация жағдайында тарихи нарративтер ақпараттық құралға айналып отыр. Осы тұрғыда Конституцияның әлеуетін пайдалана отырып, қоғамның тілдік және әлеуметтік иммунитетін күшейту маңызды.

Негізгі тәсіл – тілдік иерархияны этнодемографиялық құрылыммен үйлестіру. Ол үрдіс қазірдің өзінде жүрып жатыр. Жаңа буынның қалыптасуы дәстүрлі коммуникация формаларын өзгертуде. Сондықтан мемлекет пен қоғамның құндылық негіздерінің бірлігі аса маңызды.

Сондай-ақ қоғамды қайта әлеуметтендіру міндеті туындайды. Тарихи құндылықтарды қазіргі заман талаптарына бейімдеу – мемлекеттің маңызды ағартушылық миссиясы.

Сонымен қатар тілдік саясат бойынша нақты нарратив сыртқы аудитория үшін де қажет. Бұл өзгерістер Қазақстанның Ресеймен және славян әлемімен байланысынан бас тарту ретінде қабылданбауы тиіс.

Қазақылық пен түркілік негіз Қазақстанның геосаяси тұрғыда буферлік рөлін күшейтеді. Ол түрлі өркениеттік қабаттар арасындағы қайшылықтарды жұмсартуға мүмкіндік береді.

Біріншіден, тілдік иерархия – табиғи құбылыс және дискриминациялық сипатқа ие емес.

Екіншіден, қазақ құндылықтары мен түркілік негіз Қазақстанның геосаяси рөлін айқындайды.

Үшіншіден, тіл нормасындағы өзгеріс этникалық дихотомияны әлсіретеді.

Төртіншіден, Конституция – әлеуметтік топтар арасындағы келісімнің нәтижесі.

Бесіншіден, білім мен адами капиталға басымдық беру – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізі. Осылайша этносаяси қауіпсіздікке төнетін ұзақ мерзімді қауіптер жойылады.

Дархан Кәлетаев, саяси ғылымдар докторы

Abai.kz

0 пікір