Психолог: Ең алдымен ұстаздар бақытты болу керек!
Қазақ халқы «Ештен кеш жақсы» деп бекер айтпаса керек. Мақалдың мәйегіне арқа сүйеп, біз қуанышты хабармен бөлісуді жөн көрдік.
2025-2026 жылғы оқу жылы аясында Л.Н.Гумелев университетінің қабырғасында қазақ тілі мен тілді оқыту саласы бойынша «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалар» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткен еді. Осы ғылыми жиын барасында біз қазақ тілінде еркін сөйлейтін Николай Маевскийді кезіктірдік. Николай Маевский – қазақ тілін небәрі үш жыл ішінде меңгерген орыс жігіті. Қазіргі таңда еліміздің бас қаласы Астанада тұрады. Жас психолог Николай Маевский өзінің ғылыми баяндамасын таза қазақ тілінде жасады. Біз Николайдың мазмұнды баяндамасына зор сүйіспеншілік білдіре отырып, онымен қазақ тілін қалай меңгергені және қазіргі қазақ тілді психологияның ахуалы жайында сұхбат құрған едік. Сұхбатымыз келелі болды деген үміттеміз.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.
– Көзі қарақты оқырман сіздің мықты психолог екеніңізді біледі. Алайда өмірбаяныңыз бейтаныс кісілерге өзіңізді алдымен таныстырып өтсеңіз.
– Менің ныспым Николай Маевский. Белгілі композитор Игорь Стравинский: «Санкт-Петербург – бұл ұлы Пушкин жасаған қала» деп бекер айтпаса керек. Мен, осы, мәдениет пен білімнің ошағы саналатын әсем де көркем Санкт-Петербург қаласында дүниеге келдім. Кейін жұмыс бабымен Астанаға көшіп келген едім. Қазірде еліміздің бас қаласы Астанада тұрамын. Бастапқы мамандығым – адам жанының ілімін зерттеуші, психолог, ал екіншісі – шахмат мұғалімі. Бүгінде мен психолог ретінде спортшылармен көп жұмыс істеймін, әсіресе, шахматшыларға көп көмек беремін. Себебі менің екінші мамандығым шахмат мұғалімі ғой. Осы тұрғыда шахматшыларға берер көмегім зор деп ойлаймын.
– Қазақ тілін қалай меңгердіңіз? Ана тілімізді меңгеру қиынға соқпады ма?
– Астанаға көшіп келген кезде мен ең бірінші қазақ тілін меңгеру керекпін деп шештім. Өйткені қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілді білу қажет деп есептеймін. Басында қазақ тілін өздігінен үйренуге тырыстым, алайда тілді меңгеру оңайлыққа соқпағанын мойындауым қажет. Сондықтан қазақ тілді мықты мұғалімді тауып алып, аптасына 2-3 рет тіл оқи бастадым. Бұдан бөлек, мен «Батыл бол» деген клубқа баратынмын. Бұл клубтың тіл меңгеруде көп көмегі тигенін айта кетуім қажет. Бірақ қазақ тілін меңгеруде маған Владислав Теннің методикасы көп көмегін тигізді. Ол кісінің «Қазақ тілінің формуласы» деген кітабы бар. Владислав Тен қазақ тілі шет тіл ретінде жоғары деңгейде үйретеді. Онымен танысып, тез нәтижие шығардым. Кез келген түсінбейтін сәтті ол кісі маған анық түсіндіре алады.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.
– «Кітап-ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деп халық бекер айтпаса керек. Қазақ тілінде кітаптар оқисыз ба? Оқысаңыз, кімнің кітабын оқуға кеңес бересіз?
– Мен бала кезімнен бері қазақ ертегілерін жақсы көремін. Қазақ ертегілерінің жауһар қазығы саналатын «Жезтырнақ», «Пері», «Жиренше» туралы ертегілерді көп оқитынмын. Бір күні ертегілерді түпнұсқада оқимын деп үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Қазірде жаңа үлгіде жазылған «Ер-Төстік», «Жезтырнақ» туралы ертегілерді көп оқып жүрмін. Менде «Сәкен Сейфулиннның шығармалары» деген кітап бар, бірақ оны оқуға маған әлі тілдік тұрғыда қиын. Сөздік қорымен әлі де жұмыс жасауым қажет. Оған қоса, «Атом әдеттер» деген психологиялық кітап та менде бар. Аталмыш кітап «Жаңа әдет қалай қалыптастыруға болады?», «Жетіскке жеткен адамдардың құпиясы неде?» сынды сан түрлі сауалдарға жауап береді. Бұдан бөлек, мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын қазақ тілінде оқысам деймін. Бұл арманым да бір күні орындалар деген үміттемін...
– Әлемнің ең атақты тұлғаларының бірі Йохан Себастян Бах: «Музыка-адамның сезімін білдіретін ең тікелей тіл» деп айтқандай, қазақ тілінде қандай да әндер тыңдайсыз ба? Кімдердің әндерін қайталап тыйдағанды ұнатасыз? Сіздің ең сүйікті қазақ тіліндегі әніңіз?
– Маған қазақ тіліндегі әуендер ұнайды. Айта кетер бір жайт, мен биыл домбыра тартуды үйрене бастадым. Домбыра күні концертіне қатыстым. Біз бірнеше күй ойнадық: «Той бастар», «Алтын ұя», «Ақ желең». Қазақ домбырасы мені бірден ерекше баурап алды – оның үні өте ерекше әрі жанымды тыныштандырады. Әсіресе, «Көңіл толқыны» күйі маған қатты әсер етті. Оны ойнауды үйренгім келеді.
Қазақ тілін үйрену үшін мен кез келген казақ тілді әндерді тыңдаймын. Келесі әндерді ерекше жақсы көремін: «Бойы бұлған», «Балқадиша», «Тапты-ау сені», «Япурай» және т.б.
– Қазақ тілінде кино тамашалайсыз ба? Қазақ тілінде түсірілген бірнеше киноны атасаңыз...
– Ол режиссерге байланысты. Мен заманауи фильмдерді көп көргенімді жасырмаймын. Мысалы, «Бақыт», «Дәстүр», «Ауыр», «Үш қаһарман». Оларды қарау маған тілдік тұрғыда ауырлау болғаны рас. Бірақ ең сүйікті қазақ тілді фильмдерім: «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Анаға апарар жол», «Гауһартас» болып мәңгілікке жүрегімде қалады...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.
– Жоғарыда сіз спортшыларға арнап қазақ тілінде аудиоподкастар жасаймын деп қалдыңыз. Спорттық психологияда қандай әдіс-тәсілдерге сүйенесіз?
– Мен «Ырық бітік» деген карталарды психологиялық практикамда қолданамын. Бұл карталар – көшпенді мәдениеттің рухани мұрасы және түркі халықтары ата-бабаларының бейнелі жүйесін зерттеу нәтижесі. Оның авторы – заманауи сүретші, номад-дизайнеры әрі мәдениет зерттеуші Лаура Досыбаева. Ол кісі өте әдемі сурет салады, ал мен бұл карталарды тәсіл ретінде қолданамын. Карталар арқылы қазақтар оларды тереңірек түсіне алады, жоғалтқан тамырымен қайта байланыс орната алады.
– Халықаралық конференция барысында сіздің «Ұстаз бақыты» атты ғылыми жобаны қолға алып жатқаныңызды естіген едік. Өте қуаныштымыз! Сәттілік тілейміз! Осы жоба жайында толығырақ айтып өтсеңіз...
– Біздің басты әрі негізгі мақсатымыз – мұғалімдерге психологиялық тұрғыда қолдау көрсету. Қазіргі таңда мектептің мұғалімдеріне берілетін жүктеме көп. Осыған орай, мұғалімдер жиі эмоционалды күйреуге ұшырайды. Біз оларға психологиялық колдауымызды береміз, сөйлесу және пайда болған мәселелерді шешуге орта қалыптастырамыз, оларға тиімде әрі ғылыми тұрғыда дәлелденген әдістемелерді ұсынамыз. Білім беру ісі сапалы түрде жүзеге асу үшін ең алдымен ұстаздар бақытты болу керек деп есептеймін. Әрине, бұл қазіргі ұстаздардың бақытсыздығын білдірмейді. Білім беру ісінің жаңғыруы – көңіл қуантады. Түрлі заманауи әдіс-тәсілдер, платформалар – білім беру ісін жаңа деңгейге көтеруде. Бірақ ұстаздар да адам екенін естен шығармауымыз қажет. Ұстаздар да кейде жұмыстан тыс отбасылық немесе түрлі өмірлік жағдайларға байланысты күйзеліске ұшырайды. Біздің мақсатымыз сондай кездерде қолдауды көрсету...
– Болашақта қазақ тілін насихаттау бойынша тағы қандай жобаларды қолға алу жоспарыңызда бар? Пікіріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Спорттық тақырыптардағы аудиоподкасттарды қазақ тілінде көбірек түсіргім келеді. «Тәуекел түбі – жел қайық» деп мен белімді бекем буып, кейбір аудиоподкастарымды қазақ тілінде түсіре бастаған едім. Осы формат менің қазақшамды жаңа деңгейге көтергенін жасырмаймын. Подкастарым көбіне жас спортшыларға, яғни, балаларға арналған. Сондықтан, олардың тілдік тұрғыда жеңіл, жалпы оқырмандарға түсінікті болуы мен үшін аса маңызды. «Спорттық психологияның кұпиялары» деген аудиоподкаст жаздым. Оны қазақ тіліне сапалы түрде аударуға маған Ердігүл Дәдібасқызы көмектесті. Ол кісіге айтар алғысым шексіз.
Бұған дейін мен «Maqsut Narikbayev University» университетінде студенттерге қазақ тілінде дәрістер оқыған едім. Осы ісімді әрі қарай жалғастырсам деймін. Қазір мен университетте немесе мектепте өзімнің өмірлік жолым туралы айтуға дайынмын. Сондай-ақ, қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға психологиялық тұрғыда көмек беруге сақадай саймын. Кейде адамдарға жаңа қадам жасау үшін шабыт, ынта керек. Мүмкін, менің өмірлік жолым біреуге осындай жағдайларда көмек беретін шығар.
– Әңгімеңізге көп көп рахмет!
– Сұхбат құруға шақырғаныңыз үшін айтар алғысым шексіз! Сәттілік тілеймін!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.
Сұхбаттасқан,
Алтыншаш Құрманаева,
№2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі.
Көкшетау қаласы.
Abai.kz