Сейсенбі, 24 Наурыз 2026
«Соқыр» Фемида 103 0 пікір 24 Наурыз, 2026 сағат 13:00

Адамды рейтингке салу — оның болмысын тарылту!

Сурет: әлеуметтік желіден алынды

Наурызда Президент Түркістанда болды. Содан облысқа қызметі сіңген «зиялыларға» орден/медаль үлестірді. Алғандары марқайып, тізімге енбей қалғандары жасып қалды. Біреулері қуанып, біреулері қызғаныш білдірді. Бүгін арнайы сол «марқайғандар» мен «жасығандарға» оларды сабырға шақыру мақсатында, медаль мен орденнің мәні туралы философиялық комментарии бергім келді.

Өзіме келсем, шүкір ешкімді қызғанбадым, ешкімге де қуанбадым. Өзімнің ішкі психологиялық «илми ахуалымды» тексердім. Мені «менен» басқа ешкім білмейді, әрине. Менің медаль мен орденге деген қатынасым белгілі. Оны осыдан он жыл бұрын медаль, орден сияқты марапатты «салпыншақ» деп жариялағам. Сол мақаламда, “Медаль мен орден адамды өлшейтін шынайы құрал бола алмайды” дегенмін.

Неге, себебі адам құндылығы өлшенбейді. Адамның шынайы құндылығы – ниетінде, ішкі дүниесінде жатыр. Ал медаль - сыртқы белгі, институционалдық баға ғана. Адам өлшенбейтін болмыс, сондықтан ол формалды көрсеткішке сыймайды.

Одан бөлек, бүгін біздің қоғамда бағалау әрқашан субъективті. Кімге орден беріледі? Оны белгілі бір комиссияның «тізімі» шешеді. Демек бұл белгілі бір саяси-әлеуметтік контекст. Бұл жерде субъективтілік пен конъюнктура және идеология жатыр. Мұны ғылымда “символдық билік” деп атайды. Яғни орден — абсолютті өлшем емес, тек қана биліктің символдық өлшемі. Кеше Елбасының қолынан марапат алғандар, бүгін оны жер жебіріне жетіп даттап жатыр. Ертең де солай болады. Сондықтан «марқайғандар» мен «жасығандарға» марапаттың бәрі өткінші екендігін ескерткім келеді.

Демек, ешқашан сыртқы марапат пен ішкі құндылық тең емес. Көп жағдайда үлкен тұлғалар марапатсыз қалады, ал марапат алғандар бәрі бірдей терең тұлға емес, яғни мойындалу мен шынайы ұлылық тең емес деген сөз.

О бастан марапат жүйесі — иерархия құралы ғана. Десе де ордендер қоғамда “кім жоғары, кім төмен” деген өзінше бір жүйе құрады. Ал адамдық тұрғыдан-әр адамның қадірі бірегей, яғни адамды рейтингке салу — оның болмысын тарылту екені белгілі. Абай айтпақшы қолдан «десіндер» тобын көбейтеді. Бұл бүгін саяси тұрғыдан белгілі партия мүшелерінің санын арттыруы мүмкін.

Ал, рухани тұрғыдан, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи дәстүрінде «ықылас» маңызды. Яғни «жасырын амал» жоғары тұрады. Сондықтан «атақтан қашу» құнды. Ол қазақ діни танымы-сопылықта, «меламия» дәстүрі деп аталады. Яғни медаль, орден сияқты атақтар адамның ішкі рухани және моральдық стерженіне кедергі де болуы мүмкін.

Қысқасы “орден адамды емес, биліктің, жүйенің адамға берген бағасы ғана. Ал адамның шынайы құндылығы — ешбір марапатпен өлшенбейді. Адам құндылығы ниеті, ар-ұяты, рухани деңгейінде жатыр. Олай болса, оны марапатпен өлшеу мүмкін бе?. Сондықтан орден — адамның ұлылығын емес, жүйенің оны қалай бағалағанын ғана көрсетеді.

Десе де, орден яки медаль алуға ұмтылудың қоғамға ықпалын екі бөліп көрсетуге болады. Пайдалы қыры – «мотивация мен белсенділік». Адамдар қоғамға пайдалы әрекет жасауға ынталы болады. Ғылым, мәдениет, білім, қоғамдық қызмет саласында бәсекелестік күшейеді. Марапатқа ұмтылу әлеуметтік жауапкершілікті арттырады. Орден алу үшін адамдар көбіне қоғамдағы моральдық, кәсіби немесе рухани құндылықтарды дәріптеуге тырысады. Қоғамда позитивтік рөл үлгілері қалыптасады. Тағы ұлттық мәдени символдар алға шығады. Орденнің атында тарихи немесе мәдени тұлға болса, қоғам сол тұлғаның мұрасын біледі және қадірлейді. Ұлттық бірегейлікті нығайтады және .т.б.

Енді орден мен медальдың қауіпті қырына келсек, қоғамда бәсекелестік пен рия/көзбояушылық артады. Орденге ұмтылу кейде жалған іс-әрекетке, рияға әкелуі мүмкін. Ішкі ниет емес, сыртқы мойындау басты мақсат болады. Құндылықтар құнсызданады. Егер адамдар тек марапат үшін әрекет етсе, шынайы рухани және әлеуметтік мәні төмендейді. Мысалы, жоғарыда да айтқанымдай Ясауи жолында іс-әрекет тек ықыласқа негізделу керек. Ал марапат, «мені мақтасын», «мені кавалер десін», «мені лауреат десін» үшін жасалса, онда ілімнің мәні қашады. Сонымен қатар, психологиялық тұрғыдан, идеологиялық немесе саяси инструментализация тұрғысынан да ордендерді билік белгілі бір бағыттағы адамдарға беру арқылы қоғамдағы тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Қоғамдағы «белсенділердің мотивациясы» тек билік күшімен ғана анықталуы мүмкін. Онда қоғам, мәдениет, өркениет, мораль кейінгі сатыға ығыстырылады.

Рухани тұрғыдан Қожа Ахмет Ясауи ілімінде, “Ісіңнің ниеті тазалықта болсын, сыртқы мақтау үшін емес” деген тұжырым бар. Орденге ұмтылу — кейде биліктің немесе қоғамның белгіленген бағасына «жағымпаздықты» арттырады.

PS: Орденге ұмтылу бүгінгі қоғам үшін мотивация мен үлгі берсе де, рухани, моральдық және әділеттік тұрғыдан қауіпті. Әсіресе, рухани мұраға қатысты болса, символдық марапат оның құнын жояды.

Досан Кенжетай

Abai.kz

0 пікір