Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6136 0 пікір 6 Қаңтар, 2014 сағат 06:21

Ауыт Мұқибек: ««Нағашыма хат» нағашымның қолына тиіпті»

Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты тақырыбының бірі көші-қон мәселесі болса, сол тақырыпты күн тәртібінен түсірмей қалам тербейтін тұрақты авторларының бірі ақын Ауыт Мұқибек мырза.  Иегінің астындағы қыл-қыбырдан өзгені ойламайтын , «қазақ» деп сөйлегенде ісіп-кеуіп, бірақ қазақтың қабырғасын қайыстыратын жайттардан басын ала қашатын «жаны аяулы жақсылардың» да мазасын жиі алатын Ауыт Мұқибек былтырғы жылды баспасөз өкілдерінің тілімен айтсақ, үлкен сенсациямен аяқтап, нағашысына – Президент Назарбаевқа үшбу хат жазып қортындылаған еді. Қайраткер ақынның хаты арнап жазған адамына жетті ме, жоқ па, бізді осы сұрақ қызықтырып әңгіме-дүкен құрғанды жөн көрдік. Ауыт мырза бізге хаттың мән-жайы мен көші-қонға қатысты келелі ойларын ақтарыла айтып берді.

 

-  «Нағашыма хат» жарияланғалы да екі-үш аптаның жүзі болып қалыпты. Жалпы жұрт хатты қалай қабылдады деп ойлайсыз?

Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты тақырыбының бірі көші-қон мәселесі болса, сол тақырыпты күн тәртібінен түсірмей қалам тербейтін тұрақты авторларының бірі ақын Ауыт Мұқибек мырза.  Иегінің астындағы қыл-қыбырдан өзгені ойламайтын , «қазақ» деп сөйлегенде ісіп-кеуіп, бірақ қазақтың қабырғасын қайыстыратын жайттардан басын ала қашатын «жаны аяулы жақсылардың» да мазасын жиі алатын Ауыт Мұқибек былтырғы жылды баспасөз өкілдерінің тілімен айтсақ, үлкен сенсациямен аяқтап, нағашысына – Президент Назарбаевқа үшбу хат жазып қортындылаған еді. Қайраткер ақынның хаты арнап жазған адамына жетті ме, жоқ па, бізді осы сұрақ қызықтырып әңгіме-дүкен құрғанды жөн көрдік. Ауыт мырза бізге хаттың мән-жайы мен көші-қонға қатысты келелі ойларын ақтарыла айтып берді.

 

-  «Нағашыма хат» жарияланғалы да екі-үш аптаның жүзі болып қалыпты. Жалпы жұрт хатты қалай қабылдады деп ойлайсыз?

- «Нағашыма хат» өткен жылдың 19 - желтоқсан күні 3050  данамен таралатынын «Дат» газетінің төрт бетінде жарияланды. Іле - шала «abai.kz», «ult.kz», «maidan.kz», "tanym.tv" порталдары қатарынан көшіріп басты. Қытайдағы қандастарымыздың «Сен - Қазақ», «Еларыс» сайттарында да қатарынан жарық көрді. Тағдыры қыл үстінде тұрғандығынан болу керек, арғы беттегі қандастарымыз «Жауһар тақырыпқа» шығарып қойып, бас алмай оқыды. Мысалы, «Сен - Қазаққа» қазірге дейін 4060 адам кіріпті. Жүзге тарта кісі пікір қалдырыпты(http://www.senkazakh.com/bbs/forum.php?mod=viewthread&tid=164425). «Еларыс» та соған жетеғабыл оқырман жинапты.  оқырман қауым жазған пікірлердің  түйіні: «Хат  Елбасыға жетсе екенге» саяды.  Тараздан 83 жастағы Сағат Арын ақсақал, Құлсарыдан Хален Кідібасов кәрия, Аякөзден Ақаш Көксегенов, Қытайдан Жақып Мырзаханов, Қасымхан Уәтханұлы, Балапан Рабатов, Ыдырыс Әділханов, Білісбек Әбдіразақ, Алматы мен Астанадан Қабдеш Жұмәділов, Серік Қапшықбаев, Смағұл Елубай, Төлен Әбдік, Әлімғазы Дәулетханұлы, Жұмаш Сомжүрек, Серік Тұрғынбекұлы, Жанат Елшібеков, Дидахмет Әшімханов, Сәуле Мешітбайқызы, Нәбижан Мұхаметханұлы, Тұрлыбек Мәмесейіт, Есенғали Раушонов, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Сәдібек Түгел, Думан Рамазан, Төлемырза Темірбекұлы, Талғат Кеңесбаев, Талғат Айтбайұлы, Рахым Айыпұлы, Омарәлі Әділбек, Базарәлі Әріп, Айдос Сарым, Ақберен Елгезек, Жанарбек Әшімжан, Бекен Қайрат, Нағашыбай Қабылбек, Азамат Есенжол, Жұмаш Көкбөрі қатарлы танымал тұлғалардың көбі хабарласты. Біразына өзім қоңырау шалдым. Бірлі жарым депутаттармен де сөйлестім. Нұрлан Оразалин, Светлана Жалмағамбетова, Омархан Өксікбаев, Әлібек Асқаров, Тұрсын Жұртбай аға - апайларыма газетті өзім апарып бердім. Сондағы тілдескен кісілердің көбінің әңгімесінің түйіні біреу – шеттен келетін қандастарымызға Қазақстан Республикасының азаматтығын  төрт жыл бойы күттіріп барып беру дұрыс емес! Сөз жоқ, бұл жолы билік үлкен саяси қателікке ұрынды. Қолыма түскен басылымдарды ақтарып көрдім, олардың да айтатыны – сол. Мысалы, «Жебе» газеті «Жылан жылының тағы бір қаралы «жаңалығы» – қазақты қара шаңырағынан қызғанған қасиетсіз заңның қабылданғандығы» (№42. 26 - желтоқсан, 2013 - жыл) – десе, «Дат» апталығы «... биліктің басында 99 пайыз қазақ отырып, өз қазағын кеудеден қаққаны несі?» – деп таң қалыпты. Ал, «Айқын» газетінің «Келер жылдан не күтесіз?» – деген сауалына қоғам қайраткері Дос Көшім ағамыз бірінші тілдің мәселесін айта келіп, «Екінші бір мәселе – оралмандар. Неге екенін қайдам, біз болашақты ойламай, олардың жолын бөгейтін заң қабылдап жібердік. Сыртта қалған бес миллион қазақтың қамын біз – Отаны ойламағанда кім ойлайды? Алдағы жылы осы заңға қайта айналып соғып, кері қайтарған жөн болар еді. Сондай-ақ көшті тоқтатқан мораторийдың күшін жойып, баяғыдай қандастарымыздың елге еркін келуіне жол ашуға тиіспіз. Келер жылдан осындай ұлт үшін аса қажет игі қадамдар күтемін» (http://www.aikyn.kz//) – депті. Өте дұрыс сөз, қуанып қалдым.

- Ал, жаңартылған заңға қол қойылды. Оның қандай тиімді тұстары бар екен?

- Иә, Заңға қол қойылды. Енді оралмандарды қабылдау осы тәртіппен жүргізіледі. Кешелі бері естіп жатырмын, тұрақты тұруға қабылдаудың өзі бұрынғыдан ары қиындап кеткен. Қазір шеттен келген қандастарымыз Еліміздің Көші - қон полициясына барып, құжатын өткізіп, тұрақты тіркеуге тұрайын десе, олар өзің келген еліңнің азаматтығынан шыққаның және сол елде қылмыс  жасамағаның туралы анықтама әкел дейтін  болыпты. Сіз қараңыз, ҚХР Бүкіл мемлекеттік 10-кезекті Халық құрылтайы Тұрақты комитетінің 2007-жыл, 29-көкектегі 21-жоралар мәжілісінде мақұлдаған, ҚХР төрағасының қолы қойылған, 2007-жылғы қаңтар айының 1-күнінен бастап атқарылған №50 бұйрықта былай деп ашық жазылған: «13-тармақ: Шетелге шығуға өтініш білдірген азаматта төмендегі жағдайлардың біреуі жүз берген жағдайда, паспорт үстелі Төлқұжат рәсімдемейді: 1. ҚХР-ның азаматы емес болса; 2. Өзінің кім екендігін дәлелдей алмаса; 3. Құжат алу барысында жалған дәукімет жасап, алаяқтық істесе; 4. Сотталып, жазасын өтеуде болса; 5. Соттың толық шешімі шықпаған істі адамдар болса; 6. Қылмыстық іске қатысы бар деп жауақа тартылған күмәнді адамдар болса; 7). Мемлекттік құзырлы мекемелерде қызмет атқарған, шетелге шыққан соң мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді, зор залал келтіреді деп есептелсе.

Демек,  мұнда келіп жатқандар осы жеті сүзгіден өткендер, қылмысқа қатысы жоқ, судан таза, сүттен ақ  қазақтар.

Ал, 10.09.1980 - жылы 10 - қыркүйекте  ҚХР бүкіл мемлекеттік 5-кезекті Халық құрылтайының 3-жалпы мәжілісінде қабылданған ҚХР-дың Азаматтық туралы заңының 9-тармағында: «Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі» - деп тағы ашық көрсетілген. Сіз «Қазақстанға көшпекші едім, мені отбасы мүшелеріммен қосып азаматтықтан шығар, қылмыс өткізбегенім (жасамағаным) туралы анықтама бер!» - десеңіз Қытайдың құзырлы орындары өз заңының осы екі тармаған алдыңызға жайып салып, көзіңізге шұқиды. Қазақ билігінің сауатсыздығын бетіңе басады. Мазақ қылады… Ол аздай, осы екі анықтамаға Астанадағы Қытай елшілігінің пешетін бастыру керек екен. Бұл енді ақылға сыймайтын басы артық талап. Сонда арғы беттен келген қазақтардың Қазақстан Республикасында тұрақты тұру - тұрмауын Қытай мемлекеті белгілей ме?.. Қазақстанның тәуелсіздігі қайда қалды?!

- Сонымен, баяғы хатқа оралайық. Хатыңыз арнап жазған адамыңыздың, яғни нағашыңыздың қолына тиіп пе екен? Ол жөнінде хабар жоқ па?

- Жаңа жылға бір күн қалғанда – 31-желтоқсан күні түсте маған осы хатқа байланысты Ақордадан қоңырау шалынды. Хабарласқан – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі Махмұт Қасымбековтің тапсыруымен Әбдімүтал Әлібеков ағамыз екен. Махмұт Базарқұлұлы менің хатымды Елбасыға таныстырыпты. Қысқасы,  «Нағашыма хат» нағашымның қолына тиіпті.

- Демек, хаттың иесіне тигеніне сенімдісіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған болды ғой?

- Оқыды деп ойлаймын. Ақордадан телефон келген соң, біраз адамдарға хабарласып, шүйінші сұрадым. Солардың ішінде бір ағам: «Мен сенбеймін, Ауыт, елді шулатпау үшін саған тиді деп айта салады. Кәзір Елбасыға тек жағымды жаңалықтарды ғана жеткізеді, көңіл - күйін бұзатын ақпарды өлесе жолатпайды. Хатың жетсе, мен мына мұрнымды кесіп берем!» деді. Өздерің білесің, Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың арыз - арманының өзіне толық жетпейтінін айтып, өткенде  Президент әкімшілігін қатты сынға алды. Жақында – Жаңа жыл қарсаңында аймақтармен телекөпірде осындай келеңсіздіктерді БАҚ- та ашық жазып, әшкерелеуді анықтап тұрып  тапсырды. «Нағашыма хат» жарияланған соң, мен де ескі күдікпен жетпей қала ма деп, Махмұт Қасымбеков ағамыздың атына арнайы хат жазып, «Даттың» «Хат» басылған санын Ақордаға почта қызметі арқылы салып жібергенмін. Оның үстіне, Махмұт Қасымбеков – сенуге әбден тұратын тұлға, қазаққа да, Елбасыға да жаны шын ашитын үлкен азамат. Мен Тұманбай ағаға қалай бала болып кетсем, ол кісі Нұрекеңе солай туған іні болып келе жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Махмұтты қатты жақсы көреді, сыйлайды. Інісі сырқаттанып, емханада отаға түскенде, ағасы телефон шалып, көңілін сұрағанын мен жақсы білем. Демек, Махмұт Қасымбеков бұл хаттың маңызын өзі терең түсінеді. Мені, бүкіл қазақты Махаң алдаса, не болды онда?! Аманатымды Елбасыға егжей - тегжейлі жеткізгеніне мен толық сенем.

- Хатыңызда айтылатын үш ағаңыздан не хабар?

- Мырзекеңдерді айтасың ба? Хабар да, қайыр да жоқ! Жаңа жыл мерекесінде теледидарға көп қарадым, Сауытбек ақсақал Ұлттық арнадан халқын жылқы жылымен құттықтап жатқан көрінді. Ал, ана екі кәрия бұл жолы қара көрсеткен жоқ. «Нағашыма хатты» оқыған қауымның ішінде: «Ащы - ақ айтыпсың, дұрыс болған! Бірақ, ана үшеудің ішінде бандит ұстайтындары да бар, біреулерге күш көрсеткенін де білеміз, байқа!» - дегендері де болды. Байқағанда, не істеймін?! Жалпы былай, Тәуелсіздік алған соң, жас мемлекетті бүгінгі деңгейге жеткізу оңайға соққан жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевты Көшбасшы ете отырып, бұрыннан ат үстінде келе жатқан Сауытбек кәрияға дейінгі аға, орта буын көп тер төкті. Халық та, тарих та олардың есімін, еңбегін ешқашан қағыс қалдырмай, бағалайды, ұлықтайды. Елбасы мерекелік жиналыстарда олардың еңбегін әрдайым атап айтумен келеді. Қосқан үлестеріне сай олар Президентің қолынан атақтар, марапаттар, сыйлықтар алды. Қысқасы, өзіңіз көріп отырсыз, бүгін де сол буынның жағдайлары жаман емес. Қам - қайғысыз, үріп ішіп, шайқап төгіп отыр. Рас қой?! Қазір қарап отырсаңыз, Мырзатай Жолдасбеков: «Жалпы, Конституцияны қабылдағанда идеология туралы сөз кіргізуге барынша тырысып бақтым. Бірақ, оным жүзеге аспады. Қазір енді біздің Ата заңымызда да идеология туралы сөз жоқ. Біз идеологиясы жоқ елміз. Идеологиясыз Конституциямен өмір сүріп отырмыз» (http://news.nur.kz/255984.html) – деп өзін ақтай бастаған секілді. Ол бұл сөзді жақында «Жас Қазақ» газетіне берген сұхбатында «...біз идеологиясыз мемлекетпіз! Конституциямызда идеология жоқ» (http://old.abai.kz/content/myrzatai-zholdasbekov-tarikhka-esesi-ketken-elmiz) – деп тағы қайталапты.

Сіз қараңыз, «Мао Қытайды 27 жыл басқарып, 1976 жылы қайтыс болды. Маоның билігі тұсында Қытайда оның түрлі науқандары мен реформаларынан, оның ішінде Үлкен секіріс саясаты мен Мәдени төңкерісінен 40 миллионға тарта адам құрбан болған» (http://www.azattyq.org/content/news/25212563.html). Соны Дэн Сяопин: «Бәрін Маоға арта беруге келмес, онда менің де үлесім бар» – деп Жаңа Қытай мемлекетін құрушы ретінде Маоны қорғап қалды (http://old.abai.kz/node/21462).  Қысқасы, данышпан Дэн атай 40 миллион адамды қырған жауызды қорғап қалды.  Біздің қазіргі жағдаймызда БЕС МИЛЛИОН ҚАЗАҚ қырылып қалмағанмен, Тәуелсіз мемлекеті, оның ен байлығы, байтақ даласы, әлем таныған кемеңгер Нұрсұлтаны тұрып, шетелде қалып, құрып кетудің аз - ақ алдында тұр! Осыны көре тұрып, қалай ащы айтпайсың?! Атқызып тастаса да шындықты айтуға тура келеді бұл жерде!!! Ертең осы аға буын жасаған тарих жаңа буынның көзімен, өлшемімен қайта таразыға тартылады. Сол кезде біздің ағаларымыздың мемлекет құру жолында  жіберіп алған қателіктерінің бәрін сыпырып - сыйырып Нұрсұлтан Назарбаевқа қарай итере салсақ обал емес пе? Демек, Нұрекеңнің айналасында болған, жауапты қызмет атқарған тұлғалар туған ұлтының мүддесін қорғай алмаған кемшіліктерін, табансыздығын, табанының бүрі жоқтығын  мойындап, «сыбағаларын» алуға тиіс! «Мен өмір бойы өз халқымды жақсы көріп, оның қал-қадерімше тілеуін тілеп келе жатқан адаммын» (http://old.abai.kz/node/41137) – деген құрғақ сөз оларды құтқара алмайды. Есесіне, бүгінгідей БЕС МИЛЛИОН ҚАЗАҚ далада қалып, ұлт басына күн туған тұста, белсеніп алға шығулары, қандастарының сөзін сөйлеулері, туған ұлтының кетіп бара жатқан ұпайын түгендеулері, сол арқылы бұрын жіберген қателіктерін жуып - шайып кетулері керек ағалар!

- Сіз Елбасының қабылдауын сұрадыңыз. Заң өзгермеген жағдайда, төрт жылға азаматтықтан бас тартамын деп те қалдыңыз. Сол тебініңізден қайтқан жоқсыз ба ? Үлкен кісі қабылдамаған жағдайда не істейсіз?

- Жоқ, қайтқам жоқ! Егер менің хатым Нұрекеңе дұрыс жетсе, ол кісі сөзсіз ойланады. Нұрсұлтан Назарбаев атымен өзінің бес миллион туысын далаға тастамайды. Қалай дегенмен менің бойымда Атақты Бәйдібек пен қасиетті Домалақ ананың қаны тұр. Оның үстіне, қазақта «Жиеннің сілесіне қалуға болмайды!» -деген қатаң ырым бар. Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдың баласы, арғы аталары Қарасай, Сұраншы, Назарбайлар батыр, би болған қасиеті бөлек кісілер. Нағашым өз қолын өзі кеспейді, елдің жоғын жоқтаған, шындықты айтқан мендей жиенінің барлығына қуанады қайта. Сөйтіп, Қазақ көші қайта қарқын алады! Мен солай ойлаймын! Ал, қабылдамаса, Елбасының атына арызымды жазып, Төлқұжатым мен Жеке бас куәлігімді почта арқылы манағы Президент кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтың атына жіберем. Сосын почта берген түбіртекті БАҚ - та жариялаймын!

- Оған барғызбай - ақ, мәселе оң шешілсін дейік. Біздің тілек – сол! Дегенмен, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, алда-жалда тұл азаматтық берілген жағдайда не істейсіз? Қалай жан бағам деп ойлайсыз?

- Қалай жан бағу жағын ойлап жүргем жоқ. Ана ғасырдағы аштық жылдар емес қой, тамақ табылар. Төрт жылға тұл азаматтық алып жатсам, ең алдымен Қазақстаннан ешқайда кетпеймін!  Өзің білесің, мен қырып тұрған саясаткер емеспін, өлеңшімін. Саясатпен тіптен  айналыспаймын. Тиісті заңгерлерден кеңес алып,  белгіленген тәртіппен Алланың берген өмірін сүрем. Бірақ, қаламымымды тастамаймын! Келесі жылы Тұманбай ағамның 80 жылдығы. Ұлы ақынның артында ұшан - теңіз дүние қалды. Оны менен басқа ешкім реттей алмайды. Кәзір Күлтай тәте барлық кітаптырының электронды нұсқасын жасаттырып жатыр. Әр томын 35 баспа табақ десек, мөлшермен 20 том еңбек шығады. Соны ретке келтіріп, құрастырам. Өзім «Тұмаш, Тұмаға, Тұмеке» деген естелік кітап бастадым. Осы жақыннан бері «Әбіш ата» деген поэма жазғым кеп, мазам кетіп жүр. Кәдімгі Елбасымыз Нұрекеңнің әкесі Әбіш атаның өмірінен. Жатқан жерің жарық болғыр Әбіш ата сонау қиын жылдарда, өз отбасындағы тұрмыстың қоңторғайлығына қарамастан, Сталиндік қуғын - сүргінге ұшырап, жер аударып келген  малқарларды үйіне паналатып, асыраған екен. Сөйтіп, оларды бала - шағасымен алапат жылдардың апатынан аман алып қалыпты. Атаның осынау адамгершілігін, кеңдігін, қайырымдылығын, кемеңгерлігін, бір сөзбен айтқанда, тектілігін бүгінгі күннің талабымен асқақтата жырлағым, ұлы бейнесін сомдағым келеді. Соған кірісем... Аман болсақ, осылайша, төрт жыл да зу етіп өте шығады... Айтпақшы, менің Алла берген, ата - бабамнан қалған, қазақ барда жоғалмайтын «Ассалаумағалайкум!» деген ерекше «Төлқұжатым» бар. Ал, оның визасы – «Уағалайкүмсалам!». Сонымен-ақ байтақ Қазақстанды аралап жүре беруге болады!

 

Біздің қазақ емес еді тым қатал,

Қабырғасы қайысатын сынса тал!

Атажұртқа келіп алған қандастар,

Шетел берген «ТӨЛҚҰЖАТТЫ» жырта сал!

 

Саған пана тозған ауыл, кәрі үйлер,

Жігеріңді мұқалтпастан жани бер!

Сенің қазақ екеніңді көш жерден,

Жүрегіңнің лүпілінен таниды ел.

 

 

Ешкімге де жалтақтамай жүре бер,

Ақ ордаңды Сарыарқаға тіге бер.

Сенің қазақ екеніңді көш жерден,

Жаутаңдаған жанарыңнан біледі ел.

 

Шығам деген шыңыңа да шыға бер,

Сені күтіп жатыр анау құба бел!

Сенің қазақ екеніңді көш жерден,

Берген анау сәлеміңнен ұғады ел.

 

Өсем десең, осы жерде өсіп-өн,

Қазақ барда тоқтамайды Көші-қон!

«Ассалау..!» деп берген анау сәлемнің,

Қазақ үшін ТӨЛҚҰЖАТТАН несі кем!?

 

Сені сыртқа тебе қоймас Патша анау,

Өліммен тең – өз қандасын жат санау!

«Азаматтық» дегенің де далбаса,

Аңқылдаған тұрған кезде «Ассалау..!».

 

Сол сәлеммен сүреді өмір шын қазақ,

Сол сәлемде қасиет бар бір ғажап.

Құжатыңды көрсет десе біреу кеп,

Ассалауды бере сал да, деп тұр қарап!

 

Тіп-тік ұста бешпетіңнің жағасын,

Түсірме анау Ассалаудың бағасын!

Қол алысқан түзу болса сәлемдер,

Іздегеннің бірін қоймай табасың.

 

Мынау елде ҰЛЫ ҚАЗАҚ аты бар,

Сол ат бізді мәңгі кел деп шақырар.

Біреу сені қуса егер шынымен,

Бәйтеректі тас құшақтап жатып ал!!!

 

Сұхбаттасқан - Даурен Қуат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364