Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
9062 0 пікір 8 Наурыз, 2017 сағат 12:12

АСАНОВҚА АШЫҚ ХАТ. "КІНӘСІЗ СОТТАЛЫП КЕТЕТІН БОЛДЫМ"

 

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры

Ж.Қ. Асановқа

 

Құрметті Жақып Қажыманұлы!

Мен Сізге  Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымыңызды құрметтей отырып, осы хатты жазуға бекідім. Сізді қай кезде де Елбасымыздың қасынан табылатын азамат ретінде мақтаныш тұтамын және Президент жолға қойған Бес реформаға сай, Өзіңіз жетекшілік ететін Заң саласының беделін көтеру үшін жасап жатқан батыл қадамдарыңызды телеарна жаңалықтарынан көріп, қуанып отырамын. Екі жылға таяу уақыттан бергі өз басыма түскен қиын жағдай туралы Сізден көмек сұрамасқа еш амалым қалмады.

Мен Масипхан Конай 04.11.1969 жылы Қытай Халық Республикасы, Күнес ауданында туғанмын. Ұлтым қазақ. 2004 жылы, 5 мамырда Қазақстан Республикасына көшіп келдім. Қытай азаматымын. Тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхатпен жүрмін. Қытай мен Қазақстан арасында жеке кәсіпкерлікпен айналысамын.

2004 жылы талдықорғандық Асқар Алмабекұлы Тұтубаева деген жігітпен танысып, біраз жыл сауда істедім. Алғашында бірлесіп, кірпіш зауытын аштық. 2007 жылы бұл зауыт Асқар Тұтубаевтың иелігіне өтіп кетті. Одан кейінгі жылдарда да біздің сауда жайындағы байланысымыз үзілген жоқ. Мен Асқар Тұтубаевтың берген тапсырысын Қытайдан тасып берумен айналыстым. Осы барыста арамызда қомақты ақшаның алыс-берісі жүргені рас. Бірақ, мен оның бар есебін уағында жауып отырдым. Бұл туралы сот алдында айтып, бұлтартпас дәлелдермен толық және ашық дәлелдеп бере аламын.

2015 жылы сәуір айында сол Асқар Тұтубаев және інісі Бақытбек Тұтубаев менің үстімнен, ақшамызды бермей жүр деп, Алматы облысы, Іле аудандық сотына арыз беріпті. Құқық қорғау органдары арқылы тұтқындатып, Іле ауданының уақытша қамау орталығына мені үш күн қаматты. Қамау орнында құқық қорғаушылар емес, Бақытбек Тұтубаев өзі сұраққа тартты. Олардың қолында менің «60 мың АҚШ долларын алдым» деп 2009 жылы берген қолхатым бар екен. Бірақ, бұл ақшаны мен 2010 жылы күзде Үрімжіде Асқар Тұтубаевтың атынан келген өз адамдарына (Баха деген үшаралдық рэкеттің адамдарына) бергенмін. Ақшаны бергенім туралы  Асқар Тұтубаевтың өзіне телефон шалып айтқан едім. Есеп сонымен жабылған болатын.

Сол жолы Асқар Алмабекұлының туған інісі Бақытбек Тұтубаев мені түрмеде ұрып-соғып, 60 мың АҚШ долларының үстіне және 32 мың АҚШ долларын қосып, жиыны «92 мың АҚШ долларына қарызбын» дегізіп, зорлықпен тағы қолхат жаздырып алды. Және үш адамды жәбірленуші ретінде және өздеріне қосып алыпты.

Міне, содан бері төрт рет сот отырысы болды. Мен Қытайда «Жаңа жазу» деп аталатын алфавитпен оқығанмын. Төте жазуды да дұрыс танымаймын. Ал, кириллица әрібін тіпті білмеймін. Орыс тілін мүлдем түсінбеймін. Соттың барлық отырысы қазақ тілінде өтіп келеді. Бірақ, мен жазу танымаймын. Адвокаттың көмегіне сүйеніп, жауап беріп келемін. Менің ақ екенімді сот түсініп, біліп отыр. Бірақ, әлі ақтап шешім шығара алған жоқ. Себебі, Асқар Тұтубаев Алматы облысында лауазымды қызметте екен. Ол менің үстімнен арызды туған інісі Бақытбек Тұтубаевтың атынан беріп қойып, өзі тасада отыр.

Мен көбінде Қазақстанда боламын. Сауда бабымен Қытайға да барып тұратынмын, ол кезде. Егер, мен шынымен оларға 60 мың АҚШ доллары қарыз болсам, Тұтубаевтар неге мені іздемеген. Олар Үкімет қызметіндегі лауазымды тұлға ғой, құқық қорғау орындарына арыз беріп, шекарадан өтіп жүргенде неге тұтқындатпайды? Тұтқындатуға мүмкіндіктері толық жетеді ғой!

Сот отырысы болған сайын Бақытбек Тұтубаев мені дәлелсіз айыптап, бәле-қазаны үйіп-төгумен келеді. Алаяқ деп, күш көрсетеді. Қытайда қылмысты болған деп, жала жабады. Бірақ, бір де дәлелі жоқ!

2015 жылғы мамыр айынан бастап, менің бүкіл жұмысым тоқтады. Қытайдан Қазақстанға шақырған, қаржы салған қаншама инвесторларым осылардың кесірінен еліне қайтып кетті.

Төлқұжатым мен «Лексус-470» маркалы автокөлігім Іле аудандық құқық қорғау орындарының қолында екі жылдан бері кепілде тұр.

 Құрметті Жақып Қажыманұлы!

Басыма қауіп төнуде. Баларым мен әйелім Қытайда қалды. Бармағаныма екі жыл болды. Тұтубаевтар нақақ соттатып жіберейін деп тұр. Егер, шынымен қарыз болсам, олар мені баяғыда соттатып тынар еді. Дәлелі жоқ, қорқытып, үркітіп мойындатқысы келеді...

Сізден Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымыңызбен маған араша түсуіңізді, осы қауіптен тезірек құтқаруыңызды өтіне сұраймын!

Құрметпен, Масипхан Конай

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972