Сәрсенбі, 16 Қыркүйек 2026
Тарих 211 0 пікір 16 Қыркүйек, 2026 сағат 13:32

Шыңғыс қағанның білік-өсиеті табылды...

Суреттер: Ұ.Дәлейұлының жеке мұрағатынан және e-history.kz сайтынан алынды.

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБАДАН АЛҒАШ РЕТ ШЫҢҒЫС ҚАҒАННЫҢ БІЛІК-ӨСИЕТІ ТАБЫЛДЫ

Өвөрхангай аймағының Ұянға сұмыны аумағынан табылған көне қала жұрты Моңғолиядағы алғашқы ғибадатханалардың бірі болғаны анықталды. Сонымен қатар осы жерден Шыңғыс қағанның білік-өсиетінің бір бөлігі табылды.

Анығын Көк Тәңірі біледі, рас болса жаңалық расында қызық. 2025-2026 жылдары Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және этнология институты мен жапон ғалымдары бірлескен «Бичээс» («Жазу») жобасы аясында Өвөрхангай аймағы, Ұянға сұмынындағы Олон сүм ескерткішіне қазба жүргізген. 2026 жылғы 15 қыркүйекте академик С.Чулуун, профессор Такаши Мацүкава және Хитоши Мүраока зерттеудің жаңа нәтижелерін таныстырған.

Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және этнология институтының хабарлауында: «Зерттеу барысында ескерткіш аумағының шығыс бөлігінде орналасқан ірі ғимарат пен оның оңтүстігіндегі шағын құрылысқа қазба жүргізілді. Ірі ғимарат орталық залдан, бес будда мүсіні орнатылған тұғырлардан және оларды айнала өтетін ғұрыптық айналым жолынан тұрған. Ғимарат қабырғаларынан түрлі түспен салынған будда бейнелері, тау, бұлт, жылан және өсімдік өрнектері бейнеленген қабырға суреттерінің қалдықтары табылған. Зерттеушілер бұл ескерткіштің Моңғолиядағы буддизм тарихын зерттеу үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

Қазба кезінде күйдірілмеген саздан жасалған будда мүсіндерінің көптеген сынықтары, будда мүсінінің басы мен табан бөлігі, қасиетті салым ретінде пайдаланылған фарфор тостаған, ат үстіндегі адам бейнеленген темір бұйым, асыл тастардан жасалған 21 моншақтан тұратын тәспі, қызыл сандал ағашының бөлшектері және басқа да заттар табылды.

2025 жылы Жапонияда жүргізілген мерзімдеу сараптамасы ғибадатхананың XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың басына жататынын көрсетті. Бұл кезең Моңғолиядағы алғашқы буддалық монастырьлардың бірі саналатын Эрдэнэ Зуу ғибадатханасының дәуірімен шамалас.

2026 жылғы зерттеудің ең маңызды нәтижесі – екі қазба орнынан моңғол жазуымен жазылған қайың қабығынан жасалған кітаптың шамамен 30 бөлігі табылуы. Бұл қайың қабығындағы қолжазбаларды Шыңғыс қаған ұлттық музейінің реставраторлары алғашқы қалпына келтіру жұмыстарынан өткізген.

Алғашқы оқылым нәтижесінде қолжазба бөліктерінде діни мәтіндер, жұлдызнамаға қатысты жазбалар және өсиет-сургаал сипатындағы мәтіндер бар екені анықталды. Солардың ішіндегі ең қызықты деректің бірі – Шыңғыс қағанның ұлдары мен інілеріне айтқан білік-өсиетінің бір бөлігінің табылуы. Мұндай мәтіннің археологиялық қазбадан табылуы алғаш рет тіркеліп отыр.

Зерттеушілер бұл білік-өсиеттің Лувсанданзанның «Алтан товч» еңбегінде жазылған нұсқамен мазмұндас екенін анықтаған. Қазіргі уақытта қолжазбаны егжей-тегжейлі зерттеу, қалпына келтіру, сақтау және оның нақты мерзімін анықтау жұмыстары басталған.

Табылған заттар, ғимараттардың орналасу жүйесі, қабырға суреттері және қайың қабығындағы қолжазбалар Олон сүмнің Моңғолиядағы алғашқы ғибадатханалардың бірі ғана емес, сонымен бірге сәулет өнері, дін және жазба мәдениеттің ірі орталығы болғанын көрсетеді» дейді.

Бір нәрсені анық білу керек:

Табылған қолжазба Шыңғыс қағанның XIII ғасырдағы өз дәуірінен қалған түпнұсқа емес. Радиокөміртектік мерзімдеу бойынша ғибадатхана XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың басына жатады. Бұл кез қағанаттың әбден тозғындаан, көшпенділердің орасан көп бөлімі бұдда сеніміне өтіп кеткен кер заманға тура келеді.

Ұларбек Дәлейұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1249
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2774
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 898
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 845