Жексенбі, 19 Қараша 2017
«Соқыр» Фемида 711 4 пікір 19 Сәуір, 2017 сағат 22:02

Әліпби айналасындағы тасбақа тірлік

Латын графикасына өту идеясын сонау тоқсаныншы жылдардың басында Әбдуали Қайдар ағамыз көтерген болатын. Орыстан кетсек, оңбай қаламыз деп, өре түрегелгендердің қарасы ол кездерде өте көп еді. Солардың бел ортасында қазақ руханиятына сіңірген еңбегі үшін алған атағынан ат үркетін, бірақ бала-шағасымен орысша сөйлесетін тілші ғалым аға-апаларымыз да жүретін. Пәлен ғасырғы жазушымыз арабқа оралсақ қайтеді дейтін бірен-сарандармен қатар түбі бір түркі түгенделіп, орхонға қайтса жөн болар еді- деген асқақ армандар да болған еді. Бүгінгі қазақ қоғамы орыс, араб, латын, көне түркі (руника) сияқты төрт әліпбидің ішінен латынға тоқтап отыр. Бірақ арамызда оны жақтыртпайтындар әлі де баршылық. Олар әліпби мәселесіне қатысты осындай жиындарға келіп 20 жыл бұрынғы әңгімені қоздатып алға жылжымай табандап жатып алады. Оған М.Шаханов ағамыз бастаған алқалы топтың осыдан екі-үш жыл бұрынғы хаты дәлел. Бұның өзі латынның тиімділігін қоғамда насихаттау жұмысының өте нашар деңгейде жүргізілетіндігін көрсетеді. Латынға қатысты ресми жиындардың ортаға тастаған тақырыбы мен талқылайтын мәселелері «латынға қалай өтеміз- деп емес», әлі де латынға өту қажет пе – деп қойылатындығы қынжылтады. Мұндайда әдетте жүрт екі жаққа бөлініп алып, «өту керек – керек емес»- деп, қызу таласып, ақырында бір шешімге келе алмай, бет жыртысып қайтады.

Өту керектігін түсініп, жоба ұсынып жатқандардың қарасы да көп. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қоржынында 100-ден аса жоба сынға түсіп, топ жаруға дайын жатыр. Ішінде өлеңге әркімнің-ақ бар таласы дегендей, Ақаң сияқты өзінің әліпбиін түзіп тарихта қалғысы келетіндер де жоқ емес. Кейбірі кезінде зорлықпен енгізілген 42 әріпке дәлме-дәл етіп таңба жетпесе қосақтап сол 42 таңбадан тұратын латын нұсқасын жасап қойып, іс бітті деп отыр. Қазақта қанша дыбыс барын Ақаң өткен ғасырда түгендеп кетсе де және оның еңбегі көпшілікке қол жетімді бола бастағанына 25 жыл болса да, кейбір әліпби жасаушылар біздегі төл дыбыстардың саны 28 екендігін енді біліп жатқан жайы бар. Көп жыл әліпбимен әуреленіп, ауырып десе де болады, жүрген ІТ-мамандар мен нақты ғылым өкілдері өз жаңалықтарын асығыс шетелге апарып патенттеп алуды басты жұмыс деп есептеп, соның жолында жүр. Қырық екі әріптен тұратын әліпби қазақтікі еместігіне көбінің көзі енді жете бастағанда ортақ түркілік эліпби деген тағы бірдеңе шықты. Қойшы әйтеуір, қазір талас қызып тұр. Талас болғанда ғылыми талас және әркімнің өз уәжі бар. Мәселен, А. Байтұрсынұлы атындағы зор институт ғалымдарының өзі бар пікірге келе алмай, бес түрлі жоба ұсынып отыр.

Латынға қатысты әңгіме басталғаннан бәрі, оны зерттеуге үкіметтен Ғылым комитеті арқылы қыруар қаржы бөлініп келеді. Ендігіде оны 20 жылдан бері қоржынға түскен латын әліпбиілерінің жүзден аса жобаларын сараптап, сайт ашып, көпшілік арасында пікірталас алаңын құрып бір тоқтамға келетін батылы сөз, іргелі ғылыми тұжырым жасауға жұмсау қажет. Өйткені көпшілік жоғарыда айтқан төрт әліпбидің (орыс, араб, латын, орхон) ішінен латынға тоқтап отырғанымен мамандар мына өлшемдердің қайсысын қазық етіп ұстау керектігін әлі шеше алмай отыр:

К – 42 (кириллицадағы қазақ әліпбиі)

Қ – 28 (қазақтың төл дыбыстары)

Т – 34 (түркіге ортақ дыбыс қоры)

А – 26 (пернетақтадағы латын таңбасы)

Сондықтан латынға қатысты ендігі жұмыстар осының айналасында жүруі керек. Кириллицадағы қазақ әліпбиін (К-42) сол күйінде латын таңбасына көшіре салуға болмас. Жаңа әліпбиде қазақтың төл дыбыстары (Қ-28) ғана жеке-жеке таңбамен бейнеленуі қажет. Оның үстіне бір теңге де артық жұмсамай жаһанды жалпағынан басу үшін төл әліпбиіміздің әріптері пернетақтадағы бар таңбалардан (А-26) аспауы тиіс. Егер әлемдегі екі жүз млн. түркі өзгенің өзегін өртеп, баба жазуымыз орхонға өтуге пәтуәласса, оны қос қолдап қолдауға болады. Ал бір-бірімізді лұғатсыз-ақ түсініп кетеміз деген желеумен қазақтың жаңа әліпбиін түркіге ортақ дыбыстарға (Т-34) ыңғайлауға өз басым қарсымын. Біз жалпақ шешейлікті қойып, ең алдымен өзіміздің табиғи ұлттық тіліміздің жайын ойлауымыз керек.

 

 

Мәселен, Елбасы бұл мәселені алғаш көтерген жылдары бөлінген мол қаржыға институт қызметкерлері түгелге жуық латынға өткен түркі елдерінің тәжірибемен танысамыз – деп бір саяхаттап алды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Ғылым комитетінен институтқа латынды дамытуға тағы 40 млн. теңге бөлді.

Одан бері не жасалды? Есеп сұрайтын кез келді деп ойлаймыз.

 

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

 

4 пікір
Жұмұссыз 2017-08-27 11:04:35
Жеке маған 40 миллион тг берсе мен латын және кійріл таңбаларымен қазақтарға жеке, қалған барлық түркі тілдестерге жалпы ортақ әліпби жасап берер едім! Және де қоса ауысудың тіймді жолын анықтап берер едім!
көп емес 2017-04-20 16:37:04
40 млн. теңге? Өте аз ғой, мынадай ұлкен жобаға бұл өте аз, оның үстіне екі- үш жылдың алдында болса...
күмән 2017-04-20 15:30:13
90 жыл бойы қолданған кирилл әліпбиінде бір де бір сауатты оқулық жаза алмаған қазақ, енді латын әліпбиіне өтісімен жаппай сауатты, ақылды, дарынды болып кетеді дегенге сену қиын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту латын әліпбиінен жоғары тұрған мәселе.
Оқырман 2017-04-20 10:08:16
М.Шахановтың хаты өте дұрыс, дәлелді, оны тыңдау, ескеру керек. Көзсіз латынға өткеннен халық сауатты болмайды, ұтылады. Өзбек азаматтарының өзі солай деп өкінеді. Ұлт болу латын әрпіне байланып қалған жоқ қой.

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10074
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18181