Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 6930 16 пікір 24 Сәуір, 2017 сағат 11:00

Косарев "Көсемінің" мәйітін қазақ жеріне әкелмек...

Қазақстан коммунистерін  түлен түртті. Бұл жолғы түлен түрткен әңгімені басқаның емес, бақандай депутаттың аузынан естідік.

Білдей депутатымыз Қазан төңкерісінің 100 жылдығы аясында Мәскеудің Кремльінде жатқан пролетариат көсемі Лениннің денесін Қазақстанға әкеліп алуды ұсыныпты.

Лениннің өлі денесін елімізге әкеп алғысы келетін коммунист -  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықтық коммунистер фракциясының өкілі Владислав Косарев екен.

Қазақстан Парламентінің ең кәрі депутаты (оның жасы 80-нен  асты) Informburo.kz-ге берген сұқбатында Владимир Иличьтің денесін Қазақстанға әкелуге әбден болатыны айтыпты.

«Біз бұл мәселені ауық-ауық көтеріп тұрамыз. Бұл әбден мүмкін нәрсе. Қазақстанға Лениннің денесін алып келуге болар еді, бірақ біздің күшіміз әлсіз, ол түгілі біз билікке қоқысқа кеткен ескерткіштерді қайта орнаттыра алмай отырмыз», — дейді Косарев.

Ал орыс жұрты бұл тұста Лениннің денесін жерлеу мәселесін ақылдасып жатыр. Ресей Думасының бір топ депутаты  Ленинді жерлеуді ұсынған. Ал Ресей халқының 63 пайызы пролетариат көсемін көму керек деп дауыс берген.

«Капиталистік әлемнің Ленинге деген өшпенділігі жойылмай келеді. Біздің қоғамды жаңартып, оны капитализмге айналдырғысы келетіндер кеңес заманын еске түсіретін жер бетіндегі  нәрсені түгел сыпырып тастауға бар. Бірақ бұл аптық та басылар. Мен Ресейдегі коммунистерге күшімізді біріктірейік, сөйтіп осындай дүниелерге жол бермейік дегім келеді» — дейді Косарев.

Түйін: Қазақ Ханы Кеңесарының бас сүйегін елге қайтару мәселесінде "ләм-мим" демеген, кешегі Кейкі батырдың басын елге жеткізерде жымдай болып, жақ ашпаған Косаревті не түлен түртті?

Анығында, посткеңестік кеңістіктегі көп ел Сәбеттің сарқыншағынан арылуды қолға алуға баяғыда кірісіп кеткен. Мысалы, Украина Советтік кезеңнің қалдықтарынан арылу үшін Лениннің барлық ескерткіштерін құлатқан болатын.

Әруағы адасқан, тәнін жер қабылдамаған Владимир Ильич Лениннің ескерткіштері қазақ даласында күні бүгінге дейін самсап тұр. Дәлірек айтсақ, большевик көсемінің бақандай 159 ескерткіші бар бізде. 

Ленин атаны ұлықтауда Ақмола облысы алда тұр. Өңірде Лениннің 49 ескерткіші анықталған. Ал Кереку өңірінде 44, Солтүстік Қазақстан облысында 24 тас тұғыр бар.

Бұл мақтаныш па, әлде отаршылдық санадан арыла алмаушылық па?

Ол ол ма, жақында белгілі болғандай Қазақстанда бүгінде Лениннің атыман аталатын 352 көше бар екен. Бұл анығында, геронтократиялық жүйеге негізделген биліктің ширек ғасырлық жұмысының жемісі. Немесе халық санасы азат болғанымен, билік ескі қоғам формациясынан әлі күнге арыла алмай келеді деген сөз.

Украинаның ірі қалаларынан бастап, шалғайдағы ауылдарға дейін сәбеттік жүйемен байланысты барлық атаудың көзін жоюға, тіпті коммунистік партияның атауын да өзгертуге шешім қабылдады. Бұл декоммунизация деп аталды. Нәтижесінде 300-ге жуық елді-мекен, 7 қала, 9 аудан атауы өзгертілді. Қазір коммунистік сипаттағы 6100 көше атаулары өзгертілуде.

Ең сорақысы сол, Алаштың астанасы саналатын Семейдегі Ленин көшесіне  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атын беруді біздің «Abai.kz» порталы бірнеше мәрте көтерді. Оған да «Ләм-мим» деген жан табылмады.

Осы тұрғыдан алып қарастырғанда депутат Косаревтің бұл ұсынысы қаншалықты ақылға қонымды? Косаревтің көздегені не? Ол Ленинді Кенесарыдан артық көре ме?
Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5840